ҚАЗАҚТЫҢ ДӘСТҮРЛІ ДІНІ мен Діни басқарма арасындағы ҚАЙШЫЛЫҚ ХАҚЫСЫНДА

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №44 (408) от 30 ноября 2017 г.

 

Ислам және қазақ

 


Қазіргі қазақ қоғамының көпшілігінде түсіне алмай жүрген немесе мән бермей жүрген бір мәселесі бар. Ол – «дін мен діни танымға қатысты айтыс-тартыстың себебі не?» деген сұрақ. Сыртай қараған адам «дін бе – дін, ислам діні ме – ислам діні, басқа не керек? Бұлар не үшін тартысады?!» – деп ойлайды.

 

Ал діннің мазхабтарға, тариқаттарға жіктелуінің астарында не жатыр? Олардың бір-бірінен айырмашылығы не деген сұраққа бас ауыртқысы келмейді. Өйткені «Дін – қондырма, мәдениеттің бір бөлшегі ғана» деген түсінік кешегі атеизм заманында көпшілікке сіңіріліп, санасын улап тастаған. Сол удың уыты халық санасынан әлі толық кете қойған жоқ.

Ал исламға бет бұрған жамағаттың арасындағы жіктелушілік қауіпті деңгейге жақындап келе жатқанын қарапайым халық сезе бермесе керек. Осындай түрлі факторлардың жиынтығы қазіргі қазақ қоғамына діннің қоғамдық санаға ықпалын толық сезінуге мүмкіндік бермей отыр. Осы діни сенім негіздеріне қорған болуы тиіс Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) қазақтың дәстүрлі діни танымына қарсы жұмыс жүргізіп жатқанын, ол жұмыстарының нәтижесінде қазақтың діни танымы мен салт-санасының күрделі өзгерістерге түсіп, қатерлі деңгейге жақындап қалғанын, мұның соңы ертеңгі күні қазақты этникалық жіктелуге түсіретін факторға айналып отырғанын сан рет айттық, бірнеше мәрте жаздық.

Енді осы мәселені ары қарай тарқатып, «ҚМДБ-ның ұстанып отырған бағыты қай мәселелерде қазақ халқының дәстүрлі діні мен діни танымына қайшы келеді?» деген сұрақтарға жауап бергенді жөн көріп отырмыз. Олай етпейін десек, Діни басқарма алған бетінен қайтатын емес.

Біздің бұрынғы сынымызды негізге ала отырып, Qamshy.kz сайтының сұрағына ҚМДБ Насихат және қоғаммен байланыс бөлімінің меңгерушісі Алтынбек Ұтысханұлы былай деп жауап береді: «ҚМДБ-ның Орталық аппаратына немесе оның аймақтағы өкілдіктеріне қабылданатын азаматтар алдын ала мүфтияттың сараптау комиссиясынан міндетті түрде өтеді. ҚМДБ ғалымдары болашақ имам-молдаларды жан-жақты сынақтан өткізеді. Сенімі мен ұстанымын айқындайтын сауалдар қойылады. Сондықтан мүфтият ғалымдары болашақ дін қызметкерінің білімі мен сеніміне, тәжірибесі мен мұсылмандық сипатына аса мән береді. Сіздің сауалыңызға оралсақ, Арман Қуанышбаев пен Абдуғаппар Сманов «сәләфит» еместігін жеткіземіз. ҚМДБ-ның ресми қызметкерлерін «сәләфит» деп атау дұрыс емес. Бұл – жамағат арасында түсінбеушілік, тіпті бүлік тудыратын ауыр сөз. Ондай бүлікке жол бермеуіміз керек».

Біз кезінде Арман Қуанышбаев пен А.Сманов қазақтың дәстүрлі діни танымын қалай талқандап жатқандарын нақты мысалдарды көрсете отырып, жазған болатынбыз. Ұтысханұлының жауабында ол туралы бір ауыз сөз жоқ. Олай болса, халық арасына іріткі салып, қазақтың дәстүрлі діні мен діни танымына жастарды қарсы қойып отырған мен бе? Әлде қазақтың рухани-мәдени болмысына қарсы уағыз жүргізіп отырған ҚМДБ уағызшылары ма? Осы мәселелерді талдап, бұл қайшылықтардың шығу негіздерін көрсетпесек, онда қазақ қоғамын болашақта этникалық жіктелуден сақтап қала алмаймыз. Сондықтан қазақтың дәстүрлі діні мен діни танымының ҚМДБ ұстанған бағыттан қандай айырмашылықтары бар деген сұраққа жауап беру қазіргі күннің өзекті мәселесіне айналып отыр. Енді осы мәселелерге кезегімен тоқталып көрелік.

 

Біріншіден, ҚМДБ өздерін Ханафи мазхабындамыз дейді. Бірақ анығында олай емес. Абу Ханифа Нұғман бин Сәбит Ханафи мазхабы негіздерін қалыптастырғанда, Құран аяттарына сүйене отырып, дін мен шариғатты бөліп қарастырған болатын. Құранда «Ей, муминдер, әр біріңе бір шариғат, бір жол бердік. Алла қаласа, сендердің барлығыңды бір үммет жасар еді» (Маида,5/48) дейді. Бұл аятта Алла Тағаланың әр ұлтқа өзіне лайық шариғат және жол бергенін көрсетіп тұр. Және әрбір халыққа жеке-жеке пайғамбар жіберілгендігі бір емес, бірнеше Құран аяттарында көрсетілген: «Әр үммет үшін бір ескертуші болған еді» [35/24], «Әр қоғамның бір жетекшісі бар еді» [13/7], «Соңыра біз бірінен соң бірін пайғамбарларымызды жібердік» [23/44], «Ол халықтарға өздерінен бір елші жіберілген болатын» [62/2].

Міне, осы аяттарда көрсетілген басты мәселе – жер бетіндегі бар халыққа пайғамбарлар жіберіліп, солар арқылы әр қоғамның өзіне лайықты тәртібін-шариғатын, салт-дәстүрін Алла Тағаланың Өзі қалыптастырғандығын көруімізге болады. Жалпы бұл мәселе «Хужрат» сүресінің он үшінші аятында да: «Ей, адамдар, расында, біз сендерді бір еркек (Адам) және бір әйелден (Хауадан) жараттық және де бір-бірлеріңмен танысуларың үшін сендерді халықтар мен ру-тайпалар етіп қойдық» дейді. Осы аяттарды негізге алған Абу Ханифа дін мен шариғатты бөліп қарастырды. Ол өзінің бұл ойларын «Китаб-л Алим уа-л Мутаалим» атты кітабында баяндады. Абу Ханифаның бұл еңбегі мұсылман дініндегі халықтардың салт-дәстүрі мен мәдениетінің сақталып қалуына мүмкіндік берді.

Абу Ханифаның дін мен шариғатты бөліп қарастыруында үлкен мән бар еді. Өйткені Тәңір Тағала адамзат баласына бір ғана дін берді. Ол – ислам. Ол туралы Құран Кәрімде «Діндеріңе бекем болыңдар! Нухқа тапсырған дінді саған да уахи еткенімізді, Ибрахимге, Мұсаға, Исаға бергендерімізді Алла саған да дін етіп берді» [425/13] дейді. Демек, Жаратушы Құдірет әр халықтың өзіне лайықты шариғатын бергенімен, халықтардың барлығына бір ғана дін беріпті. Дін – сенім, иман. Ол адамның жанына, рухына беріледі. Ал шариғат адамның тәніне, физикалық болмысының қажеттіліктерін өтеу үшін беріледі. Сондықтан да Ханафи мазхабының қалған үш мазхабтан айтарлықтай өзгешелігі бар.

ҚМДБ болса, өздерін Ханафи мазхабын ұстанамыз дегенімен, дін мен шариғатты екіге бөліп қарастырмайды. Бірге қарастырады. Өйткені ҚМДБ- ның ұстанған бағыты Абу Ханифаның жолы емес, «Ахл ал Хадис» өкілдері тарапынан жасалған шариғатқа негізделген. «Ахл-хадис» өкілдері исламның иман, ғибадат, ахлақ және басқа ғибадаттарды бір-бірінен айырудың мүмкін еместігін алға тартты. Сол себептен олардың жазған «Китаб ал-асар» атты еңбектерінде иман, ақида, ахлақ, ғибадат сияқты құлшылық түрлері бір-бірінен ажырамас, бүтін ретінде қарастырылды. «Ахл-и хадистің» көзқарастары таухид, иман мен үлкен күнә, адамның әрекеті мен тағдыр, имамат пен саясат, бидғат және басқа тақырыптарда топтастырылды. Олардың көзқарастарына қарағанда, Алла бір және одан басқа Тәңір жоқ. Әзіреті Мұхаммед Оның Елшісі, нәбиі, әрі құлы. Алланың бұдан басқа да есімдері бар. Иман – ниет және амалдан тұрады.

 

Тағы бір негізгі анықтамада иман – тілмен айтып, мойынұсыну, жүрекпен бекіту, дене мүшелерімен амал ету (Sönmez Kutlu, 2014.). Осылай «Ахл ал Хадис» өкілдері исламды шариғат – заң ретінде арабтардың дәстүрі негізінде қалыптастырып, осы құқықтық норманы араб қоғамы дін ретінде қабыл еткен болатын. «Ахл ал Хадис» өкілдері тарапынан қалыптастырылған шариғатта адамның рухани болмысына қатысты мәселе мүлде қарастырылмады. Бұл шариғатта Мұхаммед пайғамбардың пайғамбарлық дәрежеге жетуі рух әлемімен байланысу арқылы келгені мойындалғанымен, бұл байланыстың Пайғамбардан кейін жалғасуы мүмкін емес деп есептелді. ҚМДБ қазіргі күні осы жолды қазақтың дәстүрлі діні ретінде ұстанып отыр. Егер де біз Ханафи мазхабы мен малики, шафиғи, ханбали мазхабтары ұстанымдарын салыстыра қарайтын болсақ, онда Ханафи мазхабы мен қалған үш мазхаб арасындағы айырмашылық жер мен көктей екендігін көруімізге болады. Сол себептен де ҚМДБ имамдарының айтқан уағыздары қазақтың дәстүрлі діни танымына қайшы келіп, қазақтың діни санасын өзгеріске түсіруде.

Абу Ханифа қалыптастырған мазхабта дін мен шариғат бөлек қарастырылып, Жаратушының дінді адамның рухани болмысы үшін, шариғатты қоғамдық қатынастарды реттеу үшін жібергені нақтылап көрсетілгендігін жоғарыда ескерткен болатынбыз. Бұл Ханафи мазхабының рухты мойындайтынын, рух әлемімен сабақтастықты да мойындайтынын көрсетеді. Оның үстіне Абу Ханифаның Али ибн Абу Талиб әулетінің өкілі Имам Бақымен байланыста болуы Абу Ханифаның рухты ешқашан жоққа шығармағандығына дәлел бола алады. Демек, Ханафи мазхабы мен қалған үш мазхаб арасында үлкен айырмашылық барлығын көрсетеді. Ханафи мазхабы рух – жан мен тәнді екі бөлек қарастыра отырып, адамның осы екі бөліктің қосылысынан тұратынын, рухтың мәңгілік, тәннің уақытша категория екендігін, діннің рух қажетін өтейтінін, шариғаттың адамның физикалық болмысын қамтамасыз ететінін алға тартады.

Ал араб дәстүріне негізделген үш мазхаб дін мен шариғатты біртұтас қарастыра отырып, жан мен тән арасындағы ерекшелікке мән бермейді. Бұл Ханафи мазхабы аясында қалыптасқан халықтың сенімі мен таным-түсінігі қалған үш мазхаб ықпалымен қалыптасқан халықтың сенімі мен таным-түсінігі арасындағы айырмашылықтың ат пен түйедей екенін көруге болады. Өкінішке орай, ҚМДБ-ның ұстанып отырған бағыты – Ханафи мазхабы емес, осы «Ахл ал Хадис» өкілдері тарапынан қалыптастырылған «араб дәстүршілдігі». Бұл бағыттың ертеңгі күні қазақ халқын өзінің дәстүрлі иман-сенімі мен таным-түсінігінен ажырататыны, қазақ халқының мыңдаған жылдық рухани-мәдени құндылықтары қажетсіз дүние ретінде лақтырылатыны күмән тудырмайды.

 

Екіншіден, қазақтың дәстүрлі діні мен діни танымы осы Ханафи мазхабы мен сопылық жолдың түркілік бағыты Йасауи жолы негізінде қалыптасты. Сопылық жолдың рух әлемімен сабақтастықта қалыптасатыны дәлелдеуді қажет етпейді. Жалпы рух әлемімен сабақтастық қалай пайда болды деген мәселеге келетін болсақ, алдымен рух әлемімен Мұхаммед пайғамбар Жебірейіл періште арқылы байланыста болып, ислам дінін қабыл алып, оны халыққа жайғаны тарихтан белгілі. Пайғамбар қайтыс болған соң, рух әлемімен сабақтастық мүлде үзіліп қалған жоқ. Пайғамбар серіктері ішінде рух әлемімен сабақтастық Али ибн Абу Талибте болғандығын, кейіннен ол сабақтастық оның ұрпақтарында жалғасын тапқандығы, сопылықтың алғашқы кезеңі осы Али ұрпақтарымен сабақтастықта болған зухд (нәпсіні тәрбиелеушілер) өкілдерінде жалғасын тапқандығы айтылады.

Түркістан жеріне алғаш ислам дінін таратушылар осы Халифат орталығынан қуылған Али ибн Абу Талиб ұрпақтары еді. Йасауийа тариқатының тарихы және өз шежірелерін Мұхаммед ибн ал-Ханафийамен байланыстыратын қожалар әулетінің шешіресі болып табылатын «Насаб-нама» нұсқаларында бұл рух әлемімен сабақтастық «суфра тұтмақ» деген терминмен беріледі. «Суфра» сөзінің мағынасы араб тіліндегі «сахифа сафра» – «сары орамалдан» бастау алады. Кезінде VІІІ ғ. «сары орамалға» ие болған кісі құпия ілімді меңгеріп, имамдық дәрежеге көтеріліп, рухани жетекшіге, имамға айналған. Түркістан жерінде алғаш «суфра тұтушы» – Қожа Ахмет Йасауидің арғы атасы Исхақ баб. Түркілер ислам дінін алғаш Исхақ баб бастаған Хорасаннан шегінген Али әулетінің жақтаушыларының ықпалымен қабылдады. Бұл Түркістан жерінде ғылым мен білімнің күрт дамуына әкелді. Әбу Насыр әл-Фараби сияқты мыңдаған ғұламалар шығып, ислам ғылымы мен мәдениетінің дамуына үлес қосты.

X ғасырда қарахандық билеуші Абд ал-Карим Сатуқ Бұғра ханның шафииғи мазхабын қабылдауы бұл дамудың жолын кесті. Түркілердің араб дәстүршілдігін қабылдауы түркі қоғамының құлдырауына әкелді. Түркілер өзінің тілінен, әдет-ғұрып, салт-дәстүрінен, мәдениетінен ажырады. Қожа Ахмет Йасауи заманына келгенде түркі қоғамының толығымен рухани, мәдени, саяси дағдарысқа түскеніне тарих куә. Қожа Ахмет Йасауи ол дәуірді былай сипаттайды:

Ораза, намаз, иман, ислам қолдан кетті,

Күннен – күн бетер деген хадис жетті.

Пайғамбар айтқандарда келіп жетті,

Бұл дүниені қараңғылық басты, достар.

 

Ғалымдар бар ілімін малға сатты,

Біліп көріп, өздерін отқа атты.

Өзі амал қылмай, халыққа ілім үйретті,

Дүние үшін діндерін сатты, көргін.

 

Ұстаз, дінсіз құлдар болды хакім,

Менмендік дүкенін ашып болды залым.

Халық ішінде қор болды дәруіш ғалым,

Көпшілігі халықтың кәпір болды, көргін.

 

Дінсіз, ұстаздарға еш қауіп жоқ,

Дүние малын жиып, еш тояры жоқ.

Ұшып-қонып, өлімнен еш хабары жоқ,

Ол жанның діні дүние болды,

көргін [75, 128-131 бб.].

 

 

Қожа Ахмет Йасауи – Исхақ бабтың он жетінші ұрпағы. Исхақ бабтан қалған «суфра тұтмақ» дәстүрі оның ұрпақтарында жалғасып, Қожа Ахмет Йасауидің әкесі Ибрахим шайхқа жетті. Одан Қожа Ахмет Йасауиге өтеді. Ибрахим шайх ұлы Ахметті 20 жасқа толғанда Йасы еліне «суфра тұту» үшін аттандырады. Қожа Ахмет Йасауидің Арыстан бабтан Пайғамбар аманатын алуы да ол кісіні рух әлемімен сабақтастығын нығайта түскен белгілі бір оқиғаның бейнелі көрінісі. Одан кейін Қожа Ахмет Йасыға келіп, сопылық ілімді қандай деңгейге көтергендігі баршаға аян. Ол кісінің атақты «Диуани Хикметі» осы рухты танытуға арналған ұлы шығарма. Қожа Ахмет Йасауи ол шығарманы «Менің хикметтерім Алладан пәрмен, оқып, білгенге мағынасы Құран» деп сипаттаған болатын. Сол себепті бұл шығарма «Құрани түрки» атанды. «Хикметтің» алғашқы шумағы мынадай сөздермен басталады:

Бисмилаһ деп, байан айлай хикмет айтыб,

Талибларға дури гауһар шачтым мана.

Ризатты қаттығ тартып, қанлар йутуб,

Мен «дафтари сани» сөзін ачтым мана.

 

Бұл шумақтағы «дафтари сани» сөзі арқылы Қожа Ахмет Йасауи бабамыз рух әлемімен сабақтастық мәселесін қозғап отырғанына зерттеушілер әлі күнге оншалықты мән бере қойған жоқ.

Қазақтың дәстүрлі діни танымындағы «бірінші дәптер» – шариғат. Шариғат тек адамзат қоғамы емес, бүкіл жаратылыстағы физикалық болмыстың қозғалу тәртібін реттейтін заңдылықтар жүйесі. Адамзат қоғамы түгілі, бүкіл жұлдыздар әлемі Жаратушы Тәңір Тағаланың жасаған заңдылықтар жүйесі арқылы қозғалады. Сол себепті шариғат алғашқы дәптер деп аталған. Осыған байланысты Қожа Ахмет бабамыз өз «Хикметінде»:

«Шариғатсыз

тариқатқа

кіргендердің

Шайтан келіп,

иманын

алар ерміш», – дейді.

Демек, шариғат «бірінші дәптер», тариқат – рух әлемімен сабақтастық – «екінші дәптер». Йасауи бабамыз «екінші дәптер» сырларын ашу арқылы түркі жұртын рух әлемімен сабақтастырды. Ол өз шәкірттерін рух әлеміне байланыстыра отырып, оларды «суфра тұту» үшін түркі әлемінің төрт бұрышына аттандырады. Сөйтіп, Йасауи жолының түркі әлеміне таралуымен бірге рух әлемімен сабақтастық та бірге таралды. Бұл түркілердің рухани, мәдени болмысының араб қоғамынан мүлде бөлек бағытта дамуына ықпалын тигізді. Адамды мұсылман деп, сыртқы ғибадаттарына қарап емес, ішкі рухани болмысына қарап бағалайтын болды. Түркі баласы ар-иманын бәрінен де жоғары қойды. «Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» деген ұстаным түркі баласының айнымас қағидасына айналды.

Қожа Ахмет Йасауи Абу Ханифаның ұстанымдарын негізге ала отырып, түркінің көнеден келе жатқан әдет-ғұрып, салт-дәстүрін қайтадан қалпына келтірді. Арабтың салт-дәстүріне негізделген «Ахл ал Хадис» өкілдері қалыптастырған шариғаттан бас тартты. Ислам дінінің негізгі бес ұстыны – бес парыз ғана қабыл етілді. Сенім мәселесінде Имам Матуриди ақидасы негізге алынды. Бұл түркінің еркін ойлау жүйесінің дамуына, ғылыми танымның кеңеюіне жол ашты.

Ең бастысы, Қожа Ахмет Йасауиден кейін дін тілі де, ғылым, білім тілі де, мемлекет тілі де түркі тілі болды. Жошы ұлысында Йасауи жолының мемлекеттік идеология деңгейіне көтерілуі – мемлекетті озық ойлы, ұлы мемлекеттер деңгейіне көтерді, ол Алтын Орда атанды. Йасауи жолы өкілдерінің жанқиярлық еңбегі арқасында мемлекеттің басқару жүйесі толығымен өзгеріп, көне түркілік сипат алды. Рулық, тайпалық жүйелер рухани бірлік негізінде қайта қалыптастырылып, олар жүздерге топтастырылды. Мемлекеттің құқықтық жүйесі толығымен йасауийа тариқаты өкілдерінің қолына беріліп, билер институты құрылды. Мемлекетте абсолюттік билікке хан да, би де, қара да ие болған жоқ. Абсолюттік билік заңға, шариғатқа берілді. Әділет салтанат құрған заман орнады. Ғылым мен әдебиет, мәдениет дамыды. Қазіргі күнге дейін келіп жеткен Алтын Орда мемлекетінің құрамында болған түркі халықтарына ортақ әдеби жәдігерлердің барлығы дерлік осы кезеңде пайда болды.

Міне, сондай «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманды» орнатқан Йасауи жолы өкілдері халық жадынан шыққан жоқ. Қазақтың шежіресінен де, санасынан да мәңгілік орын алды. Әулиелерге айналды. Олар дүниеден өткен соң да сан ғасырдан бері қазақ халқының рухани тұтастығын ұстап тұратын рухани қазықтарға айналды. Оларды халық әулие деп, басына босқа көтерген жоқ. Олар шын мәнінде Алланың кереметіне ие бола білді. Сондықтан олар туралы қаншама жыр-дастандардың кейіпкерлеріне айналды. Қашаған жыраудың:

Аллалаған пір өткен,

Туына жұртты түнеткен.

Таспиқ, зікір жария,

Мешіттің ішін гүл еткен, – деп жырлауында үлкен мән бар еді.

 

(Жалғасы газеттің келесі санында)

 

Зікірия ЖАНДАРБЕК,

тарих ғылымдарының кандидаты

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн