«Общественная позиция»
(проект «DAT» №41 (405) от 09 ноября 2017 г.
ДАТ!
Біздің анықтама
Сәния Тойкен «Азаттық» радиосында 2007 жылдан бері жұмыс істейді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген. Республикалық «Қазақстан пионері», «Жас Алаш» газеттерінде тілші болған. Қазақстан Республикасы Жекешелендіру жөніндегі комитетінің баспасөз хатшысы қызметін атқарған. Атырау облыстық «Ақ Жайық» газетінде тілші, қазақ редакциясының редакторы, Маңғыстау облысында шығатын «Не хабар?!» апталығының редакторы болып жұмыс істеген. Сәния Тойкен – Маңғыстау облысы мен Ақтау қаласынан хабар беріп жүріп, кәсіби қызметі үшін бірнеше рет қудалауға ұшырады, қоқан-лоқы көрді. 2011 жылы «Азаттық» тілшісі Сәния Тойкен Жаңаөзен қаласындағы мұнайшылар ереуілінен қазақстандықтарға хабар таратқан бірден-бір тілші.
Өткен айдың ортасында «Азат Еуропа/«Азаттық» Радиосы» Қазақ қызметінің тілшісі Сәния Тойкен Әйел журналистердің халықаралық қоры (IWMF) тағайындаған «Журналистикадағы батылдығы үшін» сыйлығын иеленді. Ол – бұл сыйлыққа лайық деп танылған алғашқы қазақстандық журналист. Еске сала кетсек, беделді халықаралық сыйлықтың бұрынғы лауреаттарының ішінде Кристиан Аманпур (1994 жыл), Анна Политковская (2000 жыл), Хадиджа Исмаилова (2012 жыл) мен Анна Немцова (2015 жыл) сияқты медиа тұлғалар бар. Орталық Азиядан бұл сыйлықты қырғызстандық Замира Сыдықова алған.
Сыйлығын алуға Америкаға барып, одан Алматы арқылы Ақтауға – өзінің қызмет орнына аттанып бара жатқан Сәния ханымды «ДАТ!» айдарының аясындағы сұхбатқа тартқан едік.
– Cәния ханым, ең алдымен халықаралық ұйымның сыйлығын алуыңызбен құттықтаймын!
– Рахмет! Бұл – қазақстандық тәуелсіз журналистерге берілген, баршамызға ортақ сыйлық деп ойлаймын. Шынымды айтсам, осы сыйлықты тосыннан алған сияқтымын: әуелде қуанышты хабарды алғаш естіген кезде бұл сыйлық нақ өзіме берілгеніне сене қойған жоқпын. Алыстағы Америкаға бірінші рет бара жатқандықтан, қатты қобалжыдым. Ал бұл халықаралық марапаттың салмағын сыйлықты алған кезде ғана сезіндім.
– Қазақ елінде дәл осындай сыйлыққа ие болған алғашқы қарлығаш-қыз өзіңіз екенсіз: ендеше елдегі адам құқы мен сөз бостандығының құнын өзгелер бағалап жатқанын қалай қабылдадыңыз?
– Осы сұрағыңызға орай бір жәйтті әу баста атап өткім келеді: өз елімізде түрлі баспасөз жиындарында ортаға шығып, сауал қоярдың алдында жауап беруші ар-абыройыма тиістің немесе әлеуметтік алауыздықты қоздыратын сұрақ қойдың деп, жағаңнан ала түсер ме екен деп, әр сөзімді ой елегінен өткізіп, сақтық жасайтын едім. Ал Америкада ондай қорқыныштың ізін де байқамадым. Еш қысылмастан, жиналған көптің алдында, бөтен ортада еркін сөйледім. Бұл, шамасы, әйгілі американдық бостандықтың, адам құқына деген демократиялық державадағы құрметтің әсері болса керек.
Ал «өзгелердің бағалауына» келсем, жағдай өзіңізге де, елге де мәлім ғой: біздегі әсіресе тәуелсіз журналистер қауымының көтерген жүгі ауыр, ал «жегені» жантақ екені. Мұнда Қазақстан Журналистер одағынан басқа ұйымның тәуелсіз журналистерге деген марапаты барын да білмейміз-ау!
– Айтпақшы, Америкадағы рәсім кезінде толқу үстінде сөйлеген сөзіңізде не айтқаныңыз есіңізде ме?
– Неге есімде болмасын?! Беделді ортада не айтарымды алдын ала ой елегінен өткізіп бардым. Ең алдымен маған осы сыйлықты берген қор басшылығына ризалығымды білдірдім. Одан кейін біздің еліміздегі жағдайды, әсіресе Жаңаөзендегі қанды қырғынға қатысты президенттің берген «өзіндік» бағасы жөнінде айтып өттім. Елдегі адам құқының сақталуы қандай деңгейде екенін, жиырмадан астам БАҚ, оның ішінде газет-журнал, интернет-сайттардың жабылғанын, журналистердің қуғынға түскенін де ұмыт қалдырған жоқпын. Елімізде жұмбақ жағдайда қаза болған Нұри Муфтах, Батырхан Дәрімбет, Асхат Шәріпжанов, Сәкен Таужанов, Орынғайша Омаршанова, т.б. журналистердің есімі аталмайтынына да тоқталдым.
Айтпақшы, «өзгеден құрмет» дегеніңізге орай айтайын: марқұм Асхат Шәріпжановтың есімі Америкадағы журналистика музейі алдындағы тақтада жазылып тұрғанын өз көзіммен көріп, іштей дәтке қуат деп қуандым. (Оқырмандар есіне сала кетейік, «ДАТ» газетінде бірнеше жыл қатарынан журналист болған Асхат Шәріпжанов 2005 жылы оппозициялық саясаткер Заманбек Нұрқаділовтің баспасөз хатшысы болып жүрген кезінде, түн ортасында белгісіз жағдайда көліктің астына «түсіп» қаза болған еді. Қозғалған қылмыстық іс ешбір нәтижесіз жабылып тынған-ды. – Ред.).
Марапатты алған кезде әлеуметтік желідегі бір жазбаға көзім түсті, онда «соғыс болып жатпаған бейбіт елде «Журналистика саласындағы ерлігі үшін» деген сыйлық нені білдіреді?» деген екен. Расында, осы жазба нені меңзеді? Менімен қатар сыйлық алған NPR радиотілшісі Дебора Амос пен «Әл-Жазира» телеарнасының йемендік репортері Хадеель Әл-Ямани – қырғын соғыс жүріп жатқан Таяу Шығыстан келген журналистер. Олардың қасында мен бейбіт Қазақстанның өкілі едім ғой.
Бірақ Америкадағы кездесулерде мені қарсы алған қауымның біздің ел туралы пікірі тіптен басқаша екен. Кездесулер кезінде мені топ ортаға: «Орталық Азиядағы авторитарлық-диктаторлық мемлекет – Қазақстаннан келіп отырған журналисті ортамызға шақырамыз», – деп хабарлаған кезде желідегі жазбаның кілтипаны қайдан шыққанын білдім. Қазақстан өзін қаншалықты демократиялық ел деп санаса да, оның Батыстаға бет-бейнесі басқаша бағаланатынын өз құлағыммен естідім.
– Айтпақшы, кездесулерге жиналған жұртшылықтың Қазақстандағы сөз бостандығынан хабары бар ма екен?
– Сыйлық беру рәсіміне жиналғандар – ірі бизнес өкілдері, банк иелері, сол жердегі іргелі БАҚ журналистері, құқыққорғаушы ұйымдардың өкілдері болды. Ең алғашқы кездесу Нью-Йоркте болған кезде нендей мәселе туралы айтқаныма жоғарыда тоқталдым. Ал Вашингтонда өткен кездесуде: «Осы сыйлығымды Жаңаөзен қырғынында қыршыннан қиылған жас жігіттерге, азаматтық құқын қорғаймын деп, абақтыға қамалған азаматтық қоғамның белсенділеріне, кәсіподақтың құқын қорғау үшін жалалы болып, түрмеге түскен кәсіподақ лидерлеріне, шындықты қорықпай айта білген азаматтарға арнаймын», – дедім.
Содан кейін жиналғандар арасынан халықаралық сарапшылар, саясаттанушылар өздері жеке-жеке келіп, менімен танысып, Қазақстандағы саяси жағдай жөнінде сөйлесті. Бәрінің білгісі келген жағдай – «Қазақстандағы экономикалық ахуал қандай, БАҚ арқылы естуімізше, жұмыссыздық жайлаған екен, осы мәселе қалай шешіліп жатыр?» деген сұрақтар төңірегінде болды. Жалпы, қарапайым және көпшілік американдықтардың Қазақстан туралы білетін мағлұматтары аз екен, тіпті білмейді десем болады.
– Ал америкалық жаңа таныстарыңыздың арасында танымал тұлғалар болды ма?
– Сыйлық алған күнгі әртүрлі кездесулер кезінде өте маңызды бір адамның менімен кездескісі келетінін ұйымдастырушылар қайта-қайта ескерткен соң, асығып қонақ үйге келдім. Мені күтіп отырған кім десем, марапаттау рәсімінде бір үстел басында отырған, жасы 80-ді алқымдаған апа күтіп отыр екен. Менімен танысқысы келетінін айтып, түскі асқа шақырып, маған үлкен құрмет көрсетті. Артынан байланыс телефонын беріп, еліңе жеткен соң, хабарлас деді.
Сөйтсем, ол кісі сыйлық тапсырған қордың басты демеушісі, миллиардер әрі Америкадағы ықпалды Хелен Винг (Helen Bing) деген әйел екен. Лос-Анджелестегі музейлердің демеушісі, тропикалық баққа қаржылық қолдау көрсетуші әйгілі меценат болып шықты. 2006 жылы күйеуі екеуі оқыған университетке демеушілік жасап, 50 миллион долларын аударғанын кейіннен интернеттен оқып, таң қалып, риза болдым. Хелен ханымның демеушілік жасайтын салаларының тізімі өте үлкен. Мен осы адамның қаражатымен АҚШ-қа барып, сыйлық алғанымды білдім. Ол кісі де сыйлықтың кімге тапсырылғанын көріп, білгісі келген екен.
– Иә, американдық бизнесмендер руханиятқа, табиғат қорғауға, адамзат игіліктеріне көп демеушілік жасайтынын баспасөзден ғана білуші едік…
– Мені таңқалдырған да осы болды. Америкада адам құқығын, экологияны қорғайтын ықпалды ұйымдардың қатары неге көп десем, ол елдегі ірі бизнестің өкілдері қаржысын осындай ұйымдарға аударып, тапқан табысымен бөліседі екен. Қоғамдық ұйымдарды көбірек қаржыландырса, салық мөлшері азайып немесе салықтан толық босатылуы да мүмкін жағдайлар АҚШ заңдылықтарында жан-жақты қарастырылған.
Сыйлық беру рәсіміне арналған кештің ақысы 100 мың доллардан басталыпты. Үш қалада өткен шараларда жайылған дастарханның басы бизнес өкілдерінен бос болмады. Бір қызығы – ірі банк иелері, бизнесмендер қасына оққағар ертіп, елден ерек жүрген жоқ. Сол кезде көз алдыма біздің олигархтарды елестеттім. Олар жүрген жерге біз аяғымызды баса алмаймыз ғой. Америкалықтар «өзің жақсы өмір сүр, өзгелердің де жақсы өмір сүруін қолда» деген қағиданы берік ұстанатынына көзім жетті.
– Сіз 2016 жылғы жер реформасына қарсы халық толқуынан кейін темір торға тоғытылған азаматтарға қатысты репортаждар жүргіздіңіз: қамауда отырған Макс Боқаев пен Талғат Аян жөнінде халықаралық ұйымдардың пікірін біле алдыңыз ба?
– Сөз бостандығы мен бейбіт жиындар және шеру өткізу бостандығына қатысты сұрақ қойылып, мәселе көтерілген кезде Жаңаөзен, Атырау мен Ақтаудағы жағдайды қайталап айтудан жалыққан емеспін. Адам құқығын айтқан кезде Макс пен Талғаттың жазықсыз отырғаны басымызға түскен ауыр сын болып тұрғанын жеткізе алдым деп ойлаймын. Біріккен Ұлттар Ұйымының, Адам құқықтарын қорғау жөнінде «Хюман Райтс Уотч» ұйымының жасаған мәлімдемесін де айтып өттім. Осы ұйымның Нью- Йорктағы бас кеңсесінде болғанымда, осы екі азаматтың бүгінгі күндегі жағдайы жөнінде сұраған еді: Макстың денсаулығына қатысты мәселені халықаралық деңгейде көтеру жөнінде өтініш жасадым.
– Сіз Америкада жүргенде, Қазақстанда «Медиа Альянс» қоғамдық бірлестігі құрылып, алғашқы съезін өткізді. Ел ішіндегі тәуелсіз сарапшылардың пікіріне ден қойсақ, аталмыш ұйым Қазақстан Журналистер одағының мысын басу үшін құрылған деседі. Сіз бұл орайда қандай ой айтар едіңіз?
– Ондай жасанды ұйымға да қызығушылығым артып тұрған жоқ. Журналистердің құқығын қорғайды дегенге сенімім жоқ. Себебі ол биліктің ықпалымен құрылған екен. Оның үстіне журналист факультеттерін жабу керек деп, құрыла салып, дабыл қағып жатқан қоғамдық бірлестікке не жорық?
Журналистиканың сапасына қатысты менің де көңілім толмайтын мәселе көп. Осы ретте Америкаға барған сапарымдағы көрген-білгенімді айтып кетейін. Оңтүстік Калифорниядағы Лос-Анджелестегі ірі университеттердің бірі кездесуге шақырды. Кездесуге журналистика саласы ғана емес, кейін журналист болуымыз мүмкін деген заңгер, саясаттану факультеттерінің студенттері келіп қатысты. Сол кездесуде Қазақстанда көрсетуге тыйым салынған Жаңаөзендегі қырғын туралы Ғалым Ағелеуовтың деректі фильмін көрсеттім. Оларды қанды қырғында журналистердің репортаж жасау кезіндегі қиындықтар қалай туындайды, одан өзіңізді қалай құтқарасыз деген тұрғыдағы сұрақтар ғана қызықтырды. Қанды оқиғаның саяси-әлеуметтік астарына мән бергілері келмеді.
Ал университеттің оқу базасын көріп, аудиторияларын аралап жүргенде, факультет деканы Джеффери Коуен ханымның студенттермен арақатынасы таң қалдырды. Мұғалім мен оқушы деген айырмашылық жоқ: екі жақ та бір-бірімен тең дәрежеде сөйлесіп, пікірлесіп отыр.
Студиялар бар екен, кездесу кезінде менен сұхбат алып, бірден сайтқа қойып, басқа да жаңалық агенттіктеріне ұсынып, жариялап жатты. Студенттер теориялық талқылау жасамай-ақ, тәжірибе жүзінде кәсіби маман ретінде жұмыстарын жүргізіп жатқаны қызықтырды.
– Басқа да газет-журнал редакцияларын аралаудың сәті түсті ме?
– Әрине, «Вашингтон пост» газетінің редакциясын емін-еркін аралап, жұмыс тәжірибелерімен таныстым. Редакцияның алып ғимараты таңданыс тудырды. Қазақстандағы журналистердің пәтер жалдап жұмыс істейтін редакцияларын көз алдыма елестеттім. Ғимараты алып, сегіз қабатты, заманауи құрал-жабдықпен қамтамасыз етілген. Мультимедиалық студиясы біздегі телеарналарға бергісіз. Жалпы журналистерінің саны 300-ге жуық.
Мультимедиалық бөліктерде әртүрлі секторда жүрген камераларды орталықтан қадағалап отырады. Мәселен, АҚШ Конгресінің залында тұрған камераның қасындағы журналист депутаттарға сұрақ қойып, тақымдаған кезде орталық ол сюжетті бірден тікелей эфирге жібереді екен. Біздегі сияқты телефон соғып: «Камераны қосыңдар, қайдасыңдар, мен тікелей эфирге шығамын», – деп абдырамайды. Үлкен таблода әр мақаланың рейтинг деңгейі, қандай мақала оқылады немесе оқылмайтыны көрсетіліп тұрады. Осы рейтинг бойынша журналистердің жалақысы есептеледі.
– «Вашингтон пост» негізінен қағаз түрінде де шығатын газет екені белгілі: бізбен салыстырғандағы таралым жағдайы қандай екен?
– Осы мәселе мені де қатты қызықтырды. Үш жүзге жетіп жығылатын қызметкерлері бар басылым үшін газеттің шығыны көп емес пе деген сауал қойдым. Олардың айтуынша, шығыны жоқ, өз оқырмандары бар, интернет желісі бүкіл елді қамтығанымен, газет оқитындардың көп екенін айтты. Американдықтар ертемен таңғы кофелерін ішіп отырып, газеттің жаңа санын қарап шықпаса, көңілдері көншімейді. Ұшақта, автобус аялдамаларында, метрода, қонақ үйде газет оқитындар көп екеніне куә болдым. Сондықтан қағаз газеттердің таралым жағдайында біздегі сияқты дағдарыс жоқ.
– Ол жақтағы ресми БАҚ пен жеке меншік басылымдардың журналистерінің ақпарат алудағы сұранысы, ресми мекемелерден алатын жауабы тең дәрежеде қамтыла ма екен?
– Өзім де осы мәселеге қатысты жағдайда көбірек «таяқ жеп» жүрген едім – жақсы сұрақ қойдыңыз. Бізде «биліктік» және «тәуелсіз» деген бөлініс бар екені баршаға аян. Биліктің журналистері үшін ақпаратқа қол жеткізу аса қиын емес, ал біз үшін кедергі мен тосқауыл көп. Ал Америкадағы журналистер үшін жабық ақпарат жоқтың қасы.
«Ал сіздер үшін жабық тақырып бар ма?» – деген сұрағыма берілген жауапқа күлкім келді. «Қаладағы дәрі-дәрмек шығаратын корпорация өнімдерінің айналымы туралы ашық мәлімет бермей жатыр, бүгінгі жабық тақырып осы», – дейді. Корпорацияның жағдайы олар үшін үлкен мәселе екен.
– Америка сапарынан елге қандай көңіл-күймен оралдыңыз?
– Әрине, ерекше көңіл-күйдемін. Біраз тәжірибе жинақтап, ел көріп, жер көріп келдім. Ал «Журналистикадағы ерлігі үшін» деген сыйлықты қолыма алған кезде сыйлықтың салмағын өз бойыма қалай шақ келтірсем екен деп, іштей қобалжыдым. Сапарға дайындалу барысында өмірбаянымды қағазға түзіп беру кезінде басымнан өткен қиындықтарым ұзақ-сонар жазба болып шықты. Ұйымдастыру комитетіндегілер де таң қалды. Біз үшін үйреншікті болған жағдайдың түп-тамыры естіген құлаққа түрпідей тиетіні анық. Мәселен, ереуілге шыққан елдің ортасына барғаныңда полицейлер желкеңнен түйіп, қолыңдағы құралдарыңды тартып алмақ болған жағдайды басымыздан жиі өткіземіз. Сөйтіп жүріп, желкеңе тиген жұдырықты ауырсынсаң да, күні бойы көрген құқайыңды ұмытып, ақпаратың елге жеткеніне қуанасың. Табан ет, маңдай тердің өтемі ақталмаса да ренжімейсің.
– Еңбегіңіздің жемісі мен жеңісі таусылмасын, Сәния!
Бақытгүл МӘКІМБАЙ,
«D»