ҚАЗАҚТЫҢ ОРАЗАСЫ НЕГЕ 29 КҮН ҒАНА?

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №19 (383) от 19 мая 2017 г.

 

Пәтуаның пайымы қайсы?


 

Алла бұйыртса, кезекті Рамазан айы да келіп қалды. Жылдағы қалыптасқан дәстүр бойынша тұтылатын ораза күндерін белгілеген Діни басқарманың пәтуасы да алдын ала жарияланды. Рамазан айындағы ораза және намаз уақытының кестесі әр облыста жеке-жеке басылып таратылады. Осы орайда мен бүгін есімде жүрген кейбір ойларды мұсылмандар ортасына салғанды мақұл көріп отырмын.

 

Діннің иесі – Алла, діннің қожасы – соны ұстанатын күллі мүмін мұсылмандар. Сол мұсылмандар жұмысына ұйтқы болып, жетекшілік ету үшін әр елде дін ғұламалары мен діңгегінде діні бар діндарлардан тұратын діни басқарма қызмет жасайды. Бұл басшылық құрылым да мұсылмандармен санаса отырып, өз жұмысын атқаруы тиіс. Өйткені Алланың дініне адал қызмет ету – әр мұсылманның парызы.

Ораза – мұсылмандар орындар бес парыздың бірі. Бала күнімізден білетініміз – қазақ Рамазан айын көбіне ол кезде «Отыз күн ораза» деп атайтын. «Отыз күн оразаның басталуынан жаңылмас үшін, алдымен шағбан айын 30 күнге толтырумен баста» – деп те жататынын еститінбіз. Сол кезде айтылатын жарапазан да: «Отыз күн оразаңыз қабыл болсыннан» басталатын.

Соңғы жылдары осы отыз күн оразаны Республика мұсылмандары діни басқармасының пәтуасымен 29 күн тұту дәстүрге айналып кетті. Көрші елдер мен Құран түскен араб ағайындар әлі күнге толық 30 күн ораза ұстайтынын көріп отырмыз. Сонда біздің діни басқарма шығарып отырған пәтуа дұрыс па? Ораза ұстаушыларға осылай міндеттеуге қандай негіз бар? Аталынған діни мекеме өзінің осы пәтуасымен 30 күн ораза тұтушыларға қиянат жасап отырған жоқ па? – деген сұрақ ойға келеді.

Құранда «діни басқарманың пәтуасы бойынша ұсталсын» немесе мен айтқандай «30 күн ораза тұт» деген үкім жазылмаған. Бірақ мәселені анықтауда бәрібір сол Құранға жүгінуге тура келеді. Бұл әр мұсылманның парызы. Құран – Алланың сөзі. Адамзат баласын тәрбиелеу үшін түсірілген Алланың сөзінің күні бүгінге дейін аят, сүре түгілі әрпі мен үтірі де өзгерген жоқ және мәңгілік өзгермейді. Мұсылмандар орындайтын бес парыздың басты міндетінің өзі түсінген жанға осыны түсіндіретін Құранға бет бұрғызу. Алла сөзіне ден қойдыру.

Осы Құран кітабына зер салып қарасақ, 30 параға бөлініп қойған. Бұл ненің белгісі? Отыз күн оразада әр күні бір парадан сабырмен оқып шықсаң, сол отыз күнде бүтін Құранды бір рет хатымдап шығады екенсің. Бізге кезінде аталарымыз бен ақсақалдарымыз да солай үйретуші еді. Сонда ораза шынымен отыз күн болса, тұтылмаған бір күннің обал сауабын, қазасын кім қалай шешеді? Әр адам ахиретте болатын сұраққа діни басқармамен немесе оның шығарған пәтуасымен емес, жеке-жеке жауап беруге барады емеспіз бе? Ораза – адамды Аллаға жақындататын басты бес парыздың бірі. Ол толық орындалмаса, сауаптан айырылумен қатар күнә да. Жалпы, осылай пәтуа шығару кешегі Әбсаттар Дербісәлі муфтий болған кезден басталды. «Құранды – араб әдебиетінің жазбаша ескерткіші» деп, кітап жазып жүрген дін басшысы кезінде өріс алған осы олқылықты қалай тоқтатуға болады? Бұл сұраққа кім пәтуа шығарып жауап беруі тиіс?

Мен өз басым жыл сайын діни басқарма пәтуасына қарамастан, 30 күн оразамды толық тұтамын және жанымдағы жамағаттарды да осылай тұтуға үгіттеп келемін. Өйткені дін, Құран – жыл көлемінде 30 күн оразадан тыс одан да көп күн, «Алланың разылығы үшін» ораза тұтқандарды мақұл көреді. Осыны біле тұра, діни басқарма «отыз күн ораза тұт, мүмкін болса, Алланың разылығы үшін одан да көп ораза тұт» деп насихат жүргізудің орнына осындай пәтуа шығару арқылы бізді күнәға итермелеп отырған жоқ па?

Ораза жайлы айтып қалдық қой, оразаны тұтуға байланысты көзіміз көрген мына бір жайтты да ортаға салғанның артықтығы болмас. Жыл сайын Республика мұсылмандары діни басқармасының пәтуасымен Рамазан айындағы ораза және намаз уақыты белгіленеді. Өткен жылы Алматының түбіндегі Іргелі елді мекенінде мынандай жағдай орын алды. Ауыл молдасы азан шақырылысымен, ауызын ашып, ақшам намазын оқуға кірісті. Маған осы арада молдаға күнә артпай, біраз адамды тоқтатуға тура келді.

Өйткені молда ауызын ашып, ақшам оқуға кіріскенде, дала жап-жарық болып, күн батқанымен, батыстағы шапағы жарқырап тұрды. Азан – намаздың басталу уақыты емес, намаз уақытының таяп қалғанынына шақырту емес пе? Меккеде азан шақырылған соң, барлық сауда орындары жабылып, сосын жанындағы мешітке барып намазға тұрады ғой. Жалпы күннің көрініп тұрған шапағы күннің батпағандығын көрсетеді. Кешкі намаздың «Ақшам» аталуы сол күннің нұры жойылып, содан кейінгі тіршілік шамның жарығына ұласуын айтпай ма?

Сонымен қатар ауыз бекіту таң атпай тұрып, сәрі ішуден соң жабылып, күн батқан соң ашылмай ма? Біздің молдалар «күннің батуымен таласып ашқан сауап» деп, күн батпай тұрып, адамдардың аузын аштырып жіберіп отырғанын көргенде, көпшілік алдында көзге түсіп, сөз айтудың өзі ыңғайсыз екен. Күн батпай, жарық барда ауыз аштыру – оразаны қаза еттіріп, сол күнгі тұтылған оразаның сауабынан айырып отырған жоқ па? Ол қазаның обал сауабын кім көтереді?

Екіншіден, ораза кезінде көпшіліктің басын қосар ауыз ашар беріледі. Ауыз ашар асы – негізінен аузын бекіткендерге көрсетілген құрмет. Сол құрметке орай, сол асты дайындаған жандарға да жазылар сауаптың молдығы айтылады. Бірақ соңғы жылдары осы ауыз ашарға аузын бекіткендер емес, «мұсылмансың, ораза тұт» десең, зәресі кететіндер келіп, дастарханның төрінен орын алып, сол ас өздеріне дайындалғандай, астың арнайы дайындалған адамдарына қарамастан, ашаршылықтан келгендей, жұтына ішіп-жеп жатқандарын көргенде; «Ей, мұсылман, ауыз ашар асы аузын бекіткендерге құрметпен берілетін ас, аузын бекітпегендер соларға қызмет жасап, сауап алыңдар, ибалы өнеге алып, келешекте өздерің де ораза ұстаңдар, олардың ішер асына қызмет жасап, алдында ибалы болыңдар» деп, оларға тоқтау айтып, алдын ала үйрететін діндарларымыз қайда деген ой келеді.

Менің бұл пікіріме діни басқарма мен дін ғұламалары не дер екен?

Бақтыбай АЙНАБЕКОВ,

ілімгер-жазушы

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн