«Общественная позиция»
(проект «DAT» №12 (376) от 30 марта 2017 г.
Обалы кімге?
Газетіміздің өткен санында Қытайдағы мал-мүлкін сатып, бала-шағасын ертіп, Атамекенге оралған жесір әйелдің Майқапшағай шекара-кеден бекетінде декларация толтырмадың деген айыппен ақшасы тәркіленіп, далада қалғаны жөнінде жазған болатынбыз («Майқапшағайдағы тонау қазақ көшіне кері әсер етуі мүмкін деді сарапшылар». №10-11 (375). Редакциямызға телефон шалған көптеген оқырмандарымыздың сұрауы – осы істі назардан таса қылмау еді. Сондықтан осы орайда Зайсанда өтіп жатқан сотқа қатысқан әріптесіміз Ұларбек Дәлейұлымен хабарласып, істің мән-жайын сұрастырдық.
– Көп жылдан бері жинап-тергенінен Қазақстан шекарасында бір мезетте айырылған оралман Гүлжан Мәуітхан апайымызға қолдау көрсету мақсатында Зайсан қаласына барып қайттық, – деді Ұларбек мырза. – Бізбен бірге Гүлжан апайдың інісі, келіні, ұлы барып, сотқа куәгер ретінде қатысты.
27 наурызға белігенген сот отырысы өтті. Таңертеңгі сағат 10.00-да басталған сот кешке дейін жалғасты. Ақша тәркілеуге қатысқан, көрген, хаттама толтырған кеденшілер мен шекарашылар тарапынан куәгер ретінде сегіз адам қатысты.
Күні бойы соттың дауы өтті, барлығынан жауап алынды. Сот бір күнде бітпей қалды да, келесі сот отырысын 31 наурызға қалдырды.
– Соттың ендігі беталысы қалай болар түрі бар?
– Соттың қазіргі бейнесінен жақсылыққа жоритын ештеңе айтуға келмейді. Өйткені сотқа қатысқан прокурор сот отырысын қадағалап, екі жаққа да болыспау керек қой. Бірақ прокурордың бейнесі мен сөзіне қарасақ, шекарашы мен кеденшілерді қолдап отырғаны байқалады.
Оралман ағайындардың сотқа барып-қайтуы 3000 шақырым болып тұр. Ол кісілер Зайсандағы сотқа Астана қаласынан қатынап отыр. Жол шығындарының өзіне 150 мың теңгеден астам ақша кетіп қалды. Шынын айтқанда, қалталары әбден жұқарып кетіпті. Бұған қоса Гүлжан апайымыз алыс жолды көтере алмай, кеше ауырып жатып қалды. Енді 31 наурыз күні өтетін сотқа бара ала ма, бара алмай ма – ол жағы әзірше белгісіз. Қазіргі жағдай осындай болып тұр.
Ол кісілер қайтадан Астанаға кетті. Пәтер жалдап, сонда тұрып жатыр. Ақшалары пәтерге, сотқа, адвокатқа, жолға кетіп, қиындық көріп жүр.
– Ұларбек мырза, біздің газетте осы жағдайға қатысты мақала жарық көргелі бері, көп оқырмандар редакцияға телефон шалып, осы жағдайға қатысты өкпе-реніштерін білдіріп жатыр. Зайсанда өтіп жатқан сотқа жергілікті ағайындар қатысып, қолдау білдірді ме?
– Зайсанға оралман ағайыны бар, жергілікті ағайын бар – келіп қолдау көрсетеміз дегенмен, жиналған халықты есік алдына тұрғызбай, қуалап жіберді. Келген адамдарды сот залына кіргізбеді. Тіпті мен сот залынан фото-видео түсірілім жасайын деп едім, менің де телефондарымды кіргізбей қойды. Бірақ журналист ретінде қатыстырды.
Осы жағдайға қатысты Зайсанда қара халық шулап жатыр. «Обал болды, ақшасын бекер тартып алды» деген сөздер айтылып жүр жұрт ішінде.
Тағы бір айта кететін маңызды нәрсе – бұндай жағдай бірінші рет орын алып отырған жоқ екен. 2011 жылы тура осы «Майқапшағай» бекетінен Томпақ Марқа есімді бір ақсақал екі баласымен, жүгін, көрпе-жастығын алып, көшіп өткен. Олар да декларация толтыру деген нәрселерді білмейді ғой. Отыз мың доллармен өтіп келе жатқан, Қытайдағы мал-мүлкін сатып, Атамекеннен жер аламын деп. Оның да 20 мың доллар ақшасын сот арқылы тартып алып, қолына 10 мың долларын қайтарып, қоя беріпті. Сонымен, барар жер, басар тауы жоқ ақсақал қайтадан жүгін алып, Қытайға көшіп кетіпті. Мен сол адамды тауып алып, соттың шығарған шешімінің көшірмесін алдым.
Ол кісінің жүгінен ет турайтын пышақ шыққан екен. Соны шекарадан суық қару алып өттің деп көлденең тарқан. Көш болғаннан кейін, пышақ та, ыдыс-аяқ та болады ғой. Ол кісі мылтық алып өткен жоқ, жүгіне зеңбірек тиеген жоқ. Шекарашылар осыны бұрмалап, декларация толтырған жоқсың, суық қару алып өттің деп, сот арқылы ақшасын бірақ сыпырып алыпты.
Бұл жалғыз мен естіген жағдай ғана. Осындай қиындықтарға ұрынып, бұл жақта танысы, тума-туғаны жоқ оралмандар көштің басын Қытайға қайта бұрып кеткен оқиғалар аз емес екен.
Димаш АЗАМАТ,
«D»