«Общественная позиция»
(проект «DAT» №13 (377) от 06 апреля 2017 г.
Ойдан-қырдан
– Димаш неге сұхбат бере алмайды? Уақыты соншалықты тығыз ба?
– Мәселе уақыттың тығыздығында емес, халықаралық байқаудың, «Хунан» телеарнасының талабына қатысты. Димаш байқау аяқталғанша сұхбат бере алмайды. Бұл оның келесі кезеңдерге жоғары деңгейде дайындалуына ештеңе кедергі болмауы үшін жасалған. Өйткені Димаштан сұхбат алғысы келетін журналистердің қарасы қалың, әнші олардың сауалдарына байқау аяқталған соң ғана жауап береді. Әзірге бұл мүмкін емес.
– Димаш шығармашылығын шетелде жалғастыруы мүмкін бе?
– Қазақ елін әлемге танытып, қазақ әндерін әлемдік деңгейге шығару үшін Димашқа алдағы уақытта шетелде еңбек етуге тура келуі де мүмкін. Әзірге нақты ештеңе айта алмаймын…
Алдағы жоспарымыздың бәрін жария ете алмаймыз. Дегенмен, қазірдің өзінде Димашқа Еуропа, Америка, Азия елдерінің үлкен сахналарында ән салу туралы ұсыныстар түсіп жатыр. Шет мемлекеттердің алып сахналарында Димаштың өнер көрсетуі алдағы уақыттың еншісінде деп айтар едім. Алла қаласа, Димаштың әлемдік турнесі Астана қаласынан басталмақ. 27 маусым күні «Астана Аренада» концерт өтеді деп жоспарлануда. Оған дейін Димаштың ән альбомы жарыққа шығады. Байқаумен қатар, қазір сол кешке де қызу дайындық жүріп жатыр. Бұл кештің құрметті қонағы болуға әйгілі әнші Лара Фабиан да келісім бергенінен қалың жұртшылық хабардар.
– Финалдың екінші кезеңінде әншілер дуэтпен ән салады. Осыған орай жанкүйерлер арасында Димаш Лара Фабианмен бірге ән шырқайды екен деген әңгіме бар…
– Димаш қытай әншісімен дуэт орындайды. Әзірге оның кім екені белгісіз. Жақын арада оны әлеуметтік желілер арқылы хабарлайтын боламыз…
– Димаш «Дайдидауды» айтқан күні сахна сыртындағы атмосфера қандай болғанын айта аласыз ба?
– Мен бұл күні Димаштың қалай қобалжығанын, әнді орындап болған соң, көзіне жас алғанын айтқан болатынмын. Кейбіреулер соның алдында Димаш нағыз қазақ болса, неге бірінші кезеңнен бастап қазақ тілінде ән салмады деген еді. Димаш қазақты таныту үшін, алдымен өзін танытуы керек болды. Ол миллиондаған аудиторияны жаулап алғаннан кейін ғана қазақша ән салды. Бүгінгі таңда бізге Франциядан, Швециядан, Азияның көптеген елдерінен жанкүйерлер «Дайдидауды» айтқан видеоларын жіберіп жатыр. Сол күні Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры Айман Мұсаходжаева Димаштың жанды дауыста ән салуына мүмкіндік жасап, Қазақстаннан Димашпен бірге оқитын достарын арнайы жіберді. Қытайға оларды Тұрар Әліпбаев пен Майра Ілиясова бастап келді. Қазақтарды ерекше сағынып жүрген Димаш екеумізге бұл үлкен демеу, рух берер қолдау болды. Димаш сол күні «Адай» күйі арқылы қазақтың күй өнерінің құдіретін де паш етті. Жанкүйерлер қалай қабылдағанын өздеріңіз де көрдіңіздер. Барлығы орындарынан тұрып қол соққаны баршамызды айрықша толқытты.
– Қытайдың Қазақстандағы елшісі Димаш арқылы Қытай Қазақстанды кеңінен танып жатыр деді. Оқиға ортасында жүрген адам ретінде не айтар едіңіз?
– Елшінің пікірімен толықтай келісемін. Қазірдің өзінде «Хунан» телеарнасында қазақша білетін алты аудармашы бар. Бізді қазақ аудармашысымен қарсы алады. Сондықтан Димаш Қытай жұртына қазақ тілін де, қазақтың болмысын да жан-жақты танытып жатыр деп нық сеніммен айта аламын. «Хунан» телеарнасы – Хунан провинциясынан тарағанымен, бүкіл Қытайды жүз пайыз қамтитын ауқымды телеарна. Ал «I am a singer» – бұл арнадағы ең рейтингі жоғары жобалардың бірі. Осы жоба Димашты Қытай еліне танытса, өз кезегінде Димаш та аталған байқауды шетелдерге танытты деуге болады. Себебі ол ағылшын, орыс, француз, итальян тілдерінде әндер шырқады. Аталған тілдерде ән тыңдайтындардың қарасын есептей беріңіз. Бұл да байқаудың танымал болуына қосылған бір үлкен үлес. Қытайда бүгін Димаш пен Қазақстан қазір егіз ұғымға айналды. Мен мұны өз көзіммен күн сайын көріп жүрмін. Қазақстаннан екенімді айтсам, жұрт сендерде Димаш деген әнші бар ғой дейді. Димашты қазір Қытайдың тоқсан пайызы біледі десем, өтірік болмас.
– Димаш қазақша ән орындаған соң, қытайлық жанкүйерлердің қазақтың ою-өрнегі мен домбырасына деген қызығушылықтары арта түсті дегені қаншалықты шындыққа саяды?
– Рас. Жанкүйерлері Димаш сахнаға киіп шыққан киімді кигісі, оның қолындағы заттарды ұстағысы келеді. Димаш «Дайдидауды» айтқандағы киімі де ерекше танымал болды. Ол өте сәтті образға айналды. Киімді Айман Мұсаходжаеваның ықпалымен Қазақ ұлттық өнер академиясы тігіншілері тігіп берген еді. Жақында Қытайда Димаштың бейнесімен компьютерлік ойындар шыға бастайды. Онда да Димаш көрермендерімен «Дайдидауды» салған бейнесімен жүздеседі. Қазір Қытайда қазақтың домбырасына ғана емес, барлық ұлттық аспаптарына деген айрықша қызығушылық байқалады. Жанкүйерлер оларды зерттеп, қытай тіліне аударып, жариялап жатыр. Еуропадан да журналистер арнайы хабарласып, сұрастырғандар болды.
– Қытай басылымдары Димаш қатысқан жарнамалық шараның көрсетілімі рекорд жасады деп жазыпты. Ол қандай шараға қатысқан еді?
– Димаш қазір көптеген брендтермен жұмыс жасауда. Шанхайда Димаш қатысқан Swiss пен Ferrari компаниялары ұйымдастырған шараны тікелей эфирден 54 миллионнан аса адам тамашалапты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл олардың тарихындағы рекордтық көрсеткіш екен. Осы шара барысында Димашқа «Сүйікті кітабың қандай?» деген сұрақ қойылды. Димаш «Абай жолы» туралы айтып берді. Содан кейін «Абай жолының» қытай тіліндегі нұсқасының сатылымы да күрт артты. Жанкүйерлер «Димаш оқыған кітапты біз де оқуымыз керек» деп жазып жатыр.
Гүлнұр Қуанышбекқызы,
«Егемен Қазақстан»