«Общественная позиция»
(проект «DAT» №33 (397) от 14 сентября 2017 г.
ДАТ!
– Ерлан мырза, дүйсенбі күні парламенттік тыңдауда латын әліпбиіне көшу мәселесі мен әліпбидің нұсқасы талқыланды. Соған қатысушылардың бірі ретінде осы талқылаудың барысына сіздің көңіліңіз толды ма?
– Әрбір жаңа іс бірінші қадамнан басталады: сондықтан латын қарпіне қатысты алғашқы мемлекеттік шара өз дәрежесінде өтті деп ойлаймын. Әрине, мәселенің маңыздылығы тұрғысынан қарағанда, жекелеген кемшін детальдары ауызға алудың қажеті аз. Ешқандай артық эмоция болған жоқ, жаңа әліпбидің жобасы байыпты түрде таныстырылды, латын графикасына не үшін өтуіміз керек деген сұраққа біршама жауап берілді.
Мен сізге айтайын – тіпті талқылауға қатысқан орыс тілді сарапшылар мен басқа ұлыс өкілдері бұл мәселені салиқалы ой елегінен өткізіп қана қойған жоқ, толығымен қолдады. Эдуард Полетаев, Сергей Селиверстов сияқты танымал азаматтар латын әліпбиіне өтудің маңызы мен өзектілігін жан-жақты ашып берді. Яғни, қоғамда латын әліпбиіне өтудің қажеттілігі, өзектілігі, маңызы жөнінде ұжымдық позиция бар деген сөз.
– Басқа ұлт өкілдерін қайдам, ал қазақ қоғамының өзінде латынға көшудің жақтастары мен қарсыластары әртүрлі пікір айтуда. Сіз осы екі тараптың қайсысын және қандай себептермен қолдайсыз?
– Менің жеке басым латын графикасына 2000 жылдардың басында өту керек болған, қазіргі таңда кешігіп бара жатырмыз деген пікірдемін. Осы мәселені көптеген азаматтар саясаттандырып, астарынан бір саяси рең, әлдебір кірбің іздеп әлек. Шыны керек, латынға өту себептерінің бірнеше аспектілері бар. Ең негізгісі – гуманитарлық аспект, қазақ ұлтының бүгінгі заманға сай өз бет-әлпетін қалыптастыру мәселесі. Саяси аспектілер, егер болса, ең соңғысы болуы мүмкін.
– Ал мен де, Ереке, латын әліпбиіне өтуді және бірінші кезекте оның саяси аспектісін қолдаймын. Бұған дейін билік тарапынан жасалатын бастамалардың сыншысы едім, ал латынға өту инициативасы мен үшін өзінің саяси астарымен маңызды болғандықтан, дәл осы мәселеде билікке жақтас болғым келеді. Ең бастысы, ресейлік ықпалдан шығудың геосаяси аспектісі болашақ ұрпақты отарлық санадан құтқарады деп білем. Әрине, бұл бастаманың шикіліктері де жоқ емес: көш жүре түзеледі дегендей, кемшін тұстарын керуеннің үстінде түзетіп аламыз…
– Сіз тәуелсіз журналист болған соң, ойыңызды ашық айтуға қақылысыз. Бірақ сіз айтқан керуен біраз жерге жетіп алғанға дейін, бір саусақты бүгіп жүруге тура келетін жәйттер бар. Біздің ырқымыздан тыс қалыптасқан геосаяси гәптің жазылмаған ережелерін сақтай білуіміз керек…
Негізі, әліпби тек қана белгілер мен ережелер жиынтығы ғана емес, әліпби – ұлттың әлеуметтік психологиясын қалыптастыратын, оны әлемдік деңгейдегі тенденцияларға сәйкестендіретін бірден-бір құрал. Біз ХХІ ғасырда өмір сүрудеміз, Жер шары халқының 80 пайызы әртүрлі шама-шарқында латын қарпін пайдаланады. Бүгінгі инженерлік ойлар, дәлме-дәл ғылымдар, инновациялық технологиялар латын әрпімен жасалады, яғни бұл әріпті жоғары технологияның драйвері деуге болады.
Сонымен бірге бұл мәселенің гуманитариялық астары да баршылық. Біз әлемдік гуманитарлық және мәдени кеңістікке де еніп келеміз. Латын әліппесінің енуі экономиканың триггері бола алады. Себебі жаңа мамандықтар, жаңа мамандар, әлеуметтік-экономиканың жаңа бағыттары пайда болады.
– Сөз жоқ, ойыңызды қостаймын. Мәселен, ғаламдық интернет технологиясы әрбір пәтердің ас үйіне дейін кіріп кеткен заманда, оптика талшықтары инженериясы деген мамандыққа сұраныс пайда болуда. Мұндай мамандықтарды латын терминологиясының көмегінсіз игеру тіпті де мүмкін емес.
– Иә, латын әліпбиіне көшкен соң, қазақ тіліндегі жаңа терминдерге байланысты келеңсіздіктер жойылады. Бұл реформаны қабылдау арқылы біз басқа халықтар сияқты өзге тілдерден алған сөздерді өз фонетикамызға жақындатып аламыз. Бізге қолданыстағы терминологиялық тілдік норма жасау үшін, тілімізді модернизациялауымыз қажет. Яғни, басқа әліпбиге көшу үрдісі кезінде тілімізді модернизациялау мүмкіндігіне ие боламыз.
Латын әрпін пайдаланып, біздің жастарымыз Интернеттен ақпарат алуға кең мүмкіндікке ие болады. Бүгінде біздің балаларымыз гаджет, айфон, смартфондарды еркін пайдаланып жүр, бұл орайда олар бізден ақыл сұрамайды. Яғни, биліктің бұл әрекеттері, жаңа бір саяси ағымды ойлап табу, адамдарға жаңа әлеуметтік бағыт беру емес, де-факто іс-жүзіне асып қойған мәселені заң жүзіне енгізу ғана.
Иә, «көш жүре түзеледі» – ол анық. Ал біз сол көшке ілесуге дайын болуымыз қажет. Бұл көш ғаламдық өркениет көші, одан қалу – ұлттық катастрофа болады. Ғұлама Мұхтар Әуезовтың өзі «Абай жолын» арабтан алынған төте жазуымен бастап, латын қарпімен жалғастырып, кирилл Әрпімен аяқтаған. Қаншама ақпарат, қаншама еңбек! Ал біздің қолымызда цифрлық технология бар…
– Ел ішінде жекелеген сананың стагнациялық қарсылығы бола тұрса да, ерте ме, кеш пе – латын әліпбиіне көшу процесі басталуы тиіс еді. Менің жеке өзім, жоғарыда айтып кеткендей, бұл «көшті» әлемде қалыптасқан глобалдық геосаяси жағдайлармен байланыстырам. Ең бастысы, халықаралық аренада бір жағы – әлемдік өркениет, екінші жағы – регрестік ерегеске кеткен Ресейдің империялық саясаты теке-тірес тудырған жағдайда Қазақстан осы екі бағыттың қайсы жағын таңдағаны дұрыс? Біз әлемдік экономикадағы Ішкі жалпы өнімі 2 пайыз ғана болатын Ресейге еруіміз керек пе, жоқ әлде 70 пайыздан астам үлесі бар батыстық өркениетке ілесуіміз керек пе?
– Бұл сұрағыңызға өзіңіз жауап беріп тұрсыз, Ермұрат мырза! Сіздің сұрағыңыздың астарынан мен геосаясаттан бұрын, геоэкономиканы аңғарам. Әлемдік экономикалық өркениет технологияланып барады. Дүние жүзіндегі бүкіл технологиялық өзгерістердің барлығы латын грамматикасы аясында болып жатыр. Осы тұрғыдан алғанда нағыз ноу-хау және инновациялар шоғыры латын әліпбиі арқылы жасалуда.
Бірнеше мысал келтірейін. «Daimler» компаниясы 5–10 жылдардан соң АҚШ кеңістігін жаулап алмақ, оның пилотсыз жүргізушісі жоқ жүк машиналары әлемді шарлайтын болады. Жылына 300 млн жұп аяқ киім шығаратын Adidas компаниясы Германияда робот жұмыс атқаратын зауытты бастамақ. Ғарышқа ұшу жұмыстарымен айналысатын «SpaceX» компаниясы ғарышқа ұшырылған зымырандарды қайталап ұшырумен айналыспақ, енді ғарышқа ұшу экономикасы түбегейлі өзгермек. Ғарыш кеңістігі кез келген адамның қол жетімді арманына айналуда, тіпті айналды десе болар! «Kindred AI» компаниясы адамның қабілетінің мықты жақтары мен роботтың қасиеттерін қосып, экзоскелет жасап, адамдардың механизмдермен бірлесіп жұмыс атқаруын жүзеге асырмақ. Қазірдің өзінде иммерсивтік телеоперация деген бар – адам роботтың көмегімен ұстап жүретін қондырғы арқылы технологияны бақылап отырады. Барлығымыз күнделікті қолданатын Google, Facebook, twitter технологиялық компаниялары тек латын әрпінде жұмыс істейді.
– Ал осындай технологиялық революциялар Ресейде емес, Батыста жасалып жатқанын ескерер болсақ, біздің геосаясатымызда өркениетке қарай басымдылық болуы керек емес пе?
– Иә, сонымен бірге геосаясаттың себептері де жоқ емес. Сол геосаяси себептердің өзі бірнешеге жіктелетін түрі бар. Біріншісі – Қытай факторы. Қытай экономикалық тұрғыда, Африка, Латын Америкасы елдерінің барлығына экспансия жасап болды. Бұл елдерге триллиондаған доллар құйды. Көптеген технологиялық кәсіпорындарын өз меншігіне алды.
Ал Қытай мен АҚШ-тың жылдық сауда көлемі 600 млрд долларға жетті. Ең негізгісі бұл емес: Қытай АҚШ-тың мемлекеттік қарызының ең ірі көлемдегі қолданушысы болып келеді. Бүгінгі күні ҚХР АҚШ-тың триллион долларға жуық мемлекеттік қарызын ұстап отыр.
Екінші аспект, әрине, бүгінгі замандағы батыс әлемі мен Ресей арасындағы теке-тірес. Бұл өте терең процесс. Қазақстан Ресей мен Батыстың арасындағы «қырғи-қабақ соғыстың» от-шарпуына ілініп қалмауы қажет. Қазақстанның экономикасы соңғы кездері Ресейге салынған санкцияларға байланысты өзінің қарқынын жоғалтып алды. Ал Ресейге қарсы салынған санкциялар бәсеңдер емес, керісінше, үдей түсуі ықтимал. Сондықтан біртіндеп векторларға түзетулер енгізілуі керек сияқты. Ал латынға өту қазаққа өмір кеңістігін кеңейтудің бірден-бір жолы! Түбінде болмай қоймайтын жаһандануға қазақтың салт-дәстүрін сақтап енуге дайын болуымыз керек.
– Мен айтар едім: Еуразиялық экономикалық одаққа «кіндігі байланған» Қазақстан үшін латын қарпіне көшу – путиндік «орыс әлемінен» іргені аулақ салудың перспективалық сигналы (белгісі) деп… Ең бастысы – қазақ қоғамы мынаны түсінуі тиіс: латынға бүгін көшіп, ертең оған ендеп еніп кетпейміз – бұл ұзақ процесс бірнеше жылға созылуы мүмкін. Бізге маңыздысы – алғашқы қадам жасау. Бұл қадам біздің батыстық өркениетке бет алғанымыздың алғышартын білдіретін белгі.
– Қазақтың социумы қолдан жасалған «орыс әлеміне» кірмейді, ондай ырқы да жоқ. Бірақ көрші елдің біраз стратегтері бізді солай қабылдайды, оны ашық жазып та жүр. Бұл қолдан жасалған, өміршеңдігі жоқ теория екендігі анық.
Латынға өтудегі басты мәселе «орыс әлемі» немесе жаһандық мәдениет контектісінен де терең. Бір ғана мысал келтірейін. Модернизация жолына бірінші болып түскен азиялық ел – Жапония. Оның көптеген елдерден айырмашылығы – жапон өнеркәсібін модернизациялау процесінде маңызды рольді идеология атқарды. Жапондық идеология елді дамыған мемлекеттердің қатарына шығарып қана қойған жоқ, бұл елдің өзгеге ұқсамайтын, өзіне ғана тән өзіндігін, дәстүрі мен үрдістерін сақтап қалды. Жапондар өз мәдениетінің негізінде модернизация жүргізді, олар ұлттық-мәдени тұрғыда өзгермеді, осы заманның заттарын шығарды, технологиялық революция жасады. Жапондардың мәдениеті модернизация жүргізудің мақсаттарына бейімделген жоқ, модернизацияны жүзеге асыратын басқарушы ақсүйек өкілдері мәдениетке бейімделді.
Осы орайда Нобель сыйлығының лауреаты, ұлы түрік жазушысы Орхан Памуктың мына сөзін келтірейін: «Өзіндік келбетін сақтай алмаған халықтар жоғалады. Сабур деген халықты кім еске түсірер екен? Сабурлар империя болғысы келді, сарматтар киген киімді киді, сарматтардың әшекейлерін тақты, өлеңдерін оқыды, ақыр соңында тарихи жадын жоғалтты, жойылып кетті».
Осыдан артық қандай ескерту керек?!
Латын әліпбиі – қазақ тілінің бүгінгі тарихи жағдайындағы, осы заманға сай келетін ең лайықты «киімі». Біздің «жаңа пассионарлық» дәуірімізге осы латын әліпбиі жаңа күш пен қуат береді деп сенемін!
– Ресеймен арамызда ұлан-ғайыр шекара тұрғанда және солтүстіктік көршіміз «орыс әлемін қорғау» идеясымен бізге (басқа да ТМД елдеріне) ауық-ауық өзінің азуын көрсетіп тұрған кезде қазақстандық билік «іргені аулақ салу» тұрғысындағы ойын ашық айта алмайтыны белгілі. Бәлкім, өз ішіміздегі латын әліпбиіне қарсылар осы саяси жағдайдың мән-жәйін түсінбей отыр деп айтар едім. «Латын әліпбиіне көшу – тек қазақ тіліне қатысты. Ал орыс тілінде шығатын басылымдар бұрынғыша шыға береді» деген тезистің саяси астарын ашық айту – Ресейді «үркітіп алмаудың» амалы екені тағы анық. Дәл осы тұрғыда қазақстандық биліктің аңдап басқан қадамын жазғыру қажет емес сияқты…
– Қазіргі ең негізгі мәселе – латын әрпіне өтуді ресми түрде құжаттап алу. Бұл өте өзекті мәселе деп ойлаймын. Ресми түрде құжатталғаннан кейін, өзіміз меңгеріп алғаннан кейін, егер де тұжырымды, жүйелі түрде енгізе алсақ, басқа белестер де болары анық.
– Дегенмен, ел азаматтарының арасында «әлеуметтік тұрмыс тауқыметі шегіне жеткен кезде билік кезекті бір бастама көтеріп, халықтың назарын басқа жаққа аударуға тырысуда» деген ой-жоралғы бар. Әбден зәрезап болған халықтың бұл пікірін тіптен теріс демесек те, дәл латынға көшу мәселесі тұрғысында мұндай «алдарқату амалымен» ойнауға болмайтын шығар…
– Біздің азаматтар нақ қазір еліміздің тәуелсіздік алғаннан кейінгі өте жауапты, маңызды, өзекті белесте тұрғанымызды түсінуі қажет. Бұл қадам ұлттық концентрациялаудың, қазақ социуымының болашаққа «жұдырық жасауының», еліміздің мемлекеттік дамуының сапалы басқа деңгейге шығуға талпынысының белгісі деп түсіну керек. Осынау өтпелі кезеңде біріге отырып, мәселені салқынқандылықпен түсінгеніміз абзал болар еді. Біздің тырнақтай балаларымыз айфон арқылы латын әліпбиі әлеміне өтіп кеткен. Ертең біздің балалардан ұят болып жүрмесін… Латын қарпіне көшу – қазақ үшін тарихи миссия, бірден-бір мүмкіндікті керенаулықтың құрбаны етпеуіміз керек!
– Бұл тұрғыдағы ойымыз ортақ екен, Ерлан бауырым! Енді «көштің жүре түзелуіне» өз үлесімізді қосуымыз керек шығар. Рахмет!
Ермұрат БАПИ