«Общественная позиция»
(проект «DAT» №19 (383) от 19 мая 2017 г.
Естелік
(Жалғасы. Басы газеттің өткен сандарында)
Еңбек жолым. Онжылдық мектепті алты жерде оқып бітіру ауылда да, қалада да сирек кездесетін жағдай екенін ержеткен соң, достарымның айтуынан аңғардым. Тек әскери қызметтегі отбасының балалары әкесін қайда жіберсе, амалсыз сонда оқыпты.
Ал соғыс және соғыстан кейінгі жылдарда, әсіресе ауылда «еңбектеген бала, еңкейген қарттың қол қусырып» отырмағанын өз басымнан өткіздім. Лақ та, қозы да бақтым, соғыс жылдары біздің колхозда қой, ешкі сауылатын, сол себептен саулықтарды қошақандардан ажыратып бағып-қағатын. Кейінірек бұзау бақтым, құлынды желіге байлап, одан ағытуға шамам келетін болды. Қыста – мектеп қабырғасында, жазда – колхоз даласында еңбек еттім. Бөкеш пен мені колхозшылардың тізіміне 6–7 жасымыздан, басқа балалардан ертерек іліндіріп, жыл аяғында бір пұт бидай беріп жүретін.
Осы заманда естелік жазатын қариялардың кейбіреулері ертерек еңбек жолына кіріскенін патриоттық сезіммен ұштастырып жатады. Ол, мүмкін, дұрыс та болар. Әйткенмен, мені колхоздың жұмысына салғанда, патриоттық жігерім болды деп айта алмаймын. Ең бірінші сезім – аналарыма көмектесу, екінші – күн көруге тырысу; ол жаста Абайды оқымасам да, «еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген ұстаным болған сияқты.
Балалық шағымның көпшілігін атамның қасында өткіздім. Атам мені тай, құнан, дөнен аттарды үйретуге баулыды. Асау жылқыны үйретіп, малшыларға, шөпшілерге, тіпті колхоз басшыларына тапсырғанда, атам екеумізге «еңбек күні» жазылатын. Алғашқы кезде асауға мінуге жүрексініп тұрғанымды біліп, атамның: «Сенің бабаларың жаужүрек, батыр болған, балам, сенің ынжық болуға жөнің жоқ!» дегені есімнен кетпейді.
Бірде колхоз бастығына дөнен емес, бесті үйретіп беру керек болды. Жалпы, асауды үйрету – оны құрықтаудан басталады. Оның әдістері әртүрлі: кейде шыбындап, үйірде тұрған асауға бұғалық салады, болмаса оны қуып жетіп, екпінімен шауып келе жатқан асаудан озыңқырап, мойнына қыл арқаннан бұғалық тастайды. Егер бұғалық жылжып кетсе, асауды тоқтату қиынға соғады, ал қыл мойнына түссе, арғымақ біраз бұлқынады да, демігіп, өзі жерге сылқ етіп жығылады. Ол есін жиғанша, құлағының түбінен қысып ұстап, жүгендеп үлгеруге болады.
Атам бестіні жүгендеп, шылбырды тақымына басты да, маған бестіге қарғып мін деді. Бірақ асау мені жолатпай, мен оған міне алмадым. Сонда атам астындағы айғырдың жуастығын пайдаланып, артына мінгізіп алып, асауды өзімен бірге жарыстырып, ақкөбік болып шаршаған соң, қатарласып шауып келе жатқан асауға қарғып мін деді. Мен осы жолы асаудың жалына жабысып, үстіне сәтті қона қалдым. «Жарайсың» деген пиғыл білдіріп, шылбырды тақымынан суырып алып, тізгінмен қоса ұста деп, маған лақтырып жіберді. Бесті ат мөңки бастады, бірақ бұрын ондай мөңкуді ат үйреткенде де, өгіз үйреткенде де көрген басым тақымымды қатты қысып, бір қолыммен тізгінді ұстап, екінші қолыммен асаудың жалынан ұстап, жығылдым.
Жалпы, ауылды жерде өскен балалардың да өмірінде әр қилы жағдайлары болды. Сол жазда Ақсуаттан жайлауға менің кластас досым Ғинаят Оразаев келе қалды. Тәуең (Тәуіршені – Тәуе дейтінбіз) маған: «Мына менің Ғинаят бауырыма атпен жүріп жарысуды үйрет» деп тапсырма берді. Ол өмірі атқа да, өгізге де мінбеген екен. Мен аттың сол жағынан аяғынан көтеріп, мінгізіп жатсам, ол оң жағынан домалап жерге түсіп қалады. Ақыры бір ескі ертоқым тауып, атты ерттеп, аяғын үзеңгіге салып, зорға ат үстіне отырғыздым. Екеуміздің жасымыз да, бойымыз да бірқалыпты, мен көбіне жайдақ атқа қарғып мініп, шаба жөнелем, ал Ғинаят досым ертоқымның қасынан ұстап, ілбіп жүріп, соңынан желіп те, шауып та үйреніп, бізбен қымызды тостағандап жарыса ішетін болды.
Ғинаят, Тоқтар Нұрекенов үшеуміз бесіншы сыныпта бір партада отырып едік, ал алтыншыдан бастап, Киров мектебіне ауысқанша, Ғинаятпен бірге және алдыңғы мұғалімнің қарсысындағы партаға отырдық. Оның да себебі бар: оқуда озат болған соң, ептеп еркіндік жасайтынбыз, сондықтан мұғалімдер «әй, тыныш» деуіне қолайлы деп, бізді қасына отырғызған болар. Жылдар өтіп, Ғинаят медицина ғылымдарының кандидаты болды. Сызғанов атындағы ғылыми-зерттеу институтында сол замандағы атақты Сергеевский деген профессормен кардиохирургияның маманына көтерілді. Ал Тоқтар математика ғылымдарының докторы, профессор дәрежесіне жетті. Тоқтар екеуміз Ақсуат өңірінен шыққан бірінші ғылым докторлары едік, Қазір Ғинаят та, Тоқтар да жоқ, анда-санда солармен бірге өткізген өмір көзіме елестейді.
Ат жайында бір оқиға «мен туралы да жаз» деп қолымнан итермелеп отырғандай сезініп, аттың нағыз мөңкігенін Моңғолияда көргенімді тақырыпқа, балалық шаққа байланыссыз болса да, еске алайын. Сексенінші жылдардың басында Моңғолия Халық Республикасы тың көтерудің 25 жылдығын атаймыз деп, Кеңес Одағынан қонақ шақырған. Тың жердің көпшілігі Қазақстанда көтерілгендіктен бе, Мәскеу мемлекеттік делегация Қазақ ССР-нан барсын деп қаулы қабылдапты. Ол заманда одақтық «Комитет по науке и технике» және «Госплан СССР» атты мықты мекемелер болған. Соларға делегацияның құрамын анықтап, келісілген уақытта Моңғолияға жіберуді Орталық комитет пен Министрлер кеңесі тапсырыпты. Ол жылдары Мемлекеттік жоспарлау комитеті төрағасының орынбасары едім, маған Кеңес Одағынан баратын делегацияны басқару жүктелді.
Оншақты делегация мүшелерімен, негізі қазақстандықтар, Мәскеу–Иркутск–Ұлан-Батор ұшағымен Моңғолияға жеттік. Ондағы елшілік және Моңғол үкіметінің қызметкерлері қарсы алды. Кеңес Одағының делегациясына қамқорлық ету – Моңғолия Коммунистік партиясының хатшысы, саяси бюроның мүшесі Ракча жолдасқа жүктеліпті. Делегацияның бір апталық жоспары бойынша ертеңінде тың игерген «Молодежный» деген совхозға жеңіл автокөліктермен жол тарттық. Біздің қазақтың даласы сияқты кең байтақ үстіртпен күн бата совхоз орталығына жеттік. Келесі күні шаруашылықпен таныса жүріп, бізге арнап ұйымдастырылған ойын-сауықты да көрдік. Сонда мен аттың нағыз мойнын ішіне алып, пысқырып, қышқырып мөңкігенін көрдім. Біраздан соң қызып кетіп, маған да осындай бір атты ертте деп едім, қасымдағылар: «Секе, оныңыз не?!» деп шу ете қалды. Сонан соң арғымақты мөңкітудің құпиясын сұрап болмаған соң, моңғолдар шынын айтты. Жігіт атқа мінген сәтте оның желкесіне ине-біз шаншиды екен. Сол иненің зардабынан құтылу үшін арғымақ мойнын ішіне алып, ары бері айналып мөңкитін көрінеді. Маған сол күні совхоз директоры асау ат орнына үлкен қара атан түйе мінгізіп, оның мұрындығын қолыма ұстатты. Сол түйеге мінген сурет пен мұрындықты әлі күнге сақтап жүрмін.
Совхоздан келген соң, кешкі аста Ракча бірге болды, ол біздің көңіл-жайымызды сұрап, өзінің ертеректе қазақтар мекендеген Байөлкеде аймақтың бірінші хатшысы болып қызмет істегені, біздің әдет-ғұрып, салтымызды білетінін, қазақтардан домбыра шертуді үйренгенін әңгімеледі. Мысқылдап, ашық сөйлейтін азамат екен, бір сәтте «біздің моңғолдар жалқау, істі тындырып жүргендер осындағы қазақтар мен орыстар» деп те соғып салды.
Сонан соң: «Сіз совхозда асау атты ерттетіп мінгіңіз келіпті ғой, жылқыны жақсы көресіз бе?» – деп сұрады. Мен жылқышының немересі, атпен жүріп, кең байтақ қазақ жерін қорғаған жаужүрек білектілердің ұрпағымын деп, мақтана айттым да, әй мыналардың арасында «КГБ» жоқ па деп те сескеніп қалдым. Онан әрі Ракча сіздің есіміңіздегі «болсын» деген жұрнақ қазақша нені білдіреді деп сұрады. Оған мен де қалжыңға айналдырып: «Сіздің көсеміңіз Чойболсанға ұқсасын деп қойған болар…» деп едім, қысылып отырған екі жақтың азаматтары да ду күлді. Содан кейін партия хатшысы, менің жауабым қатаңдау болды ма, мені «барлауын» тоқтата қойды.
Тақырыптың желісіне «асау тұлпар» арқылы қосылып кеткен Моңғолия туралы әңгімені топшылайын. Бір апта бойы Кеңес Одағынан келген қонақ ретінде құрмет көрдік. Елшілік құрамында дипломат Қайрат Омаров, ал ауыл шаруышылығы туралы кеңесші тобында – Николай Князев, Амантай Құлтаев сияқты қазақстандықтар бар екен. Солар арқылы және Моңғолия азаматтарының ұйымдастыруымен елдің экономика және мәдениетімен танысуға жақсы жағдай болды. Мемлекет астанасы – Ұлан-Батор біздің Целиноград, Қостанай қалаларына ұқсас 4-5 қабаттық үйлер мен кеңселер сияқты көрінді, тек бір ерекшелігі – астанамен іргелес мыңдаған ақ киіз үйлерден құралған қалашық бар екен. Көшелерінде жүрген автокөліктер біздердегі сияқты «Волга», «Нива», «Газ», «Уаз», т.б. Сол заманда «Моңғолия Кеңес Одағының он алтыншы республикасы» деген қалжыңды естуші едік – сол рас па деп қалдым. Апта аяғында Моңғолияның Министрлер кеңесінің төрағасы Жамбын Батмунх біздің делегацияны қабылдап: «Қонақтар уақытын қалай өткізді?» деп Ракчаға сөз берді. Мен сөз кезегі келгенде Байкен Әшімовтың сәлемін жеткіздім де, ел аралап, танып-біліскенімізді, сый-құрметке бөленгенімізді мәлімдедім. Сол күні өкінетін бір жағдай – Мәскеуден А.Косыгиннің қайтыс болғаны туралы суық хабар жетті. Үкімет басшысы біздің делегацияға да көңіл айтып, Косыгинмен жақсы қарым-қатнаста болғанын әңгіме етті. Б.Әшімовке мен арқылы сәлемін жолдады. Ертеңінде елге оралдық.
«Сыйға – сый, сыраға бал» дегендей, 1993 жылы Моңғолияның тұңғыш президенті Пунсалмагийн Очирбатты мен Жоғарғы кеңесте қабылдадым. Кездесуде бұрынғы жылдардағы қарым-қатынас, біздің делегацияның барғаны да әңгіме болды. Ол маған Ракчаның сәлемін жеткізіп, зейнеткер екенін айтты.
Моңғолия жайында «үзіліп» кеткен әңгімені қайта жалғастырайын. Менің еңбек жолым тек асау үйретіп, атамның жанында қымыз ішумен шектелмеді. Ол жылдары шөпшілердің қостары мен жылқышының киіз үйі жаз бойы бірге көшіп жүретін. Қысқа мал азығын даярлауға ат күшін де пайдаланатын, оны бағып-қағу табын жылқымен бірге жылқышыға жүктелетін. Оның үстіне шөпшілерге және колхоз орталығындағы тұтынушыларға қымыз әзірлеу үшін желілеп құлын байлап, 15–20 бие сауылатын. Шағын колхоздың жұмысын осылай ұйымдастырудың өзі де қазіргі менеджменттік әдіс деп санауға болады.
Бөкеш екеуміз ауа райы бұзылып, жаңбыр жауса қуанатынбыз. Себебі шөп су болғандықтан, жұмыс тоқтайтын, бізге атпен жарысып, жылқының маңайында жүруге мүмкіндік болатын. Ал басқа күндері таңның атысы, күннің батысымен бірге 7–8 жасымызда шөмеле жинайтын «валакушаның» екі өгізін – ол, екі өгізін мен жүргізіп, шөпті маялауға даярлайтынбыз. «Валакушты» шөмелеге таяғанда итеріп отыратын менің әкемнің туған қарындасы Жания апай болатын. Оның Базарбек, Бейбіт атты ұлдары, Ажарбек, Тыныштық деген қыздары, әкелері Айсәуле соғысқа кетіп, біз сияқты әкесіз жетім болды. Менен бірер жас үлкен болғандықтан ба, Базарбекті шөп шабатын машинаға «погончик» етіп жұмсайтын.
Келесі жылдары бізді де машинистің төрт өгізіне «погончик» етіп қойды. Мен Ғазездің (әкемнің әскерге жасы толмаған інісі) машинасының төрт өгізін айдайтын «погончик» болдым. Жания апам да, Ғазез ағам да мені аялап, шаршаған жоқсың ба, демала ғой деп, түсте жеуге әкелген тамақтың (айран, құрт-ірімшік, талқан, қуырылған бидайдан, ол кезде молшылық заман емес) тәуірін маған беретін.
Мен бала кезімнен-ақ қазақтың «қаны бірдің – жаны бір» деген құдіретті түйсігін басымнан өткіздім. Сондықтан ба осы заманда бірге туғандар бірін-бірі тонап, өлтіріп жатқандарын естігенде, жаным түршігеді. Бұл саясат айрандай ұйыған қазақты (ұлтты) қайда жетектеп барады деген сұрақ мазамды алады. Сегізінші-тоғызыншы сыныптарда «өгізден» құтылып, «Трехбруска» деген шөп шабатын жаңа агрегаттар колхозда пайда бола бастады. Соның полотносын алып тастап, кең қанатты тырнауыш тіркеуге болатын. Маған сондай жұмысты сеніп, Жәлел ағамның қасында көмекші болып жүріп, тракторды да, трехбрусканы да жүргізуді үйреніп алғанмын. Ол заманда арнайы мамандар даярлауға үлгіре алмағандықтан ба, әйтеуір шаруашылыққа келген техниканы «менің шамам келеді» дегендерге сеніп беретін. Жұрттың көпшілігі өгізден гөрі тракторды игеруге құмартты.
Мал азығын дайындау, шөп жинау жұмыстарында жүрген кейбір жылдары маған сол бригадада есепші (учетчик) жұмысын атқару тапсырылатын. Сол жылдары геометрия пәнін оқығанбыз, сондағы көлем арқылы салмақты өлшеу тәжірибесін пайдаланып, қанша отау, мая салынғанын санап, оларды нөмірлеп, салмағын геометриялық тәсілмен қағазға жазып, есеп сұраған кезде колхоздың бухгалтеріне тапсыратынмын. Сөйтіп менің колхозға сіңірген еңбегім 1954 жылы Мәскеудегі Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы көрмесіне жолдамамен бағаланды. Жолдамада «Путевка №232575 с 30 августа по 3 сентября 1954 года. Тов. Абдильдин Серикболсын колхозник приглашается в город Москва на Всесоюзную сельскохозяйственную выставку 1954 года, как экскурсант от колхоза «9 мая» Аксуатского района Семипалатинской области» деп жазылған.
Колхозда еңбек етуге ағаларым Рамазан, Ғазез, Мәзен, Жәлел баулыды, соларды арқаланатынмын, қай кездерде мен істейтін шаруаны өздері бітіріп қоятын. Мен апамнан ұзамай, Жәлелмен үшеуміз бірге тұрдық. Жәкең Нұрғайни деген қызға соғыстан кейінгі жылдарда үйленіп, Ардақ, Серікқазы, Мұхамедқазы, Ерлан, Айман, Айжан атты үш ұл, үш қыз өсірді.
Қазіргі заманда Әстайдан тараған үрім-бұтақтардың ұзын саны жүзден асқан шығар. Атам маған жеті атаңды біл деп: «Елшібек-Ақтаз, Есентай, Қарашолақ батыр, Құлшан, Өскенбай, Әстай, Әлімжан (мына мен)» деп, осы жеті атамның атын құлағыма құйғандай болды. Біз қалың найманның ішінде Бурамыз деп те қоятын. Ерасыл (Қабанбай батыр) жайында әңгіме айтатын.
Бір әңгімеде: «Ата, бізді неге «кірмесіңдер» дейді?» деген сұрағыма: «Біздің арғы аталарымыз Алтайдан жауды қуып, Тарғыбатайдан асырған жылы қыс ерте түсіп, осы жақта қоныс теуіп қалыпты. Байбазардың сандырағы осыған байланысты, егер сенің бабаларың жауды тойтармаса, Байекенің басы шапқыншылардың қанжығасында жүрер еді» деп, атамның жымиғаны бар. Атам әдетте маған «құлыным, құрбыларыңның алды бол!» деуші еді. Осы бата, әрі тілек маған рухани тірек болғандай сезінемін.
Осы естеліктің басында жастардың өсу жолында саясаттың қатысы туралы сөз қозғаған едік. Енді соны топшылайық. Мысалы, мен социалистік қоғамда туып-өстім, ауылдың қаратабан баласынан мемлекеттік қайраткер дәрежесіне көтерілдім. Ол заманда нәресте сату, иә болмаса туған баласын далаға тастап кету, иә болмаса жасөспірімдер өзіне-өзі қол жұмсау немесе біріне-бірі пышақ салу, атып тастау, тағы да басқа бүгінгі қоғамда етек алып отырған жағымсыз жағдайларды көрмедік те, естімедік те. Социалистік қоғамды, коммунистік тәрбиені қазіргі билік қанша жамандаса да, ол жүйенің жастарды оқыту, мамандарды даярлау, кадрларды іріктеу саясаты қарапайым қазақтың отбасынан шыққан жастарға тиімді еді. Сондықтан келешек буынның алдында әділетті, шынайы халықтық қоғам орнату міндеті сұранып-ақ тұр!
(Жалғасы бар)
• Редакциядан: Серікболсын Әбділдин ағамыздың осы естелігі толық жазылған «Тұңғыш төраға – Первый председатель» деп аталатын кітабын мына мекен-жайдан сатып алуға болады: Алматы қ-сы, Сейфуллин көшесі, 288. Тел. 382-72-33, 382-72-30.