Көрмеден кейінгі КҮЛКІМІЗ КӨМІР БОЛДЫ

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №35 (399) от 28 сентября 2017 г.

 


Миллиардтарды жалмаған ЭКСПО-17 көрмесінің жабылғанына бір ай болған жоқ: ал күні кеше Қазақстанның кейбір өңірлеріне алғашқы қардың түскені сол-ақ екен – көмірдің бағасы шарықтап кетті. Газ бармаған алыс ауылдарда оның бір тоннасы 20 мың теңгеге дейін жетті деген сөз бар.

Неге? Бұл қайдан келген баға?

 

Себебі ЭКСПО-ның миллиардтаған шығынын қара халықтың есебінен жабу үшін, коммуналдық және басқа да тарифтер күрт көтерілді. Мәселен, Қазақстанда көмірдің бағасының көтерілуі оны тасымалдау тарифтерінің өсуімен түсіндіріледі, деп мәлімдеді «Астана қаласының кәсіпорын және өнеркәсіп басқармасы» РМК өнеркәсіпті дамыту бөлімінің бастығы Азамат Рашитов. «Өздеріңіз білесіздер, алдымен жанар-жағармай құю бағасы қымбаттады, екіншіден, Қазақстан темір жолының теміржол тарифтері 25%-ға артты. Тиісінше, осы факторлардың барлығы бизнес өкілдерін қазіргі жағдайға бейімдеуге мәжбүр етеді. Бізде нарықтық экономика бар, сондықтан әкімдіктің көмірді сату нарығына араласуына құқығы жоқ», – деді А. Рашитов кеше елорда әкімдігінде өткен брифингте.

Бұл, шамасы, Рашитов ырылдатқан сөз емес: оған осылай деуге жоғарғы жақтан жарлық келген. Көрмеден кейінгі халықтың күлкісін көмір қылудың биліктік технологиясын реттеу рашитовтарға тапсырылған сыңайлы.

Енді мына қызықты қараңыз: «нарыққа араласуға құқығы жоқ» сол әкімдер ел-жұртты тайлы-тұяғымен ЭКСПО көрмесіне бір шыбықпен айдады; екі-үш күндеп Астанада облыстың күндерін өткізді; оған бетке басар, «шөпке ты…ар» жақсысы мен жайсаңын ақы беріп жинады; мемлекеттің қып-қызыл қыруар қаржысын құртты. Басқа шашетектен шашылуды айтпағанда, әр облыс осы көрмені «көтеріп алу» жолында күшенген күйге түсті.

Ал енді тарифтер көтеріліп, қыстың көзі қырауда көмірдің бағасы шарықтап кеткен кезде оған «әкімдердің араласуға құқығы» болмай қалды. Бұл «судан өткенше қызыңды алайын…» деудің сыйқы болды да шықты. Ақыры қара халық көмірге қарап қалар күн туғанда, «қызды ұруға» құлықсыз боп қалды.

Ауа райын зерттеуші мамандардың жоралғысына қарағанда, биыл соңғы 100 жылда болмаған суық қыс болайын деп тұр. Ал бейресми деректер бойынша, бір жарым миллионы жұмыссыз, 3 миллионға жуығы – «өз күнін өзі көрген» халық бұл қысты қалай өткізеді – ол мәселеге «әкімдер араласуға» болмайды.

Аман бол, көмірге қарап, күлкісі көмір болған қазақ!

Ермұрат БАПИ

 


 

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн