«Общественная позиция»
(проект «DAT» №10-11 (375) от 16 марта 2017 г.)
Ойтүрткі
Әне жер-мына жерден естіп, оқып жүрген бір тақырып төңірегінде ой қозғамақпыз. «Әкім» деген сөз қазаққа неге «кәпір» деп естілетін болып кетті? Астарында не жатыр? Сіздің, тап мына Сіздің әкіміңіз ауылға, елге не істеді? Айтып бере аласыз ба?
Біз айтайық, көңіліңіз соқса, Сіз де айтыңыз.
Қазақ тарихында «елім» деп еңіреп өткен ер аз болмаған. Пәлен хан мен түген биді айтпасақ та, қара халық үшін бағын, барын құрбандыққа шалған Алаш азаматтары аз ба еді? Кейде солардың естеліктерін оқып отырып, ол кісілер басқа бір ғаламшарда өмір сүргендей әсер аласың. Жателдіктерге Қазақстанның бар кен байлығын түгел көрсетпей, жасырып қалған Қаныш ағамыз (Сәтбаев – Ред.) өзімен бірге «ана жаққа» жарты мысқал мыс алып кетіп пе? Жоқ! Арда азамат елін, оның болашағын ойлаған-ау дейсің іштей…
Ақтөбенің Ырғызының Құтикөліндегі Тел Жаманмұрынов салдырған бөгет-өткелдердің ізін жоғалтып алдық, зерттедік пе соны? Зерттемедік! Енді су келсе – «айғай-аттандап», келмей қалса – «біттік-құрыдыққа» салып, қол қусырып отырамыз. Одан Тел-ағаның есімі титтей де шытынаған жоқ, қайта жылдан-жылға жаңғырып, жарқырай түсуде. Себеп біреу – Азамат елі үшін із қалдырды, қазірдің өзінде Тел салдырған бөгеттердің тиімділігін айтатын азаматтар елде аз емес.
«Ырғыз» десек, Бердіқұловтың есімі бұл жақтағы елдің есіне түседі. Біз кішкентайымыздан естіп өскен аңызға бергісіз әңгіме – Ырғызды қол күшімен бөгегені арада өткен жылдар призмасынан ғана көрініп, ұмытыла бастаған болса, Бердіқұловтың адамдық жақсылығын көрген – стипендиясын алған, бүкіл өміріне Бердіқұловтан бағдар алған кісілер әлі бар Ырғызда, облыста, Қазақстанда. Бердіқұлов феномені неде еді? Оның ел үшін, халық үшін қалдырған ізінде, игі істерінде болатын.
Күні кеше ғана өмірден өткен ырғыздық Лайық Шоқпаров ше? Бүгін ырғыздықтар көгілдір отынға жылынып, күрпіп отырса, осы шаруаны бастаған, облысқа таяқ тастам жердегі мекендердің өзінде газ жоқта, Астана асып, «аға-көке жағалап», ит арқасы қияндағы Ырғызға газ әкелудің барлық қиын шаруасын жасап кеткен сол – Лайық ағамыз еді.
Айтпақшы, сол Шоқпаров салдырған мықты демалыс орны қайда қазір, кімнің «қалтасында» кетті? Шоқпаров та газбен арпалыспай-ақ, басқаға басын ауыртпай-ақ, жылда Анталья мен Малдив барып жүруді білген шығар?! Жасамады солай. Бірақ Лайық Шоқпаров есімі Адам ретінде де, Ел Ағасы ретінде де елдің есінде қалды. Себеп сол баяғы – Азамат ел үшін, Абырой үшін өмір сүрді.
Енді нақты тақырыбымызға көшейік. Осы «әкім» деген сөз лексиконымызға енген алғашқы жылдары бір білгіштер оны былай «бұтарлап» тастады: «ә» – әділ, «к» – кішіпейіл, «і» – ізетті, «м» – мейірімді» деп. Айтқыштар көп қой, анық-қанығын дәлелдеуге тырыспаймыз, бірақ…
Бірақ соңғы рет қашан әкіміңізге барып, әділ шешім, қарапайым тілмен айтсақ, әншейін бір дұрыс сөз естіп шыққаныңыз есіңізде бар ма? «Сен салар да, мен салар, атқа жемді кім салар» деп, сіз арызданып барған шаруаны бас маманына, бұғалтіріне қарай ысырып жіберген жоқ па?
Қалған үш сөз «кішіпейіл», «ізетті», «мейірімді» – мағынасы жағынан аталас болғандықтан, бір қарастыра салайық. Әкім сізге сәлем бере ме? Әкімнің қабылдауына кіру үшін, қаншама бюрократиялық тексерістерден өткеніңіз есіңізде ме? Әкіміңіздің тек әншейін, көше аралап, қарапайым елмен емен-жарқын сөйлесіп, адам сияқты әңгіме айтып жүргенін көрдіңіз бе? Неге екені белгісіз – көз алдымызға түйілген қабақ, құлағымызға – ыңыранған дауыс естіледі, ә? Неге екен?
Енді қолдан келгенше «сәбременный» әкімдердің портретін жасап көрейік. Ол бір ауылға, ауданға, облысқа әкім болып келеді: бұрынғы әкім тұрған үйге – өлдім тұрмайды. Сыңғырлатып зәулім сарай салдырады, оны үш айдан соң меншіктеп алатыны тағы шындық. Сосын… команда жинайды. Ол енді қатып қалған заңға бағынады: команданың жартысы жергілікті жердің жандайшаптары да… жартысы – әйелінің бөлесінің күйеуінің қарындасының қайнысының досы, кластасы, көршісі, «служагы», тағысын тағылар… Әлгі әкелген сүйретпелердің баспанасы, басқасы тәрізді мәселені шешіп жүргенде, өзі басқаруға келген елді топан су қаптап кетсе де, басы ауырмайды. Орналасып, оң-солын танып алған соң… ойын басталады. Ол ойындар да сан түрлі – «откат», «конверт», «қол көру», «шәй ішу», «оңаша жерде кездесу»… деп кете береді.
Сөйтіп жүргенде, сумаң етіп жыл өтеді – әкім есеп береді. Есеп енді – коммунизм! Ұзын-сонар баяндаманы келтіруге газет беті жетпейді, бір сөзбен қайырсақ – «бәрін қатырдым!». Амалсыз сенеміз – сізді де, бізді де қатырғаны рас қой!
Мәселенің басын ашып алайық, біз ешкімнің атын атап, түсін түстемедік. Осы мақаланы оқып отырған ел ағасы: «Мынау мен емеспін бе?» деп ойланса, бізге сол да жеткілікті. Бұл – бірінші.
Екіншісі және ең өкініштісі – халықтың көз алдында осындай ел ағалары (?) көбейіп кеткен жоқ па? Қазақ ежелден белгілі бір шаруаның тізгінін ұстаған адамды да «ел ағасы» санаған. Соларға қарап бой түзеген, арқа сүйеген. Тіпті әріден айтсақ, сондай орынтақта отырған адамдарға деген құрмет те ерекше біздің халықта.
Ал олар ше? Әкімге кіріп, жағдай айту қиямет-қайым болса, аз-маз қызметтің құлағын ұстағандар әкімнен асып кетпесе, кемшін қалмайды. Олар да алдымен өз жағдайын жасайды. Үй салады, айналасына туысқандарын жинайды. Әсіресе елдің әлеуметтік жағдайына алаңдауы тиіс «звенодағылар» елді ұмытып қалады. Су мен газ дейсіз бе, медицина мен білім саласы ма – көбінде отырғандар жарты патша, жарты құдай. Осы жалған дей аласыз ба? Әрине, көпке топырақ шашудан аулақпыз, бірақ осы қазір Шоқпаров, Бердіқұлов тәрізді ел үшін бір із қалдырған мекеме басшысы немесе әкім тауып берсеңіз, алаулатып, жалаулатып жазуға біз дайын.
Жұмыс бабымен ел аралап, көп жүреміз. «Ауылыңызға келіп жатыр едік» деп, әкімге кіріп шығамыз, «ауылыңыздан кетіп барамыз, жетістік мынадай, кемшілік мынадай екен» деп айту үшін, кетерде тағы бір соғамыз. Бір қызығы – әкімнің әңгімесін тыңдасаң, сол ауылда қалып кеткің келеді. Ал халықты тыңдасаң… Сөз бен іс неге алшақ дейміз ғой…
Қазіргі ел ағалары неге елдің жайын екінші планға қалдыра береді? Елдің есінде несімен, қай ісімен қалмақшы?
Мынадай бір мықты әфсана бар. Бір кісі о дүниелік болып, Құдайдан тозақ пен жұмақты көрсетуді өтініпті. Алдымен оны Құдай Тозаққа әкеліпті. Тозақ дегенің ортасында тамақ толы терең қазаны бар, айналасы толған кілең бір иіні түскен, ішектері қарындарына жабысқан аш, жалаңаш, ашулы адамдар көрінеді. Қолдарында сабы ұзын қасық дейді, қолдары ауыздарына жетпейді, адамдары тамақ жей алмайтын болса керек.
Енді жұмаққа келсе, мұнда да сондай қазан, сондай ығы-жығы адам, оларда да сондай сабы ұзын қасық. Бірақ адамдар бақуатты, көңілді. Құдекең түсіндіріпті сонда: «Тозақтағылар өздерінің ғана қарнын ойлайды, ал жұмақтағылар бір-бірін тамақтандырады» деп.
Мораль мынау ғой: Қасығыңыз қандай? «Халық – Алланың бір есімі» деседі. Замананың талай көш-керуені озғанмен, халық өлмейді. Әкім келеді, кетеді – халық қалады.
Тек риторикалық сұрақ: Сіз халықтың есінде қай ісіңізбен қалдыңыз? Өзіңіз басқарған елде қандай ізіңіз қалды? Қазіргі ел ағасы, Сіз кімсіз? Өзгелерден қызғанып, өзіңіз ғана жегіңіз келіп жүргенде, анау ұзын сапты қасық аузыңызға жетпей қалмас па екен бір күні? Халық бір-біріне қарайласар, ал сіз қайтесіз?
Ел ағасы атанып жүрген әкімдер, ойланып көріңізші!
Шара ЕЛЕУСІЗ,
Ақтөбе облысы