Пятница , 4 июля 2025

Маржан АСПАНДИЯРОВА: МЕКТЕПТЕГІ ТҰТАСТАЙ БЫЛЫҚҚАН жүйемен ашық күресуге тура келеді

«Обще­ствен­ная позиция»

(про­ект «DAT» №35 (399) от 28 сен­тяб­ря 2017 г.

 

ДАТ!

 


 

Елде­гі мек­теп­тер­де мұғалім мен дирек­тор­дың, мұғалім мен жер­гілік­ті билік өкіл­дерінің ара­сын­дағы тар­ты­стар жиілеп бара­ды. Мұғалім­дер қауы­мы өздерінің әле­умет­тік ста­ту­сын қорғау жолын­да түр­лі қоғам­дық ұйым­дар мен қозға­лы­старға бірі­ге баста­ды. Әр жер­лер­де бой көтер­ген кикіл­жің­дер бары­сын­да сотқа жүгі­ну­шілер де бой көр­се­те бастады.

Мыса­лы, сон­дай бір сот жуы­қта Шым­кент қала­сын­да болып өтті. Мұн­да Еңбек­ші аудан­дық соты «мін­деті­нен тыс жұмысқа тар­ты­лып, дирек­тор­дан қысым көр­генін» айтқан қала­дағы № 38 мек­теп­тің мұғалі­мі Гүл­жан Сәлім­ба­е­ва­ның үсті­нен мек­теп дирек­то­ры мен орын­ба­сар­ла­ры түсір­ген шағым­ды қара­уға жат­пай­ды деп ұйға­рым шығар­ды. Судья Қай­рат Ізба­са­ров жәбір­ле­ну­шілер – мек­теп дирек­то­ры Айман Жүсі­по­ва, оның орын­ба­сар­ла­ры Дана Асыл­бе­ко­ва мен Айжа­мал Қозы­бе­ко­ва­ның өз ары­зда­рын қай­та­рып алуы­на бай­ла­ны­сты іс қара­уға жат­пай­ды деп ұйғарған.

Міне, әсіре­се мұғалім­дер қауы­мын маза­лаған осын­дай әле­умет­тік талас-тар­ты­стар­дың аста­рын­да қан­дай түйт­кіл жатыр? Мұн­дай про­бле­ма­лар­ды заң жолы­мен рет­теу үшін қан­дай қажет­тілік­тер жүзе­ге асуы тиіс? Осы және басқа да сұрақтар­мен қоғам қай­рат­кері, заң­гер Мар­жан АСПАНДИЯРОВА ханым­ды біз бүгін «ДАТ» айда­ры аясын­дағы сөз­ге тар­тқан едік.

 

– Мар­жан ханым, бола­шақ ұрпаққа білім мен тәр­бие беретін мек­теп ұста­зда­ры­ның қоғам­дағы әле­умет­тік мәр­те­бесі тура­лы кей­ін­гі кез­де көбірек айты­ла баста­ды. Мұның себебі неде? Мұғалім­дер­дің жағ­дай­ын жақ­сар­туға оның сеп­ті­гі тиер ме екен? Әңгі­мені осы­дан бастайықшы.

– Оның бір­не­ше себеп­тері бар. Тәу­ел­сіздік алған­нан бер­гі жыл­дар­дағы білім берудің сапа­лық дең­гейі көңіл көн­шіт­пей­ді. Қолға алы­нып, толық іске аспай қалып жатқан рефор­ма­лар бұры­нғы, дәстүр­лі жүй­ені бұз­ды. Бірақ оның орны­на өрке­ни­ет көшіне іле­сер­лік­тей жаңа жүй­ені қалып­та­сты­рып, орны­қты­ра алма­ды. Мини­стр­лері ең көп ауы­сқан бұл сала­дағы келеңсіздік­тер қоғам­да алаң­да­у­шы­лық, сенім­сіздік туғы­зды. Білім нәрі­мен сусын­да­та­тын ұстаз маман­ды­ғы­ның қадірі қашты. Еңбе­кақы­сы төмен, әле­умет­тік жағ­дай­ла­ры­на қарай­лас­пай­тын мұғалім­дік қыз­мет­ке қызы­ғу­шы­лық азай­ды. Мың­даған мұғалім­дер­дің жетіс­пей жату­шы­лы­ғы содан. Бала­ларға сабақ үйре­тудің орны­на үй ара­лап, тізім жасап, сай­ла­у­ға, әртүр­лі шара­ларға ара­ла­сып ала­ша­пқын бола­тын, көше сыпы­рып, қоқыс тазар­та­тын мұғалім­дер­ге көзқа­рас өзгер­ді. Оларға жұрт әкім­дік­тер­дің қол­ба­ла­сы, тіп­ті жал­шы­сы сияқты қарай­тын бол­ды. Еңбе­кақы­сы күн­көрісіне әзер жететін кедей­лер тобын­дағы әле­умет­тік бұл топ­ты мен­сін­бей­тін­дер жетер­лік. Мек­теп­тер­де ақша жина­уға мәж­бүр ету­шілік, парақор­лық тый­ыл­май келеді.

Міне, мұның бәрі асқы­нған дерт­тен ары­лу үшін не істеу керек, аху­ал­ды қалай оңда­уға бола­ды деген сұрақтар­ды күн тәр­тібіне қой­ды. Ұстаз мәр­те­бесін айқын­дай­тын заң қабыл­дау қажет­ті­гі осы­дан шыққан деп ойлай­мын. Егер дұрыс заң қабыл­дан­са және ол іске асы­рыл­са, құба-құп. Халы­қтың күтері осы. Мұғалім­дер­дің әле­умет­тік жағ­дай­ын жақ­сар­тып, олар­дың оқу-тәр­бие ісіне жау­ап­кер­шілі­гін күшейт­се, педа­гог қыз­мет­кер­лер­ді өздерінің кәсіп­тік мін­дет­терін орын­да­у­мен бай­ла­ны­сы жоқ жұмыс түр­леріне тар­туға жол беріл­ме­се, бүгін­гі келеңсіздік­тер азаяды.

 

– Шым­кент­те­гі мек­теп дирек­то­ры­ның және оның орын­ба­сар­ла­ры­ның мұғалім қызға жабы­лып, сотқа сүй­ре­ле­уін айып­тап жатқан­дар көп. Бұл жәйт қоғам­дағы жағым­сыз оқиға ретін­де көп­шілік­тің көңілін күп­ті етті. Сіз сот про­цесіне мұғалім Гүл­жан Сәлім­ба­е­ва­ның өкілі ретін­де қаты­сты­ңыз. Төрт айға созы­лған аза­мат­тық істі қара­удың ақы­рын­да әріп­тесін қуда­лаған талап­кер­лер өз ары­зда­рын қай­та­рып алған екен. Мұны қоғам­дық желілер­де пікір біл­діру­шілер­дің біра­зы мұғалім­нің, оның қорға­у­шы­ла­ры­ның жеңісі ретін­де баға­лап­ты. Мек­теп бас­шы­ла­ры­ның қара­уын­дағы қыз­мет­керін сот арқы­лы жаза­ла­туға әре­кет­тен­ген­дері қалай? Іске нүк­те қой­ыл­ды ма?

– Бұл – шын­ды­ғын­да да жұрт­шы­лы­қтың, әсіре­се рес­пуб­ли­ка­дағы мұғалім­дер қауы­мы­ның наза­рын аударған сот. Өйт­кені бұл дау Шым­кент­тің аясы­нан шығып, тұтас Қаза­қстанға мәлім бол­ды. Педа­го­ги­ка­лық ұжым­ның, яғни білім мен тәр­бие орда­сы­ның – мәр­те­белі меке­менің бас­шы­ла­ры өз әріп­тесіне қысым­шы­лық жасаған­да­ры аздай, оны жау­ап­кер ретін­де сотқа бер­ді. Қашан да жақ­сы қыры­нан таны­лып, өз мін­детін лай­ы­қты атқарға­ны үшін мақта­у­ларға ие болған мұғалім­нің жазы­ғы неде?

 

– Иә, осы сұрақты тарқа­тып айтыңызшы?

– Үсті­міз­де­гі жылғы сәуір айын­да, дема­лыс күн­дерінің бірін­де ауыл­дағы сырқат ана­сы­ның халін білу­ге кет­кен Гүл­жан Сәлім­ба­е­ва­ны мек­теп дирек­то­ры аяқ асты­нан ізде­те­ді. Қала әкі­мінің тап­сыр­ма­сы бой­ын­ша бөлініп беріл­ген учас­ке­де­гі адам­дар­дың жағ­дайы жөнін­де ақпа­рат­ты дереу жет­кі­зуді талап ете­ді. Гүл­жан дәл сол кез­де қалаға кері қай­та алмай­ты­нын түсін­діру­ге тыры­са­ды. Бірақ оны бас­шы­лар­дың ұққы­сы кел­мей­ді. Өйт­кені жоға­ры­дағы­лар­дың тап­сыр­ма­сын қалай да орын­да­у­ла­ры керек. Дүй­сен­бі­де дирек­тор орын­ба­сар­ла­ры­мен бір­ге «тіл алмаған» қыз­мет­кер­ді каби­нетіне шақыр­тып, айғай-шуды бастай­ды. Мұғалім қыздың уәжін, түсін­дір­месін тың­да­уға құлық таныт­пай, бақы­ра сөй­ле­ген­дер оның есін шыға­ра­ды, жүй­кесіне сал­мақ түсіреді. Қысым көр­се­ту одан кей­ін­гі күн­дері де жалға­са­ды. «Жау­ап­кер­дің» куәсінің айтуы­на қараған­да, орын­ба­сар­лар­дың бірі есі­нен танып құлаған Гүл­жан­ды аяғы­мен түрт­кен көрі­неді. Дәрі­гер шақы­ры­ла­ды, жағ­дайы қиын­дап, жүре­гі қысы­лған Гүл­жан ауру­ха­наға жет­кізіледі. Оның осын­дай хал­ге түс­кенін отба­сы­на хабар­ла­май­ды, көңілін сұрап, жағ­дай­ын біл­мей­ді. Гүл­жан 17 күн емде­леді. Бас­шы­ла­ры­ның әре­кетін қор­лау, қысым көр­се­ту, адам­гер­шілік­ке жат­пай­тын іс деп баға­лаған Сәлім­ба­е­ва, болған жайт қай­та­лан­ба­сын, мұны жұрт біл­сін деген оймен, дирек­тор­дың айғай­лаған, өктем сөз­дерінің дыбыст­ық жаз­ба­сын әле­умет­тік желі­ге сала­ды. ҚР пре­зи­ден­ті­нен ара­ша сұрай­ды, білім және ғылым мини­стріне хат жаза­ды. Бар «жазы­ғы» осы.

Кей­ін әлдекім­дер Гүл­жан­ның ешбір қаты­сын­сыз, интер­нет­ке әзіл­кеш бейне ролик­ті салып жібе­реді. Тізім­ді дема­лыс күн­дері әкеліп тап­сыр­маға­ны, айтқан­ды сол сәтін­де орын­да­маға­ны үшін және ұрыс-керісті жария еткені үшін оны кінәлі санаған бас­шы­лар қоғам­дық талқы­ға сала­ды. Ата-ана­лар, ақсақал­дар қаты­сты­ры­лған заң­сыз жина­лы­ста мұғалім­нің кінәсі мен күнәсі­нен гөрі бас­шы­лар­дың бас­сызды­ғы басым болып шыға­ды. Ақсақал­дар екі жақты тату­ла­сты­рып, дауды тоқта­туға тыры­са­ды. Гүл­жан дирек­тор тара­пы­нан қуда­лау бол­май­тын­ды­ғы­на кепіл­дік хат беруді сұрай­ды. Оған келіс­пе­ген бас­шы­лар жалған ақпа­рат тара­тып, ар-намысы­мы­зға, абы­рой­ы­мы­зға нұқ­сан кел­тір­ді деп, мораль­дық залал үшін 6 мил­ли­он тең­ге өндір­туді сұрап, Шым­кент қала­сы Еңбек­ші аудан­дық соты­на талап арыз тапсырады.

Гүл­жан Сәлім­ба­е­ва­ның әділет­сіздік­ке, қия­натқа қар­сы тұра ала­тын аза­мат­ша, білім­ді, өз кәсібін жете игер­ген маман екен­ді­гіне менің көзім жет­ті. Алғыр­лы­ғы мен батыл­ды­ғы бай­қал­ды. Өзін қорғай біл­ген адам өзге­лер­дің де құқы­ғын қорға­удан қашпай­ды. Бұл сот­та оның өкіл­дері болған елге таны­мал аза­мат­тар – Жақ­сы­лық Шеке­ев пен Жаңа­бек Әші­мо­втың, ұстаз Меңсұ­лу Мал­ды­ба­е­ва­ның істің ақ-қара­сын айы­ру­дағы білік­тілік­тері мен өмір­лік тәжіри­бе­лерінің, бел­сен­ділік­терінің нәти­желі болған­ды­ғын айры­қ­ша айтқым келеді. Жур­на­ли­стер Дила­ра Иса, Қанат Тіле­ухан, Жай­на Слан­бек, Айза­да Төре­бекқы­зы және бло­гер Ардақ Әшім, құқық қорғау ұйым­да­ры­ның өкіл­дері сот­тың өту бары­сын жіті бақы­лап, ақпа­рат тара­тып отыр­ды. «Жемқор­лық пен сыбай­ла­стық етек жай­ған өңір­де әділет жең­бей­ді. Бұл про­цесс – қан­дай іс бол­са да, билі­гі мен бай­лы­ғы бар­лар­дың пай­да­сы­на шешіледі» деген құлаққа сіңісті пікір­ді жоққа шығарған­дай болды.

 

– Бұл істі біз де қадаға­лап отыр­дық. Мек­теп мұғалім­дері жер­гілік­ті әкім­нің қол­жа­улы­ғы болға­нын екінің бірі біледі: сай­лау бастал­са – мұғалім жүгіреді; көше таза­ла­уда мұғалім жүреді; шеру­лер мен нешетүр­лі сал­та­нат­тар мұғалім­дер мен оқу­шы­лар­сыз өтпей­ді… Ел-жұр­тқа, ата-ана­ларға көпе-көр­неу бел­гілі осы жағ­дай­ды біле тұра, мек­теп дирек­то­ры сот арқы­лы өзінің ар-ожда­нын қалай қорға­мақ бол­ды? Ол да жер­гілік­ті билік­тің қол­ба­ла­сы сияқты орын­да­у­шы тұлға ғой?

– Кез кел­ген аза­мат неме­се аза­мат­ша өзінің абы­ройы мен беделін қорға­уға құқы­лы. Егер ол тура­лы шын­ды­қ­пен үйле­с­пей­тін жалған ақпа­рат тара­тыл­са және ол ар-намысқа тиген бол­са, сотқа жүгіне ала­ды. Ал ақиқат­ты бұр­ма­лау үшін жасаған өзінің теріс әре­кет­терін, қыл­мысын ақтап алу мақ­са­тын­да жалған­ды­ққа бар­са, оны жұрт көр­мей ме, сот сезбей ме?! Міне, өркөкірек, көз­дерін шел басқан, ұзақ жыл бастық болып, өз дегенін ғана дұры­сқа санай­тын адам­дар осы­ны аңға­ра бер­мей­ді. Тіп­ті қара­уын­дағы бағы­ны­шты­ла­ры­на өтірік айтқы­зып, жалған куәлік бер­гізіп, ары­нан атта­уы­на мәж­бүр­лей­тін­дер көп қой. Сон­ды­қтан заң жолы­мен шешілетін қан­дай­да бір істі, мей­лі қыл­мыстық неме­се аза­мат­тық іс бол­сын, сот­та қарау баста­лар­дан бұрын лау­а­зым­ды тұлға­ны қыз­мет­тік мін­детін атқа­ру­дан мін­дет­ті түр­де шет­тет­кен жөн. Сон­да ғана әділет­тілік­ке жақын­дай­мыз. Өкініш­ке қарай, істі қарай­тын судья­лар қар­сы жақтың осын­дай өтіні­ш­теріне құлақ аспайды.

Гүл­жан Сәлім­ба­е­ва мен оның мек­теп­те­гі бас­шы­ла­ры мынан­дай дүр­мек­ке түс­пес еді: егер Білім тура­лы заң­ның 51-бабын­дағы «…педа­гог қыз­мет­кер­лер­ді өзінің кәсіп­тік мін­дет­терін орын­да­у­мен бай­ла­ны­сы жоқ жұмыс түр­леріне тар­туға жол беріл­мей­ді» деген талап­ты өздері орын­даған бол­са, егер қала әкі­мі мен білім беру басқар­ма­сы­ның басты­ғы сол талап­ты қатаң ұстан­са және дирек­торға тап­сыр­ма беріп, оны орын­да­уға мін­дет­те­ме­се. Бұл басы ашық ақиқат, сіз айтқан­дай, жұрт­тың бәрі біледі. Бірақ дирек­тор оны мой­ын­дағы­сы кел­мей­ді. Мой­ын­да­са, мой­ны үзіледі – қыз­мет­тен қуы­луы мүм­кін. Заң­ды бұзға­ны үшін білім басқар­ма­сы мен әкім­шілік­те­гі дөкей­лер жау­а­пқа тар­ты­ла­ды. Әрине, олар әділет­тілік пен шын­дық жолын­да өздерін құр­бан­ды­ққа шала­тын ерлік­ке бар­май­ды. Өздерін сақтау үшін дирек­тор­ды жақтай­ды, ақтай­ды, оның теріс әре­кетіне көз­дерін жұмып қарай­ды, кей­бір құжат­тар­ды қол­дан қай­та жасай­ды, қолай­сыз мұғалім­ді құды­ққа құла­та салады.

Сөй­тіп дирек­тор өзін қорғап қалу арқы­лы жоға­ры­дағы басты­қта­рын қолай­сызды­қтан құтқар­мақ бола­ды. Гүл­жан­ның жағ­дай­ын өмір­де­гі осын­дай мысал­дан кей­ін өзіңіз бағам­дай беріңіз. Біз қар­сы жақтың енді­гі қадам­да­ры­на қарай­мыз. Олар сотқа қай­та жүгін­се, жоға­ры­дағы болжам­дағы­дай болуы ықти­мал, біздің енді тұта­стай былы­ққан жүй­е­мен ашық айқасқа кірі­суі­міз­ге тура келеді. Қолы­мы­здағы бұл­тарт­пай­тын құжат­тар­ды, айғақтар­ды пай­да­ла­на­мыз. Оқиға куәлерінің тек қана шын­ды­қты жасыр­май, жасқан­бай айтуы­на үміт арта­мыз. Қажет бол­са, істі Жоғарғы сотқа дей­ін апарамыз.

 

– Жер­гілік­ті жер­де­гі ұста­здар­дың өздерінің құқы­ғын қорғау мәсе­лесін­де­гі бел­сен­ділі­гі қан­дай екен? Қоғам тара­пы­нан сотқа келіп, қол­дап жатқан­дар­дың қата­ры көп бол­ды ма?

– Мұғалім­дер­ді өз құқы­ғын қорға­уы­на мәж­бүр ететін дирек­тор­лар көбей­іп бара жатқан сияқты. Тепе­ріш көр­ме­се, ұста­здар тыны­шты­қты бұз­бай­ды. Биы­лғы жыл­дың өзін­де Қызы­лор­да­да, Пав­ло­дар­да, Шым­кент­те дирек­тор­лар мен мұғалім­дер ара­сын­дағы сот­та­су­лар­дың куәсі бол­дық. Ұста­здар­дың бәріне көне беретін жасқан­шақты­қтан, тәу­ел­ділік­тен ары­лып, өз құқы­ла­рын қорға­уға кіріс­кені қуан­та­ды. Ағар­ту­шы-тәр­би­е­шілері­міз түзел­мей­ін­ше, қоғам да түзел­мей­ді, дер­ті­нен айы­қ­пай­ды. Қуғын­далған әріп­те­стеріне қол­дау біл­діру­шілер қата­ры күн санап өсіп келеді. Ашық бой көр­се­ту­ге баты­лы жет­пе­ген­дер тілек­те­сті­гін оңа­ша­да айтып-ақ жүр. Олар­дың қата­ры бір­ша­ма. Ал әле­умет­тік желі­де­гі қол­да­у­шы­лар­дың бел­сен­ділі­гі көтеріл­генін көрдік.

 

– Қаза­қстан мұғалім­дері қауы­мын жер­гілік­ті билік пен дирек­тор­лар­дың қол­жа­улы­ғы болу­дан құтқа­рып, жас ұрпаққа білім беру қыз­метін жан-жақты қам­та­ма­сыз ету үшін қан­дай қадам жасау керек деп ойлайсыз?

– Ұста­здар мәр­те­бесі тура­лы жеке заң керек деген ұсы­ны­стар­ды қол­дай­мын. Ол заң­ды жазуға мұғалім­дер қауым­да­сты­ғы­ның өзі ара­ла­сып, бел­сен­ділік таныт­са дұрыс болар еді. Заң­да мынан­дай мәсе­ле­лер қам­тыл­са: мұғалім­дік қоға­мға аса қажет­ті маман­дық иесі деп таныл­са, әле­умет­тік мәсе­ле­лерін шешуді мем­ле­кет өз мін­детіне алса, жас маман­дарға жағ­дай жаса­са, ком­му­нал­дық төлем­дер­ге жеңіл­дік қарас­ты­рыл­са, айлы­қта­рын жоға­ры дең­гей­ге көтер­се, білім мен тәр­бие беру­де­гі жеке жау­ап­кер­шілік­терін күшейт­се, бөг­де жұмыстарға тар­туға мүл­де тый­ым салын­са, дирек­тор­лар­ды ұжым мен ата-ана­лар­дың бір­лес­кен жиын­да­рын­да сай­лай­тын бол­са, жаңа­шыл, ғылы­ми-зерт­теу жұмыста­ры­мен айна­лы­са­тын, шәкірт­тері үздік нәти­же­лер­ге жетіп жүр­ген маман­дарға үсте­ме ақы төлен­се. Міне, сон­да мұғалім­дер бей­ша­ра кей­іп­тен ары­лып, үлгі тұтар­лық, қастер­лей­тін тұлғаға айна­лар еді. Бұл өз кезе­гін­де білім­ді, сана­лы, тәр­би­елі ұрпақтың, сол арқы­лы өрке­ни­ет­тер көшін­де өз орнын таба­тын халы­қтың қалып­та­суы­на сеп­те­сетін болады.

 

– Мұғалім­дер өздерінің кәсі­би қыз­меті­нен тыс жүк­те­летін мін­дет­тер­ден (сен­білік­тер­ге қаты­су мен сай­лау науқан­да­рын ұйым­да­сты­руға, мек­теп­тен тыс басқа да жұмыстарға қаты­су) өз ерік­тері­мен бас тар­та­тын бол­са, жұмыс­сыз қала­мыз деп қауіп­те­неді. Осы жағ­дай­да сіз заң­гер ретін­де мұғалім­дер қауы­мы­на қан­дай кеңес берер едіңіз?

– Айман Сағи­дул­ла мен Гүл­жан Сәлім­ба­е­ва секіл­ді батыл, тура­шыл болуға, заң­ды біліп, өз құқы­ла­рын өздері қорғай алу­ды үйре­ну­ге кеңес берер едім. Алты­кең – Алтын­бек Сәр­сен­бай­ұ­лы айтқан­дай, тәу­ел­сіз елде тәу­мен­ді тұлға­лар бол­мауы керек. Ол үшін өзіңіз­ге сенім­ді болы­ңыз: кәсібіңізді жетік мең­геріңіз, білі­міңізді толы­қты­руға, үне­мі ізденіп, үйре­ну­ге жалы­қ­паңыз, мұғалім мем­ле­кет­тің құлы емес, ол – адам­заттың ағар­ту­шы­сы деп сезініңіз. Мықты мұғалім­ді жұмыстан шыға­руға бата алмай­ды. Ұжым­дық кіріп­тар­лы­қтан ары­лып, қуда­лау көр­ген әріп­тес­ке ара­ша­шы болу қажет­ті­гін түсін­ген абзал.

Бақыт­гүл МӘКІМБАЙ,

«

 

 

 

Бет қат­та­лып жатқанда

 

Оқу жылы сотпен

ӨТЕТІН БОЛДЫ

 

Сіз айтып оты­рған бас­шы­лар енді мек­теп­тен қуыл­мақ түгілі, қай­та­дан сотқа арыз берей­ін деп жатыр екен, шешім­мен келіс­пей. Бар­лық қорқа­тын мұғалім­дер­ді жинап алып, қысым көр­сетіп, «біз қай­та­дан арыз бере­міз, сон­да біздің сөзді сөй­лей­сің­дер» деп жина­лыс жасапты.

 

Мек­теп топа­лаң, қай­та­дан үрку, қорқу, сату. Бұл қан­ша­лы­қты заң­ды? Өздері ары­зды қай­тып алып, қай­та­дан беріп, сот­пен өткіз­бек­ші ме оқу жылын? Ұжым­ды қол­ба­ла етіп, өз мақ­сат­та­ры­на пай­да­ланған­дар тыны­штық бере ме? Бұн­дай жағ­дай­ға жет­кізіп оты­рған бас­шы әрі қарай қалай басқа­ра­ды? Білім басқар­ма­сы, облыс әкім­шілі­гі не бітіріп отыр? Нүк­те қой­ы­лу керек емес пе? Әлде рес­пуб­ли­каға жет­кені аздай, әлем­ге жету керек пе?

Айтқо­жа ФАЗЫЛ

 

 

Мәлім­де­ме

 

Біз Гүл­жан­ды

ҚОРҒАЙМЫЗ!

 

Рес­пуб­ли­ка­лық педа­го­ги­ка­лық «Ойса­лым» қоғам­дық кеңесінің Шым­кент қала­сы №38 мек­теп­тің мұғалі­мі Гүл­жан Сәлім­ба­е­ва­ның қала­лық сот­та қара­лып жатқан ісі жай­ын­да мәлімдемесі.

 

Бірін­ші­ден, біз мек­теп дирек­то­ры Айман Жүсі­по­ва­ның және оның орын­ба­сар­ла­ры­ның мұғалім­нің өзіне әділет­сіздік жасалға­нын айтып, жоға­ры орын­дарға шағым­данға­ны үшін сотқа бер­генін заң­сыздық деп есептейміз.

Қаза­қстан­ның әрбір аза­ма­ты жәбір көр­ген жағ­дай­да пре­зи­дент­ке дей­ін шағым­да­нуға құқы­ғы бар. Ол үшін ол қуғын­да­луға тиісті емес. Бұл жай­ын­да өз заң­да­ры­мы­зды былай қой­ған­да, Бірік­кен Ұлт­тар Ұйы­мы­ның «Адам құқы­қта­ры­ның жал­пы­ға бір­дей декла­ра­ци­я­сы­ның» 5–8‑баптарында айқын көр­сетіліп жазы­лған. Демек, мек­теп дирек­то­ры қыз­мет бабын пай­да­ла­нып, Қаза­қстан аза­ма­ты­ның әділет­сіздік­тен өзін-өзі қорғау құқы­ғын өрес­кел бұзып отыр. Сол үшін жәбір­ле­ну­ші жәбір­ле­ушінің өзін сотқа беруі керек.

Екін­ші­ден, Гүл­жан Сәлім­ба­е­ва өзіне беріл­ген тап­сыр­ма­ны орын­дап, мек­теп­те сабағы жоқ күні ауру ана­сы­на барған. Ал бос уақы­тын кім де бол­са өз жеке шаруа­сы үшін пай­да­ла­нуға құқы­лы. Бұл жер­де мек­теп дирек­то­ры тағы адам құқы­ғын бұзып отыр.

Үшін­ші­ден, айлы­ғы шай­лы­ғы­на зорға жететін қара­пай­ым мұғалім қыздан 6 мил­ли­он тең­ге талап етуі – нет­кен сорақы­лық, не деген масқа­ра! Мұн­дай адам қалай мек­теп дирек­то­ры болып отыр деген заң­ды сұрақ туады.

Төр­тін­ші­ден, біздің Қоғам­дық кеңесі­міздің мін­детіне мек­теп дирек­ци­я­сы тара­пы­нан қуғын­да­уға ұшы­раған мұғалім­дер­ді қорғау да жата­тын­ды­қтан, іс жүр­гі­зу­ші сот­тан бұл істі көп созбай тоқта­ту­ды, Гүл­жан Сәлім­ба­е­ва­ның ісін заң шең­берін­де әділ шешуді талап ете­міз. Олай бол­маған жағ­дай­да рес­пуб­ли­ка­лық Жоға­ры сот алдын­да мәсе­ле көтереміз.

Бесін­ші­ден, біз­де бала­лар­дың құқын қорғай­тын заң бар, ал мұғалім­дер­дің құқы­ғын қорғай­тын заң жоқ. Біз Рес­пуб­ли­ка­лық Педа­го­ги­ка­лық ака­де­ми­я­сы­мен бір­ле­се оты­рып, жуы­қта «Мұғалім­дер­дің құқы­ғын қорғау тара­лы» заң жоба­сын жасап, оны пар­ла­мент­ке ұсы­на­тын бола­мыз. Сөй­тіп, алдағы уақыт­та зор­лы­қ­шыл мек­теп дирек­тор­ла­ры жазы­қ­сыз мұғалім­дер­ді құда­лай алмай­тын бола­ды, көрін­ген қара жұмыстарға жек­пей­тін болады.

 

• Жұмаш СОМЖҮРЕК, Рес­пуб­ли­ка­лық педа­го­ги­ка­лық «Ойса­лым» қоғам­дық кеңесінің төраға­сы, жазушы

• Аят­жан АХМЕТЖАН, төраға орын­ба­са­ры, Аста­на қала­сы Рес­пуб­ли­ка­лық «KAZBILIM» орта­лы­ғы­ның директоры

 

 

Мұғалім­дер­ге

СҰРАҚ

Қазір мек­теп оқу­шы­ла­ры пән­дік тестер тап­сы­руға кірісті. Ол ақы­лы екен. Ата-ана­лар­дан «тестке» деп әрбір оқу­шы­дан 350 тең­ге­ден жина­лып алы­на­ды. Осы заңға сай ма? Бар­лық жер­де­гі баға бір­дей ме, жоқ әлде оны әркім әрқа­лай қой­ып отыр ма? Егер тест тап­сы­ру мем­ле­кет бекіт­кен оқу бағ­дар­ла­ма­сын­да бар бол­са, онда «орта білім беру тегін» деген нор­маға ол қай­шы кел­мей ме? Әлде тест оқу­шы­лар­дың білі­мін аны­қтап оты­ру үшін жасалған ақы­лы қосым­ша шара ма? Егер олай бол­са, мек­теп одан бас тар­та ала ма? Ақша қан­дай фир­ма­ның, меке­менің қор­жы­ны­на түсу­де? Ал мек­теп мем­ле­кет­тік меке­ме болған­ды­қтан, ондай ком­мер­ци­я­лық шар­ттарға (ата-ана­лар­дың рұқ­са­тын­сыз) оты­руға қақы­лы ма? Әлде бұл мини­стр­лік­тің мем­ле­кет­тік тап­сы­ры­сы емес пе екен? Онда бюд­жет­тен қар­жы бөлі­нуі керек еді ғой?.. Мен осы сұрақтарға білік­ті жау­ап беретін ұста­здар болар деп үміт­теніп отырмын…

Әбдіра­шит БӘКІР

 

 

Мек­теп қашан

ЖАҢҒЫРАДЫ?

Мек­теп­те мұғалім­дері сағат­ты дирек­тор­дан сатып алуға мәж­бүр бола­тын елде, оқу­шы­ла­ры тал­тай­ып, әкесінің «Лек­су­сы­на» оты­рып мек­теп­ке келетін, ұста­зда­ры­ның тоңқай­ып, ағаш егіп жатқа­нын көретін елде білім­ге құр­мет болуы неғай­был дүние ғой. Мен бұн­дай жабай­ы­лық 90-жыл­дар­да кел­мес­ке кет­ті деп жүр­сем, өршіп тұр екен ғой қай қала, қай ауы­лы­ң­да да.

«Сен­білік» деген сон­ша­лық қор­сы­на­тын дүние емес дей­тін­дер­ге: енде­ше дирек­то­ры қоса шығуы керек, тек­се­ру­ге емес, жұмыс істе­у­ге. Онда да әкім қара­сы көрі­нер алдын­да емес, табиғат­ты қорғау күні сияқты арнайы мез­гіл­де, не ерік­ті акция шең­берін­де. Мәж­бүр­лік­пен кеңе­стік «тру­до­те­ра­пия» шең­берін­де емес.

Қазір біздің оқу­шы­лар мен оның ата-ана­ла­ры өз құқы­қта­рын және мұғалім­дер­дің мін­дет­терін жақ­сы біліп алған. Ал ұста­здың өзіне қажет­ті құқы­қты кім қорға­уға кірі­сетінін мен, шыны керек, білмеймін.

Бірақ жемқор­лық, басты­қтар­дың өз қара­мағы­ң­дағы­ла­ры­на дөрекі сөй­ле­уі, бірін­ші кла­стың бала­сы құса­тып сүмірей­тіп, көп­тің көзін­ше сөгіс жари­я­ла­уы сияқты дүни­е­лер білім­ге қаты­сы аздау сала­ларға, базар-вок­за­лға ғана жара­са­тын сияқты.

Менің түсіні­гім­де, дирек­тор­ла­ры мұғалім­деріне оқу­шы көзін­ше «сен» деп сөй­лей­тін мек­теп – ешқа­шан руха­ни жаңғырмайды.

Оскар КОСТА

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн