Көкшетау орманындағы ИТ ЫРҒЫН ЫСЫРАП

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №24 (388) от 22 июня 2017 г.

 

Дабыл!

 


 

Ғалымдардың есептеуі бойынша, адамзат жаратылысынан бастап күні бүгінге дейін жер бетіндегі орманның үштен екісі жойылып кетіпті. Ал Қазақтың кең байтақ жерінде орманның үлесі небәрі төрт пайызға жуық аумақты ғана қамтиды екен. Соған қарамастан, Қазақстанның орманды алқабы жер жүзінде тоғызыншы орында болса керек.

 

Сарыарқаның кіндігіне біткен таулы-қырат сілемдердің ұзындығы шамамен 400 шақырым, ені 40–60 шақырым алқапты алады екен. Ал сол сілемдерді тұтаса жапқан, бір кездері ит тұмсығы өтпеген орманнан бүгінде тулақ тілімдей, әр жерде селдіреген ошарлы ормандар ғана қалды. Бурабай шипажайының терістік жағындағы Майбалық, Шабақты, Әулиекөлдің жағалаулары, көнекөз қариялардың айтуына қарағанда, ит тұмсығы өтпейтін қалың жыныс орман болған.

Осы қыратты, бұлақты тау сілемдеріне Құдайдың құдіретімен біткен жасыл желекті орман Сарыарқа даласының тынысы – дем алатын өкпесі еді! Орман жойылса, табиғаттың экологиялық жүйесі бұзылып, ұлы апат желжалақ (эрозия) дәуірі басталады. Бұның аты – экоцид, яғни табиғат ресурстарын экологиялық апатқа ұшыратарлық ауыр қылмыс! Ол апатты басталды деуге де болады.

Бәріміз жабылып жамандай жөнелетін кеңес үкіметі кезінде, обалы не керек, егіндік жерлерге ық болсын деп және қыстыгүні ылғал үшін қар тоқтатуға арналған талдар, ағаштар отырғызылатын. Жаңағы қолдан отырғызылған жасыл желек жерді желжалақтан (эрозия) сақтайтын.

Осы «Үлкен түкті», «Кіші түкті» деп аталатын ормандардың жаппай кесіле бастауы жерімізге Ресейден қарашекпенділердің аударыла қоныстануымен тікелей байланысты. Қоныс аударушы орыстардың ағаштан үй салуы – қазақтың байларын жайбарақат қалдырмай, кең әрі сәулетті сарайды аңсаған шонжарлар да орманға қырғидай тиеді. Қарашекпенділердің жерімізге құмырсқадай қаптап, орманымызды жаудай жапырғаны осыдан 600 жыл бұрын Қара Ертістен үдере көшіп, Зеренді, Сандықтау, Балқашын, Арықбалық таулы ормандарын жағалай қоныстанған Қарауыл, Атығай руларына жайлы тимей, араларында жиі-жиі қақтығыстар болып тұратын.

ХІХ ғасырдың басында қолдан жасалынған қастандықтан жаз айының күйіп тұрған ыстық бір күндерінде Қасқатау, Жаманшың таулы алқаптағы орманынан өрт шығып, жүздеген шаршы шақырым аумағындағы қарағай, қайың, терек-тал қып-қызыл отқа оранып, түгі қалмай жанып кетеді. Орманды мекендейтін жануарлардың күлі ғана қалады. Осы алапат өрттен кейін 100 жылдың ішінде орман қалпына келгенімен, Екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда, қалың жынысты орманның тыныштығы тағы бұзылып, шетінен бұталып, кесіліп, майдан қажетіне деп тасымалдана бастайды.

Соғыстан кейін, әсіресе 1947–1955 жылдар аралығында түрмеден босағандарды жинап-теріп алып келіп, осы Көкшетау, Ақмола облыстарындағы ормандарды қырып-жоюға салады. Зеренді ауданына қарасты Жаңатуған, Ұялы, Қарабұлақ ауылдарының жанынан, орманның жиегіндегі қазақтың зираттарының үстіне Шарашкин қалашығы орнығады. Біздің арғы батыр бабаларымыздың зираттарының үстіне ағаштан қиып ойын-сауық сарайын салады.

Қалашық орнасымен, тақтай тіліп өңдейтін зәулім зауыт салынады. Содан күн демей, түн демей, Қасқатаудың қылқан жапырақты қарағайлары піскен-піспегеніне қарамай, шетінен қырқылады. Көкшетаудан бастап, Петропавл төңірегіндегі қарағайлы орман талан-таражға түсіп, бірер жылдың ішінде құрып бітеді. Ал бұдан шамасы 150–200 жыл бұрын Солтүстік Қазақстанның шоқ-шоқ тоғайы Батыс Сібір тайгасынан Алтайға дейін созылған қалың орман болған көрінеді. Бүгінде сол орманның әр жерде селдіреген тамтығы ғана қалған.

 

Егемендігімізді алдық дегелі қирандысы ғана қалған Жаңатуған ауылының ғана емес, Қасқатаудың тап етегіне қонған Қарабұлақ ауылының да тұрғындары: «Қуаныш, өзің араласып тоқтатпасаң, болмады, мынау біздің орманның қарағайын отап, біреулер күн-түн демей үлкен машиналарымен тасып жатыр. Енді екі-үш жылда орманымыздан түк те қалмайын деп тұр. Тез жет!» деген хабар салыпты.

Ауыл-елдегі ағайындар: «1929 жылғы басталған зор зұлмат аштықта осы таудың орманы еді жанымызды сақтап қалған. Ата-аналарымыз тұзақ құрып, қоян ұстады, құс аулады, ал орманның жеміс-жидектері ол да азық болды. Әйтеуір басқа аймақтарда орын алған – кісінің етін жеу деген сұмдық біздің Қасқатау бауырын айналып өтті. Сен арқылы президент Назарбаевтан орманымызға араша сұрағымыз келеді» деген соң, Щучинск қаласынан 100 шақырымдай жердегі Раздольное орман шаруашылығына жолға шықтым. Веденовка селосынан аса бергенде, жолда қарсы алдымыздан шыққан тіркемесі бар КамАЗ-ды тоқтатып, толтыра артылған жас қарағай кесінділерін қайда апара жатқанын сұрадым. Сөйтсек, Щучинск қаласында Пристайчук деген біреу ағаш өңдейтін цех ашқан екен…

Раздольное селосына кештеу жетсек те, сол жерде тұратын, орман шаруашылығына тікелей қатысы бар адамдардан сұрап-білгеніміз: Үлкен түкті орман шаруашылығы 33 264 гектар жерді алып жатыр. Тушное ауылынан Сандықтау, Айдабол, Зеренді аймағындағы өңірлердегі орманның 75 пайызы – қарағай, қалғаны – қайың, терек, ал 30 пайызы – таулы-тасты жерлер. 1963 жылдан бастап Раздольное орман шаруашылығы құрылып, ағаш өңдейтін үлкен цех салыныпты. Қазір қаңырайып бос қалған, ешкім жұмыс істемейді.

1970 жылдары орманды тұтас қырқуды тоқтатып, жүздеген гектар жерге ағаш отырғызылады. Әсіресе Әуелбеков Еркіннің тұсында Үлкен түкті, Кіші түкті ормандарына аса бір мұқият қамқорлық жасалынып, оны ысырап қылып кеспес үшін, Ресейдің солтүстігінде орналасқан тайгада екі үлкен ағаш өңдеу зауыты салынып, ендігіде ағаш Ресейден тасымалданады. Орманға мұқияттық дегеніміз – ағаш дайындағанда, әбден жетіліп піскен, 100–120 жылдық қарағайларды ғана кесу керек. 60–80 жылдық қарағайлар пісіп жетілмеген, оларды қырқу обал ғана емес, нағыз жыртқыштық болып есептелінеді. Ағашты қию мөлшері оның жыл сайынғы өнімінен аспауы керек.

Нұрсұлтан Назарбаевтың 2015 жылға дейін орманды отауға жариялаған мораторийіне қарамай, 2008 жылдан бастап, жергілікті бишікештер орманды 10 жылға жеке меншікке беріп қойды. Содан бастап орман шаруашылықтары титықтап құри бастады… Осының өзі әдейі қолдан жасалынып отырған қастандық емес пе деген орынды сұрақ туындайды. Және де орман шаруашылық қожалықтары орманды қорып, рұқсат қағазсыз ешкімді жолатпайды (жергілікті тұрғындар тіпті қурап қалған ағаштарды да кесе алмайды), орманды өрттен қорғайды, ағаш отырғызады. Ал сол орманды қырқып, оны әлдеқайда жөнелтіп, сату – басқа «біреулердің» иелігінде… Жергілікті жердің бюджетіне ақша тағы түсіп жатқан жоқ. Ағашты сатудан түсіп жатқан қыруар қаражаттар қайда кетіп, құмға сіңгендей кімдердің қалталарына түсіп, із-тозсыз жоғалып жатыр? Орманды жеке меншікке алған жаңа қожалардың алдындағы міндеттемелері бойынша, олар ағашы оталған жерге ағаш отырғызулары керек. Ал оларда ағаштарды өсіріп, жетілдіретін тәлімбақтар жоқ. Тәлімбақтардың бәрі бұрынғы орман шаруашылықтарының иелігінде қаңырап бос тұр…

 

Бұрындары 10 жылда бір рет Алматыдағы орман шаруашылығын орналастыру-реттеу министрлігінен мамандар келіп, орманның қай жерлерінде ағаш кесуге болатынын картаға түсіріп, ағаш кесуді толық жүргізетін жерлері арнайы көрсетілетін. Жаздай орман аралап, санитарлық отауға жататын жерлерін тағы белгілеп, картаға түсіріп, жоғары жақта, министрлікте бекітетін. Тіпті жеміс-жидегіне дейін қандай жерде қанша барын есептеп шығаратын. Алдыңғы жылдары Алматыдан екі жас қыз келіп, орманның қай жерін кесіп, ағаш дайындауға болатынын белгілеп кеткелі, мұндағы қарағай атаулы жау тигендей кесіліп, бұталанып, белгісіз бір жаққа күн демей, түн демей тасымалданып жатыр. Жалпы мөлшерлеу жобасы бойынша, 120–130 жастағы қарағайларды қырқу керек болса, ал қазір жасына қарамайды, шетінен отап алып, жаудай шауып, құртып жатыр. Және жығылған қарағайларды тракторларымен сүйрегенде, жас өспірім қарағай шыршалары техниканың табанының астында жаншылып, сынған бетінде қурап, күзге қарай шіріп жатады.

Үкіметтің 2014 жылы шыққан қаулысы бойынша орманды 49 жылға жалға беруге болады дегелі, бұрындары Бурабай ауданында әкім болған Руслан Аубакиров деген мырзаның орман шаруашылығын басқарғалы бері «жұлдызы жарқырап», 14 шақты орман шаруашылығы қожалықтарын өз кісілеріне шүлендей таратып берді. Бұл мырзаның Жақсы ауданында да жеке меншік жерлері бар екен. Аубакиров Руслан Бурабай ауданында әкім болып қызмет істеп жүргенде, аудандық «Луч» газетінің редакторы Авдеюк Степан: «Сіз неге Бурабай орман шаруашылығы жерінің ортасынан ойып тұрып, қалталы шенеуніктерге үй салуға орын беріп жатырсыз?» – деген сұрағына мардымды жауап бере алмаған екен… Және де осы аты аталып отырған мырзаның Бурабай ауданында әкім болып тұрған кезінде алты қазақ мектебі жабылған.

Орманды 49 жылға жеке меншікке жалға беру туралы шыққан үкімет қаулысы «Ақмола правдасы» газетінде 2014 жылы жарияланып, орманды бәсекелестік жалға беру жайындағы ережелері егжей-тегжейлі жазылған. Орманды басты пайдаланушы Раздольное орман шаруашылығы ең көп дегенде, жылына 3600 текше метр ағаш дайындайтын. Ал қазір Каменск орман шаруашылығы қожалығы 5000 т/м, Раздольное орман шаруашылығы қожалығы 10 000 т/м ағаш дайындайды екен. Сөйте тұра, ешқайсысы ағаш отырғызып жатқан жоқ. «Бұл әлгі Алматыдан келген «екі қыздың» істеп кеткені» дейді жергілікті қазақтар.

 

Щучинск қаласында ағаш өңдейтін цех ашқан Пристайчук деген ағаш алпауыты тендер өткізерде жергілікті халықтың рұқсаты керек екеніне қарамай, ағашты өз білгенінше кесіп, қалаға текше-текшелеп тасымалдап жатыр. Тендерді ұтып алардан біраз бұрын Раздольное селосының тұрғындарына «мен сендерге автобустардың жүріп-тұруы үшін қыстыгүні жол тазалатып тұрамын, ағаш дайындаған жердің орнын бір бұтағын қалдырмай жинатқызып отырамын» десе де, әлі күнге дейін осының біреуін де орындаған жоқ.

Тау бауыры жұртшылығын таң қалдырған жағдай – кезінде премьер-министр болып, айдарынан жел есіп тұрғанда, Даниал Ахметов мырза осы Үлкен түкті орманының ең әсем жері болып табылатын жұмаққа бергісіз, табиғаттың ғажайыбы Әулиебұлақ сарқырамасы маңайын қарағай, қайың, жасыл терегі, жан-жануарларымен иеленіп, бауырына басып қалыпты. Және осыншама байлықты өз атына жазбай, басқа біреулердің атынан Астана қаласындағы Әуезов көшесі, 120/1, 403-офисте орналасқан «LTD BIVC» деген құпия мекеме ашып, Медеуов Қуаныш Оразбекұлы дегенді директоры етіп қойыпты. Құрылтайшысы – Син Иванна Валерьяновна. Содан бері қолдан-қолға өтіп, басқа біреудің қарамағына көшсе де, түпкі қожайыны Дәкеңнің өзі деседі жергілікті жұрт. Бүкіл «Северное лесничество» Даниал Ахметовтің жұмса жұдырығында, ашса алақанында екен. «Ормандарымызды 10 жылға жалға беру жөніндегі қаулыға қол қойған Даниал Ахметов мырзаның тап өзі!» – дейді орман тұрғындары. Рас па, өтірік пе – бұл жағдай алда тексеріледі деген үмітіміз бар.

 

Жолай Веденовка мен Николаевка егін шаруашылықтары қожалықтарының жерімен өтіп келе жатқанда, мынандай масқара құбылысты көзіміз шалды. Соқамен жыртылған жердің қара топырағы түнеукүнгі сұрапыл дауылдарда аспанға ұшып, жердің беті құнарлы қара топырағынан айырылып, тырдай жалаңаш қалыпты. Ал әлгі «плоскорезбен» өңделген жерлердегі бидайдың қылтанақтары жердің қара топырақты үстіңгі қабатын дауылға бермей, сақтап қалған. Жеңіл машина жүргізіп келе жатқан Бейсенбай бауырыммен әдейілеп тоқтап, жел ұшырып әкеткен жерлердің ойылып-ойылып қалған тереңдігін өлшегенде, 15–20 сантиметрді құрады. Осы апатқа ұшыраған жердің көлемі шамамен 400 гектардың әр гектарынан 250 тонна қара топырақ ысырап болғанда, ең кем дегенде 100 мың тонна құнарлы топырақ (гумус) желдің күшімен қайтып келмеске ұшып кеткен. Егер осы ысырап болған қара топырақты теміржолдың вагондарына тиесе, 1666 вагон құнарлы топырақ желмен желігіп, көшіп кетті деген сөз… Ал егер осы егіндік жерлерге, жоғарыда айтылғандай, талдар мен ағаштар отырғызылғанда, мұндай апатты құбылыс болмас еді, жеріміз эрозияға ұшырап, мұншама құнарсызданбайтын еді.

Қуаныш МҰҚТАЙ,

«ДАТ»-тың қоғамдық тілшісі

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн