Билік пен ұрлықтың бірлігі ҚАЗАҚҚА ҚАЖЕТ ЕМЕС

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №36 (400) от 05 октября 2017 г.

 

Тағылым

 

Өткен аптада тәуелсіз Қазақстан парламентінің тұңғыш төрағасы, профессор Серікболсын Әбділдиннің кезекті кітабы баспадан шықты. Қазақ және орыс тілдерінде жазылған «Ұстаз – Педагог» деп аталатын бұл кітап белгілі мемлекет және қоғам қайраткерінің биылғы 25 қарашада 80 жасқа толу құрметіне арналған.

Бірден ескерте кетейік, мерейтойлық кітапты біз – белгілі тәуелсіз журналист Бақытгүл Мәкімбай екеуіміз құрастырған едік. Бұл жолы Сер-ағамыздың әр жылдары әр жерлерде жарияланған мақалаларын шолып, қажымас қайраткердің балалық, жастық және студенттік шағы мен ұстаздық кезеңін қамтуға тырыстық.

«Бұл жолы» дейтін себебіміз – Секеңнің былтыр шыққан «Тұңғыш төраға – Первый председатель» деп аталатын көлемді кітабы да біздің құрастыруымызбен жарыққа шыққан еді. Ал оқырманға ұсынылып отырған жаңа кітап болашақта ел басқаратын жастарға тағылым болады деген ойдамыз. Оған осы кітаптың төменде жарияланып отырған үзіндісі куә болса керек.

Ермұрат БАПИ

 

 

 

Осы тарауда жазылған өзім туралы мағлұматтар тек жастар мені білсін деген ой емес, негізгі мақсат – оқырмандар біздің өніп-өскен ортамызды танысын деген үміт. Біздің буын соғыстың, еңбектің, оқудың, тұрмыстың қызық-шыжығын көрді.

Мен өткен заманды аңсап отырған жоқпын, данышпан қазақтың «өткенге өкінбе» деген ұстанымындамын. Алайда социалистік қоғам мен осы заманның өзім көріп, бастан өткізген ерекшеліктерін жазбасам, әділетсіз болатындай сезінемін. Кеңес билігі жасөспірімдерге әкелік қамқорлықпен қарады десем, артық айтқаным емес. Қаншама қиын-қыстау заманда жетімдерге балалар үйін (интернат) ашты, әкелері соғыста қаза болғандарға ер жеткенше жәрдемақы (пособие) төледі, мектеп жасындағыларды оқумен қамтыды, орта мектеп бітіргендерге жұмысшы мамандығын алуға оқытып (профтехучилище), талаптанғандарына жоғары оқу орнына қабылдануына жол ашты. Осының бәрін мемлекет қаржыландырды.

Қазіргі президенттік билік заманында жастарға деген қамқорлық сөз жүзінде көп, шынайы өмірде миллиондаған жастардың не оқуы, не жұмысы, не баспанасы жоқ – тентіреп жүр. Шыр етіп дүниеге келген нәрестені анасы үйсіз-күйсіз болғандықтан далаға тастап жатқаны да шындық. Оны қойып, халқымыздың саны өспей отырған кезде нәрестелерді шетелдіктерге сату заңын пайдаланудамыз. Биліктің қамқорлығы, ұлт намысы қайда?

Бұл жаңа тарихымыздағы жасанды саясат халықтың жүйе тамырын уландырып отыр. «Бірлік, бірлік және бірлік» деген ұран тастаймыз да, халықты жік-жікке бөліп, «бөліп ал да, биле» тәсілімен басқару жүйесін жүргіземіз (разделяй и властвуй). Қазіргі қоғам: бай, кедей, жетім, жесір, ұлт, ру, құл, күң, тіпті білім жүйесі Назарбаев мектебі, Назарбаев университеті, саясат қаржы жүйесі – «Нұр Отан», «Нұр банк», «Нұрлы жол» болып жіктелудің өзі ұлтты бөлмесе, біріктірмейтін әрекет. Мысалы, бай мен кедейдің жағдайына көз салайық, 20 мың теңге жәрдемақы алатын адам 500–900 мың айлығы бар министрмен қалай бірлік құра алады?

Ұлтаралық бірлік, білім жүйесінің өткен кеңестік замандағы үлгісін: қазақ доцентінің, еврей профессоры және екі орыс доценті мен ауылдан келген жас қазақтың аспирантураға қабылдануын түсіністікпен қалай шешкенін осы кітаптың ішінде мәлімдедім. Бұл менің естіген шындығым емес, көрген өмірім. Қазірде ағарту жүйесінде бір ұлттық және екінші жеке меншік университеттерде ректорлардың шақыруымен аз-маз еңбек етіп, жас магистранттарды даярлауға үлес қосып жүрмін. Дәл бүгін мен аспирантураға қабылданған жылғы оқиға бола қалса, қазіргі заманның профессорлары мен доценттерінің шешімі «ақшасын төлесін де, түсе берсінге» тірелетіні – айдан анық, күннен жарық. Ақша ерекше тауар болғандықтан ба, адамдардың қарым-қатынасының өлшемі болып тұр.

Бұл ненің көрінісі? Бұл – жастардың тағдыры ұстаздан да ақшаға бейімделгенін, адамдардың қарым-қатынасы тауарға айналғанының көрінісі. Мен ұстазды сыйлай, бағалай білетін заманның оқушысымын. Оқушы, оқытушы, оқулықтар – мосының (ошақтың) үш сирағы, тіреуі деп есептеймін. Мосының бір тіреуін жұлып тастасаң, қайнауға ілініп тұрған құманның суы төгіледі. Білім, ғылым жүйесін құлатпау үшін осы тіреулерді сақтау қажет. Ұстаз туралы өзіме-өзім риза болатындай жөн-жосықты сақтаймын, сәті түскен кездесулерде тек оқу-білім саласында ғана емес, қызмет бабындағы ұстаздарымды еске алуға тырысамын. Олар туралы мақала және басқа да естеліктер жазудамын. Мысалы, өзім бітірген орта мектептің директоры Ислям Сабитов 99 жасында қайтыс болғанда, мәрмәрдан құлыптас жасатып, басына ескерткіш орнаттырдым. Ал ғылыми жетекшім Хамит Чуриннің 100 жылдығын атап өтуді ұйымдастырдым. Ұстазымның өмірі мен қызметі туралы баяндама жасадым. Өзім меңгеруші болған, бұрынғы ұстазым басқарған кафедраны «Х.Д.Чурин кафедрасы» деп атау туралы шешім қабылдаттым.

Әрине, заман да, адам да өзгермей тұра алмайды. Онсыз даму жоқ. Алайда даму жақсы бағытта болса – жөн, ал өркендеудің орнына өшу келсе, оны үнсіз қабылдаудың өзі қылмыс емес пе?! Қазақстанның ширек ғасыр тәуелсіздік жылдарында миллиондаған қарапайым азаматтардың көрген азаптары аз емес. Басқа амалым болмағандықтан, билік тарапынан жіберілген қателік, кемшіліктер туралы болашақ ел басқаратын жеткіншектердің есіне деп көріп, білгенімді жазып отырмын.

 

Бүгінгі биліктің сөзін тыңдасаң, ешқандай мін таға алмайсың, ал ісіне қарасаң, ширек ғасыр бойы қоғам да, экономика да тығырықтан шыға алмай келеді. Халықтың тұрмыс жағдайын көтеріп, азаматтық қоғам құруға кенге де, жерге де бай тәуелсіз Қазақстанның мүмкіндігі жететін еді. Тәуелсіздігімізді нығайтуға ешқандай кедергі, соғыс немесе апат болған жоқ. Бейбіт өмірдің 25 жылы бос сөзбен өтіп, ұлы Абай айтқандай, «өтірік, өсек, мақтаншақ, еріншек бекер мал шашпақтың» кебін киіп жүрміз.

Биліктің іс-қимылына көлденең болған қоғам да, ұйымдар да жоқ. Барлық байлық та, билік те, сыйлық та бір адамның қолында. Ол «Қазақстанды гүлденген елу мемлекеттің қатарына қостым» деп, өз өтірігіне өзі шырмалып жүр. Ал тәуелсіз зерттеушілердің қорытындысы бойынша, біздің ел бақытсыз он мемлекеттің бірі болып анықталған.

Болашақ ел билейтін буын көпірген сөзден нақтылы іске көшуін тілеймін. Халық пен биліктің мүддесі бір болса, ішкі саясат сыртқы саясаттың алтын діңгегі болады. Сонда ұлтты да, мемлекетті де ешкім шайқалта алмайды.

Менің айтып та, жазып та жүрген бірлігім – халық пен биліктің бірлігі, ол қазір елде етек жайған билік пен ұрлықтың бірлігі емес. «Білім мен ғылым жолындағы» ойларды топшылай отырып, мынандай қорытындыға келдім:

– Социалистік Қазақстанда білім мен ғылымның дамуы қазіргі капиталистік Қазақстанмен салыстырғанда көш ілгері және тиімді болды;

– Кеңес дәуірінде білім және ғылым саласына қомақты қаржы бөлінді, ал қазір осы бағыттарға ішкі жалпы өнімнің үлесі күрт төмендеп, Қазақстан дүние жүзі мемлекеттерінің арасында соңғы көрсеткіштердің біріне орналасты;

– Білім мен ғылымға деген саясат өзгеріп, әсіресе тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында осы сала қараусыз қалды. Кімнің ойына не келсе, соны істеді. Кей жерде мектептер жабылып, республикада жоғары оқу орындары 5-6 есе көбейді. Басқаны айтпағанда, оқу министрі жиі ауыстырылып келеді;

– Жоғарғы билік ғылым, білім үшін бәрі бар деп жар салуда, ал шындыққа жүгінсек, еліміз барынан айырылып, оның орнына ширек ғасырда айтарлықтай ештеңе қоспады. Екі академия (ұлттық және аграрлық) жойылып, олардың көлеңкесі ғана қалды;

– Жоғары білімді мамандар даярлау саласы төмендеп, орта білімді жұмысшыларды оқыту атымен жоғалып кетті. Қазір президент айтты деген ұранмен маман жұмысшыларды даярлау мемлекеттің қаржысымен қамтамасыз етіледі деп, жерден жеті қоян тапқандай жариялап жатырмыз. Осының бәрі 25 жыл бұрын Қазақстанда сақадай сай жұмыс істеп тұрған жүйе еді. Оларды жойған кім?

– Білім мен ғылымды дамыту үшін қазіргі жамандап жүрген И.Сталин ғылым докторларының айлығын министрлердің айлығына теңеген. Советтік Қазақстанның министрі болған жылдары менің жұбайым ғылым докторы, профессор менің айлығымдай қаржы алатын, ал бүгінгі Қазақстанның профессорларының еңбекақысы министрдің шоферінің айлығынан аспайды;

– Жас ғалымдар даярлау күрт төмендеп кетті және олардың көбі профессорлық жұмысқа айлығы аз болғандықтан бармайды. Аш қарыннан – тоқ патриот шықпайды;

– Қазіргі билік білім мен ғылымсыз өркендеу мүмкін емес деп көлгірсиді. Сол үшін барлық жағдай жасалды деп жар салады. Тіпті экс-министрдің бірінің «президенттің арқасында ағарту саласында соңғы жылдары қаржы 220 есе өсті» деген жарнамасы басында миы барлардың құлағын жаратын. Білім мен ғылым министрінің қаржының өсуі теңгенің құнсызданғанына байланысты екенін білмеуі жастардың білім алуын бұл азамат қалай басқарады деген сенімсіздік тудырды;

– Білім мен ғылым саласы объективті зерттеуді, талдауды талап етеді, сол арқылы тиімді жүйе жоспарлап, әсіресе жоғары оқу орындарының сан-сапасын ықшамдап, ғылым ордасын жаңғыртып, білім, ғылымды мемлекет қаржысына көшіру қажет. Бұл көктен түскен жаңалық емес, өркениетті мемлекеттердің тәжірибесі, олар бұл салаға бізден 3–5 есе артық ішкі жалпы өнімнің үлесін бөледі.

Қазақстан билігіне келетін келесі буын осы жағдайларды талдап, көпірген сөзден нақты іске көше ме деген үміттемін.

Серікболсын ӘБДІЛДИН

 

Редакциядан: Серікболсын Әбділдиннің «Тұңғыш төраға – Первый председатель» деген кітабын газет редакциясынан сатып алуға болады. Алматы қаласы, Сейфуллин көшесі, 288. 3-қабат, 307-бөлме. Анықтама үшін телефондар: 382-72-30, 382-72-33, 8-701-358-35-24, 8-701-789-29-59, 8-777-493-83-83.

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн