«Общественная позиция»
(проект «DAT» №16 (380) от 27 апреля 2017 г.
Отарсыздану оқуы
(Соңы. Басы газеттің 13 сәуір, 2017 жылғы № 14 (378) санында)
Бізде қоғамдық ғылым, оның ішінде тарих ғылымы бодандық сипаттан арылмағанын, бұрынғы доктриналар мен догмалар әлі толықтай еңсерілмегенін атап өтуге тура келеді. Патриоттар мен құқық қорғаушылар теориялық тұрғыдан алғанда өте әлсіз, әрі олардың мүмкіндігі де шектеулі. Бұл, әрине, олардың кінәсінен ғана болып отырған жоқ.
Тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік идеологиясы мен қоғамдық ғылымы мемлекеттік және қоғамдық патриотизмге берілетін анықтаманың ғылыми дәйектелген ұлттық тұжырымдамасын, моделі мен әмбебап өлшем-шарттарын жасап шығаруға тиіс. Мысалы, біз патриот қазақтар жөнінде көп айтамыз, бірақ Қазақстанның басқа ұлттан шыққан патриоттары жөнінде ештеңе айтпаймыз, не болмаса аз айтамыз. Бұл бүгінгі таңда мемлекеттің, бұқаралық ақпарат құралдары басшыларының идеологиялық, ақпараттық-насихат жұмысындағы әлсіз тұсы болып отыр.
Біз өз тарихымыз бен көпұлтты және көпконфессиялы Қазақстан халқының жадында басқа мемлекеттер мен халықтардың жаулап алушылары мен тирандарын, діни апостолдарын емес, қазақ халқының ұлт-азаттық күресін түсініп, қолдаған, қудалау мен қуғын-сүргіннің ауыр кезеңінде бізге көмек қолын созған ұлы демократтары мен гуманистерін мәңгі есте қалдыруға тиіспіз. Мысалы, Ресейдің прогресшіл және демократиялық күштері мен адамдары әрдайым өз азаттығы мен тәуелсіздігі үшін күрескен қазақтардың жағында болды. Олар билікке келген кезде Қазақстан өз азаттығын алды.
Орыс халқының көрнекті ұлы Григорий Потанин (Ресейдің Құрылтай жиналысына «Алаш» партиясының атынан сайланған депутат), Тимофей Сидельников (Мемлекеттік думаның мүшесі), Орест Шкапский (Уақытша үкіметтің комиссары), Сергей Швецов (Петербургтік профессор-этнограф) және басқа да көптеген адамдар «Алаш» ұлт-азаттық қозғалысының идеяларын қолдап, қазақ халқының мемлекеттік автономиясын жақтап әрекет етті, қазақтардың мүддесі мен өз жерлерін сақтап қалуын қорғады.
Тарихи құжаттар Қазақстанның азаттығы, тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығы жолында күрескендер арасында, мысалы, орыс ұлтының ғана емес, украин, қарақалпақ, өзбек, қырғыз, балқар ұлты мен басқа да ұлттардың өкілдері аз болмағанын көрсетеді, олар Қазақстанның мүддесі, біздің ортақ Отанымыз үшін қолына қару алып та, саяси және идеологиялық майданда да күрескен. Бұған жүздеген және мыңдаған мысал келтіруге болады. Мәселен, қазақтардың жоңғар шапқыншылығына қарсы Отан соғысында қырғыздардан, қарақалпақтардан, өзбектер мен башқұрттардан құралған жасақтар аз болмаған. Патша үкіметіне қарсы Кенесары хан бастаған ұлт-азаттық көтеріліске орыстар, поляктар, белорусьтар, өзбектер, татарлар, қырғыздар, қарақалпақтар белсене қатысқан. Әрі олардың көбісі қайта шаңырақ көтерген Қазақ хандығында жүзбасы, хатшы, адъютант және ведомство басшысы ретінде басшы және жауапты лауазымдар атқарған. 1916 жылғы халық көтерілісі кезінде Ақмоладағы көтеріліс орталығы басшыларының бірі украин Афанасий Латута болды. Оның қол астында 30 мыңға жуық көтерілісші болды. Айтпақшы, ол қысқа уақыт ішінде қазақ тілін үйреніп алған.
Не болмаса ата-бабаларымыздың патша билігінің отаршыл саясатына қарсы күресін қазақ халқының өз азаттығы мен Қазақстанның егемендігі үшін ұлт-азаттық күресі ретінде тануды табан тіреп қорғаған академик Анна Панкратованың идеологиялық майданда көрсеткен интернационалдық ерлігін қалайша ұмытуға және есте қалдырмауға болады, кейбір мәңгүрт қазақ ғалымдар қарсы шықса да, ол ең көрнекті қазақ тарихшысы Ермұхан Бекмахановты түрмеден босатуға тікелей атсалысты. Мұндай фактілер, қайталап айтайық, мыңдап саналады, бірақ оны көпшілік біле бермейді.
Тіпті біздің көз алдымызда және біздің қатысуымызбен өткен еліміздің тәуелсіздігі жылдарында орыс тілді қазақстандық бауырларымыз танытқан шынайы патриотизм үлгісі де аз болмады. Қазақ халқының қонақжайлылығы мен интернационализміне тәнті болған олар қазақ халқын құрметтеп, оның ел егемендігі мен тәуелсіздігі жолындағы саяси және идеологиялық күресін жан-жақты қолдап отырды. Бұрынғы отаршыл-тоталитарлық режимдердің мақсатты түрде жүргізген мемлекеттік саясаты мен қасақана бұрмалап бағалауы, насихаттауы салдарынан біз олардың ерлігі мен патриотизмі туралы білу, халқымыздың мүддесі мен құқығы үшін күрескен, ерлік жасап, жеке басын құрбандыққа тігіп, Қазақстанның тәуелсіздігін жақындатқан, ұлан-байтақ аумағымызды қорғап қалған, нағыз әрі шынайы қаһарман-батырларымызды мақтан тұту құқығынан айырылдық.
Біз ойланып-толғанып, өзімізге-өзіміз мынадай сұрақтар қойып, оларға жауап табуға тиіспіз: «Қазақ халқының мүддесі үшін ғасырлар бойы кім күресті? Менделеев кестесіндегі барлық элементтер табылатын біздің ұлан-байтақ әрі аса бай жерімізді кім қорғап, сақтап қалды? Біздің рухани танымымыз бен мемлекеттігіміздің, мәдениетіміз бен тіліміздің теориялық негіздерін кім қорғап қалды? Отанымыздың мүддесі үшін кім қолына қару алып соғыс шайқастарында немесе саяси, ғылыми немесе идеологиялық майдандар мен айқастарда нақтылы түрде шайқасты, кім бізден тартып алынған жерлерді кері қайтарып алды? Кім өз өнегесімен ұлт рухын қайта түлетіп, сақтап қала алды? Біз күні ертең өзіміздің орнымызды басатын балаларымыз бен немерелерімізді кімнің, қандай тұлғалардың (егер Қазақстанның азаттығы, тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығы үшін күрескен күрескерлер болмаса) ерліктерінің өнегесінде тәрбиелей аламыз? Біз бүгінгі күні өзіміздің тәуелсіз туған мемлекетімізде өмір сүріп жатқанымыз, баға жетпес байлығы бар кең-байтақ аумаққа ие екеніміз, біздің Отанымыз – Қазақстан Республикасы көптеген халықаралық беделді ұйымдардың толық құқықты мүшесі болып қана қоймай, әлемде танымал, лайықты құрметке ие мемлекет деп мақтанатынымыз үшін кімге көбірек міндеттіміз?»
Біз осы және өзге де сұрақтарға жауап бере отырып, Қазақстанның тәуелсіз және демократиялық мемлекет ретінде дамуын қамтамасыз ету мақсатында қоғамның рухани-имандылық бірлігінің басты негіздерінің бірі, маңызды құндылығы ретінде қазақстандықтардың бүгінгі және болашақ ұрпақтарын патриоттыққа тәрбиелеу жүйесін жасап шығарамыз, азаматтарымыздың бойында жоғары патриоттық сана-сезім қалыптастырамыз.
Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында қажет болып отырған коммерциялық емес қоғамдық ұйым «Қазақстанның азаттығы мен тәуелсіздігі үшін күресте зардап шеккен адамдарды ақтау және мәңгі есте қалдыру жөніндегі «Қаһармандар» республикалық қоғамдық қоры» (бұдан әрі – Қор) деген атпен құрылды. Қордың аты туралы ұсынылған ондаған нұсқа мен ұсыныстан біз Тұжырымдамада баяндалған уәждерге сүйене отырып, «Қаһармандар» деген мағынасы кең, нақты әрі киелі ұғымға тоқталдық.
Қордың негізгі қызмет нысанасы және мақсаттары:
– біздің азаматтардың, әсіресе жастардың Қазақстанның азаттығы мен тәуелсіздігі жолындағы күресте зардап шеккен адамдардың есімі мен ерліктерін білу көкжиегін кеңейте түсетін тәрбиелеуші, білім беруші-оқытушы бағдарламаларды әзірлеу мен іске асыруда мемлекеттік органдармен, ғылыми мекемелермен, саяси партиялармен және басқа да қоғамдық ұйымдармен өзара іс-қимыл жасасу;
– Қазақстанның азаттығы мен тәуелсіздігі жолындағы күрес барысында зардап шеккен адамдардың әртүрлі (саяси, әскери, қызметтік, идеологиялық, шығармашылық, ғылыми, мәдени салалар мен басқа да салалардағы) санаттарының ғылыми тұжырымдамаларын әзірлеу;
– Қазақстанның мүддесі үшін күрескендердің бұрын белгілі болмаған немесе бағаланбаған ерліктеріне объективті баға беру бойынша іздестіру, талдау, ұйымдастыру жұмысын жүргізуде азаматтарға, заңды тұлғаларға, ғылыми мекемелерге, қоғамдық және мемлекеттік ұйымдарға қолдау және көмек көрсету, осы күрескерлердің ардақты атын қалпына келтіру және ерлік істерін мәңгі есте қалдыру;
– орталықта, сондай-ақ өңірлерде Қазақстанның азаттығы, тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығы үшін күресте зардап шеккен адамдарды ақтауға арналған ғылыми-практикалық конференцияларға, дөңгелек үстелдерге, баспасөз конференцияларына бастама жасау, осы шараларға қатысу және оларды өткізу;
– Қордың мақсаттарын іске асыру үшін зерттеу бағыттары және фактілер бойынша топтар құрып, оларды ғылыми-іздестіру іссапарларына жіберу;
– әрбір патриоттың бұрын саяси және идеологиялық уәждер бойынша тыйым салынған ерлігін анықтау және оған әділетті баға беру мақсатында Қордың іздестіру, талдау және ұйымдастыру жұмысын, ең алдымен қоғамның қажеттіліктерін және Қазақстанның өңірлеріндегі (аудандарындағы, кенттері мен ауылдарындағы) азаматтардың, заңды тұлғалардың өтініштерін қанағаттандыруға бағыттау;
– Қазақстанның азаттығы мен тәуелсіздігі жолындағы күресте зардап шеккен құрбандардың барлық санаттарын ақтау және олардың есімі мен ерліктерін мәңгі есте қалдыру жөнінде заңнамалық, нормативтік және жеке-дара актілер әзірлеу мен қабылдауда, сондай-ақ атқарушы және өкілді билік органдарының, соттардың, прокуратура органдарының осындай шешімдер қабылдауына мүмкіндік беретін заңнамалық актілер қабылдауда заң шығару бастамасы және құқықтық бастама субъектілеріне көмек көрсету;
– біздің отандастарымыздың өтініштерін халықаралық құқық пен халықаралық келісімдердің нормаларын сақтай отырып қарау және олардың ата-бабаларын ұлттық, таптық және діни себептер бойынша қудалауға, қуғын-сүргінге салуға және Қазақстан аумағынан қууға байланысты мәселелер бойынша қолдан келер көмекті көрсету;
– Қазақстан Республикасын тәуелсіз және демократиялық мемлекет ретінде дамытуды қамтамасыз ету үшін біздің көпұлтты қоғамымыздың аса маңызды құндылығы, оны біріктіретін басты негіздердің бірі ретінде қазақстандықтарды біртұтас патриоттық тәрбиелеу жүйесін дамыту мен жетілдіруге қатысу, азаматтарымыздың бойында жоғары патриоттық сана-сезім мен тағдырлардың ортақтығы туралы түсінік қалыптастыру;
– біздің азаматтарымыздың қазіргі және болашақ ұрпағын Қазақстанның әртүрлі ұлттан шыққан патриоттарының тағдыры мен ерліктерінің нақты өнегесі негізінде, Отанды кіршіксіз сүю мен оған қызмет ету тұрғысынан патриоттық тәрбиелеуге жәрдемдесу;
– Қазақстанның азаттығы мен тәуелсіздігі жолындағы күресте патриоттар жасаған ерліктерді классикалық халықаралық стандарттар мен ғылыми және қоғамдық ой-пікірдің озық жетістіктері негізінде бағалау үшін империялық, таптық догмалар мен стереотиптерден арылуға және қазақстандық патриотизмнің қазақстандық ұлттық ғылыми әдістемесі мен өлшем шарттарын, сондай-ақ біртұтас қағидаттары мен құндылықтарын жасауға жәрдемдесу болып табылады (мұндай жұмыстың барлығы 21 бағыты бар).
Бұл жұмыстардың барлығы халықаралық стандарттар мен нормалар шеңберінде, басқа халықтар өкілдерінің қадір-қасиеті мен құқықтарын қозғамай, Қазақстандағы саяси және ұлтаралық келісімнің бұзылуына жол бермей, өркениетті түрде жүргізілуі тиіс. Біз отаршыл және диктаторлық саясат қарапайым халықтың пікірі ескерілмей әзірленіп, іске асырылды деген пікірді негізге аламыз, сондықтан да осы халықтардың өкілдері – қазақстандықтар бұрынғы биліктердің іс-әрекеті үшін жауап бермейді.
Осы Қорды мен және әйгілі тарихшы-ғалым Мәмбет Қойгелдиев, сондай-ақ басқа да мүдделі мамандар құрды. Қордың Қамқоршылық кеңесінің төрағасы – баршаға белгілі әрі сыйлы мемлекет және қоғам қайраткері Оралбай Әбдікәрімов. Біз осы тарихи және мемлекеттік маңызы бар, қоғамдық пайдалы әрі қайырымды жұмыста халықтың зиялылық деңгейін айқындайтын және зиялы қауымын құрайтын белгілі қоғам және саяси қайраткерлердің, ғалымдар мен жазушылардың көмегіне иек артамыз.
Дәл осы адамдар бұрын көпшілікке белгілі болмаған және атын атауға тыйым салынған рухани және зиялы тұлғалардың, Қазақстанның азаттығы мен тәуелсіздігі жолындағы күрескерлердің үлгі-өнегелерін танытуға тиіс.
Біздің осы мәселе бойынша өңірлік билікпен және элитамен (жұртшылықпен) сындарлы түрде өзарақарым-қатынас, іс-қимыл жасасу тәжірибеміз бар. Мәселен, 2010 жылы М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің (Қызылжар қаласы) базасында облыс әкімдігінің, «Жеті жарғы және Қожаберген жырау» қоғамының, басқа да ұйымдар мен мекемелердің көмегіне сүйеніп, сондай-ақ жергілікті зерттеушілерді, ғалымдар мен өлкетанушыларды белсенді түрде тарта отырып, «Солтүстік Қазақстан: өңірдің тарихы, тұлғалардың тағдырлары» деген тақырыпта еліміздің солтүстік өңірлерінің тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығы жолындағы күрес тарихына арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткіздік.
Конференцияның жұмысына көрнекті қоғам және мемлекет қайраткерлері, парламент депутаттары, отандық және шетелдік әйгілі ғалымдар – Қазақстан мен Ресейдің 13 жоғары оқу орны мен 14 ұйымынан келген, 49 баяндама жасаған 48 зерттеуші, оның ішінде 2 академик, 18 ғылым докторы мен 21 ғылым кандидаты қатысты.
Алдымызда бұралаң-бұлтарысы көп, машақаты мол аса қиын жол тұр, бізді әсіресе ұйымдастырушылық және материалдық тұрғыдан ауқымды қиындықтар күтіп тұр. Дегенмен, біз Қор қызметінің негізін құрайтын ізгілік пен патриоттық әлеует, имандылық ресурстары, сондай-ақ қазіргі қазақстандық ұрпаққа ата-бабаларымыз жолдаған қасиетті үндеу мен артқан үміт бұл қиындықтарды да еңсеріп шығатынымызға көмектеседі деп сенеміз.
Біз өзіміздің көпұлтты халқымыз алдында осы жолдан, бұрынғысынша, табанды түрде, риясыз, адал ниетпен соңына дейін өтеміз деп уәде етіп, серт береміз!
Біз Қазақстанның тәуелсіздігі мен еркіндігі үшін күрескендердің ерлігін жаңғырту үшін іздеу, зерттеу жұмысын жүйелі түрде жүргізу қажеттігін түсінетін, осы концепцияны қолдайтын пікірлес адамдардың, патриоттардың халық ішінде жеткілікті екеніне сенімдіміз.
Біз бүгін олардан «ҚаҺармандар» қоғамдық Қорының тез арада әрі толыққанды жұмыс бастап кетуі үшін ұйымдастыру мен қаржылық істе қолдауларын өтінер едік.
• Ақпарат үшін: 8(7172) 27-04-64, 8-701-713-89-47, e-mail: [email protected] . Қор реквизиті (теңгемен): АҚ «Казкоммерцбанк»: KZ17926150119064 0000, БИК KZKOKZKX.
Сабыр ҚАСЫМОВ,
«Қаһармандар» республикалық қоғамдық
қорының президенті
Қолдау
ЖАҢҒЫРУ
тарихтан басталады
«ДАТ» газетінің бірнеше санында жарияланған мемлекет қайраткері Сабыр Қасымовтың «Қаһармандарын ұлықтау – ұрпақтың қасиетті борышы» атты мақаласын оқи отырып, осыдан 7-8 жыл бұрын Қазақстандағы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісін еске алуға байланысты «Ұлт тағдыры» ұйымдастырған жиындар есіме түсті.
Біздер, Алматы қаласының ұлтшыл ұйымдары мен азаматтары 3 жыл қатарынан Амангелді Иманов ескерткішінің алдына гүл шоқтарын қойып, тәуелсіздігіміз үшін жандарын пида еткен батырларымызға арнап құран оқыдық. Сол жерде мемлекет басшыларына «Қазақ елінің тәуелсіздігі үшін құрбан болғандар күні» деген арнайы күн белгілеу туралы бастама көтердік. Өкінішке орай, жоғары жақтан бұл бастамаға қолдау болған жоқ…
Тәуелсіздік ешқашан тегін келмейді. Қазақ қазақ болғалы ұлт болу жолында, жеке мемлекетімізді құру жолында сан түрлі қиыншылықтардан өтті, талай арыстарымыз өзінің бостандығын, өмірін берді. Олардың ерліктері ашық айтылмаса да, халықтың жүрегінде қалды. Отаршылдық кезінде Қазақтың тарихы метрополияның саясаты мен идеологиясына сай жазылды да, қаһармандарымыз атаусыз қалды. Оның ішінде Ресейдің бұғауынан құтылу үшін қолдарына қару алған арыстарымыздың аты келмеске кетті, не болмаса «ұлтшыл», «басмаш», «баскесер» аталды. Оларды ақтаудың да қажеті жоқ деп ойлаймын (Кейкі батырдың басының елге келуі – нақты жұмыстың белгісі), әңгіме – оларға қазақ халқының тұрғысынан баға беру.
Қазір қоғамда президенттің «рухани жаңғыру» мақаласы талқыланып жатыр. Рухани жаңғырудың негізінде – тарихқа деген көзқарастың жаңғыруы жатыр. Менің ойымша, осы мәселе де Сабыр ағамыздың бүгінгі бастамасымен тікелей қабысып жатыр.
Әрине, бұл бағыттағы жұмыстарды орыстілді, орыс тәрбиесін алған, Ресей тарихымен «сусындаған» биліктің жүргізе қоюы неғайбіл. Сондықтан Сабыр Қасымов бастаған топтың «Қазақстанның азаттығы мен тәуелсіздігі үшін күресте зардап шеккен адамдарды ақтау және мәңгі есте қалдыру жөніндегі «Қаһармандар» республикалық қоғамдық қорын» қолдау – барлық қазақстандық азаматтардың парызы, міндеті болуы керек. Өз тарапымнан бұл қордың жұмыс жоспарына төмендегі пікірлерді ұсынғым келеді:
1. Желтоқсан көтерілісіне байланысты шындықтың әлі де ашыла қоймағаны белгілі. Осы мәселеге де нүкте қоятын мезгіл жеткен сияқты! Бәріміз біліп отырған, бірақ ашық айтуға не батылымыз жетпейтін, не мәдениеттілігіміз бөгет болатын мәселелерді қайтадан бір қорытып, тиянақтып, халыққа жеткізу үшін арнайы топ құруымыз қажет деп білемін. Бұл – болашақ үшін, осындай зобалаңның қайталанбасы үшін керек әрекет.
2. Кейбір арыстарымызды, ұлттық деңгейдегі тұлғаларымызды мойындамау, не ешқандай дәлелсіз даттауға заңдық жолмен тыйым салатын уақыт та жетті. Бұған дәлел ретінде Мұстафа Шоқайды алсақ та жеткілікті. Жырақтан әупілдеген жауларды былай қойғанда, қазақтың тарихынан хабары жоқ кейбір жандар Шоқайға да, Алаштың арыстарына да күйе жағуды қояр емес. Ұлт тұлғаларына жаман сөз келтірмеу – ұрпақтарының, біздердің міндетіміз. «Пікір бостандығы» деген желеумен ұлттың сеніміне сына қағуға да заң арқылы тыйым салу қажет.
3. Өкінішке қарай, қазақ ұлтының арасының ыдырап бара жатқанын да көріп отырмыз. Тіл белгісі арқылы төртке, дін арқылы беске бөлініп бара жатырмыз. Еліне қайтып келген қандастарымызды бұрынғы тұрған жеріне қарай «монғол», «қытай», «қалпақ» деп атайтындар да жеткілікті. Осыған да арнайы бап қабылдайтын уақыт жетті. (Америкада «негр» деген сөзге заң арқылы жазалау енгізіп қана тыйым салғаны белгілі).
4. Ұлтты ұйыстыратын тағы бір мәселе – қазақтың ұлы тұлғаларына қойылған, қойылатын ескерткіштер. «Менікі» дегеннен танбайтын пендеміз ғой, қазаққа ортақ тарихи тұлғалардың өмір сүрген жеріне ғана ескерткіш қою – халықты жұмылдыруға септігін тигізе қоймайтын үлкен қателік. Неліктен Махамбет пен Исатайдың ескерткіші Атырауда, ал Қабанбайдың бейнесі Өскеменде тұруы керек. Бұлар – жалпықазақтың тұлғалары емес пе? Олар туған жерін ғана емес, ұлты мен елін қорғаған арыстар ғой. Меніңше, ұлттың тұлғалары қазақтың барлық жерінде де тұруы тиіс. Бұл – бірлігіміздің үлгісі.
Дос КӨШІМ,
қоғам қайраткері