Мектеп реформасындағы РЕЗИСТЕНТТІК ҰҒЫМ – одан қалай құтыламыз?

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №10-11 (375) от 16 марта 2017 г.

 

Сағадиевтің санасына


 

Шаруашылықтың кез келген саласында белгілі бір уақытта перспективалы өзерістер енгізіліп отырылуы – заңдылық. Алайда реформалардың бағыттары ғылыми жолмен, терең зерттей отырып таңдалуы керек. Реформа жасау үшін алдымен оның мақсаты, көздеген нысанасы, түпкілікті нәтижелері айқындалады. Мақсат қоғамның діттеген нысанасына сай, конституциялық деңгейде негізделеді. Мақсатқа сай парадигма таңдалып алынады. Парадигманы жүзеге асырудың ғылыми жолдары айқындалады. Сонан кейін ол халықтың келісімімен білім беру туралы заңға енгізіледі. Пәрменді әрекеттер сонан кейін басталады.

Ана бір жылы бір әйел, педагогиканың докторы, экранға шығып алып, «біз білім берудің мақсатын өзгерттік» деп мәлімдеді. Қазақстан Республикасы алдына демократиялық, құқықтық, әлеуметтік қоғам құру мақсатын қойғаны белгілі. Ал білім берудің мақсаты қоғам алдына қойған мақсатпен толық үндестікте болуы керек қой. Кез келген функционердің, мейлі ол ғалым болсын, қоғам көздеген, Конституцияда бекітілген мақсатты өзгертуге қақысы жоқ. Ондай мәселе бүкілхалықтық дауысқа салынып, жүзеге асырылуы керек.

Ал бізде бір шенеуніктің нұсқауымен бірнеше пән сабақ кестесінен сызылып тасталады. Келесі біреу мынадай жаңа пән оқыта бастадық деп жариялайды. Тағы біреудің нұсқауымен қытай тілі оқытыла бастайды. Белгілі бір уақыт өткеннен кейін бұлардың бәрі дұрыс болмапты деп, енді тағы бірдеңелер енгізіле бастайды.

 

Тестілеу туралы

Қазір Батыстан келген кредиттік жүйені сынау, әсіресе білім деңгейін айқындау әдісі – Ұлттық бірыңғай тестілеуге (ҰБТ) үрейлене қарау сәнге айналған. Бірақ олар бар қырсықтың себебі педтехнологияда емес, адамдарда – оқушы мен мұғалімнің өзінде, дәлірек айтқанда, олардың мотивациясында жатқанын ескермейді.

Кредиттік жүйе, емтиханды тестілеу әдісімен алу – білім беру үдерісінде ақталған, тиімді педтехнологиялар болып табылады. Олар білгісі келетін шәкірт пен білгізгісі келетін оқытушыға лайықталған. Оларға баланың білімді болып шығуына мүдделі ата-аналар қосылып, ынтымақтаса отырып (педагогика сотрудничества), сапалы білім беру үдерісін ұйымдастырады.

Ал бізде ол ойдағыдай нәтиже бере алмайды. Өйткені бізде бәрі төңкеріліп түсіп жатыр – білім беру үдерісі төңірегінде қалыптасқан ахуал да басқа, оқушы мен оқытушының мотивациясы да батыстықтардікінен өзгеше.

ҰБТ жаратылыстану-математика циклі пәндері бойынша білім сапасын бағалауға ыңғайлы. Ал оны қоғамдық-гуманитарлық пәндер бойынша білім сапасын бағалау үдерісінде ішінара қолданған жөн. Бұл сабақтарды меңгерту үдерісінде шәкірттің айтар ойын еркін жеткізе алуына, сөйлей алуына көбірек көңіл бөлінуі керек. Сондықтан аталған пәндер бойынша білім сапасын бағалау үшін дәстүрлі жазбаша, ауызша сынақты көбірек қолданғанды құптау керек.

 

ҰБТ тізіміне енбеген пәндер туралы

Осы тұста, Қалтай Мұхаметжановтың сөзімен айтқанда, «арыстан арам қатып жатыр».

Білім беру жүйесіне институционалдық жаңалық енгізіліп, мектеп жергілікті әкімдікке бағынатын болғаннан кейін, ғылыми әдістемемен сабақты түсіндіріп оқытатын мұғалімдерге сұраныс азайып, олардың орнын сабақты жаттатып оқытатын мұғалімдер басты. Жоғары сыныптарда бағдарламаға сәйкес өтілуге тиісті пәндер кейін ысырылып, тест сұрақтарының жауаптарын механикалық жаттату негізгі білім беру әдістемесіне айналды.

Қазір оқушылар тест сұрақтарының жауаптарын жаттаумен өмірлік қызметке керексіз бірдеңе деңгейінде, тек жоғары балл алу үшін ғана айналысады, олардан іс жүзінде ешқандай рухани азық алмайды. Мұғалімдер бағдарламалық материалдарда сенің мектептен кейінгі өмірлік қызметіңде кәдеге жарайтын рухани азық бар деп түсірдірмейді. Оқушы алдын ала өзінің орталық жүйке жүйесіне «жаттап алып, емтихан тапсырып болған соң, лақтырып таста» деген команда береді. Оның миы қожасының нұсқауын бұлжытпай орындайды. Соның салдарынан мектептен кейін бітірушінің кәлласы бос болып шығады. Тіпті ҰБТ-ны жақсы тапсырғандардың өздері мектепте не оқығандарын естеріне түсіре алмайды. Ешбір оқушы өмірлік қызметте, өндірісте, тұрмыста ұшырасатын ахуалдардан дұрыс жол тауып шығу үшін, оқулықтағы ғылыми ақпараттарды білу қажет деп ойламайды.

Қазіргі ауыл мектебін бітірушіге дүниетанымды кеңейту, өз ісінің кәсіпқойы болу, ғылыммен айналысу, дүниенің құпияларын ашуға ұмтылу сияқты ұғымдар жат. Оны ештеңе – жұлдыздар, гүлдер, таудан сылдырап аққан бұлақ, еңбек, жетістік, елдер мен жұрттар қызықтырмайды. Ол адамгершілік қамтамасыздық, салауаттылық, азаматтық парыз, отбасын құру және оны қамтамасыздандыру сияқты ұғымдармен де бас қатырмайды.

Зерттеулердің нәтижелері қазақтілді мектептердің жоғары сыныптарында білім беру стандарты талаптары толық жүзеге асырылмайтынын айғақтайды. Білім беру стандарты бойынша жоспарланған, жалпы білім беретін қоғамдық-гуманитарлық бағдарлы мектептің 10–11-сыныптарында Қазақстан тарихы, Дүние жүзі тарихы, Қоғамдық білім негіздері, Құқықтану негіздері өтілмей қалуы кең таралған құбылысқа айналған. Бұл сабақтардың аттары дәліздегі кестеде жазулы тұрғанымен, іс жүзінде жүргізілмейтіні белгілі болып отыр. Мектептер стандарттық талаптарды бұзып, бағдарлы мектептердегі Қазақстан тарихынан өзге қоғамдық пәндердің бәрін өздерінің қалауынша пайдалануға көшіп алған. ҰБТ-ға дайындық желеуімен, аталған курстардың орнына Қазақстан тарихында өтіліп кеткен материалдар бойынша жыл бойы 40–50 ретке дейін тест сұрақтарын жаттатумен айналысатын болған. Бұл кәсіби білімі төмен, өз мамандығын сүймейтін, білім беруге зауқы да жоқ, директормен сыбайласып алып, мектепті табыс көзіне айналдырып жүрген «мұғалімдердің» қолы.

Бұдан бірнеше күдікті сұрақ туындайды.

Біріншісі: мектептер қоғамдық пәндер бойынша аталған бағдарламалық курстарды оқытпауды қай заңға сүйеніп, кімнің рұқсатымен жасап отыр?

Екінші сұрақ: мектеп бітірушіге «Қоғамдық білім негіздері», «Құқықтану негіздері», «Дүние жүзі тарихы» курстары бойынша өтілуге жоспарланған материалдарды игерудің қажеті жоқ па? Егер аталған курстарды оқытудың жас адамның ғылыми дүниетанымын қалыптастыруға қажеті болмаса, онда мектеп басшылары мен мұғалімдер неге солай екенін компетентті ғылыми мекемелерде, Білім және ғылым министрлігінде дәлелдеп, ол курстарды оқытуды стандарттан мүлдем алдыртып тастамайды?

Үшінші сұрақ: аталған пәндердің аттары мектептегі сабақ кестесінде көрсетілген, олардың өтілгені туралы журналдарға жазылып, бағалар тізіліп тұр. Стандартқа сай мемлекеттік бюджеттен ол курстарды өтуге тиісті қаражат бөлінген. Ал оқушы болса, бұл сабақтардың атын ғана естіген. Осы мәселенің қаражатқа қатысты жағын кім талдап, түсіндіріп бере алады? Осы курстардың өтілуі үшін бөлінген ақша қандай статья бойынша, қайда кетіп жатыр?

Төртінші сұрақ: білім стандарты бойынша Қазақстан тарихын оқытуға берілген уақыттың 2,5 есеге арттырылуы сабақтың меңгерілуіне қалай ықпал етуде? Осыдан кейін оқушы материалды керемет меңгеріп алды ма? Олардың патриоттық сезімдері асқақтап тұр ма?

Білім беру жүйесінің ең өзекті және имманентті мәселесі – мемлекеттік стандарт талаптарының өрескел бұзылуы. Бұл құбылыс білім берудің сапасына алаңдайтын адамдардың үрейін ұшыруда.

 

«Мәңгілік ел» туралы

«Мәңгілік ел» идеясы – ұлттық идея ретінде ұсынылған, бүкілхалықтық жұмылуды қажет ететін, керемет келешекті нұсқаған, асқақ арман. Ол идеяны жүзеге асыру барлық қазақстандықтардан әлеуметтік белсенділікті, барын сала жұмылуды талап етеді. Ал қазіргі бұқараның қабағында кірбің, көкірегінде түйткіл бар. Санасын енжарлық, томаға-тұйықтық меңдеген.

Адамдардың көбі жанды жегідей жейтін амбиваленттік күй кешуде. Қоғамның әр мүшесінің санасына бір жағынан отаншылдық, асқақ арман, жарқын келешек орнаса, екінші жағынан – «ауызын жыртқан құрғақ қасық», күйбең тіршілік, түсімі мардымсыз жанталас, кез келген уақытта берекесіз арбашының пұлындай соңғы ризығынан (жұмысынан) айырылып қалам ба деген үрей бар. Мұндайда шешімнің материалдық құндылықтардың предпозициялылығы мен асқақ идеяның постпозициялылығы жағдайында қабылданатыны белгілі.

Бір қызығы – осындайда «Мәңгілік ел» идесына буулы қаптың үстінде тыпыршып отырған жемқор шенеуніктердің өздері қалай қарайды екен деген сұрақ туындайды.

 

Оқушының мотивациясы туралы

Оқушының мотивациясына түбегейлі өзгеріс қажет. Қазіргі ауыл мектептерін тәмамдап келгендердің санасын білімнен қашу психологиясы меңдеген.

Медицинада резистенттік деген ұғым бар. Ол науқас адамның дертінен арылтатын дәріні қабылдаудан бас тарту жағдайын көрсетеді. Қазіргі қазақ балаларын түгелдей резистенттік психология меңдеп алған. Олардың білім алғысы келмейді. Ата-ананың еркімен мектепке қатынауға мәжбүр. Бірақ білім алудан әбден жеріген.

Мұның екі себебі бар: біріншісі – оқытқысы келмейтін және оқыта да алмайтын, өз пәнін дұрыс меңгермеген мұғалімнің қыжыртпасы баланы әбден мезі қылған, мектептен әбден жеріткен. Қазіргі мектеп баланы білімнен үркітудің барлық әдістерін қолдана отырып, төменгі және орта буындарда мектепке формалы қатынауды санасына сіңіріп тастаған.

Екіншісі – өмірлік практиканың үйреткені. Бір жағынан, оқушы ел үшін, жер үшін жан пида деп, еңіреп жүрген ерлердің – алдының атылып, артының –абақтыда қамалып жатқанын, мықты ғалымдардың шетелге қашып немесе базар жағалап жүргенін, салауатты, білімді адамдардың тағдыры ауыр болатынын көріп, өсіп келеді. Екінші жағынан, білімсіз, мәдениетсіз болса да, аға немесе тәте тауып алып, түсімді орынға орналасып, «жемқорлық сарбазына» айналып, ақшаны қаппен арқалап жүргендерді көреді. Оқушы ондай ақпаратты бірге оқитын сыныптастарынан да, туыстарынан да, ақпарат құралдарынан да алып отыр. Осыдан кейін оның білімге қандай ынтасы болады?

Бұл құбылыс – әлеуметтік психология ғылымының, соның бір саласы –педагогикалық психологияның зерттеу объектісі. Бұл ғылымдар Қазақстанда сөйлемейді. Аздаған энтузиастар бар. Олардың тереңірек қамтып, тұжырым айтуға шамалары келмейді.

Бұдан шығатын қорытынды: бала резистенттік психологияға бой алдырғанда, оны ешқандай реформамен де, керемет оқулықпен де құтқару мүмкін емес. Баланың санасын қозғаудан бұрын, ересектерді ояту керек. Қазір қазақ саяси сауаттан, құқықтық санадан, әлеуметтік белсенділіктен, мәдениет пен білімнен де аулақ, фрустрациялық күйге енген, аморфты массаға айналған.

Қазақтың сауатсыз және кедей болып қалуы екі санаттағы адамдарға тиімді. Біріншісі: билік иелеріне бұқараның өз құқықтарын білмейтін, оны қорғауды ойламайтын, түрлі демократиялық ұрандарға елеңдемейтін, саяси ұйымдасқан әрекетке қабілетсіз, «сұға берсең, бұға беретін», сайлау учаскелеріне топырлатып айдап әкеліп, жүз пайыз дауысын алатын тобыр деңгейінде қала бергені керек. Халықтың кедей және жұмыссыз болуы кәсіпкерлер деп аталатындарға арзан жұмыс күші ретінде тиімді. Соңғы онжылдықтарда осы бағыттар «ойдағыдай» жүзеге асырылып жатыр.

Қанағат ЖҮКЕШЕВ

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн