1,32 триллион теңге – ШЕНЕУНІКТЕРГЕ. АЛ ХАЛЫҚҚА ШЕ?

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №18 (382) от 12 мая 2017 г.

 

Ғаламтордан «ғаламат»

 


 

Биыл мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы мен жол шығындарына бөлінетін қаржы 20 миллиард теңгеге өседі. Өседі де, 1,32 триллион теңгеге жетеді. Energyprom солай деп хабарлады.

 

Бұл Қазақстан билігінің есігі мен төріндегі «төрелерге» төленетін жалақының былтырғы жылмен салыстырғанда 1%-ға артқандығын көрсетеді. Ал елімізде 98,9 мың мемлекеттік қызметкер бар. Олардың 53 мыңы орталық басқару аппараттарында жұмыс жасаса, қалған 46 мыңы аймақтарда тіркелген.

Әлгі айтып отырған 1,32 триллион теңгенің өз орны бар көрінеді. 1,2 триллион теңге шенді азаматтардың жалақысы ретінде есептелсе, тағы 112 миллиард теңгені өтемақыға бермек. 7 миллиард қосымша шығындарға, ал 242 миллион теңге шенеунік мырзалар мен ханымдардың зейнетақы жарнасына жұмсалмақ көрінеді.

«Ақсаусақ» ағалардың айлық табысы миллионға жуықтайды. Міне, солай. Сәуір айында еліміз депутаттардың жалақысын 900 мың теңгеге көтергені белгілі.

Ал 2016 жылғы деректерге сүйенсек, облыс әкімдерінің айлық жалақылары 500 мыңнан 900 мыңға дейін жеткен. Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев мырза айына 700 мыңнан 900 мыңға жуық жалақы алып отыр.

Ал ҚР Жоғарғы сот төрағасы Қайрат Мәми мырза былтыр 1,1 миллион теңге айлық алатынын өзі айтқан. 1,1 миллион айлық жалақы екенін ескерсек, 12 айлық есепте Қайрат мырзаның табысы 13,2 миллион теңгеге жететін көрінеді.

Қазақстандағы қара жұмысшылардың қарабайыр табысы Астанадағы азаматтардың айлығымен салыстыруға келмейді. Парадокс. Мемлекеттік қызметкерлерге, халық қызметкерлеріне салыстырмалы түрде жоғары жалақы тағайындап отырған Қазақстанда ең төменгі айлық мөлшері 22 859 теңгені құрайды. Орташа жалақы ортайып қалды.

2017 жылдың бірінші тоқсанындағы жағдай бойынша, Қазақстанда бір қызметкердің орташа айлық жалақысы 93 909 теңге болған. Статистика комитеті таратқан ақпарат бойынша, салалық құрылымда ең жоғары жалақы қаржы және сақтандыру қызметінде – 162 929 теңге, көлік және логистика – 149 991 теңге, ақпарат және байланыс қызметкерлері үшінші орында, олардың жалақысы 131 248 теңге. Төмен жалақы деңгейі әкімшілік және қосалқы қызмет көрсету саласындағы қызметкерлерде – 65 720 теңге. Өнер, ойын-сауық және демалыс салаларының еңбеккерлері айына 71 660 теңге алып келеді. Салыстыра қарасақ, 2016 жылы Қазақстандағы орташа айлық мөлшері 135 мың теңге болды. Биылғы бірінші тоқсандағы орташа жалақы кәдімгідей ортайып-ақ қалған.

Сонымен қатар, былтырғы жылдың қорытынды есебі бойынша, елімізде жұмыссыздар саны 8 пайызға өсіпті.

 

Расул Жұмалы, саясаттанушы:

– Әр елде шенеуніктерге төленетін айлық әртүрлі. Бізде жоғары. Бір қызығы, Ұлыбритания, Австралия секілді ауқатты елдер мемлекеттік қызметкерлерге орташа және ортадан төмен айлық төлейді. Тіпті АҚШ секілді алпауыт мемлекет – сенат пен Конгресстің депутаттарына орташа айлық төлейді. Сөйтеді де, депутаттарға (сенаторлар мен конгрессмендерге) ешқандай әлеуметтік жеңілдік жасамайды. Әр штаттан келгендер өз қаражаттарына үй жалдап тұрады, көлік жалдап мінеді.

Ал Сингапур әлем бойынша шенеуніктерге ең жоғарғы жалақы тағайындаған ел. Оның басшысы болған Ли Куан Ю шенеуніктерге ең жоғарғы жалақы беру арқылы жемқорлықпен күрескені белгілі.

Бізде ше? Өткен айда ғана депутаттарға жоғары айлық тағайындалды. Қосымша тегін баспана, тегін көліктері тағы бар. Болмасын демейміз, тек соған сай болса, кәне?

 

Нұрзат ТОҒЖАН,

Abai.kz

 

 

 

Бұл екі арада

 

ӘКІМНІҢ 32 ЖАСТАҒЫ ҰЛЫ ҚАЛАЙ МИЛЛИОНЕР БОЛДЫ?

 


 

Жуырда Forbes.kz сайты қазақстандық қалталы 50 бизнесменнің тізімін жариялады (қараңыз – 22-бет). Ол тізімде Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовтің ұлы Талғат Ахметов бар. Оның байлығын аталмыш басылым 145 млн долларға бағалаған.

 

Даниал Ахметов – тәуелсіздік алғалы бері саяси элитаның бел ортасында жүрген айтулы тұлға. Бір кездері үкіметтің тізгінін ұстап та көрген. Артынша қорғаныс министрі болып жүріп, саясаттан бірнеше жылға шеттетілгені ел есінде. Соңғы жылдары қызметке қайтадан ілініп, Шығыс Қазақстан облысының әкімі болып тағайындалды.

«Осы Ахметовтің ұлы 32 жасында 145 млн долларды қалай жинап үлгерді?» деген заңды сұрақ туындайды. Талғат Ахметов қазір Павлодар облысындағы бірнеше кәсіпорындарға иелік етеді екен. Олардың ішінде «Казэнергокабель» АҚ, «Глория-фарм» ЖШС, «Павлодар кондитер фабрикасы» және өзге де компаниялар бар. Бұл облыста Даниал Ахметов 2001 жылдары әкім болғаны белгілі. Сарапшылар Ахметовтер сол кезде біраз «майлы жілікке» ие болып қалғанын айтады.

Одан бөлек Талғат Ахметов Астанадағы бір компанияның қожайыны болып отыр һәм Шығыс Қазақстан облысы мәслихатының депутаты.

Елу бай кәсіпкердің ішінде біздің көңілімізді өзіне аударған екінші адам – Қайрат Сатыбалды (суретте оң жақта). Елбасымыздың немере інісінің Alatau Capital Invest (ACI) компаниясы «Қазақтелекомның» 3,4 пайыз акциясына (5,8 млрд теңгеге бағаланған) иелік етеді екен. Қайрат Сатыбалды сондай-ақ Kaspi Bank-тың 29,12 пайыз акциясын уысында ұстап отырған көрінеді. Мұның сыртында «Амир LTD», «Дүние-Агро», «Корпорация Дүние», «Дүние-Күзет» және «Колеса» ЖШС атты компаниялары бар.

Қош! «Байдың асын байқұс қызғаныпты» дегендей болмайық. Бірақ бұл фактілер елдің саяси элитаға деген көзқарасына селкеу түсіретінін ғана ескерте кеткіміз келеді.

Шәріпхан ҚАЙСАР,

Abai.kz

 

 

ЭКСПО ҚОНАҚТАРЫ ҚАЙДА «ОТЫРАДЫ»?

 


 

Астананың қоғамдық орындары мыңдаған туристі қабылдауға дайын емес. ЭКСПО көрмесі өтетін шаһар көшелерінде іске жарамды бірде-бір дәретхана жоқ.

 

Ал халықаралық көрмеге әлемнің түпкір-түпкірінен үш миллионға жуық қонақ келеді деп күтілуде. Олардың «қажет кезде» қайда баратынына әкімдік бас қатырмайтын сыңайлы. Осыдан екі жыл бұрын, 180 миллион теңгеге Еуропадан алдырған 15 дәретхана болса сол күйі қаңырап тұр. Сербияның сұр түсті әжетханалары Астанаға 2015-тің жазында орнатылған. Сантехникасынан бастап, сымына дейін сын тағылмайтын солардың сиқы қазір адам шошырлық. Оған жүз теңгесін сүңгітіп, қажетін өтей алмаған соңғы пайдаланушы – Тимур Асылханов. Блогер бұл бассыздықты видеоға түсіріп жариялағаннан кейін, әжетхана тоқтан ажыратылыпты.

 

Тимур Асылханов,

блогер:

– Бұл кез келген қаланың проблемасы. Айғайлатып тұрып, алыстан халық қамы үшін деп, бірдеңе әкеледі, сосын ол істемей жатады. Ең бастысы – ақпарат құралдарын да әкелді, орнатты, ашылды деген материал шықса болды. Оның одан кейінгі жағдайы әкімдікке керек емес.

Қалған еуропалық әжетханалардың да жайы белгілі болды. Астанада осындай 15 орынның бірде-бірі жұмыс істемейді екен. Әу баста айналасында бейнебақылау бар делінген нысан тоналып, ашық-шашық жатыр.

 

Бекет Мұқашев,

Астана қаласының тұрғыны:

– Бастықтардың барлығын осы жерге алып келу керек. Бір 5-6 сағат осы жерде ұстауға. Сосын олардың не істейтінін көреміз.

15 әжетханаға 180 млн бөлінгенін ескерсек, біреуінің құны 12 млн теңге. Бұл ақшаға Астанадан екі бөлмелі пәтер табасың. Олқылықтың орнын сол баспанаға зәру жандардың өздері толтырыпты. Әжетханалардың нақты құнын, оның неліктен қирап тұрғанын сұрап, өткен аптада әкімдікке хат жіберген едік. Бірақ шенеуніктерден сол күйі жауап жоқ, – деп хабарлайды КТК тілшісі.

Атап өтейік, бұған дейін Астана әкімдігі әрқайсысының құны 10 миллион теңге тұратын жылы аялдамалар орнатқан болатын. Сонда әжетхана аялдамадан да қымбат болғаны ма?..

Qazaquni.kz

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн