«Общественная позиция»
(проект «DAT» №10-11 (375) от 16 марта 2017 г).
Наурызнама өсиеттері
Қазақтың қалпағы
Айыр, тілі шайыр!
Жұмыр тұяқтың жүйрігі Кер Алабайыр!
(Дасқұт Жәдді)
Қазақ халқының киелі бас киімі Айырқалпақтың алты қасиеті болады.
1. Маңдай алды – Ақ бата, Ақ сүт.
2. Оң құлақ тұсы – Ақауыз.
3. Сол құлақ тұсы – Ақсұр.
4. Желке тұсы – Қарақұс.
5. Төбесі төртеу – «Тәнес».
6. Алтау жиналса, «Ақ бата, Ақауыз, Ақ сүт, Ақсұр – «Қарақұсқа» жем болмайды» – деген киелі өсиет.
Бұл ұлы киелі өсиетті бабамыз Алтын Күрек Орғасүй айтқан. Халқымыз бұл бабамыздың атын атауға қорқып, Айырқалпақ Айдаһар Би десе, ал жұмсақ ұғымда «Сүйінші» деп, әруағына ырзалығын білдірген.
Айырқалпақ Айдаһар Би осы киелі бас киімді ойлап тауып, кейінгі ұрпағына мынандай өсиет қалдырыпты: «Жер-Жаһан жұмыр болса, соның ең биік төбесіне барып ту тіккен «Алаша Қаһан». Бас киімнің шашағы осы жолды көрсетеді.
Таудың ең биік шыңына шығып тұрып, жұмыр жерді төртке, яғни төрт құбылаға бөлген Қазақ Қаһан. «Маңдай тұсым – шығысым, жауырын тұсым – батысым» – деп екі түстікке бөлді. «Сол қол жағымда адам жегіш Арыстан» – деді, яғни «теріс» – деп, «солтүстік» бағыт, екіншісі өздерін құдай санаған азғындар – пірауындар оң жағымда, яғни «түстік» деп, «оңтүстік» бағытты көрсетті.
«Батысы» мен пірауындарды Кералыптың қылышына тапсырды. Шығысы мен «Арыстанды» қаһарына алды. «Мазан Сейхунда» шеруді тоқтатты. Кералыптар «мен құдаймын» деп келген азғындарды құрбандыққа шалып, Көк Тәңірі «Құйрықты жұлдызға» аттандырды. Қолдарын кесіп «Көк Сейхунға» тастады. Құлдарды босатып, «шерудің соңы осымен бітті» деп, еркіне жіберді.
Киелі бас киімнің төбесінен төмен қарай түсетін төрт қара жолақ, сол «төрт құбыла» жолды көрсетеді. Киелі бас киімнің маңдай тұсы мен желке тұсы – айыр. Бұл белгі Алаша Қаһан жұмыр жердің жартысын алып, жүрек тұсына оралды. Қазақ Қаһан жүректің дүрсілінен оянып, төбеге шығып, төрт құбыласын алғанда, жүректің дүрсілі басылып, Айыртауда кемеге несібе салып, дүниеден армансыз озды». Қазақ Қаһаннан кейін Айыртау (Қазына–Құт) болып, киелі Ордаға айналды. Ол жерге шаһар салуға тыйым берді. Белгі қойылған (мәңгі тастар) тастардың 16-ы киелі «Бестораңғылда» – депті.
Осындағы ежелгі Сақ сөздеріне түсіндірме:
«Сейхун» – сақ тілінен аударғанда «Сойқан теңіз» деген ұғымды білдірсе, «Жейхун» – «Жойқын теңіз» деп, асау ірі өзендерді айтқан.
«Мазан Сейхун» сөзі – «Қызыл Сейхун» дегені.
Айыртау (Қазына – Құт) – қазіргі киелі Қазығұрт тауы.
Пірауындар – 5,5 мың жыл бұрын жер жүзіне билік жүргізіп, өздерін «құдай» санаған фараондар.
«Адам жегіш «Арыстан» – деп, адам етімен қоректенетін тайпаларды айтқан. Кер Сақ Аб «Сансыз Баба», Алаш Қаһан мен Қазақ Қаһандар бастаған Сақ жауынгерлері фараондарды Сахараға қуып тығып, олардың одақтастары адам жегіштерді жойып жіберген…
Алтау жиналса, «Ақ бата, Ақауыз, Ақ сүт, Ақсұр – «Қарақұсқа» жем болмайды» – дегені: Алты Алаш! Ақ батаға, Отан Анаңа, Ананың Ақ сүтімен дарыған Тіліңе, Діліңе, Ата-Баба дәстүріне, Өсиет, Насиятына адал болып, ынтымағың мықты болса, ешуақытта дұшпаның ала алмайды, өлігің «Қарақұсқа» ешуақытта жем болмайды! – деген киелі ұғымды білдірген.
«Тәнес» – «төрт құбыла» – бұл қасиетті төрт алқа (крест) тәрізді белгі Алты Алаштың белгісіне айналды.
«Анаңнан айналайын, сені туған!» – БҰЛ СӨЗ ҚАШАН АЙТЫЛҒАН
Ана – Адам баласының шаңырағы!
Ата – шаңырақтың тіреуіші!
Ақиқат – тектілердің жиналатын Ордасы!
(Қара Бура Әулие)
Қара Бура Әулие (азан шақырып қойылған аты – Тұмар) тура жиырма екі жасқа толғанда, еліне дайшұғыттар шабуылдайды. Дайшұғыттардың (қытайлар) патшасы: «Сақ, Алаштың қыздары текті туады. Ер-азаматтарын қырып, қыздарын тартып алып, күң қылайық! – деп, «Ұлу мәжүн» жылы, «Құс келер, табан мамық» айында Алаш (қазақ) елінің «күн атар» тұсынан тиеді. Қаптаған қалың жау жолындағының бәрін таптап өтіп, ер-азаматтарды қоғадай жапыра қырып, қыз-келіншектерін күң етіп, Тұмар батырдың да еліне жақындайды.
Елдің басына туған ауыр күндер Тұмар батырды да тыныш жатқызбайды. Ауырып жатқан анасына білдірмей, қару-жарағы мен сауыт-сайманын соғысқа әзірлеп, астындағы Белқарғы тұлпарын суытып, елден жыраққа шығып кетіп, жеті күн бойы оңашада, биік төбенің басына шығып, Көктәңіріне сиынады. Бұл кезде Тұмардың анасы өте қатты науқастанып, төсек тартып жатады. Тұмардың әкесі Аса Қайсыахат, анасы Нәзилла Бибішүкір Үзданай Ана елге өте сыйлы, қадірлі болады.
Елге жау шауып, дүрбелең басталғаннан-ақ сарбаздарын жинап, соғысқа дайындалған қолбасшы Қантеңер Баһадүр Үзданай Ананың көңілін сұрап, батасын алып, жауға аттанады. Тұмар анасының батасын да алмастан жауға аттанған қолдың соңынан шауып, жеті күн өткенде қуып жетеді. Үзданай Ананың туған перзенті Тұмардың жеті күн бойы жоғалып кеткенін естіген қолбасшы Қантеңер Баһадүр сарбаздарға орта жолдан қосылған Тұмар батырға шауып келіп, ашуын бойына сыйдыра алмай:
«Сен нағыз тасбүйрек, қатыгез жан екенсің! Осыншама азамат Үзданай Ананың батасын алып аттанғанда, сен науқастың жағдайын да білместен, қаңғып келіп, жарты жолдан қосылдың! Мұныңды қалай түсінуге болады?!» – деп, ызғарын төгіп, қаһарланады. Сонда Тұмар да арқаланып кетіп:
«Уа, Қантеңер! Маған анамның ауырғаны жаныма батпайды! Ал қаншама ананың қаны төгіліп, қаншама аталарымыздың «Ақ батасы» аяқ асты тапталды?! Қаншама қыз көз жасына тұншығып, күң болса, қаншама сәби жетім қалып, тұл болса, мен анамнан туылғаныма өкінер едім!» – дегенде, Қантеңер мына отты жауапқа таң қалып, айтарға сөз таба алмай, үндеместен қолды бастап жүре береді.
Дайшұғыттардың қаптаған қалың қолы көрінгенде, Қантеңер қолбасшы жағасын ұстап, Көктәңіріне сиыныпты. Дайшұғыттар оқтан қағар, тірі қалқа ретінде қолға түскен қыз-келіншектерді алдарына салып, айдап келеді екен. Тұмар (Қара Бура) шыдай алмай:
«Ақ сүтіңді аяққа таптатпаймын, Апа! «Ақ сүт!», «Ақ сүт!» – деп, қаһарлы дауысымен ұранға басып, ақсүмбе қылышын қынабынан суырып, жауға қарсы шабады.
Қантеңердің қолы да: «Аруақ! Көкжал! Көкжал!» – деп, қыз-келіншектерді айнала орап өтіп, қалың жау қолының екі бүйірінен тиіп, қырып салады. Жаудың алдында келе жатқан қыз-келіншектерге бірінші жеткен дауыс «Ақ сүт» екен. Ұрандап, от боп жанып келе жатқан батырға қыз-келіншектер қақ жарылып, жол ашады. Жауды оттай жапырған, желкесінен қалың ұзын шашы төгіліп, жолыққан жауын жаратын жолбарыстай өзін-өзі ұстай алмай жүрген Тұмар батырға қыз-келіншектердің арасынан егде тартқан біреуі шығып, үзеңгісіне жармасып:
«Анаңнан айналайын, сені туған!» – деп, тізе бүгіп сәлем салады. Осы кезде күллі қыз-келіншектер де: «Анаңнан айналайын, сені туған!» – деп, осы сөзді қайталап, аспан астын күңірентіп жібереді. Жау тізе бүгіп, қыз-келіншектер босатылып, елге оралғанда, Үзданай Ана ауруынан құлан таза айығып, сарбаздардың алдынан шығып, Тұмар батырға қарап иіліп сәлем салып:
– Уа Перзентім! Қызыр Әлейкумсалам босағама келіп, бата берді! Ұрандаған дауысың құлағыма жетті! Күллі қыз-келіншектің айтқан алғысын Әруақтар толқып тұрып қабыл алды! Маған ем болды! Енді сен анаңа қарыздар емессің! Жаратушы – жалғыз Көктәңірі куә! Жер бетінде киелі Көкжал куә! Көктәңіріне ұраныңды көтерген Көкдауыл Қыран куә! Ал енді ақсүмбе қылышыңды таста! – деп, перзентінің қаруын алып, осы жаудан жеңіспен қайтқан қолмен қылышты жерге көмеді.
Сыпыра шежіреші Әлиасқардың түсініктеме-баяны:
«Қара Бураның анасы – Нәзилла Бибішүкір Үзданай Ана – Алаш Қаһанның үлкен ұлы – Қазақ Қаһанның Халұқ атты кіші ұлынан туған Текті мен Түктінің ұлдары, Үш Жүздің, одан қала берді бүкіл Түркі әлемінің Ұлы аталары Алты Алаштың ең кішісі – Қоңырат (Сүмбіле) Атадан тараған 90 баулы қоңыраттың бір бауы – Белшеректен тараған Текті Әулеттің қызы…
Қара Бура Әулиенің қылышы көмілген жер қазірде «Ақсүмбе» деп аталады. Киелі қарт Қаратаудың теріскейіндегі Созақ жерінде «Ақсүмбе» елді мекені бар. Бес күн жалғанда бүкіл әулие-әмбиелердің арасында Анасының қарызынан көзі тірісінде құтылған Қара Бура Әулие ғана!» – деп, Ұлы Сыпыра шежіреші әңгімесін аяқтап, Қара Бура әулиеге бағыштап құран оқыпты.
Осы аңызда аталған жекелеген сөздерге түсіндірме:
«Ұлу мәжүн» жылы – Ұлу жылы дегені.
«Құс келер, табан мамық» айы – сәуір айы.
«Күн атар» тұсы – елдің шығысы деген ұғым.
«Ақсүмбе» қорғаны кейінгі замандарда үлкен бекініс орны болған.
Қара Бура Әулиенің кесенесі Созақ елді мекенінде орналасқан. Бұл жерде ежелгі сақтар заманында ұзындығы мен ені 40 шақырымға жеткен алып шаһар болған. Бұл шаһар Қазақ Қаһанның егізінің сыңары Созақ Қаһанның астанасы болған. Оның билігі Қаратаудың терістігінен Солтүстік мұзды мұхитқа дейін жеткен. Шаһардың сыртқы биік қамалдары Қаратауға түйісіп жатқан. Бұл қамалдардың қалдықтары қазір де сақталған. «Үлкен жал» деп аталатын топыраққа айналған бұл қалдықтардың топырағы күйген кірпіштің қызғылт түсіндей боп жатыр. Осы қамалдың ішінде, шығыс қақпаның сол жағындағы биік қарауыл мұнарасы болған төбеде құлағын жерге төсеп, тың тыңдайтын «Саққұлақтар» отырған. Мұндай қасиетке ие болғандар 300 шақырымда келе жатқан қолдардың санын дәл анықтап отырыпты. Осы төбенің акустикалық қасиетін және «Үлкен жал» қорғаны мен оның ішіндегі шөгіп кеткен шаһар орнына да зерттеу жүргізіп, ақиқат пен аңыз арасын анықтау – күн тәртібінде тұрған үлкен мәселе…
Халұқ Әулиенің ӨСИЕТТЕРІ
Қабіріме жақындап, қара жерге басын исе, кәпір болса да,
«Сол пенденің күнәсін кешір!» – деп, Алладан тілеймін!
Қайыр Хош, Тамшы Тәңір Тама бұлақ!
Қолдасын «Болашымды» Қос Әруақ!
Есіне алмаса, жүдеймін!
Есіне алып, есігіме жақындап көңіл бөлсе,
Алдында жатқан «зіл» болса да,
Өз қолыммен аластап күреймін!
***
Тарихат Ақиқатқа бармай,
Тақтың мұраты болмайды!
Балиғат Шариғатқа толмай,
Бақтың мұраты болмайды!
***
Жалғыз түйеге жүк артып шықсаң,
Оның белі ауырмайды, жолы ауырлайды!
Уа, Елім! Жалғыздық Аллаға жарасқан!
Бір-біріңнен ажырамаңдар!
Әлиасқар Байғұтұлы (22.03.1898 ж. – 21.03.1981 ж.) – Ұлы Сыпыра шежіреші. «Бестаңба», «Ізбөрі», «Ғасыр Табақ насияттары» кітабынан «Құсілім», «Қадым», «Ықылым» замандарынан қалған баға жетпес жәдігерлерді жеткізуші, басты бұлақ көзі.
Ақпантай Әлиасқарұлы (02.02.1962 ж. – 10.05.2009 ж.) – ерекше қабілет иесі, құйма құлақ, қазіргі заманғы «үн таспаның» қызметін атқарып, халқына мол жәдігерлерді, мұрахаттарды жеткізіп кеткен «Екі дүниенің арасын жалғаушы дәнекер!».
Асан Тұрабаев – бұл ұлы мұраларды тұңғыш рет қағаз бетіне, үнтаспаға жазып алған тарих танымгері, өнертанушы.
Шежірені ғалам тарихымен салыстырып, жүйелеп,
қалпына келтіріп халқымызға жеткізуші, түсіндірме
жазып, ғаламторға, баспаға дайындаған –
Ілесбек БАЙЖАНОВ,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі,
Шымкент шаһары