«Общественная позиция»
(проект «DAT» №16 (380) от 27 апреля 2017 г.
Пайым патшалығы
Сәуірдің 25-і күні газетіміздің белсенді авторы Ермек Мұқанғалиев 80 жасқа толды. Ермек аға тәуелсіздіктің тірегі саналатын – саясат, ұлттық идеология, руханият салалары төңірегінде талмай жазып жүрген қоғамшыл ақсақал. Осы тақырыптар төңірегінде бірнеше кітап жазған адам.
Біз төменде қоғамның рухани жаңғыруы турасында жазылған, жуық маңда жарық көретін кезекті кітабынан үзінді жариялай отырып, газеттің қалың оқырмандары атынан нағыз халықшыл зиялы ағамызға зор денсаулық тілейміз!
Редакция
Ұлттық мемлекетті қалыптастыратын қоғамдағы басты субъект – ол титулды ұлт. Ал титулды ұлт деп – сол аймақта ұлт болып тарихи қалыптасқан және қоғам ішіндегі этностардан сан жағынан басым көпшілікті құрайтын ұлтты айтамыз. Дүние жүзінде екі жүздей мемлекет болса, соның басым көпшілігі ұлттық сипаттағы мемлекеттер болып табылады және ол мемлекет титулды ұлттың атымен аталады. Сол сиякты Қазақстанда мемлекет құрушы титулды ұлт – қазақтар.
Әлемде бір ғана ұлттан тұратын бірде-бір мемлекет жоқ, себебі дүние жүзінде екі мыңнан аса ұлт болса, мемлекеттер саны екі жүз ғана. Яғни, орта есеппен бір мемлекетке он ұлттан келеді деген сөз. Сондықтан ұлтаралық қатынас әрбір мемлекет үшін өте маңызды проблема.
Олай болса, Қазақстандағы ұлтаралық қатынасты реттеу үшін, ең әуелі мемлекет құрушы титулды ұлт пен ұлт диаспораларының қоғам ішіндегі статусын белгілеп, оны заңдастыру керек.
Адамзат қауымдастығында титулды ұлттың – ұлттық болмысы, ұлттық мүддесі және ұлттық тәуелсіздігі сол ұлттың басты құндылығы болып саналады, сонымен қатар ол өз отанында дамып, қорғалуы керек.
Ал диаспоралардың басқа жерде тарихи отаны бар, яғни олардың ұлттық құндылықтары сонда сақталады. Титулды ұлт сол қоғамның қауіпсіздігі мен дұрыс дамуының кепілі. Сондықтан ол сол қоғамды құрушы басқа субъектілердің басын біріктіріп, солардың заңды мүдделерін қорғап, оларға қамқор болуы тиіс.
Біз қоғамды құрушы субъектілерге титулды ұлттан басқа діни қауымдастықты, әлеуметтік топты және жеке адамдарды жатқызамыз. Ал қоғам ішіндегі диаспораларды әлеуметтік топқа жатқызуға болады.
Қоғам ішіндегі титулды ұлттың ұлттық болмысын дамытуда бірінші кезекте оның ұлттық санасына, ұлттық рухына және ұлттық құндылықтарына көңіл бөлуміз керек. Ұлттық санаға – идеология, психология, менталитет, патриотизм және тәрбиені жатқызуға болады.
Бұл түсініктердің ұғымы өзара бір-біріне жақын болғанмен, оның әрқайсының қоғам ішінде атқаратын рольдері әртүрлі. Мысалы, идеология сол қоғамда өмір сүретін барлық субъектілердің мүддесін бір ортаға, яғни мемлекеттік мүддеге тоғыстырып, алға қойған мақсатқа қол жеткізу үшін барлық қоғамдық сананы жұмылдырады.
Ал ұлттық құндылыққа – мәдениетті, әдебиетті, өнерді, музыканы, спортты; Ұлттық рухқа – шабытты, жігерді, сезімді, талапты, қабілетті; Ұлттық мүддеге – тілді, дінді, салт-дәстүрді; Ұлттық тәуелсіздікке – саясатты, экономиканы, мәдениетті жатқызуға болады. Бұл айтылғандар әрбір мемлекетте титулды ұлттың дамуында басты роль атқарады және ұлттың даму деңгейіне баға бергенде, оның негізгі критериі болып саналады.
Адамзат қауымдастығы ұлт болып қалыптасуы үшін, ол тарихи даму барысында рулық, тайпалық, ұлыстық сияқты бірнеше сатылардан өтеді. Сол сияқты қазақ халқы да өзінің даму барысында осы үрдістің бәрін басынан өткізіп, ұлт болып қалыптасып, қазір өзінің тарихи отанында тәуелсіз мемлекетін құрып отыр. Бірақ қазақ халқы соңғы бірнеше ғасырлар бойы Ресейдің отары болып, басында саяси бостандығы болмады. Қазақтар қоғам эволюциясында индустриалды даму сатысынан өтпей, қалалық жерлерде өмір сүрмегеннен кейін, қала мәдениетінің кенделеп дамуы салдарынан қазақ қоғамының біраз бөлігінде рулық-патриархалдық сананың қалдықтары қалып қойғаны рас. Сол себепті Қазақстанда қазақтар мемлекет құрушы титулды ұлт болғанмен, саяси тәуелсіздігімізді алғанымызға ширек ғасырдан асса да, осы кезге дейін рухани мәдениетіміздің негізі болып саналатын – ұлттық тілімізді, дінімізді, салт-дәстүрімізді тиісті дәрежеде дамыта алмай отырмыз. Осы осалдығымызды пайдаланып, бұрынғы отаршылдық заманында бізге аға халық болып үйреніп қалған орыс ұлтының кейбір өкілдері қазақ тілін үйреніп, оның мәдениетін, салт-дәстүрін сыйлап, қазақ ұлтын өздерімен тең санап, олармен қатар өмір сүргілері келмейді. Соның салдарынан осы кезге дейін ұлтаралық қатынаста мемлекеттік тіл проблемасы шешімін таппай, кейбір басқа да мәселелер жөнінде түсінбеушіліктер орын алып, қоғамымызда қарама-қайшылықтар пайда болуда.
Егер де қазақ қоғамында осы кезге дейін ұлтаралық қатынаста тұрақтылық, татулық, бейбітшілік сақталып келеді десек, ол тек қазақ халқының ұлттық мүддесін ескермей, сол бұрынғы Совет Одағы кезіндегідей орыстандыру саясатының қоғамымызда жалғасын табуының салдары.
Мысалы, Совет Одағы кезінде жаппай орысша атауларға өзгертілген жер-су аттарын немесе қала-көше атауларын бұрынғы тарихи атауларға қайта көшіру туралы сөз бола қалса, орыс диаспоралары қарсылық көрсетіп, өре түрегеледі. Алдағы уақытта елімізде мұндай жағдай болмас үшін, біз қоғамның даму заңын терең зерттеп, онда пайда болатын қайшылықтардың себеп-салдарын анықтап, оны дер кезінде бейбіт жолмен шешіп отыруымыз керек.
Ол үшін бірінші кезекте қоғам дамуында шешуші рол атқаратын басты субъектілердің құқықтық талап-тілектерін заңдастыруымыз қажет.
Біз Қазақстанды «көп ұлтты мемлекет» санаймыз және онда өмір сүретін барлық ұлтты «тең құқылы» деп есептейміз. Соның салдарынан адамдар арасында құқықтық түсінбеушілік пайда болып, оның аяғы жанжалға ұласып жатады. Сондықтан әуелі мемлекет құрушы титулды ұлт пен ұлт диаспоралары құқықтарының статусын белгілеп алып, заңмен белгіленген осы норма аясында қоғамдық қатынастардың сақталуын қадағалауымыз қажет.
Мемлекет құрушы титулды ұлттың қоғам алдындағы жауапкершілігі диаспораларға қарағанда әлдеқайда жоғары. Сол себепті олардың қоғам ішіндегі статусы мен құқығы диаспоралармен салыстырғанда кең, әрі беделі зор болуы керек. Ол үшін титулды ұлттың рухани мәдениеті, әлеуметтік тұрмысы жоғары дамыған болып, өзі саяси сауатты болуға тиіс. Сонда ғана басқа диаспоралар титулды ұлттың құқығын сыйлап, оның қоғам алдындағы беделін мойындайтын болады.
Титулды ұлт қоғам ішінде толыққанды ұлт болып дамуы үшін, оның ұлттық санасы, ұлттық рухы және ұлттық құндылықтары өз отанында еркін дамуы тиіс. Бұл айтылғандар сол ұлттың ұлттық болмысы болып табылады. Қазіргі қоғамымыздағы қазақ халқының осы қасиеттерінің қай дәрежеде дамығанын білу үшін, оған социологиялық сараптама жүргізу арқылы оны терең зерттеуміз керек.
Біз осы кезге дейін ұлттық идеология жөнінде көп айтып, бірақ та оны бір жүйеге келтіріп, қалыптастыра алмай келеміз. Соның салдарынан біздің ұлттық санамыз бір қалыпқа түспей отыр. Негізінен ұлттық идеологияның міндеті – сол қоғамды құрайтын субъектілердің құқығы мен мүддесін анықтап, оның құндылықтарын бір жүйеге келтіріп, оны қалай іске асыруға болатынын қоғам мүшелеріне ұғындыру. Көбіне сол қоғамда өмір сүретін субъектілердің мүдделері бір арнаға тоғысып, ол мемлекеттік мүддеге айналса ғана одан ұлттық идеология жасауға болады.
Адамдардың санасының дамуы оның күнделікті өмір салтына байланысты. Ол жөнінде уақытында «сананы тұрмыс билейді» деп К. Маркс айтқан болатын. Адамның санасының қалыптасуы туралы мұндай тұжырымға келу – әрине, өмірге материалистік көзқараспен қараудың әсері, бірақ та көп адамдардың санасы осындай жолмен қалыптасатынын жоққа шығаруға болмайды. Себебі олар санадан гөрі сезімге көбірек беріледі де, соның салдарынан олардың дүниетанымы, өмірге көзқарасы күнделікі өмір салты арқылы қалыптасады.
Бірақ адам саналы ақыл-ой иесі болғандықтан және күнделікті ғылым мен білімнің дамуына байланысты өмірге саналы түрде ғылыми көзқараспен қарап, оны қайткенде адамның өміріне дұрыс пайдалануға болады деп, соған көбірек көңіл бөлу керек. Яғни, «сананы тұрмыс билейді, адамды сана түзейді» десек, шындыққа біртабан жақын боламыз.
Бүгінгі күні қазақ халқы мемлекет құрушы титулды ұлт ретінде ұттық идеологияға өте зәру. Себебі олар бірнеше ғасыр Ресейдің отары болып, өзінің ұлттық мүддесін қорғай алмай, рухани құндылықтарын жоғалтып алды. Енді бүгінгі күні қоғам ішінде қазақтарға тәуелсіз ұлт ретінде өзінің ұлттық мүддесін қорғап, жоғалтқандарын қалпына келтіруге кедергі келтіретін осы ұлттың ішінен шыққан әлеуметтік топтар пайда болды. Олар қалада туып-өскен, орысша оқыған, қала мәдениетінде (орыс) тәрбиеленген, әлеуметтік жағдайлары ауыл тұрғындарына қарағанда әлдеқайда жоғары, сондықтан олар қазақтың тілін, мәдениетін, әдет-ғұрпын менсінбей, өздерін ауыл адамдарынан жоғары санайды.
Осындай объективті жағдайларға байланысты қазақ ұлты екі әлеуметтік топқа бөлініп, қоғам ішінде қарама-қайшылық тудыруда. Мұндай жағдай болашақта қазақ ұлтының біртұтас ұлт болып дамуына және мемлекетінің тәуелсіздігіне үлкен қауіп. Бұл – бөлек пайымның тақырыбы. Ол жөнінде мен жуықта жарық көретін кітабымда сөз ететін боламын.