Пятница , 4 июля 2025

«ТОТАЛЬДЫҚ ФУТБОЛ» мен саясаттың чемпионаты

«Обще­ствен­ная позиция»

(про­ект «DAT» №18 (430) от 10 мая 2018 г.

 

Бай­ға­зы

 


Кезін­де «ДАТ» газетін­де қыз­мет істе­ген бел­гілі жур­на­лист Сәкен Сыбан­бай­дың «Ала доптың ала­ма­ны» атты кіта­бы жарық көр­ді. Бұл – әлем­дік фут­бол чем­пи­о­нат­та­ры­ның энцик­ло­пе­ди­я­сы деу­ге тати­тын еңбек. Мұн­да 1930 жылғы алға­шқы доп дода­сы­нан бастап, 2014 жылы өткен әзір­ге ең кей­ін­гі тур­нир­ге дей­ін толық қамтылған.

Алдағы жаз­да Ресей­де фут­бол­дан кезек­ті әлем чем­пи­о­на­ты­мен бір­ге сая­сат­тың да тар­ты­сы бола­ды деген болжам бар. Ал фут­болға сая­сат­тың қан­дай қаты­сы бар? Оны С.Сыбанбайдың кіта­бы­нан ықшам­да­лып алы­нған 1974 жылғы доп дода­сы тура­лы тара­уы­нан біле аласыздар.

 

1974 жылғы чем­пи­о­нат соғы­стан кей­ін­гі кезең­де­гі тым сая­си реңк беріл­ген алға­шқы тур­нир бол­ды. Содан екі жыл бұрын Мюн­хен­де өткен жазғы Олим­пи­а­да­да Изра­иль­дің бір­не­ше спорт­шы­сы лаң­кестер­дің қолы­нан қаза тауып, тәп-тәуір ұйым­да­сты­ры­лған жары­стың шырқы бұзы­лған еді. Сон­дай жағ­дай­дың қай­та­ла­нуы­на жол бер­мес үшін, Батыс Гер­ма­ния өкі­меті қауіп­сіздік шара­ла­рын одан бетер күшейт­ті. Бұған дей­ін де, бұдан кей­ін де бір­де-бір халы­қа­ра­лық спорт жары­сы әскер мен поли­ци­я­ның дәл мұн­дай ауқым­дағы көме­гіне сүй­ен­бе­ген болар, сірә. Чем­пи­о­натқа қаты­су­шы коман­да­лар орна­ласқан мей­ман­ха­на­лар­ды авто­мат асы­нған жауын­гер­лер күзетіп тұр­ды. Фут­бол­шы­лар мін­ген авто­бу­стар­ды брон­мен қап­талған әске­ри маши­на­лар қорғап жүр­ді. Ұйым­да­сты­ру коми­тетінің мүше­лері мен төре­шілер­ді ста­ди­онға… тікұ­шақтар­мен әкеліп жат­ты. Ойын кезін­де сол тікұ­шақтар алаң­ның үстін­де ұшып, тыны­шты­қты қадаға­лап жүр­ді. Тәр­тіп сақ­шы­ла­ры ста­ди­онға кіре бері­сте жан­күй­ер­лер­ді де аса ыждағат­ты­лы­қ­пен тек­серіп, күдік кел­тірер түй­ір заттың өзін өткіз­бе­у­ге тырысты.

Сая­сат­тың салқы­ны ірік­теу сынын­да-ақ бай­қал­ды. Еуро­па­ның 9‑тобының жеңім­па­зы (КСРО құра­ма­сы) Оңтүстік Аме­ри­ка­ның 3‑тобының жеңім­пазы­мен (Чили) финал­дық тур­нир­ге берілер соңғы жол­да­ма­ны сара­пқа салуға тиіс еді. Мәс­ке­уде өткен алға­шқы матч­та есеп ашыл­маған бола­тын. Ал қарым­та кез­де­су… ойнал­май қал­ды. Содан бір апта бұрын Чили­де болған мем­ле­кет­тік төң­керісті себеп етіп, Кеңес Одағы бас­шы­ла­ры фут­бол­шы­лар­ды ол елге жібер­ме­уді ұйғар­ды. «Талай жазы­қ­сыз адам­ның қаны төгіл­ген Сантья­го­дағы ста­ди­он­ның алаңы­на біздің ойын­шы­лар ешқа­шан аяқ бас­пай­ды» деп кесіп айт­ты. Алай­да ФИФА пре­зи­ден­ті Стэн­ли Роуз бен бас хат­шы Ян Кай­зер олар­дың уәжін орын­сыз деп тап­ты да, КСРО құра­ма­сы­на тех­ни­ка­лық жеңіліс жариялады.

Сая­си «шеру­лер» финал­дық кезең­де де жалға­сты. Чили – Австра­лия ойы­ны баста­ла бере, алаңға он шақты чили­лік жан­күй­ер жүгіріп шығып, алып пла­катқа жазы­лған CHІLE деген сөзді көре­рмен­дер­ге жай­ып сал­ды. Алай­да олар­ды поли­ция қыз­мет­кер­лері дереу алаң­нан алып кет­кен­дік­тен, жұрт әлгілер­дің мұны­мен не айтқы­сы кел­генін (дик­та­тор Пино­чет­тің режи­мін қол­дау ма, әлде оған қар­сы­лық па?) ұқпай қалды.

Осы ойын­дағы тағы бір күл­кілі жағ­дай­ды да айта кет­кен жөн болар. 10-минут­та иран­дық төре­ші Нам­дар австра­ли­я­лық Рей Ричард­сқа қар­сы­ла­сын шалып жыққа­ны үшін сары қағаз көр­сет­кен бола­тын. Екін­ші тайм­ның орта шенін­де Ричардс одан да дөрекі қылық таныт­ты. Төре­ші, әрине, оны тағы да сары кар­точ­ка­мен жаза­ла­ды. Фут­бол­шы­ның бір ойын­да алған екін­ші ескер­туі авто­мат­ты түр­де қызыл кар­точ­каға айна­лып, оның алаң­нан қуы­ла­ты­ны бәрі­міз­ге бел­гілі ғой. Бірақ Нам­дар оған… қызыл кар­точ­ка көр­се­туді ұмы­тып кет­ті! Сөй­тіп, австра­ли­я­лық жар­ты­лай қорға­у­шы алаң­да қал­ды. Тек ара­да он минут­тай уақыт өткен кез­де қап­тал­дағы қазы Нам­дар­ды шақы­рып алып, бір­деңені ұзақ түсін­дір­ді. Еке­уа­ра «әңгі­ме­ден» кей­ін барып, иран­дық төре­ші Ричард­сқа сал­та­нат­ты түр­де қызыл кар­точ­ка көр­сет­ті. Қызу ойын бары­сын­да әріп­те­стерінің бірін­ші тайм­да алған алға­шқы ескер­туін ұмы­тып үлгер­ген австра­ли­я­лық фут­бол­шы­лар түк­ке түсін­бей, ашуға мін­ді. Расын­да да, олар үшін Ричардс жазы­қ­сыздан жапа шегіп тұрған­дай еді. «Бұза­қы­ны» алаң­нан шыға­рып жібе­ру үшін тағы да он минут әбі­гер­ге түсу­ге тура кел­ді. Ақы­ры 64-минут­та қызыл кар­точ­ка алуға тиіс ойын­шы… 83-минут­та ғана алаң­нан кет­ті! Рас, Нам­дар ойын­шы­ларға жасаған ескер­ту­лерінің көп­ті­гі­нен шата­сып кет­кен шығар деп те топ­шы­ла­у­ға болар еді. Бірақ ол бұл ойын­да Ричард­стан басқа бір­де-бір ада­мға сары кар­точ­ка көрсетпеген-ді!

Осы «А» тобын­дағы тағы бір ойын­да сая­си акция бол­ды. Қос Гер­ма­ни­я­ның кез­де­суі баста­лар алдын­да әлдекім­дер алаңға ГДР-дің (соци­а­ли­стік Шығыс Гер­ма­ния – Ред.) жала­у­ын алып шығып, көп­шілік­тің көзін­ше өрте­мек бол­ды. Алай­да ол, неге екенін кім біл­сін, жан­бай қой­ды: ауа да дымқыл бола­тын, әрі қат­ты жел соғып тұрған еді. Ойла­ры іске аспай қалған бұза­қы­лар енді жала­уды жырт­пақ бол­ды. Бірақ мата­сы мықты ма, әлде басқа да қаси­еті бар ма, әйте­уір ту жыр­тыл­май қой­ды. Әбден әлек­ке түс­кен бей­бақтар­ды поли­ция алып кет­ті, ал олар әу баста Шығыс Гер­ма­ни­я­ны масқа­ра­лап, қор­ла­мақ болған бол­са, жұрт басқа­ша әсер­де қалып, қол шапа­лақтап жібер­ді: ГДР-дің туы жан­бай­тын да, жыр­тыл­май­тын да болып шықты!

Осы ойын­ның алдын­да ГФР (капи­та­ли­стік Батыс Гер­ма­ния – Ред.) құра­ма­сы – 4, ал ГДР коман­да­сы 3 ұпай­ға ие еді. Бірақ 1‑орын алған коман­да келесі кезең­де Бра­зи­лия, Гол­лан­дия сияқты мықты­лар­мен бел­десіп, 2‑орында қалға­ны Шве­ция, Юго­сла­вия тәрізді орта­ша­лау қар­сы­ла­старға тап бола­ты­нын алдын ала сезе біл­ген сұңғы­ла бап­кер Хель­мут Шен шығыс немістері­нен… ұты­лған тиім­ді деп шешіп­ті. 77-минут­та Юрген Шпар­вас­сер соққан жалғыз доп ГДР фут­бол­шы­ла­ры­на тари­хи жеңіс сый­ла­ды. «Капи­та­лист» бауыр­ла­рын тізе бүк­тір­генін мақта­ныш еткен олар 1‑орынға ие болып, нәти­же­де азуы алты қарыс ары­стан­дар­дың аузы­на түсіп кет­ті де, әдейі ұты­лған ГФР құра­ма­сы өзі алып жыға ала­тын қар­сы­ла­стар­ды таң­дап алған­дай бол­ды. Бұған жеңіліспен біт­кен ойын­нан соң, коман­да капи­та­ны Франц Бек­кен­бау­эр­дің алаң­нан екі езуі екі құлағын­да, көңіл­ді кетіп бара жатуы дәлел бола алады.

«В» тобын­дағы коман­да­лар­дың тағ­ды­рын… Заир фут­бол­шы­ла­ры шешті. Жоқ, олар қар­сы­ла­ста­ры­ның бәрін жай­ра­тып салған жоқ, керісін­ше, үш ойын­да бір­де-бір доп соға алмай, тас-талқан боп жеңіл­ді. Ал өза­ра кез­де­су­лерін жап­пай тең аяқтаған қалған құра­ма­лар қоры­тын­ды кесте­де афри­ка­лы­қтар­дың қақ­па­сы­на қан­ша доп соғуы­на бай­ла­ны­сты орна­ла­сты: 9:0 есебі­мен ұтқан Юго­сла­вия 1‑орын алса, 3 доп соққан Бра­зи­лия 2‑орынға табан тіреді, ал 2‑ақ гол енгі­зе алған Шот­лан­дия жары­стан шығып қалды.

«С» тобы­ның жеңім­па­зы Гол­лан­дия бол­ды. Бас бап­кер Ринус Михелс кілең «Аякс» пен «Фей­е­но­орд» ойын­шы­ла­ры­нан құралған гол­ланд коман­да­сын мүл­де жаңа так­ти­ка­лық тәсіл­дер­мен қару­лан­ды­рып­ты. Допты ұйым­да­са тар­тып алу, қорға­ны­ста да, шабуыл­да да ойын бары­сы­на қарай әр фут­бол­шы­ның бір-бірінің орнын басып ойнай беруі – басқа­лар үшін әлі таң­сық еді. Мұн­дай «ұйым­да­сты­ры­лған бере­кесіздік­ке» қар­сы ештеңе жасай алмай, пұшай­ман болған­дар шеті­нен жеңі­ле бер­ді. Сөй­тіп, алаң­дағы 11 ойын­шы­ның да қаты­суын қажет ететін «тұтасқан (тоталь­дық) фут­бол» дүни­е­ге кел­ді. Маман­дар мұны «фут­бол­дағы төң­керіс» деп ата­ды. Кей­ін бұл тәсіл­ді әйгілі укра­ин мама­ны Вале­рий Лоба­нов­ский бас­шы­лы­ққа алып, әрі қарай дамыт­ты. 70–80-жылдары ол басқарған киев­тік «Дина­мо­ның» Одақта да, халы­қа­ра­лық дең­гей­де де ірі табысқа қол жет­кі­зуі соған байланысты.

Гол­лан­ды­қтар сол кездің өзін­де-ақ кей­бір бүгін­гі коман­да­лар­дың да так­ти­ка­лық бағыт-бағ­да­ры сана­ла­тын 3−5−2 үлгісі­мен ойна­ды. Жеті кез­де­су­де 15 доп соққан Гол­лан­дия құра­ма­сы бірін­шілік­те­гі ең көп гол енгіз­ген ұжым­дар­дың бірі атан­ды. Тур­нир алдын­да бір амстер­дам­дық банк Гол­лан­дия фут­бол­шы­ла­ры­ның әрбір голы үшін 5 мың гуль­ден (1 мың дол­лар – ол заман­да әжептәуір мол ақша) төлей­тінін айтқан-ды. Ал Бол­га­ри­я­мен ойын­да қорға­у­шы Крол бай­қа­май… өз қақ­па­сы­на доп соғып алды. Коман­да мүше­лері банк бас­шы­лы­ғы­нан Крол­дың голы­на да ақша төле­уді талап етті. «Айтқан сөз – аты­лған оқ» екені рас, амал жоқ, банк талап­ты орын­дап­ты, бірақ бұдан былай гол­ланд фут­бол­шы­ла­ры­ның тек қар­сы қақ­паға енгіз­ген допта­ры үшін ғана ақша төлей­тінін нақты атап көр­се­ту­ге мәж­бүр болыпты.

«D» тобы­нан Поль­ша мен Арген­ти­на суы­ры­лып шықты. Поляк­тар да, гол­лан­ды­қтар тәрізді, осы чем­пи­о­нат­тың ақжол­тай­ла­ры­ның бірі бол­ды. 1972 жылы Олим­пи­а­да чем­пи­о­ны атанған Кази­меж Гур­скидің коман­да­сы ірік­теу сынын­да азуы алты қарыс ағы­л­шын­дар­дың өзін жол­да қал­ды­рып кет­ті. Орта­ша жасы 24-тен сәл-ақ аса­тын жалын­дап тұрған ұжым баты­с­гер­ман­дық жасыл алаң­дар­да да жастарға тән жігер­лі фут­бол көр­сет­ті. Поль­ша құра­ма­сы­ның ең күшті шебі – шабуыл бола­тын. Мұны Гже­гож Лято­ның – 7, Анджей Шар­мах­тың 5 доп соғуы­на қарап-ақ бай­қа­уға бола­ды. Тіп­ті бір­де-бір гол соқ­паған Роберт Гадо­ха­ның өзі тама­ша ойы­ны­мен көз­ге түсті. Поляк­тар соққан 16 доптың кем деген­де 10‑ы осы шабуы­л­шы­ның сол қап­тал­дан тастаған тама­ша пас­та­ры­нан соң қақ­паға енген-ді. Яғни, Гадо­ха­ның гол соқ­пай-ақ чем­пи­о­нат­тың сим­во­ли­ка­лық құра­ма­сы­на енуіне таң қалу­дың жөні жоқ.

Екін­ші кезең­де Гол­лан­дия, ГДР, Бра­зи­лия, Арген­ти­на (1‑топ), ГФР, Юго­сла­вия, Шве­ция, Поль­ша (2‑топ) коман­да­ла­ры ойна­ды. Әуел­гі төрт­тік­те гол­лан­ды­қтарға тең келер қар­сы­лас болған жоқ. Әсіре­се оңтүсті­ка­ме­ри­ка­лық қос мықты оңбай таяқ жеді. Кройф пен оның коман­да­сы Арген­ти­на­ны 4:0 есебі­мен талқан­дап таста­ды! «Олар бізді тап­тап өтті. Алды­мы­зға кел­ген допқа аяғы­мыз тие бере-ақ, үшеу-төр­те­уі бір­дей жетіп келеді де, қор­шап ала­ды. Біз басы­мы­зды көтеріп те үлгер­мей­міз, олар допты тар­тып әке­те­ді. Қадам басқан сай­ын алды­мы­зды екеу-үше­уі кес-кестей бер­ген соң, маған гол­лан­ды­қтар алаң­да 11 емес, 20 адам сияқты көрін­ді» деп еске алды кей­ін арген­ти­на­лық қорға­у­шы Кике Вольф.

Ал Гол­лан­дия – Бра­зи­лия кез­де­суін­де әлем чем­пи­он­да­ры өз алтын тәжі­нен айы­рыл­ды. «Чем­пи­он­ды еліне ерте­рек қай­тарған­дар – бола­шақ жеңім­паз­дар!» деп, алдын ала асы­ғы­стық жасаған­дар да кез­де­сті. Расын­да да, бұл айқа­ста Р.Михелс шәкірт­тері кере­мет ойна­ды. 50-минут­та Неескенс барын сала ұмты­лып, әріп­тесінің жер­ле­те тастаған добын аяғы­ның ұшы­мен тік көтеріп жібер­ді – ол қақ­па­дан едәуір алға шығып кет­кен Леа­о­ның үсті­нен зулап өтіп, тура тоғы­зды­қтан торға түсті. Ал ара­да он бес минут­тай уақыт өткен­де Кройф қап­тал­дан әуеле­те беріл­ген допты жер­ге түсір­ме­стен қат­ты соқты – 2:0! Бәй­ге­ге шабар құр аттай қунақ гол­лан­ды­қтар­дың қарқы­ны­на іле­се алмаған бра­зи­ли­я­лы­қтар өз дәр­мен­сізді­гіне ыза­ла­нып, дөрекілік­ке ұрын­ды. Нәти­же­де Луис Перей­ра алаң­нан қуыл­ды, оны­мен қой­май, три­бу­на­дағы нара­зы жан­күй­ер­лер­мен егесіп, тұрып алды.

Ал екін­ші топ­та поляк­тар алаң иелері­мен соңғы минутқа дей­ін алы­сты. Тек Майн­дағы Франк­фурт­та сол күні шелек­теп құй­ған нөсер­дің сал­да­ры­нан ойын өтетін аре­на алаң­нан гөрі суа­ры­лған егіс алқа­бы­на көбірек ұқсап кет­кен­дік­тен, шабуыл­да­уға тиіс Кази­меж Гур­скидің жігіт­тері қай­та-қай­та кібір­тік­те­умен бол­ды. Ойын соңын­да Герд Мюл­лер соққан жалғыз доп тар­ты­сты кез­де­судің тағ­ды­рын шешті. «Поль­ша­ны нөсер мен Мюл­лер ғана жеңе алды» деп жаз­ды газет­тер. Поляк фут­бол­шы­ла­ры сон­да да еңсе түсір­мей, 3‑орын үшін тала­ста Бра­зи­ли­я­ны жеңіп, қола жүл­де­ге қол жет­кізді, ал шабуы­л­шы Лято 7 доппен чем­пи­о­нат­тың ең мер­ген ойын­шы­сы атанды.

Қызық болған­да, финал алдын­да Мюн­хен­де­гі Олим­пи­я­лық ста­ди­он­ның қыз­мет­кер­лері жасыл алаң­ның төрт бұры­шы­на жала­у­ша­лар қою­ды… ұмы­тып кетіп­ті (әйгілі неміс ұқып­ты­лы­ғы қай­да?). Және оны төре­шілер тура матч баста­лар­да бір-ақ бай­қаған. Амал жоқ, ойын­ды сәл кеші­гіңкіреп баста­уға тура кел­ді. Финал­дың бей­не­тас­па­сын қай­та­лап көріп оты­рып, қан­дай тама­ша матч болға­ны­на көз жет­кі­зе ала­сыз және «Әлем чем­пи­о­на­ты­ның аңы­зда­ры» жинағы­на қосуға лай­ық екенін мой­ын­дай­сыз. Гол­лан­ды­қтар бірін­ші тайм­да алаң иелері­нен әлдеқай­да басым ойна­ды. Олар тіп­ті немістер­дің аяғы допқа тимей жатып-ақ есеп ашты. Ойын­ды орта­дан бастаған қызғы­лт-сары жей­делі фут­бол­шы­лар бір-біріне 14 дәл пас таста­ды, сосын 14-нөмір­лі ойын­шы Кройф айып алаңы­на тұра ұмтыл­ды. Бүкіл ойын бой­ы­на оның көлең­кесіне айналған қорға­у­шы Бер­ти Фогтс қар­сы­ла­сын шалып жығуға мәж­бүр бол­ды. Пеналь­ти­ді мүл­тіксіз соға­тын Неескенс бұл жолы да мүлт кет­кен жоқ.

Бұдан кей­ін де гол­лан­ды­қтар есеп­ті есе­лей түсу­ге бір­не­ше мүм­кін­дік алды. Қорға­ны­стың мақта­у­лы Бек­кен­бау­эр бастаған ортаңғы шебі жасыл алаң­да ойнақ салған Кройф пен оның әріп­те­стерін өз қақ­па­сы­на қарай жиі-жиі өткізіп алу­мен бол­ды. Бірақ қақ­па­шы Зепп Май­ер бұл кез­де­су­де тама­ша ойна­ды. Оның Вольф­ганг Ове­рат және Пауль Брайт­нер секіл­ді серік­тері еңсесі басы­лып қалған коман­да­ның жігерін қай­та жануға барын сал­ды. Қол­дан сусып кете барған ойын тіз­гінін қай­та ұста­уға осы ойын­шы­лар, сон­дай-ақ Рай­нер Бон­хоф көп үлес қосты. Ван Хане­гем өзі­нен озып бара жатқан Г.Мюллерді итеріп құла­тып, ескер­ту алды. Ойын қыза түсті. Көп ұза­май Ян Йонг­б­лад қақ­па­сы­ның маңын­да да қауіп­ті жағ­дай­лар көбей­ді. Сон­дай сәт­тің бірін­де неміс плей­мей­кері Ове­рат айып алаңы­на ұмты­лған Бернд Хель­цен­бай­нға кере­мет пас бер­ді. Оны Янсен шалып құлат­ты: Брайт­нер 11 метр­лік­ті дәл соғып, тара­зы басын теңестірді.

 

– Сен­сеңіз­дер де, сен­бе­сеңіз­дер де ерік­теріңіз, бірақ мен сол пеналь­ти­ді қалай теп­кенім­ді біл­мей­мін, – деп еске алды кей­ін Брайт­нер. – Төре­шінің 11 метр­лік бел­гіле­ген сәті­нен… гол­лан­ды­қтар­дың ойын­ды орта­дан бастаға­ны­на дей­ін­гі ара­лық тіп­тен есім­де жоқ. Яғни, сол 2 минут менің өмірім­де мүл­де бол­маған сияқты! Негізін­де, пеналь­ти­ді мен теп­пе­уім керек еді. Әр ойын­ның алдын­да бап­кері­міз Х.Шен: «Егер пеналь­ти бел­гі­лен­ген жағ­дай­да қай­сың тебесің­дер?» – деп сұрай­тын. Ешкім үнде­мей­тін. «Герд?» дей­тін бап­кер Мюл­лер­ге қарап. «Жоқ, ата­маңыз!». Өйт­кені бун­дес­ли­га­да ол қата­ры­нан үш рет 11 метр­лік соға алмаған еді. «Франц?» деп сосын Бек­кен­бау­эр­ге қарай­тын. Ол да бір­не­ше рет мүлт кет­кен жағ­дай­дан соң, ат-тонын ала қаша­тын. Ақы­ры алаң­да кім өзіне-өзі сенім­ді бол­са, сол тебетін боп келіс­кен едік.

Финал. Міне, 11 метр­лік бел­гі­лен­ді. Сана­ма еркім­нен тыс: «Сен соға ала­сың, сен – мықты­сың. Демек, допты ал да, теп. Дөп соқ­саң, әлем чем­пи­о­ны бола­сың», – деген ой құй­ы­ла бер­ді… Ойын­нан соң Ове­рат айта­ды: «Сен допты алып, нүк­те­ге қой­ған кез­де: «Ей, Пауль, шынын­да да, дәл соға ала­ты­ны­ңа сенім­ді­місің?» деп сұрап едім, сен «Неге соға алмай­мын? Соға­мын. Ойым­ды бөл­мей, ары тұр!» дедің», – дей­ді. Ал мен мұның бірін де білмеймін…

 

Есеп теңес­кен соң, енді алаң иелері басым­дық бай­қа­та баста­ды. Тіп­ті бағып жүр­ген Крой­фын бір сәт­ке ұмы­тқан Фогт­стың өзі шабуы­лға ара­ла­сып, 8‑нөмірлі гол­ланд қақ­па­шы­сы­мен жек­пе-жек­ке шықты. Бірақ Йонг­б­лад қырағы­лық таныт­ты. Сосын Бек­кен­бау­эр айып соққы­сын аса айла­кер­лік­пен орын­дап, допты аяғы­ның ұшы­мен тосқа­уыл­дан асы­ра дәл бұры­шқа бағыт­тап еді, сәл ғана қиыс кет­ті. 38-минут­та қар­сы шабуыл­да Реп гол соға­тын тама­ша мүм­кін­дік­ті пай­да­ла­на алма­ды. 40-минут­та Юрген Гра­бов­ски де қақ­па­шы­дан айла асы­ра алған жоқ. Тайм­ның бітуіне екі минут қалған­да Бон­хофтың пасы­нан соң Г.Мюллер өзінің құра­ма сапын­дағы соңғы, 68-голын соқты – 2:1. Үзіліс­ке кетіп бара жатқан­да-ақ Гол­лан­дия фут­бол­шы­ла­ры­ның жүй­кесі сыр бере баста­ды. Ван Хане­гем «тайм біт­ті» деп ысқы­рық шалып, допты сұраған төре­ші­ге оны бар күші­мен қат­ты лақтыр­ды. Кройф та кетіп бара жатып, жол-жөне­кей Тэй­лор­мен тәжі­ке­лесіп, ақы­ры ескер­ту алды. Финал қар­саңын­да Батыс Гер­ма­ни­я­ның бел­гілі таб­ло­и­ды «Бильд»: «Кройф бас­сейн­де бөтен әйел­дер­мен шам­пан ішіп, шалқы­ды», – деп жазып жібер­ген бола­тын. Фут­бол­шы «бұл – ойдан шыға­ры­лған жалған ақпа­рат!» деп, мой­ын­да­ма­ды және әйелінің алдын­да да ақта­луға мәж­бүр бол­ды. Қалай десек те, осы оқиға­лар­дың оның жүй­кесіне әсер еткені анық.

Кез­де­судің екін­ші бөлі­гі де алма-кезек шабуыл­дар­мен өтті. Ал ойын­ның соңы қақ­па­шы Май­ер­дің бене­фисіне айнал­ды. Ол Неескенс пен Реп­тің өте қауіп­ті соққы­ла­рын қай­та­ра алды. Немістер де қарап қалған жоқ. Бірақ төре­ші Г.Мюллердің таза голын «офсайд» деп, есеп­те­мей қой­ды, шын мәнін­де ешқан­дай да ойын­нан тыс қалу болған жоқ еді. Соңғы минут­тар­да гол­ланд қорға­у­шы­ла­ры өз айып алаңын­да Хель­цен­байн­ды тағы да шалып жықты, бірақ төре­шінің ысқы­ры­ғы үнсіз қал­ды. Ақы­ры Гол­лан­дия құра­ма­сы­ның кере­мет ойы­ны­на қара­ма­стан, темір­дей тәр­тіп­ке бағы­нған ұйым­шыл неміс коман­да­сы жеңіс­ке жетті.

Гол­лан­ди­я­ны құр­тқан – тур­нир соңы­на қарай негіз­гі ойын­шы­лар­дың шар­шай баста­уы еді. Өйт­кені олар­дың өте жыл­дам, тұтасқан фут­бо­лы ойын­шы­лар­дың көп қимыл­да­уын қажет ететін. Ал алаң жиегін­де­гілер негіз­гі құрам­дағы мықты­лар­ды алма­сты­ра­тын­дай дәре­же­де емес-ті. Тура­сын айту керек, Р.Михелстің қара­мағын­да аса жоға­ры дең­гей­лі ойын­шы­лар 12–13 қана еді. Керісін­ше, Гер­ма­ния құра­ма­сын­да бірі­нен-бірі өткен 20 май­тал­ман бар бола­тын. Х.Шен негіз­гі фут­бол­шы­лар­дың орны­на қосалқы құрам­ның кез кел­ген өкілін қоса ала­тын еді. Басқа­ны қой­ып, Гюн­тер Нет­цер сын­ды сай­ы­пқы­ран шебер­дің өзі бүкіл тур­нир бой­ы­на алаң жиегін күзетіп оты­рған соң, не дейсіз?

Рас, Гер­ма­ни­я­ның ойы­ны дәл 1972 жылғы Еуро­па чем­пи­о­на­тын­дағы­дай көздің жауын ала қой­ған жоқ. Деген­мен, олар алтын куб­ок­ты алуға әбден лай­ық еді.

Сәкен СЫБАНБАЙ

 

• Редак­ци­ядан:

«Ала доптың ала­ма­ны» кіта­бын сатып алғы­сы келетін­дер автор­дың өзіне мына теле­фон арқы­лы хабар­ла­суы­на бола­ды: 8 707 724 4799

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн