«Общественная позиция»
(проект «DAT» №28 (392) от 11 августа 2017 г.
Серінің сыры
Көп қазаққа қоңыр дауысымен, салмақты сөзімен, серілерге тән бет-бейнесімен танылған Мейрамбек БЕСБАЕВ баспасөзге сирек сұхбат беретін әншілердің бірегейі. Бірақ жуықта ол «Жұлдыз-ТВ»-ның «Сенбілік серуен» бағдарламасына біраз сырын ақтарған екен. Мейрамбекке тәнті жұртшылық сүйікті әншілерінің не айтқанын біле жүрсін деп, сол сұхбаттың қағазға түскен мәтінін ықшамдап жариялауды жөн көрдік.
– Мейрамбек аға, Сіздің гастрольдік сапарларыңыз бала кезден басталды. Сол бір тәтті бал-дәурен балалық шағыңызға саяхат жасап көріңізші…
– Біздің бала кезімізде гастрольдік сапарлар көп болды. Қазіргідей тек қаланың, ауданның орталығына ғана емес, біз ауылдық жерлерге көп баратынбыз. Ауылдарда ол кезде концерт тек домбырамен өтетін. Бір микрофон және колонка болса – сол жететін. Мәшинемізге отырып алып, Алтынбек көкем екеуміз кез келген ауылға тоқтайтынбыз. Елдерде ақша жоқ, қиын-қыстау кезде де біз гастрольдерге шығып жүрдік. Тегін концерттер қоятынбыз. Не болмаса, кейбіреулер «жолдарыңызға азық болар» деп, үйіндегі тауығын, жұмыртқасын әкелетін. Сол уақыттағы көрерменнің музыкаға, әсіресе домбырамен шырқалатын ескі әуендерге деген сүйіспеншілігі ерекше еді. Қазір заман мүлдем өзгеріп кетті. Тыңдарманның талғамы басқа. Сондықтан да ондай гастрольдік сапарлар өте сирек. Кейде сол күндерді сағынамын.
– Бала кезден бері қарай қанша домбыра өзгерттіңіз?
– Өкінішке орай, бала кездегі «Бозторғай» әнін орындаған домбыраның қайда қалғаны есімде жоқ. Елдос деген шебер жігіт бір жыл уақытын бөліп, маған арнайы, керемет домбыра жасап берді. Қазір сол домбырамен жүрмін. Және үйде одан да басқа бауырларым сыйлаған домбыралар бар. Кейде отырып, анда-санда шертіп қалғанда, бала-шағам ерекше ықыласпен тыңдайды. Әсіресе Кәусар ұйып тыңдап қалады. Сондықтан, үйде домбыраны көбірек тартуға тырысамын. Ол мен ойнағаннан емес, біздің қанымызда домбыраның үні бар екенін айқындайды. Тіптен орыстілді қазаққа дейін оның үнін мейірлене тыңдайтыны рас…
Кейде домбыраны күміс пен сүйектен жасап жатады. Бірақ ондай домбыралардың үнін мықты күйші болсаң да шығара алмайсың. Өзі сұлу болғанымен дауысы шықпайтын тотықұс бар емес пе? Ол домбыра да сол сияқты болады. Домбыраның жасалуы ағашына және шеберге байланысты. Шын ықыласпен жасамаса, ол сөйлемейді…
– Кейде ел назарынан тыс, көпшіліктен демалғыңыз келіп, өзіңізбен-өзіңіз болғыңыз келетін кездер бола ма?
– Негізі жеке өз-өзіңмен қалу өнер адамдарына керек нәрсе ғой. Мен міндетті түрде жылына 2–3 рет санаторийлерде демаламын. Сол уақыттарда жеке өз-өзіммен қалып: «Жасап жатқан тірліктерім дұрыс па, бұрыс па? Неден қате жібердім?» деген секілді ойлар келеді. Немесе алға жоспар құрып, кітап оқисың.
– Сіздің әндеріңізді көрермен жанның жұбанышы ретінде қабылдайды. Ән айтқанда өзіңіз қандай күйде боласыз? Әннің құдіретін сізден артық ұғынатын жан жоқ шығар?
– Өзімді керемет әншімін деп санамаймын. Менен асқан әншілер болған, болады да. Өзімді өнерде бағы жанған өнерпазбын деп білемін. Бірақ кәсіби музыкантпын дей аламын. Бала кезден бері музыкалық мектепте оқыдым. Одан кейін де консерватория мен театр институтының төңірегінде жүрдім. Өзімді бұл салада бір саты жоғары білім ала алдым деп ойлаймын.
Әнді шегіне жеткізе білетін бізден де мықты әншілер бар. Кез келген әншінің өз деңгейіне сай келетін әндер болады. Және ол сол деңгейден асып кете алмайды. Мысалы, тойдың төңірегінде жүрген Асхат Тарғын және басқа сол секілді әншілерден мен терме күтпеймін. Халық та күтпейді деп ойлаймын. Олардан мұңлы поэзия да күте алмаймын. Өйткені ол өз дәрежесіне сай әнді тапты. Сол деңгейдегі халықты қуанта алады, тойларды жандыра алады. Бірақ одан асып шыға алмайтыны анық. Сол сияқты мен қанша жерден кәсіби әнші болсам да, әнді өз деңгейімнен асыра орындай алмаймын. Қайбір әншінің дауыс деңгейін «Құсни Қорлан» әнін айтқызып, не болмаса Димашпен салыстыруға болмайды. Оның бағыты басқа, басқаларының жолы бөлек.
– Кейінгі уақытта Баян Мақсатқызы, Айгүл Иманбаева секілді өнердегі әпкелеріміз кітап жазу маусымын бастап кетті. Соңғы жаңалықтардан Зарина Омарова да өзінің арықтағаны жайында кітап жаза бастағанын оқып қалдым. Өздері жайында кітап жазатын әйелдерге қалай қарайсыз? Кімнің кітабын оқитын едіңіз?
– Өмір бойы әйел адамдардың кітабын оқи алмайтын шығармын. Оқығым келмейді және біреудің жеке өміріне араласу маған жараспайтын қылық. Ақын әйелдердің шығармашылығынан Фариза Оңғарсынова апамыздың өлеңдерін оқитын едім. Замандастарымның ішкі дүниесін білгім де келмейді. Кейбір қаракөз қарындастарымыз Динара Сәтжан, Баян Есентава сияқты болғылары келеді. Олар жақсылыққа ма, әлде жамандыққа апара жатыр ма – білмеймін. Бірақ көп қаракөздеріміз соларға еліктейді. Кейбіреулер жалаңаш бейнесін көрсетіп, оны «ұят емес» дегенге келтіріп, әдептен асуда. Соны сәнге айналдырып жатқандары кейде қынжылтады. Мұндай адамдардың кітабын оқымаймын. Оған уақытымды кетіргім келмейді.
– Өткен жылы «Музарт»-тың концертінде бақилық болған кісілерді еске алып, залды жылаттыңыздар. Ол кісілердің көзі тірісінде айтқан ғибратты әңгімелері есіңізде болар?
– Иә, сол бейнебаянға бәрін сыйдара алмасақ та, көзіміз көрген біраз өнерпаздарды көрсете білдік. Шәмші, Нұрғиса аталарымыз, кешегі Оразәліні алып қарасақ, әрқайсысы бір-бір тұлға екен. Олар іштей мәдениетті, рухани бай кісілер еді. Айтқан әрбір әңгімелері мен қалжыңдары да керемет болатын. Сол кісілерді кейде сағынамын. Суреттерін көріп қалғанымда, «әттеген-ай, сол кезде сені қатты құшақтай алмағаным-ай», «бір шәугім шайға шақыруға жарамаппын ғой», «өз бағаңды бере алмадым» деп, жүрегім сыз ете қалады.
– Бақыттың бағасын ертеңгі күнге қарап, пайымдай аласыз ба? Ешкімге көрсетпей жанарыңыздан тамшы үзілген кездер болды ма?
– Көз жасымды көбінесе көрсетпеуге тырысамын. Бірақ жүрегімнің жылаған кездері болды. Ең қымбат адамдарды жоғалтқан сәттерде, бұрын жасаған қателіктерімді ойлағанда, кейде жасым еріксіз ағады. Бірақ өзімді көпшілік жерде ұстауға тырысамын.
Апам өмірден кеткенде жыладым. Ол кісімен бірге балалық шағымды көмгендей болдым. Апамның көзі тірісінде өзімді әлі де бала сезінген екенмін…
– «Сүрінбейтін тұяқ жоқ, жаңылмайтын жақ жоқ» дейді. Сіз кешіре алмайтын қандай қателік бар?
– Мен кешірмейтін нәрсе жоқ. Сатқындықты да кешіре аламын. Біреулерге іштей өкпелейтін шығармын, бірақ біраз уақыттан соң, кешіре саламын. Өз-өзімді кешіре алмайтын қателіктерім көп. Балалық шақта білместіктен туған, есейгенде болған, бойдақ кездегі қателіктер бар.
– Ізбасарларыңыз жайында айтсаңыз. «Музарт-лайф» – ерке, сіздер жігіттерге суық қабақ танытпайтын сияқтысыздар. Кәдімгідей сері мінез, солай тәрбиелеп жатырсыздар ма, әлде қалай?
– Солай тәрбиелеу керек деп ойлаймын. Өйткені біз өзіміз де жас болдық. Жастық шақ бәрі-бір өзін көрсетіп тұруы керек. Сондықтан біз ол жігіттерге еркіндік береміз. Өйткені жігіттерде әншілік те, сахнаға сай түр-тұлға да бар. Әрине ән таңдағанда, өздерімен бірге отырып талқылаймыз. Дегенмен өздеріне ерік беруге тырысамыз. Неге десеңіз, қазіргі замандағы әндер мүлдем өзгеріп кетті, эстрадамыз үшке бөлінді. Баяғыда қазақтілділер және орыстілділер деп екіге бөлінеді деуші едік. Қазір әдепсіздер мен жалаңаштар бір бөлек те, сахнаға жарайтын әртістер бір бөлек. Бәрі араласып кетті де «ботқа» болып жатыр.
Әншілерді құнан және топ бәйге деп бөлмей, ештеңе шықпайды. Қыдырәлі ағамызбен ақылдаса келе, өнерпаздардың басын жинап көрдік. Бірақ бәрібір де біріге алмай жатырмыз. Бірікпей жатып, эстрадамызға ештеңе істей алмаймыз. Теледидардан бейнебаянын екі күн көрсетпей қалсаң, қазір ұмыт қалатын әртістер бар. Баяғыда «талант бар да, таныс жоқ» деп айтушы еді ғой. Осы кезде керісінше «Таныс бар да, талант жоқ» әртістер басым болып кетті. Барлығын сондай деп айтуға болмайды, әрине. Мықты өнерпаздарымыз сондайлардан сортталып шығуы қажет.
Тұлпар есекпен жарыспауы керек. Білімі, не басқасы жоқ баланың Роза Рымбаевамен «селфи» жасап тұрғанын қаламаймын. Немесе Мақпал Жүнісовамен сахнада тайраңдап тұрғанын көргім келмейді. «Ит жоқта, шошқа үреді» демекші, Талғат Теменов ағамыз: «Кейде өзіңді шошқа қорада отырған сияқты сезінесің» деп айтушы еді. Сол сияқты қазір кім – тұлпар, қайсысы есек – білмейсің. Сондықтан бұл мәселемен өнер адамдары өзіміз күреспесек болмайтын сияқты.
– Қалай күресеміз?
– Мысалы, мықты өнерпаздардың қасында жүре алады-ау деген әншілерді бөлек алу керек. Содан биік тұлғалар мен тобырдың концерттері бөлек-бөлек өтуі тиіс. «Өнерге әркімнің бар таласы» демекші, оларды сахнадан кетсін дегенім емес. Тек эстрадамыздың бет-пердесі дұрысталса екен деп ойлаймын. «Гәкку» телеарнасының бір концертіне неге шықтым екен деп өкінемін. «Сіздердің әндеріңізге би қойдық» деген: ойда ештеңе жоқ шыға салдық. Біраздан соң қарасам, артымызда билеп тұрған – жалаңаш қыздар. Бұл бізге жасалған қастандық. Және сол концертте МС Сайлаубек деген шықты. Өзінің не айтып тұрғанын білмейтін адаммен бір концертте ән айттық. Ол сол жерде жалғыз бізді ғана емес, бүкіл әншілерді өз деңгейіне түсірді.
Осындай нәрселерге қынжыласың. Біздің өзімізде де қазір намыс жоқ. Көрінген жерге бара беретін болдық. Қадірімізді түсіріп алған сияқтымыз.
– Жалаңаш қыздардың заманы тағы бар…
– Олар бірдеңені қатырып жүрміз деп ойлайды. Теледидардан жылтың етіп шыға келгенде, бала-шағадан ұялып кетемін. Сол екі секундта әлгілер бұтын көрсетіп үлгереді. Сырға таққан еркексымақтар тағы бар. Соларды дәріптейтіндерді қазақ эстрадасының қас жаулары деп есептеймін.
– Музыкалық арнаны басқару мүмкіндігі сізге берілсе, ең бірінші не нәрседен арылар едіңіз?
– Оның тізгінін мен сияқты адамдарға бермейді. Ертеңгі күні «өзі музыкант бола тұрып, түсінбейді, ұлтшыл ол» деген сияқты әңгімелер кетуі мүмкін. Мен шетелдің музыкаларын да тыңдаймын. Бірақ мынадай масқараларды тыңдай алмаймын. Егер ондай музыкалық бағдарламаларды басқарсам, бірінші: жалаңаштарды, әдепсіздерді құртамын. «Гәкку» басында қазақи болып бастап, бәрімізді алдады. «Қазақтардың бәрін жарылқап жатыр екен» деп, бейнебаянымызды алып келдік. Елді тартып алған соң, біздейлерді лақтырып тастады. Бір күні ол шаңырақ құлайды. Қашанға солай тұра береді дейсіз? Оның саясаты о баста сондай болған. Енді «Той-думан» деп, екіншісін ашып алды. Түк мәні жоқ әндерді міндетті түрде жарты сағат көрсетеді. Ал жақсы дүние жасап, сәукеле, шолпысын тағып апаршы, ол бейнебаянды көрсетпейді. Сондай саясаттарымен көрермендердің миын улап бітті. Телеканалдың музыкалық продюсері болсам, осыдан бастар едім…
– Дуэттік серіктестеріңізді қалай таңдайсыз? Көңіліне қарап па, әлде әннің тарихына ма?
– Әншіге қарап шығар. Тоқтар Серіков, Сандуғаш Стамғазиева – бәріміз бірге өскенбіз. Ұстазымыз бір болған соң, бір әке мен шешеден туғандаймыз. Ал Жанар Айжановамен бір заманда шықтық, оны бауырлық дуэт деп айтса болады. Ал кейінгі дуэттер өзім айтқым келген әншілер. Енді Жұбаныш Жексенұлымен дуэт айтқым келеді. Мен олардың емес, менің тарихымда болса екен деген естелік үшін дуэт айтамын. Әйтпесе, олар арқылы көтеріліп кету, не болмаса хит болуды іздемеймін. Ал менімен бірігіп, ән айтқысы келгендеге әртүрлі себеппен бас тартамын. Көбінесе сен сұраған емес, өзі сұраған деңгейге жеткен жақсы ғой. Кейбіреулер ортаға біреулерді салып немесе ақша ұсынып жатады.
– Танымалдылығыңыздың пайдасы тиген кездері болды ма?
– Танымалдылықтың пайдасы рахат қой! Бірақ қандай танымалдылық – соған байланысты. «91» тобы көшеде әшейін жүре алады деп ойламаймын. Өйткені бес адам болса, оның екеуі ондайларды ұрғысы келеді. Ондай танымалдылықтың керегі жоқ маған. Танымалдылығым өзіме көп жерде көмектеседі. Мысалы, ұшақта құжатымды ұмытып кеткенде, ауруханада жатқанда себеп болды. Бәрі әуелі Алланың, одан соң қара домбырамның арқасы. Және өнер жолына алып келген ұстаздарыма, Алтынбек Қоразбаев көкеме рахметімді айтамын.
– Ашық-жарқын берген сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттың мәтінін дайындаған –
Анар ДӘУКЕН