«Общественная позиция»
(проект «DAT» №23 (387) от 15 июня 2017 г.
Білімдегі «бопсалау»
Қазақстан жоғары оқу орындарында диплом жұмысы тақырыбын бекіту және соңғы курс студенттерінің диплом қорғау маусымы басталды. «Азаттыққа» бірнеше студент хабарласып, «жетекші таппай жүргенін, өтініш жасаған оқытушылары диплом жұмысын сатып алуды талап еткенін» айтты. Студенттер диплом жұмысын сатып алуды талап етіп, жетекші болудан бас тартқан оқытушылардың аты-жөнін айтудан қаймығады.
Алматыдағы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің география және жаратылыстану институтының аты-жөнін жариялағысы келмеген 3-курс студенті «келер жылы қорғайтын диплом тақырыбын бекіткенін, бірақ диплом жазу жұмысына жетекшілік ететін оқытушы әлі таба алмай жүргенін» айтады. Студент институттағы бірнеше доцент, профессордан «жетекші болуды өтінген, бірақ олар қисынсыз талаптар қойған».
– Жетекші таңдау керек. Доцент, профессорларға барсақ, «сенің тақырыбыңда дайын диплом бар, соны ала сал. Жазып әуре болмайсың» дейді. Өзім жазғым келеді десем, жетекшілікке алмады. Олар ақшаға жаздыратын студенттерді алғысы келеді, [диплом жұмысының] бағасы – 45 мың мен 90 мың теңге арасында. Базардағыдай саудалассаң, 40 мың теңгеге келісуге болады. Әзірге жетекшім жоқ. Кей студенттер ақшаға жаздыра саламын деп отыр, – деді ол.
Студент «төрт жыл оқыған еңбегімнің қорытындысы саналатын диплом жұмысымды қалайда өзім жазуым керек» дейді. «Азаттыққа» шағымданған осы университеттің тағы бір студенті «доцент, профессорлардан «ақшасын берсең, тек қорғауға ғана келесің» деген ұсыныс естігенін айтады.
– «Жетекшілікке сізді таңдадым» деп барсам, «сатып алмасаң, басқаға бар» деді. Мұғалімдердің әрқайсысының «ставкасы» бар. Кейбірі «90 мың теңге берсең, бәрін дайындап беремін, тек қорғауға келесің, бес алуға да көмектесемін» деп отыр. 45 мың теңге төлесең, жартылай жазып береді және қорғау кезде өзің жүгіресің. Қазір енді тақырыбыма қатысы жоқ оқытушыны жетекшілікке алмақпын, – дейді студент.
«Азаттық» тілшісі осы мәселеге қатысты Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің география және жаратылыстану факультеті деканатына хабарласқан еді. Декан орынбасары Жазира Мұқатаева «студенттердің шағымы орынсыз» дейді.
– Студенттерге жетекші табу еш қиын емес. Деканатқа келіп, өтініш жазса, біз таңдаған оқытушысын жетекшілікке береміз. Әр оқытушы үш-төрт студентке жетекші болуы тиіс. Сондықтан мұғалімдердің өздері студенттерге жетекші болуға мүдделі. Қандай да бір шағымдары болса, бізге ресми түрде шағымдансын. Университетте тұрған шағым жәшігіне мәселелерін жазып кетсін, қарастырамыз, – деді университет өкілі.
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің биология профессоры Әбдіразақ Бабашев: «Студенттер бізге келіп ақылдасады, жетекшіні өздері таңдайды. Бізде барлық диплом базаға енеді. Ол қайта қорғалса, плагиаттық тексеруден шығады. Бізде дайын материал сатылмайды. Биыл біздің университетте өте қатал. Студенттердің көбі жұмыс істейді. Біз оларға істеп жүрген жұмысың диплом тақырыбына келсе, соны қорғауыңа болады деп кеңес береміз», – деді «Азаттық» тілшісіне.
Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің аты-жөнін жариялағысы келмеген студенті «Қиналғысы келмеген студенттер оқытушыға ақшасын беріп жаздырды. Мен жұмыс істеймін, диплом жазуға уақытым жоқ. Ақшасын беріп жаздырдым. Енді қорғау ғана қалды» дейді. Қазақ ұлттық университетінің «Азаттық» тілшісі әңгімелескен бірнеше студенті де дипломдарын жетекшілеріне жаздырып жатқанын растады.
Оқытушылардан диплом жұмысын сатып алатындарын растаған студенттердің түгелге жуығы «уақытым жоқ» деген себеп айтады. «Азаттыққа» шағымданған студенттердің көбі ЖОО оқытушыларының диплом сатуы «үйреншікті жағдайға» айналып кеткенін айтады.
Қазақстанның басқа өңірлеріндегі ЖОО студенттері де дәл осы мәселе бойынша шағым айтуда. Атырау мұнай және газ университетін бітіріп жатқан, аты-жөнін айтуға жасқанатынын мәлімдеген студент «Азаттыққа» хабарласып, диплом жұмысын жетекшісіне «еріксіз» жаздырғанын айтып шағымданды. Ол диплом жұмысын «жаздыру» үшін университетке «250 мың теңге бергенін» баяндады.
– Диплом жұмысын сатып алдым. Мұғалімдер бірден айтты – «сатып алмасаң, өткізбейміз» деді. Толық диплом жұмысына әр студент 250 мың теңге бердік. «Жартысын бастап, әкеп тастаңдар» деді. Диплом қорғау кезінде айтатын сөзді де дайындап берді. «Төрт» алдым. Мен өзім жазғым келген, бірақ қорғауда проблема болатынын айтты, – дейді студент. Оның сөзіне қарағанда, «тобында бірге оқитын 8 студент те диплом жұмысын сатып алған».
Атырау мұнай және газ университетінде, студенттердің сөзіне қарағанда, диплом жұмысын сатып алу туралы ашық талап қойылса, кейбір ЖОО-ларда «сауда» түрлі қитұрқы жолдармен жүретіні аңғарылады. Мәселен, Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің 4-курс студенті диплом қорғайтын студент пен диплом жұмысын жазып беретін мұғалімді байланыстыратын «посредниктер» бар екенін айтады.
– Университетте оқытушылар диплом жазады. Бағасы 60 мың теңгеге дейін болады. Әр кафедрада бір-екі мұғалім бар. Өздері диплом жазып береміз деп ұсыныс айтады. Студент пен мұғалімді байланыстыратын «посредниктер» де бар. Бірақ өзі жазып, жақсы баға алып жатқан студенттер де бар, – дейді ол.
Астанадағы Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің аты-жөнін жариялауға рұқсатын бермеген студентінің сипаттауынша, бұл ЖОО-да диплом жазып беретінін оқытушылар ашық айтпайды және жаздыру туралы талап қоймайды. Процесс «құпия жүреді». «Бізде де оқытушылар диплом жазып береді. Бағасы 100 мың теңгеден болады. Бірақ диплом жазамыз деп өздері айтпайды. Студенттер мен мұғалімдер өте құпия түрде келісіп, бір-бірін тауып алады», – дейді студент.
Ал Шымкенттегі Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін тәмамдап жатқан Азамат (студент өтінішімен аты өзгертілді) бұл мәселенің өздерінде «ерікті» түрде шешілетінін айтады. Азамат «дипломын жетекшісіне жаздырғанын» жасырмайды. «Өзің жазасың ба, жазбасаң, 100 мың теңге бер, өзім реттеп беремін деді. Ақша ұсындым, ол қарсы болмады. Бірақ біздің университетте оқытушылар «дипломды өзің жазбайсың, мен жазамын» деп талап қоймайды. Студенттің өзіне байланысты», – дейді ол.
«Азаттық» тілшісі мұғалімдердің диплом қорғайтын студенттерді ақша төлеуге итермелеуінің себептерін де зерттеп көрген еді. ЖОО-да бірнеше жыл оқытушы болғанын айтқан, аты-жөнін жариялағысы келмеген ғылым магистрі бұл құбылыстың төркінін «университетте сабақ беретіндер бұл қадамға жалақының аздығынан», яғни қосымша пайда табу мақсатында барады деп түсіндірген еді. Алайда Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің осы мақалаға жоғарыда пікір берген студенті бұл пікірмен келіспейді. Дипломын өзі жазғанын айтқан ол:
– Оқытушының диплом жазуы үйреншікті жағдайға айналып кеткені қынжылтады. Бұл оқытушылардың өз біліміне сенбейтінін білдіреді. Олар жалақымыз аз дер, бірақ біліміне сенсе, ақша табамын десе, түрлі курстар, тренингтер өткізу арқылы ашық түрде пайда табуына болады ғой. Жеке курстарын өткізіп, ақша тапса, студенттер арасында, қоғамда әлдеқайда сыйлы болар еді, – дейді.
Руслан МЕДЕЛБЕК,
Azattyq.org
Мойындау
Дариға НАЗАРБАЕВА,
Парламент сенатының депутаты:
Медицина кадрларын дайындауды әлі де жетілдіру керек. Оқу орындарының коммерциялануы жағдайды қиындатты. Диплом сату – ұлттың денсаулығы мен мемлекет мүддесіне шаш-етектен зиян келтіруде.
dalanews.kz
Comments
Ербол:
• Универде істегем. Жұмысқа кірген бетте, ректордан сабақ аласың: студентті қалай бопсалап және ректорға одан қанша беретіндігің туралы.
Айгүл:
• Өзіңе жазғызбайды. Күнде бір қате тауып, қайтарып, уақыт созып отырады. Содан өзің де шаршап, уақыт та тақап, ақыры беруге мәжбүр боласың.