«Общественная позиция»
(проект «DAT» №36 (400) от 05 октября 2017 г.
Желідегі жазбалар
(Әзіл-шыны аралас)
– Уә, Үкімет – Бақытжан Сағынтаев!
Сұрақ берсек өзіңе несі айып?!
Күннен- күнге халқыңды кедейлетіп,
Ал өздерің жүрсіңдер қалай байып?
– Уә, Сенат – Тоқаев Қасым-Жомарт!
Жауап берші, сізге де қойдық сұрақ.
Қымбаттатқан барлығын Үкіметтің,
Аласыңдар «құлағын» қашан «бұрап»?
– Уә, Мәжіліс – төраға Нығматуллин!
Сізге айтпай, кімге айтар халқың мұңын?!.
Айлығыңды көбейтіп елден бұрын,
Неге отырсың қарысып жақ пен тілің?
– «Нұрлы жолды» бастаған НҰР-ағамыз!
Тілеуіңді Алладан сұрағанбыз!
Бар байлықты «әркімге» сатып кетсек,
Не тастаймыз ұрпаққа мұраға біз?
Елбасымыз, Нартұлға НҰР-ағамыз!
(Ешбір қоғам дамымас бұралаңсыз.)
Ширек ғасыр халқыңды сізге сенген,
Енді қашан «ұшпаққа» шығарасыз?
Аймұханбет
Бейсембеков
ЖАҢА МҰНАЙ ӨҢДЕУ ЗАУЫТЫ ҚАШАН САЛЫНАДЫ?
Энергетика министрі Қанат Бозымбаевтың 3 қазанда мәлімдеуінше, АИ-92 маркалы бензиннің 30 пайызы көрші Ресейден тасымалданады екен. Аталған жанар-жағармайға кететін барлық шығындарды санағанда, бір литрдің бағасы 150–151 теңгеге шығатын көрінеді. Сонда бағаның былайша шарықтауына кім кінәлі? Ресейді, тасымал шығындарын, құжаттарды рәсімдеуді кінәлі етудің еш жөні жоқ. Өз жерімізде мұнай өндіріледі. Өндірілген сол мұнайды өз жерімізде неге толықтай өңдеуге болмайды?
Жерінде мұнай шығарылмайтын Қырғызстанда, Қара-балтада 2016 жылы құны 340 миллион доллар тұратын мұнай өңдеу зауыты салынды. Ол тек қырғыз елінде ғана емес, бүкіл Орталық Азиядағы аса ірі мұнай өңдеу зауыты болып тұр. Қазір ешкімге жалынбай-ақ қажетті мұнай өнімдерін өздері шығарып отыр.
Ал Қазақстанда кеңес заманынан қалған Атырау, Павлодар, Шымкент мұнай өңдеу зауыттары жылда кезек-кезек жөндеуге тоқтайды. Ескі зауыттарды жамап-жасқай бергеннен үкімет мезі болған жоқ па? Әлде дайын бензинді тек Ресейден сатып алуға жасалған құпия шарт бар ма? Әйтпесе тәуелсіздіктің 26 жылында Қазақстанда бір МӨЗ салуға шамасы жетпеді деген не сұмдық?
ЭКСПО сияқты имидждік жобаға 3-4 млрд доллар табылғанда, үкімет МӨЗ салуға 350 млн доллар таба алмай отыр ма? Мемлекет басшысы көрмеге кеткен шығындар толықтай қайтарылды деп еді ғой. Сол қайтқан қаражаттан МӨЗ салынсын! Жыл сайын бензин бағасын көтере беру жақсылыққа соқтырмайды.
Қарапайым халық үкіметтен жанар-жағар майдың, азық-түліктің, коммуналдық шығындардың бағасы артуына себеп сұрамайды, оны төмендетуге байланысты нақты шараларды жүзеге асыруды талап етеді!
Марат
ТОҚАШБАЕВ
ЖЕМҚОР ШЕНЕУНІК
өлсе де автобусқа мінбейді
Алматының автобустары мен метросында: «Жемқорлыққа жол жоқ! Пәленше де түгенше…» деп, миды қатырған роликтер қаптап кетіпті. Құтты бір жемқордың бәрі автобус пен метрода жүретіндей.
Жарнаманың тиімділігі керек пе, онда ондай роликтерді әкімдіктерге, министрліктер мен комитеттерге, «Нұр Отан» партиясының ғимаратына, полиция мен прокуратураға, сотқа, ұшақтарда, шенеуніктердің қызметтік көліктеріне орнатсын! Сонда әр шенеунік минут сайын тәубесін еске алып отырады. Жемқор шенеунік автобусқа өлсе де мінбейді ғой, көкелер-ау!
Тоқтар ЖАҚАШ
БАҚ ЗАҢЫНСЫЗ ДА
таң атып, күн батады
БАҚ туралы заңға енгізілетін өзгерістердің жобасында ресми ақпарат алу үшін редакция үкіметтік органдарға хат жазып, оның жауабын 14 күн күтуі керек екен. Ақпараттық технология дамыған мына заманда кез келген ақпаратты жер-жаһанға таратуға 14 минуттың өзі жетіп жатыр. Неше жерден тың ақпарат саналған керемет жаңалығыңның өзі 14 сағаттың ішінде баяғыда ескіріп қалады. Одан кейін оны мың мәрте алаулатсаң да, еш маңызы болмайды.
Сонда біздің құзырлы министрліктің ұсынып отырған «14 күні» ақпараттық мәліметтің сапасын арттырмайды, керісінше, іске алғысыз етіп құнын жояды. Қазақы ұғымға салсақ, «ақсақ қой түстен кейін» емес, екі аптадан соң «маңырайын» деп тұр ғой. Ондай ақпарат кімге қажет?!
Елдегі ақпарат құралдарының меншік нысанына қарамастан, ең басты дерек көзі – ресми ақпарат. Онсыз жаңалықтардың да, талдау мақалалардың да маңызы артпайды. Негізінде, ресми ақпаратты БАҚ қызметкерлеріне жедел ұсынуға үкіметтік органдардың өздері мүдделі болуға тиіс еді. Себебі қоғамда түрлі алып-қашпа әңгіме, өсек-аяң, түрлі дүрбелең кең етек жайып кетпес үшін, журналист ресми дереккөздерге негіздеп қана шынайы ақпарат тарата алады. Жұрт мәселенің мәнісін, оқиғаның жай-жапсарын ресми дерек арқылы ғана біліп, шындыққа көз жеткізе алуға тиіс.
Олай болса, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің өзі өзге ресми ұйымдарға баспасөзге арналған деректерді дер кезінде жедел беріп тұруды міндеттеуі керек еді.
Ал өйтудің орнына бұрынғы 3 күнді бақандай 14 күнге ұзартулары журналистиканың жеделдік принципін білмеушілік пе, әлде баспасөз ісінен мүлдем бейхабарлық па? Ол жағын мүлде түсіне алмадық.
Сөз соңында айтарым, әлемнің алдыңғы қатарлы дамыған 30 елдің көбінде БАҚ туралы заң деген дүние атымен жоқ. Сонда да бүлініп жатқан ештеңе тағы көрінбейді. Керісінше, қарыштап дамып жатыр.
Себебі журналист пен БАҚ қызметі әрбір елдегі Конституция және өзге заңдармен үйлестіріліп, мейлінше шектеледі. Заңнан тыс ештеңе жасалмайды. Жала жапса, Қылмыстық кодекс бар, жалған ақпарат таратса, Азаматтық кодекс бар, т.с.с.
Қысқасы, БАҚ заңынсыз да таңымыз атып, күніміз батады. Ал қоғам баспасөзсіз, шынайы ақпаратсыз өмір сүре алмайды.
Қуандық ШАМАХАЙ
ОН МИЛЛИОН ОҚУЛЫҚ –
ақша жымқырудың тәсілі
1-сыныпта 9 оқулық, 10 дәптер бар. Айтайын дегенім – оқулыққа қосымша берілетін дәптері туралы. Ол дәптердің көлемі А4 форматта. Әдемі безендірілген, қағазы да сапалы. Оны баспаханада басып, кітап формасына келтіруге аз ақша жұмсалмағаны көрініп тұр. Оқушы әр сабақ сайын тапсырманы орындау барысында дәптер бетіне жазып, сызып, бояп отырады. Демек, ол дәптер келесі жылға жарамайды. Оны оқу жылы аяқталған соң, қоқысқа лақтырып тастауға тура келеді.
0-сыныпта да осындай оқулықтар мен осындай дәптер-кітаптар бар. Келер жылдан бастап дәл осындай оқулықтармен, дәптер-кітаптармен 2-, 3-, 4-сыныптар да қамтылмақ. Былтыр елімізде 350 мыңдай оқушы 1-сыныпқа барыпты. Демек, 350 000 оқушы × 10 дәптер = 3 500 000 (үш миллион бес жүз мың) дана дәптер-кітап басылған деген сөз. Бұған 0-сынып пен келер жылдан бастап қосылатын 2-3-4-сыныптарды қосыңыз. Сонда бір жыл ғана пайдаланып, келесі жылы лақтырылатын дәптер-кітаптардың саны он миллионнан асады. Бұл тек дәптер-кітап туралы. Оған оқулықты да қосып қойыңыз.
Сонда бұл не қылған шығын? Бай шетелдерде солай екен деп, біздікі не далақтау? Оқушыны үнемділікке үйретудің орнына бұл не шашылу?
Аңдап қарасаң, бұның өзі мемлекеттің ақшасын қалтаға басудың бір тамаша тәсіліне ұқсайды. Мысалы, қолында билігі бар адам он миллион таралымы бар кітапты біреудің атында тұрған өз баспаханасында бастырары анық. Болмаса, танысының баспаханасында бастырып, пайдасын бөлісері де белгілі. Бұндай оқулықтар мен дәптер-кітаптар мектепке осындай мақсатта ендіріліп жатпаса неғылсын.
Нұрлыбек САМАТҰЛЫ
Студенттер картоп қазып,
ФЛЕШМОБ БИЛЕП ЖҮР
Астанадағы Аграрлық университетке биыл нағашымның қызы оқуға түскен. Ауылдан алыс ұзап көрмеген қыздың жағдайын сұрап, жиі хабарласып тұрамын.
Сол қарындасқа бүгін күн ұзын қоңырау шалып, жауап алмағасын, жаңа кешкілік жатақханасына іздеп бардым. Қарындасым суық өтіп, қалжырап өлуге қалыпты.
Олай деуімнің себебі: әр демалыста бірнеше факультеттің студенттерін Қосшыға картоп қазуға апаратын көрінеді. Мына қара суықта қалың жұмыс киімдері жоқ, ашқұрсақ байғұстар таңғы сегізден кешкі сегізге дейін картоп қазып, суық өткен. Айтуынша, бөлмесіндегі балалардың бәрі тырайып ауырып жатыр.
Одан бөлек, күн сайын жатақхананың барлық студенттерін 19.00– 22.00 сағат арасында, одан 23.00– 03.00 арасында флешмоб биге репитицияға мәжбүрлеп шығарады екен. Түнгі сағат үшке дейін билету дегені сұмдық енді. Сабағын сұрасам, сабаққа мүлдем дайындалмаймыз, өйткені уақыт жоқ дейді.
«Қит етсең, жатақханадан шығасың» деп қорқытудан зәрезап болған ауылдан келген жастар шағымдануға да қорқады. Осы жайт бойынша қандай органдарға шағым түсіруге немесе кімдерге айтуға болады?
Әліби МАНАШ