Бес миллион адам БАНККЕ ҚАРЫЗ

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №15 (379) от 20 апреля 2017 г.

 

Әлеумет әуресі

 


 

Қазақстанда еңбекке жарамды, экономикалық белсенді тұрғындардың саны 8,5 миллион адам шамасында. Ал олардың тең жарымынан көбі, яғни 5 миллион адам екінші деңгейлі банктерге қарыз. Бұл туралы «Қазақстан» арнасындағы «Мәселе» бағдарламасында айтылды, деп жазады «Qasym.kz».

 

Бір өкініштісі, қазақстандықтар несиені мақсатсыз жұмсайды екен. Яғни, жалпы сомасы 1 триллионнан асып жығылатын қарыздың 85 пайызы мақсатсыз жұмсалған. Яғни, адамдар несиені өмірлік қажеттіліктер үшін емес, қымбат көлік, той-думан мен өлім-жітім, тұрмыстық техника, бағалы тондар тәрізді дүниелерді сатып алуға жұмсаған. Ал сол несиесі бар 5 миллион адамның 1 миллион 200 мыңы бүгінде қарызын қайтара алмай жүр.

Abai.kz

 

 

Банктер теспей соратын «ЖЫРТҚЫШҚА» АЙНАЛДЫ

 

Қазақстандағы банк-қаражат жүйесі дағдарысты кезеңді бастан кешіруде. Соңғы деректерде 5 миллион адам банктер алдында әрқайсысы кемінде 1 миллион теңгеден берешек көрінеді. Төлем қабілеті кемдер қатары күннен-күнге молая түсуде.

 

Рас, банктердің пайыздық саясаты оның дамуының кепілі. Алайда өте жоғары пайыздық мөлшерлеме банктерді халыққа қызмет ететін қаржы институтынан гөрі, халықтың қанын теспей соратын «жыртқыштарға» айналдырып жіберді. Қазақстандағы банк жүйесі біртіндеп, әлеуметтік сілкіністерге соқтыратын шиеленіс нүктесін қыздыру үстінде. Бүгінгі таңда банктердің кредиттік торына шырмалмаған отбасыларды кездестіру қиынның қиыны.

Таяуда 10 көкек (сәуір) күні еліміздің бас банкирі Данияр Әкішев ҚР Ұлттық банк базалық мөлшерлемені өзгертпестен, сол бұрынғы 11% күйінде қалдыруға шешім қабылдағандарын айтты. Екінші деңгейдегі банктер түрлі айла-амалдармен кредит мөлшерлемесін көтеріп жібереді. Бүкіл халықты сорлатып отырған – солар. Өркениетті елдерде банк секторы экономиканың, тұрғын халықтың жағдайын жақсартуға бағытталса, ал біздің еліміздегі банктер халықтың қанын соратын «паразит». Оған қоса экономиканы, атап айтқанда, шағын және орта кәсіпкерлікті тұншықтырудың өзіндік құралына айналған десе де болады.

Шетелдерде қалай? Зер салып көрелік. АҚШ-тың өзінде ипотекалық дағдарыстан зардап шеккен банк секторына қолдау көрсету үшін, қайта қаржыландыру мөлшерлемесін азайтуға шешім қабылданды. АҚШ Федеральдық резерв жүйесінің негізгі мөлшерлемесі 2 пайыздан 1,5 пайызға төмендетілді

Германияның басқы банктерінің бірі «Бундесбанк» 1996 жылдан бері «арзан қаражат» саясатын ұстанады, олардағы банктің жылдық пайызы небары 2,5%. Тек ол ғана емес, жалпы дүние жүзіндегі орталық банктердің пайыздық мөлшерлемесі өте төмен. Қараңыз, Австралияның резервтік банкінің ағымдағы пайыздық мөлшерлемесі – 1,5%, Ұлыбритания банкі – 0,25%, Канада банкі – 0,25%, Қытай – 4,3%, Перу – 4,2%, Гонконг – 0,5%, Норвегия – 0,5%, Польша – 1,5%.

Қазақстан банктерінің мөлшерлемесі кемінде 18–25 пайызбен аспандап тұр. Экономикалық дағдарыстан есеңгіреген халық банк кредиттерінің қыспағынан қазір жаны мұрнының ұшында. Несиелік қарыздарын өтей алмай, суицидке ұшырап жатқан адам қаншама?!

Жұмыссыздық, жалақының аздығы, қалайда пайда табуды ойлаған банктердің «жыртқыштығы» жұртты ашындырып барады. Үкімет пен парламент жедел түрде қаржы ұйымдарының, банктердің жұмысына адами сипат беретіндей өзгерістер жасамаса, үлкен наразылықтарға тап болары кәдік. Сондай құбылыстардың салдарымен күрескеннен гөрі, оның алдын алған әлдеқайда тиімді емес пе?!

• Марат Тоқашбаевтың ФБ-парақшасынан

 

Әсем Қабылбек:

• «ЭКСПО-ның билетін мұғалімдерге сатпаймыз» дегендері қып-қызыл өтірік. Әр мектепте 4 мың теңгеден сату басталып кеткен. Миллионер адамдарды тапқан екен. Ақыры билет сатқан соң, Астанаға барып-қайтуын неге ойластырмайды?

 

Ырысұлан Әбілханұлы:

• ЭКСПО көрмесі кімнің ақшасына салынды? Әрине, халықтың ақшасына! Осы ЭКСПО-ның құрылысын бітіреміз деп, халықтан айыппұлды тиынына дейін жинап алды. Сонда да жетпей жатқан сияқты! Енді алдын ала билет сату басталды! Ал бір миллион билет сатылсын делік, 7 миллиардтай теңге жиналады! Шамамен 2,3 миллион доллар! Мақтан үшін, долларды миллиардтап шашып, халық қызығын көрер кезде тарыла қалған мемлекет ертерек ойлану керек еді! Осыған қарағанда, ЭКСПО-дан кейін қатты үнемшіл, әр тиынды санап, есеп алып отыратын мықты ел болатын шығармыз? Жемқорлық мүлдем болмайтын шығар?

 

Ерке Байжігітова:

• ЭКСПО-ға спонсор болып, билет сатып алуды ұлымның мектебі сұрап отыр… Берейін десем – «заподло», бермейін десем – сынып жетекшісін аяймын… Айлығы шайлығына жетпейтін мұғалімдерді үкімет өзінің құлы көре ме сонда?

Пікірлер ФБ желісінен алынды

 


 

ЭКСПО БИЛЕТІН мұғалімдер еріксіз САТЫП АЛУДА

 

Шығыс Қазақстан облысындағы мектеп мұғалімдері «басшылық биыл Астанада өтетін ЭКСПО көрмесі билеттерін мәжбүрлеп алғызды» дейді. Ал көрме ұйымдастырушыларының сөзінше, бұлай ету – заңсыз.

 

Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданындағы ауылдардың біріндегі мектепте жұмыс істейтін М. есімді қызметкер ЭКСПО билетін алған. Оның сөзінше, ақпанда өзі жұмыс істейтін мектепке көрменің 20 билетін алып келген.

«Электрондық билетті ауданнан жіберді. Мектеп 20 билеттің ақшасын шығарып беру керек. Бір билеттің құнын бірнеше мұғалім шығарып бердік. 6 мың теңгелік билетті үш мұғалім бірігіп алдық. Өзім бармаймын. ЭКСПО кезінде шөп шабатын науқан қызып жатады», – дейді мектеп қызметкері.

Осы аудандағы Гүлбаян (аты өзгертілді) есімді мұғалім де Астанадағы көрмеге «еркінен тыс» билет алған. Ол бір билетке 4 мың теңге жұмсаған. Ұстаз көрмеге өзі бармайды, бірақ билетті Астанада тұратын балаларына беріп жібермек. «Билетті қыста алып келген. Алғымыз келмеген еді, бірақ мектеп басшылығы «барсаң да аласың, бармасаң да аласың» деді. Енді [билет] босқа жатқанша, Астанадағы балаларыма салып жіберемін», – дейді ол.

Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданындағы жүз балалық орта мектепте сабақ беретін П. есімді мұғалімге де билет ұсынған. Бірақ ол алудан бас тартқан. «Мектепке ауданнан 16 билет жіберіпті. Бағасы 6 мың теңгеден басталады. Мен бара алмаймын дедім. Қатты қыстаған жоқ. Мұғалімдер билетті бірігіп алып жатыр. Мектеп 16 билеттің бағасын шығарып беруі керек екен», – дейді ол.

Зайсан аудандық білім басқармасының басшысы Нұрлыбек Қалибаев мектеп мұғалімдеріне ЭКСПО билетін ұсынғанын «Азаттыққа» растады. Оның айтуынша, мұғалімдерге билет ұсыну – «ЭКСПО көрмесіне насихат».

«Билеттер пошта бөлімшесіне келген. Аудан әкімі «ЭКСПО – елбасының, мемлекеттің саясаты, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіңдер» деп, бізге тапсырды, ауыл әкімдеріне, ауыл белсенділеріне тапсырды. Біз үгіт-насихат жүргізіп жатырмыз. ЭКСПО-ға шетелден көп адам келеді. Қазақстанда мұндай шара енді бола ма, болмай ма – білмейміз. Мұғалімдерге «билет бар, көрмеге барғандарың дұрыс» деп айттық. Баратындар – барады, бармайтындар өзі біледі», – дейді білім басқармасының басшысы. Ал Тарбағатай ауданы әкімі аппаратының жетекшісі Ерсін Ескендіровтің сөзінше, «өзін Қазақстанның патриотымын» деп санайтын адам ЭКСПО-ға бару керек.

«Бұл (ЭКСПО билеттерін сату) – аудан әкімінің тікелей тапсырмасы. «Алыңдар, Астананы көріңдер, іссапарға жібереміз, айлықтарың сақталады» деп айтып жатырмыз. Бірақ ешкімді «алыңдар» деп қинап жатқанымыз жоқ. ЭКСПО – ауданның саясаты емес, мемлекеттің саясаты. Билет ары кетсе – 6 мың теңге. Патриотпын деген адам бару керек. Мен өзім де баратын едім», – дейді ол.

«Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы Сергей Куянов жыл басынан бері елде көрме билеттерін заңсыз сату бойынша 20 факті тіркелгенін айтады. «Бізге заңсыз билет сату фактілері бойынша 20-дан астам шағымдар түскен. Оның ішінде Шығыс Қазақстан облысы да бар. Оның ішінде мұғалімдерге ғана емес, дәрігерлерге де сатқан фактілер кездеседі. Кейін президент әкімшілігі арқылы бұл мәселені шешіп, олай жасауға болмайтынын ескерттік.

Осы оқиғалардан кейін арнайы жедел желі (WhatsApp номері: +77023326521) аштық. Мұғалімдер сатып алған билетті суретке түсіріп, бізге жолдаса болады. Біз бұл әрекетті тексереміз», – дейді Сергей Куянов.

Azattyq.org

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн