«Общественная позиция»
(проект «DAT» №26 (390) от 5 июля 2017 г.
Редакцияға хат
Жамбыл облысының Қордай ауданындағы атауы орысша жалғыз елді мекен – біздің Степной ауылы. Тәуелсіздік алғанымызға отыз жылға жуықтаса да, ауыл аты әлі өзгерген жоқ. Өзгеретін түрі де көрінбейді. Оған Д.Қонаевтың есімін беру жөніндегі ауыл тұрғындарының орынды ұсынысы «жартасқа бардым, күндей айғай салдымның» кебін киіп тұр.
Кезінде Ленин, Сталин, Калинин, Киров, т.б. колхоз-совхоздары еліміздің барлық өңірінде болғаны белгілі. Мұндай ауылдар біздің ауданда да болған. Бірақ кейін олардың аты өзгерді. Өзгеруге негізгі себеп – Қазақстанның дербес ел атануы болса, екіншісі себеп – халықтың ұсыныс-тілегі. Себебі кезінде саны жағынан өзге ұлттар басым болған елді мекендерде соңғы жылдары қазақтар көбейе бастаған. Мәселен, біздің Степнойда бұрын 80 пайыз орыс, неміс ұлтының өкілдері тұрса, қазір, керісінше, қаракөздер 80–90 пайызға жетіп отыр.
Енді мына дерекке қараңыз: жалпы, Қордай ауданында 41 елді мекен бар екен. Соның Степнойдан басқасының аты – қазақша. Бұрынғы қалпын өзгертпеген екінің бірі – Славное ауылы бірер жыл бұрын Арал болып өзгерді. Ауданда 3 ауыл адам атымен аталады. Ол қандай ауылдар? Бірі – Жамбыл, екіншісі – Өтеген, үшіншісі – Кенен. Бәрі де талас тудырмайтын ірі тұлғалар.
Міне, біз осы қатарға Д.Қонаевты да қосқымыз келген. Өйткені Степной атауы біз үшін «жаназасы» әлдеқашан шығып кеткен Совет Одағының «көзіндей» болып көрінеді. Одан құтылу парыз. Ал Қазақстанды ширек ғасыр басқарып, 47 қала салған Д.Қонаев – дүйім жұрт мойындаған ірі тұлға. Астананы Назарбаевтың атымен атау туралы ұсыныс жасап жүрген депутаттардың «Бір қаланы Қонаевтың атымен атайық» деп неге айта алмайтынын жұрттың іші сезеді. Бірақ Қонаевқа бір ауылдың атын беруге неге болмайды? Оған кім қарсы? Бір ауыл Қонаевтың есімімен аталса, өзге адамның мәртебесі төмендеп қала ма? Міне, біз осыны түсіне алмай-ақ қойдық.
«Степнойдан құтылайық» деген әңгіме сонау 1996 жылы көтерілген. Ауыл тұрғындарының жиынында қызу талқыға түскен мәселе бойынша сол кездегі ауыл әкімі Тілеужан Түстікбаев қаулы шығарған. Алайда Степнойды алмастырмақ болған «Ақ дала» атауы әкімге тиесілі шаруа қожалықтың аты болып шыққаны ауыл тұрғындары арасында әжептәуір дау тудырғаны да есімізде.
Біз ауылға Қонаевтың атын сұрап, есіктен-есік тоздырып жүрген 7-8 жыл ішінде ауданға төрт-бес әкім келіп кетті. Бірақ бірде-бірі халықтың қалауын жүзеге асыра алған жоқ. Бір қызығы, Тілеужен Түстікбаевтың да, одан кейін әкім болған Мэлс Асанқұловтың да кабинетінің төрінде Д.Қонаевтың портреті ілулі тұратын. Суретін төріне ілген адамның атын ауылға бергізуге олардың неге күш сала алмағаны бізге белгісіз.
Алайда біз мұнымен тоқтап қалған жоқпыз. Ауылда тұратын 495 адам қол қойып, төлқұжат нөміріне дейін көрсетіп, аудан әкіміне хат жаздық. Халық бұған қуана-қуана өз еріктерімен атсалысты. Олардың арасында зейнеткерлер де, мұғалімдер де, көп балалы аналар да, т.б. бар. Бұл хаттың бір нұсқасы күресінге шығып кетпесе, бұрынғы аудан әкімі Қайрат Досаевтың суырмасында жатуы керек. Тағы бір нұсқасы Степной ауылының әкімі Ж.Спановта. Алған жауабымыз: «Мораторийге байланысты кейінге қалдырылды» деген бір ауыз сөз. Қонаев біздің құрметімізге мұқтаж емес.
Ол кісінің есімі ұрпақтар жадында ғасырлар бойы жасайтын болады. Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі: «Қонаев есімі Қазақстан халқымен бірге жасары анық, ақиқат. Ол кісі бәрімізге ұстаз болған ұлы адам», – деген еді. Бұдан артық не керек?! Президенттің өзі осылай деп отырғанда, жергілікті атқамінерлер неден тартынады?
Жуырда ғана үкімет басшысы Астанадағы әуежайды Назарбаевтың атымен атау жөнінде қаулы шығарды. Президентке қалай жағынарын білмей жүрген жалбақай депутаттардың көктен іздегені жерден табылды. Олар мұны «тарихи әділеттілік орнады» деп бағалап жатыр. Бұл қандай тарихи әділеттілік? Егер бұған дейін Назарбаевтың атымен ешбір нысан аталмай келсе, бір сәрі. Түркия, Қырғызстан, Украинаны айтпағанда, еліміздің үш қаласында (Астана, Алматы, Талдықорған) ескерткіші бар. Астанадағы университеттен бөлек, 18 зияткерлік мектеп Назарбаевтың атымен аталады.
Мейлі ғой, әуежай да президенттің атымен атала берсін. Бірақ әуежайға келгенде «кеңдік» жасайтын мораторий ауылға келгенде неге «тарыла» қалады? Осыны бізге түсіндіріп беретін бір адам бар ма?
Елтай ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ,
Степной ауылының тұрғыны, зейнеткер,
I топтағы мүгедек