ПАНТЕОН және БАЙҒАРА

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №23 (387) от 15 июня 2017 г.

 

Желідегі жазбалар

 

 

 

Өмірдің өзі анекDАТ

 

Отағасы екеуміз әңгімелесіп отырмыз… Сөз арасында кідіріп қалған ол маған:

– Әлгі ақшаны оңды-солды шашуды не деуші еді, тілімнің ішінде тұрғаны… –дегені. Сөйтсе, анадай бұрышта қуыршағын жұлмалап отырған алты жасар қызым:

– Ол – ЭКСПО ғой! – деп қойып қалды. Екеуміз күлкіден сұлап жатырмыз. Бір кезде бақшиған екі жанары жаутаңдап:

– Тү-ш-ш, ешкімге айтпаңдар,әйтпесе мені соттайды! – демесі бар ма!..

• Динар Камилованың ФБ-парақшасынан

 

 


 

Ертеде қайтыс болған хан мен би, батырларды Түркістанға жерлейтін үрдіс болған. Сол үрдісті бұзған Найманның Сыбан тармағынан тарайтын Ташкенттің бегі болған Нар дауысты Нарымбайдың немересі, Қудауысты Құттыбайдың баласы, атақты Ақтайлақ бидің әкесі Байғара би зерттеусіз қалды. Орта Жүзге қожаларды алғаш әкелген (Мұхтар Әуезовтың аталарын) осы Байғара би. Кейін Байғараның ауылына қыдырып келген Кеңгірбай би Мұхтардың бабаларын аттай қалап, қалың Тобықтыға апарыпты. Мүмкін, сол қожалар Байғараның ауылында қалғанда, Мұхтар, бәлкім, Дулат Бабатайұлының ғұмырынан «Дулат жолын» жазар ма еді? Бұл енді бөлек әңгіме.

Осы Байғара атамыз ауырып жатқанда, елдің игі жақсылары көңілін сұрай келіп, ақырғы аманатын сұрапты. Байғара би сол кездің «пантеоны» Түркістанға жерленген 300-дей хан мен би, батырлардың сүйегін болашақта кәпірлердің (орыстардың) күреп тастайтынын сезгендей: «Мені осы қонысымнан қозғамаңдар. Сүйегімді осында жерлеңдер. Түркістанға жерленбесем, жұмақтан тозақ отына бармайтын шығармын», – деген екен.

Сөйтіп, Би-атамыз қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Аягөз ауданы, Сарыарқа ауылының маңына жерленіпті. Байғара бидің осы өсиетінен кейін кейінгі бабаларымыз Би Боранбай, Нарбота батыр, Дулат Бабатайұлы, тобықтының пірі Кеңгірбай би сияқты батырлар мен билеріміз өзінің ата-қонысына қойылған екен.

P.S.Болашақта Астанадағы пантеон Түркістанныңтағдырын қайталамасына кім кепіл? Тарих қайталанады. Сол Байғара бабам айтпақшы, пантеонға қазір қазағым деп қан жұтып, тер төгіп жүрген Азаматтар жатпаса, тозаққа бармайтын шығар?

Оңғар ҚАБДЕНОВ

 

 

 

РЕЙДЕРЛІК ЕМЕС ПЕ ЕКЕН?

 

Кеше тінту жүргізілген «ҚазСтройСтекло» компаниясын да, оның президенті Мұратхан Тоқмади мырзаны да көп жылдардан бері білемін. Көп қабатты әйнек ғимараттар үшін беріктігі жоғары, оңайлықпен сынбайтын, сынса да, айналасындағы адамдарға залалын тигізбеу үшін бұршақтай ұсақ түйіршіктерге шашылып кететін, әлемдік стандарттарға сай әйнек шығарумен айналысатын.

Оншақты жыл бұрын Жүсіп Ерғали деген фототілшіміз үйсіз-күйсіз қиналып жүрген шағында, өтінішімізді қабыл алып, зауытынан баспаналы қорын тауып берген. Мұқтаж басқа да талай адамдарға қолұшын бергенін құлағымыз шалатын. Тек Алматыда ғана емес, Астана қаласында да осындай зауыт ашқаны есте. Салынып жатқан құрылыс көп, яғни әйнекке деген сұраныс та көп. Бизнесі жүріп тұрған, қажылыққа барып келген, біздің түсінігімізде адал жолмен ақша тауып тұрған иманды жігітке ҰҚТ (ОПГ) құрудың қажеті қанша? Мұратханды ондай алаяқтық пен қылмысқа қимаймын.

Бұны күш құрылымдарын пайдалана отырып, біреудің адал бизнесін тартып алуға жасалған рейдерлік әрекетіме деп ойлаймын. Кейбір елдерде адалдықтан алыс, әділдіктен жұрдай, құдай сүйетін қылығы жоқ кландар биліктегі қолдаушыларына сүйеніп, ойына келгенін осылай істей беретіні өкінішті. Бірақ Алла тағаланың алдында жасалған зәредей ізгіліктің де, зұлымдықтың да өтеуі болатынына күмән жоқ!

Марат ТОҚАШБАЕВ

 

 

 

БИЛІКТЕГІЛЕР байланыс аясынан ТЫС ЖЕРДЕ…

 

Осындағы біраз ағаларым президентті әлеуметтік желіде отырады деп ойлайды екен. Президентті былай қойып, министрлердің өзі отырмайды. Өткенде біреуі тіркеле қалып еді, халықтың беталысынан шошып кетті ме, қалай келсе, солай шығып кетті.

Елбасымыз да марқұм болған Ислам аканың сыңары секілді. Ислам Кәрімов өмір бойы «Комсомольская правданы» оқып өткен. Тіпті кейде газет бетінде өзбектер туралы өзіне жақпайтын бірнәрсе жазыла қалса, Путинмен кездескенде әлгіні шағымданғандай қылып айтады екен. Бәрі сол қарт коммунистердің жаңа дүниені әлі қабылдай қоймай, ескі формацияда қалғанының кесірі…

Әкімдердің кейбірі анда-санда жасырын аккаунттармен әлеуметтік желіге «үңіліп» тұрады деп естідім. Нақты қайсысы екенін айтпай-ақ қояйын. Біздің биліктің бір кемшілігі осы – әлеуметтік ортада не айтылып жатқанын білмейді. Халықпен тек әртүрлі «көпірлер» арқылы ғана байланысады. Бір мәселеге қатысты дау шыққанда, министрлердің кеш қимылдап жататыны содан. Өйткені олар ондағы айқай-шуды екінші біреуден ғана естиді. Бәрі халықтың бітпейтін проблемасынан қорқып, өзінің иллюзиялы әлеміне кіріп алған. «Фейсбукте» отыратын болса, кішкене болсын халықпен арада байланыс орнайтын еді. «Байланыс аясынан тыс жерде» жүреді де, ауылдан ұзап кетіп, үйінде не болып жатқанын білмейтін адам сияқты мәңгіріп отырады.

Жолымбет МӘКІШ

 

 

Жобалы сөз

 

БІЗ АРАБТЫҢ ҚАҚПАНЫНА ҚАЛАЙ ТҮСТІК?

 

Осыдан 10–15 жыл бұрынғы біздің рухани жағдайымыз кімнің есінде? Біз үшін мойнымызға тұмар тағу, көлігімізге көз тиюден сақтайтын дүниелерді асып қою, ата-бабамыздың әруақтарына құран оқып, олардан медет сұрау деген нәрселер күнделікті өмір салтымыздағы бар нәрселер болатын.

Қыдыр болсын жолдасың!

Ісіңді Тәңірім оңдасын!

Әруақтар жар болып,

Кәміл де пірлер қолдасын! – деген бата-тілектерді барлығымыз да ауылдағы кез келген қарттарымыздың ауыздарынан естіп жүретінбіз. Ауылымыздағы құрсақ көтермеген келіншектерді әжелеріміз әулиелердің басына жіберетін.

– Пәленшенің келіні Әзірет кесенесіне барып келген соң көтеріпті!

– Еее, әулиелі жер ғой… – деп ауызашарда отыратын әжелердің әңгімелері әлі күнге дейін есімде.

Қалаға оқуға әр кетер уақытта атамның «Қыдыр болсын жолдасың, балам!» деп шығарып салатыны есімде.

Біздің дәстүрлі діни танымымызды «өлтіретін» нәрсе – «лингвоцентризм» мен «геогентризм» деген ұғымдар. Осы екеуі толық болса, кезкелген халықтың арабты ұлықтауы оп-оңай. Біз мұсылман дінін ұстанып жүргелі бері лингвоцентризм болды. Яғни, «Бір дін –бір тіл» стратегиясы. Араб тілі болмаса, Ислам жоқ. Құранды арабша оқуымыз осының бір модулі.

Лингвоцентризмге ілікпеген – біздің халықтың дұғалары мен бата-тілектері еді. Бірақ соңғы жылдары оны да қойып, дастархандағы дұғаларымызды арабша айтатын болдық. Тіпті өзіміздегі көркемдік пен құдайға барынша жақын сезіндіретін тілектерімізді ұмытып, араб тіліндегі дұғаларды жаттай бастадық. Қарапайым күнделікті ауыз ашып, бекітердегі дұғаңыз да арабша болып кетті. Сондықтан діни лингвоцентризмнен құтқарып тұрған соңғы бөлшегімізден де айырылдық.

Геогентризм дегеніміз – өз анықтамаммен қарапайым түрде айтатын болсам, белгілі бір аймақты қасиетті етіп, сол жерге назар мен ниетті, ақшаны топтастыру. Біздің жағдайымызда – Мекке қаласы. Бұл қала барша мұсылманның қасиетті орны. Парыздардың ішіндегі кез келген мұсылман келіп өтейтін арнайы ритуалдармен бекітілген арнайы жүйе – қажылық. Әлгі араби идеология Қазақстанға келе бастаған кезде «ЛЦ» бойынша мәселе аз екенін көрді.

Бірақ біздің елде «ГЦ» бойынша үлкен мәселе бар еді. Біз үшін белгілі деңгейде екінші Мекке деп саналатын Түркістан қаласы бар болатын. Біздің халық үшін Түркістан мен Арыстан-бабқа барып қайту деген қажылық жасаумен бірдей қасиетті ұғым еді. Әлбетте, бұл дәстүр арабтық топтар үшін өте ыңғайсыз болды.

 

Біз сол діни материалдарды қарап жүрген кезде келесі бір сарындағы деректі фильмдер шыға бастады. Ол фильмдерде Түркістан мен Арыстан-бабқа барып жүргендерден сұқбат алып, оларды ақымаққа балап, «Алла ғана береді ғой, мыналар ештеңе бере алмайды» деген сияқты аят тәпсірлерін сіңіріп, бүкіл халықтық сананы жынды қылды. Тұмар сатушыларға барып, «өзін қорғай алмаған қасқырдың тырнағы сені қалай қорғайды?» деген сияқты сауалдар қойып, әп-cәтте бәрін ақымаққа шығара салды. Басында өзіміздің молдалар мен имамдар да қарсыласатын еді. Кейіннен олардың өздері де мешіттерде құдіретке табынушылыққа Исламда тыйым салынғанын айтып, әлгі топтардың сойылын соғып кетті. Дәл осылай жалғасқан медиа-жұмыстардың нәтижесінде айналдырған 3-4 жылдың ішінде тілдік және жерлік үстемдіктерімізден айырылған күйі біз араби топтардың тұзағына топ етіп түстік.

Осылайша, айналдырған 10 жылдың ішінде локалды дәстүрлі Исламды ұстанған Түркістанға, басқа да қасиетті орындарға баратын, ата-бабасынан медет сұрайтын, әруақтарын құрметтейтін ұлттан Түркістанға бармас, ата-бабалары медет бере алмас, әруақтары естімес халыққа айналдық. Сәйкесінше, өзіміздің локалды ерекшеліктеріміз діннен алшақтаған соң, біз глобал-мұсылмандыққа жақындадық та, олардың барлық проблемалары біздің де проблемаға айналды. Соның әсерінен көпшілігіміз осыдан он жылдар алдыңғы аталарымыз үшін норма болған ұғымдардәл қазір біз үшін «харам» нәрселер сияқты әсер тудырып кетті.

Қазір әруақтар жар болсын деп ойлаудың өзіне қорқамыз. Себебі «ширк» деген сөзбен санамыз әлдеқашан шіріп кеткен. Егер дәл осы қалыпта жалғаса берер болса, әлеуметтік эффект пен діни ахуал нашарлай түсері һәм қазақтардың ішінен терроризм саласының жұлдыздары шығарына еш дау жоқ.

Уахабтар асылып қалса да айтыңыздар: «Түркістан – Қазақтың Меккесі! Жаратушы мен қазақтардың байланыс тілі – Қазақ тілі!» – деп. «Мына қиын кезеңде Жаратқан жар болып, әр қазағыма Бабалар рухы медет бергей! – деп, дұға етіп жүруді ұмытпаңыздар!

• Michael Sherimbek-тің ФБ-парақшасынан

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн