«Общественная позиция»
(проект «DAT» №15 (379) от 20 апреля 2017 г.
«ДАТ» – 19 жыл
1998 жылдың желтоқсанында сот шешімімен «ДАТ» газеті жабылып қалды…
Жеті ай бойы жалындаған «ДАТ» өшті!..
«Өшті» – ауыр сөз. «Реанимацияда» деп жұбаттым өзімді. Осы ой өзіме ұнап, жүрегімді қыздырды. Әлі таң ататынына сендім…
Келер жаз шыққанша сенделіске түстім. Жұмыссыздық. «Сюр»-сергелдең…
Өмір сүру қиындап кетті…
Ара-тұра Ғалымжан Мұқановқа мұңымды шағам…
– Жан, не жаңалық бар? Ермұратпен (Бапи) сөйлестің бе? Көкеңнен (Қажыгелдин) не хабар бар екен?
– Бәрі де баяғыша. Еш «движение» жоқ. Өзіңіз қалай?
– Жатырмын үйде. «Фаренгейтке» жазып тұрушы едім. Олар ақша төлемей қалды. Маған 5-6 мың теңге қарыз. Жеңгеңнің бетіне қарауға ұят. Ол әйтеуір жұмысынан бірдеңе алып тұрады ғой. Темекі мен газетке ақша сұрап алам содан…
– Өй, мен газет оқуды қойдым. Ақшам жоқ алатын.
– Қалай күн көріп жатырсыңдар сендер, ә? Келіншегің үйде, екі балаң бар. Өздерің – жатақханада…
– Қарызға батып болдық әбден…
– Мықтысың сен, ә? Былқ етпейсің…
– «ДАТ»-тың таңы атады әлі, Ғалеке!..
«Албан – албанға алданады»
Тағы да Ғалымжан екеуіміз.
Мол денесін бір қозғап қойып, қырлы мұрнын сипалайды. Жүйкесі тозған ба, тісін шықырлата береді.
– Бір-екі мың доллар табылса, үлкен еңбекке кірісер едім. Басқа жұмыстың қажеті де жоқ.
– Жыраулар поэзиясының аудармасы ма?
– Иә, француз тіліне аударсам, үлкен еңбек болар еді. Мен соған сенімдімін. Содан кейін өзімнің төл дүниелеріме көшер едім…
– «Алаш» сыйлығына іліге алмадыңыз-ау, ә?..
– Бұйырмады ғой. «Қилы заманның» аудармасын ұсынған едім. Албанның-ақ тарихы. Мен де албанмын ғой. Нұрлан (Оразалин) да албан. «Бауырына көмектесе ме?» деген арам ойым болып еді. Өткізбей тастапты. Басқалары қоштап тұрғанда, онысы несі-ей? «Жазушылар одағына мүше емес екен» депті. Соны 1-2 күн қалғанда біліп қалғанын айтам да…
– «Қожа – қожаға қожаңдайды» деген бар емес пе, Ғалеке? Албан – албанға алданады да… Дегенмен, мұнда саяси астар бар сияқты. «ДАТ»-та жұмыс істеген» деген «жаман атқа» ие болдық қой…
– Соны мен де ойлағам. Тағы бір ойым – Нұрлан «өз албанына көмектесті» деген алып-қашпа әңгімеден қорқып, өткізбей тастауы да мүмкін-ау!..
– «ДАТ»-тық «версия» көбірек келеді…
– Бәрі де мүмкін…
Президентке Жан керек емес
Көктемнің алғашқы күндері Сая Иссаға жолығып қалдым.
– Иә, Жан, не болды? Қалай хал?
– Ойбай, Сәке, мәз емес. Жұмыс жоқ. Қыста президент аппаратының қарамағындағы шаруашылықтың біріне жұмысқа тұрмақшы едім. Түк шықпады…
– Кім боп?
– Аула сыпырушы боп… Қызық-ай, бұрынғы оппозициялық газеттің білдей қызметкері президент ауласының сыпырушысы болуға да жарамады…
– Оны несіне күлкі қыласың? Кез келген жұмысқа кірісіп, жан сақтамасаң болмайды. Бала-шағаңды кім асырамақ? Мына заманда «батырға да жан керек»…
– Мәселе сонда ғой. Жан бәріне керек, бірақ президентке Жан керек емес екен…
«СолДАТ»-ым – махаббатым
1999 жылдың 2 шілдесі.
Міне, «данышпандығыма» салып, сәуегейсіп айтқаным келді: «ДАТ» орнына «СолДАТ» газеті дүниеге келіп, «ә» дегеннен ақпарат кеңістігін жаулап алды…
Соның бір қызметкері болып, далбалақтап мен де жүрмін…
«СолДАТ» ашылды» дегенді естіп, қатты қуандым. Президентті сынау – сүйікті кәсібім емес пе? «Елі сүйген Елбасының» туған күніне «арнайы сыйлық» болды бұл…
Алғашқы аптада жұмысты редакторсыз-ақ бастадық. Редактор етіп Марат Қабанбайды «қойғанда», екі есе қуандым. Бірінде – «өзіме тартқан ағам ғой» (жазушы мағынасында) деп. Бірінде – қыста естіген әңгімемнің рас боп шыққанына. Сонда жігіттер күлкі қып еді. «Мәкең редактор болатын көрінеді» дегенім үшін. Жүрген жерім күлкі, әйтеуір…
Редакцияда алғаш күлкіге қалдырған да осы Марат ағам. Жалаңаяқтығымды айтып. «Аяғындағы сандалдың басынан башайлары шығып тұрады, тарақанның мұртындай жыбырлап» деп еді сонда риясыз күліп. «Кентавр» атты романына мені де кейіпкер қып алатынын қоса айтты…
Алғашқы нөмірде «Бақай есеп» атты айдармен берген «Министрдің курстасы болмағаныма өкінемін» деген шымшыма мақалама да күлді жұрт. Қайтейін, ағымнан жарылып едім. «ДАТ»-тың «датын» айтқым келді. Ойдан құрап, жұрттан сұрап. Шыным да сол…
«СолДАТым» – махаббатым» деймін сүйсіне.
Бұл қай «ДАТ»?
Газет тарататын жігіттер сатушы орыс әйелге «СолДАТ»-ты сатуға берген ғой. Сөйтсе, анау: «Это бывший «ДАТ» па?» – деп сұрапты.
– Да, тот самый.
– «Сол» в переводе – «левый»?
– Можно и так. Но здесь в значение «тот самый». Тот самый «ДАТ».
– А-а, а я подумала, что это «левый» «ДАТ»…
– Не-ет… Какой «левый»? Мы – самый правый и правдивый «ДАТ»!..
Ыңқылдат пен тыңқылдат
Бірде редакцияға Әміржан (Қосанов) келе қалды.
– Әй, Жан, «ыңқылдатып жүрсің бе?» – деп сұрады, жарқын жүзі жарқылдап. Қыран-топан күлкі…
Оның мәнісі былай болған.
«СолДАТ» газеті жарыққа шығысымен, «Ана тілі» газеті «Сөз жоқ, соның іздері» деген «детективті» атпен титімдей шымшыма шығарды. «ДАТ» газеті жабылуы сол екен, құрылтайшылар басылымды қайта тіркету үшін «Солдат» деген атты пайдалана қойды. «СолДАТ» жабылып қалса, газет атын «Мандат» деп қояр, бәлкім», – деп, өзінше әккі тергеушідей зерттепті. «Ана тілі» газетінің жарияланыма ізінше мен де реплика тастадым.
«Ұлт генералының» «Солдатты» көзге ілгені үлкен ғанибет екен. Генерал болуды ойлайтын «Солдатты» жабылып қалады екен деп «сәуегейсуі» ғана күдіктендіреді.
Ал «ДАТ» есімін пайдаланып, газет шығарғысы келгендерге оны сан құбылтуға болады: АңДАТ, ШаңДАТ, ЫмДАТ, ТыңқылДАТ, ШыңДАТ, БылқылДАТ, ЫңқылДАТ…» – деп, қыршып алдым.
Әміржанның айтып жүргені сол ғой…
Әй, расында да, билік басындағыларды біраз «ыңқылДАТтық» қой, несін айтасың…
Ностальгия
2011 жыл. Астана.
Алматыда жүргенде демократияшыл журналист ағайын мені «Жан Тілеубайұлы» деп танитын. Жазуыма қол соғатындар «Қазақтың алғыр Қыраны» деп мәртебе көрсететін. Астанаға көшіп, осы Отарба үнпарағына («Қазақстан теміржолшысы» газетін айтам) келгелі бері өзімді тышқан аулаған кәрі бүркіттердің санатына қостым, тәйірі…
Алматыға бір барғанда, Жұмабек Жанділдин деген жорналшы ағамызға аялдамада жолығып қалдым. Автобус келгенше аз-кем сөйлесіп үлгердік. Жүкең маған қарап кетік тісін ақсита көрсете, шиқылдай күлді:
– Әй, Жан, сенің баяғыда өлтіре жазғаның есімнен кетпейді. Мынау ше? Тақырыбы: «2030». Мәтіні: «Дігідік-дігідік, дігідік-дігідік…» Бұдан асқан қысқалық болар ма? Хы-хы-хы…
Со күйі кеп қалған автобусқа мініп кете барды. Аңтарылып мен қалдым: «Әй, Жүкең де қызық! Атам заманғыны еске салып…».
Марқұм Марат Қабанбай ағамыз басқарған «СолДАТ» газетіндегі қызықты күндердің елесі көз алдымда көлбеңдеп сала берді. Сағындым сізді, Марат аға!..
«ДАТ» жобасындағы «СолДАТ»,
«Жұма-таймс», «Айна-плюс» газеттерінің
жорналшысы –
Жан ТІЛЕУБАЙҰЛЫ