«Общественная позиция»
(проект «DAT» №34 (398) от 21 сентября 2017 г.
Хат арқауы – заңсыздық
Ұзақ жылдар ішкі істер органында әртүрлі қызметте болып, зейнеткерлікке шықтым. Бірақ әріптестерімнің бүгінгі күні маған жасаған әрекеттеріне қарным ашады. О заман да, бұл заман, бұрынғы полиция қызметкері бүгінгі полицияның үстінен арыз түсіргенді кім көріпті?!
Түсінікті болу үшін әңгімемді тарқатып айтайын:
Алматы облысы, Іле ауданы, Жаңадәуір ауылының тұрғындары, ерлі-зайыпты Е. Исаев пен С. Бәуеден және «АТФ Банкінің» заңды тұлғалары мен «APPRAISER» тәуелсіз бағалау компаниясының жауапты қызметкерлері 2012 жылы қараша айында алдын ала сөз байласып, астыртын ымыраға келіп, қылмыстық топ құрып, маған елеулі түрде зиян келтірілгендігі жайлы Іле аудандық прокурорының атына арызданған болатынмын.
Мен 2006 жылы маусым айында азаматша С.Бәуеденнің меншігінде болған 13,58 соттық жер телімінің 7 соттығын 7000 АҚШ долларына сатып алған болатынмын. Сөйтіп, сатушы жақтың келісімімен сатып алған жеріме сол жылы каркастан үш бөлмелі тұрғын үй салып алдым. Сол кезден бері отбасыммен сол үйде тұрып келемін. Келісім бойынша, сатушы тарап жердің құжаттарын өздері заңдастырып беретін болған.
Олар сол жылдары жеркепеде тұратын. Келесі, яғни 2007 жылы менен алған ақшаға жеркепенің үстіне екі бөлмелі үйді сплинтер блокпен тұрғызып алды.
Жердің құжаттарын зандастыру жағын әне-міне деп, кейінге шегіндіре берді. Сөйтіп жүріп, 2009 жылдың мамыр айында маған сатқан жер телімді (өз атында болғанын пайдаланып) өздерінің жерлеріне қосып, «АТФ Банкіге» кепілдікке қойып, С. Бәуеден ірі мөлшерде несиеге ақша алған.
Бұл жағдайға байланысты қажетті құжаттарды «АТФ Банкінің» несие бөлімінің және «APPRAISER» тәуелсіз бағалау компаниясының орындаушы қызметкерлерімен келісе отырып, жалған құжат жасаған. Менің құқымды қорғайды деп сенім артқан өз әріптестерім көрген қиянатыма қиянат қосып, төрт жылдан аса уақыттан бері заңды шешім қабылдай алмай, жүйкемді әбден тоздырып, керісінше, маған қорлық көрсетіп келеді.
Осы жағдайға байланысты Іле аудандық ІІБ-нің аға тергеушісі Ж. Смайлов 2012 жылы қараша айында жазылған арыздың тексеру мерзімін созбалаңға салып, үш айдан аса уақыт өткен соң, ҚР Қылмыстық кодексінің 177-б. 2-бабының «а» тармағы бойынша қылмыстық іс қозғады.
Қылмыстық іс қозғалғаннан кейін де тергеуші қызметтік әрекетсіздік танытып, екі жылға жуық уақыт негізсіз созып, сол уақыттың ішінде бар-жоғы алты-ақ тергеу амалын жүргізіп, 2015 жылы қаңтар айында қылмыстық істі өндірістен қысқартты. Іле ауданының прокуратурасының құзырымен бұл шешімнің күші жойылып, қылмыстық іс қайта тергеуге қайтарылды. Осы қылмыстық істің осындай деңгейде жүруіне байланысты 2015 жылдың тамыз айында Алматы облыстық ішкі істер департаментінің бастығы генерал М. Үрімханов мырзаның қабылдауында болғанымнан не пайда, одан кейін де ешқандай нәтижелі өзгеріс болған жоқ.
Бұл қылмыстық істің осыншама уақыт негізсіз созылуына байланысты Іле ауданының прокуроры М. Сарпеков аға тергеуші Ж.Смайловтың үстінен үш рет тәртіптік іс қозғаса, ал Алматы облысының прокуроры Ғ. Миразов мырза бір рет тәртіптік іс қозғаған.
Сонымен қатар облыстық ішкі істер департаменті, облыстық прокуратура, Ішкі істер министрлігінің Тергеу комитеті мен Бас прокуратура тарапынан да бірнеше рет нұсқаулар мен тапсырмалар болған. Олардың біреуі де орындалған емес. Керісінше, аға тергеуші Ж.Смайлов қатаң тәртіптік жазаға тартылудың орнына, керісінше, Іле аудандық ІІБ-ің тергеу бөлімінің бастығы қызметіне көтерілген. Бұл жағдайға не деуге болады? Осыны көріп-біліп отырған басқа тергеушілерден кандай қызметтік тәртіпті талап етуге болады?
Мен 2017 жылы қаңтар айында Алматы облысының прокуроры Ғ.Миразов мырзаның қабылдауында болдым, ақпан айындағы маған берген жазбаша жауабында осы қылмыстық істің тергелуі бақылауда болатындығын айтып көрсеткен. Облыс прокурорының осы жауабынан кейін тура сегіз күн өткен соң, Іле аудандық ІІБ-на Панфилов аудандық ішкі істер басқармасынан келген Е.Баймұхамбетов деген тергеуші бұрын-соңды бұл қылмыстық іске еш қатысы болмаса да, бірде-бір тергеу амалдарын жүргізбестен, қылмыстық істі өндірістен қысқарту жайлы шешім қабылдаған.
Сонда Іле аудандық ІІБ-на осы шешімді қабылдайтын тергеуші табылмай қалғаны ма? Жоқ әлде осы жағдайға байланысты осы тергеуші арнайы шақыртылған ба? Олай дейтін себебім – 2015 жылы қаңтар айында бұл қылмыстық істі Ж.Смайлов қысқартқан кезде аудан прокуроры М.Сарпеков тергеушінің ол шешімін бұзып, істі қайта тергеуге қайтарған болатын. Қылмыстық іс дәл сол қалпында қайтадан өндірістен қысқартылған болса да, аудан прокуроры М.Сарпеков іссапармен уақытша келген тергеушінің қабылдаған осы шешіміне қалайша келісімін бере қойғандығы түсініксіз. Содан кейін аудан прокуроры М.Сарпеков маған берген жауабында: «Дау болған жер өзіңізге қайтарылған, сізге ешқандай мүліктік залал келтірілмеген», деп көрсеткен. Сонда бұл кісі осы қылмыстық іс 2013 жылы қозғалғанда және 2015 жылы қысқартылған шешімді өзі бұзып, кері қайта тергеуге қайтарғанда қайда қараған? Осы жағдайға байланысты 2017 жылы сәуірдің 3-інде жаңадан келген Алматы облысының прокуроры А.Жылқыбаев мырзаның қабылдауында болдым. Ол кісі менің көзімше прокуратура қызметкері Ж.Сүлейменовке қылмыстық істі мұрағаттан алдырып, қайта тергеуге қайтаруын тапсырған болатын. Өкінішке қарай, ол кісінің тапсырмасы да орындалмады. Осыдан кейін мен өз құқымды пайдалана отырып, ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 106-бабы негізінде Іле ауданының сотына шағымдандым. Биылғы жылы шілде айының 9-ында Іле ауданының соты тергеуші қабылдаған шешімнің күшін жойып, қылмыстық істі қайта тергеуге қайтарды. Бұл қылмыстық іс бүгінгі таңда Іле ауданындағы тергеуші Қ.Алтынбековтің өндірісінде. Алматы облысы ІІД-і бастығының N 744-бұйрығымен 2016 жылы қаңтардың 19-ында Іле аудандық ішкі істер басқармасының тергеу бөлімінің бастығы Ж.Смайлов қызметінен босатылған. Сөйтіп, төрт айдай уақыт бос жүріп, 2017 жылы сәуірдің 20-ында Алматы облысы ІІБ-ның бұйрығымен Талғар ауданына аға тергеуші қызметіне қайтадан тағайындалған. Сонда Ж.Смайлов аса құнды кадр болғаны ма?
Осы қылмыстық істің қозғалуына негіз болған арыздың жазылған уақытынан бастап есептесем, 4 жыл 9 айдан асыпты. Ал осы қылмыстық істің соңғы рет қайта тергеуге қайтарылғанына үш айдан аса уақыт өтсе де, әлі орнынан қозғалар емес. Заңдылықтың сақталуын қадағалап, бақылап отыратын Іле ауданының прокуратурасы, аудандық ІІБ-ның тергеу қызметінің заңдылықты өрескел бұзу фактілеріне көз жұма қарап, дәрменсіздік танытып, ақыр соңында солардың жетегінде кетіп, заңсыз іс-әрекеттерін қолдап отырғанда, осы қылмыстық іс сотқа жетуі мүмкін емес деп есептеймін.
Сондықтан Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 951, 952-баптарының 1-бөлімі негізінде, Алматы облысы Іле аудандық ішкі істер басқармасын жауапкер ретінде танып, маған келтірілген моральдық залал ретінде 10 000 000 (он миллион) теңге өтемақы ретінде өндіріп беру жөнінде сотқа арыз түсірдім. Алдағы уақытта әріптестеріме сабақ болсын деп осындай қадамға бардым!
Қазбек ЕРТАЕВ,
ҚР Ішкі істер министрлігінің зейнеткері
ОҚО ПРОКУРОРЫ өзгелерден артық па?
Бүгінде аяқ бассаң, заңсыздыққа тап болатының, азаматтардың мыңдаған арыз-өтініштеріне «отписка» жауап беру, қылмыстық істерге байланысты тергеу сапасының сын көтермейтіндігі, құқық қорғау саласынының қызметкерлері тарапынан жеке басының мүддесі үшін қызмет бабын асыра пайдалануы сияқты жат әрекеттер етек алып барады. Осы орайда прокурорлар халықтың құқы мен бостандығын заң тұрғысынан қаншалықты қорғауда?
Турасын айту керек, «көрмес – түйені де көрмес» демекші, заң талаптарының орындалуын қадағалауы тиісті прокурорлар ойына келгендерін істейді. Аудандық, облыстық прокурорлардың кейбір шектен тыс заңсыз әрекеттеріне ҚР Бас прокуратурасы тиісті баға беруге құлықсыз.
Сөзіме дәлел ретінде нақты бір-екі мысалды келтіре кетейін. Осыдан бірнеше жыл бұрын Мақтаарал ауданы прокурорының көмекшісі өзінің автокөлігімен күндіз бір жасөспірімді қағып кетіп, оқиға болған жерде бала мерт болады. Осы адам өліміне байланысты ОҚО прокуратурасы қылмыстық іс қозғап, аудан прокурорының тәртіптік жауапкершілігін қараудың орнына адам өліміне себепші болған прокурорды Созақ ауданына ауыстырумен тынды. Ең болмағанда, прокурордың көмекшісіне тәртіптік шара да қолданылмады. Сонда қалай болғаны: заң бәріне ортақ дегеніміз қайда? Қылмысқа жол берген прокурордың мәселесі неге назардан тыс қалады?
Егер де осындай уақиғаны басқа қарапайым адам жасағанда, оны жүргізушілік куәлігінен кем дегенде 2 жылға айырып, белгілі бір мерзімге бас бостандығанан айырған болар еді. Шындап келгенде, қоғам алдында әсіресе прокуратура қызметкерлерінің жауапкершілігі қарапайым адаммен салыстырғанда әлдеқайда жоғары болуы керек емес пе?
Бір таңқаларлығы, осы тектес қылмыс жасаған басқа облыстың прокуратура қызметкерлері сотталмаса да, қызметтерінен кетіп жатады. Ал ОҚО-да ондай болмайды. Неге? Бұған ҚР Бас прокуратурасы не деп жауап берер екен?
Еркін КЕРІМБАЙҰЛЫ,
еңбек ардагері,
Шымкент қаласы