ЖАЗЫЛҒАН ЖАЙДЫҢ ЖАҢҒЫРЫҒЫ
Газеттің 27 қыркүйектегі №34(446) санында Оразалы Сәбден мырзаның сұхбаты жарияланыпты. Газет тілшісі оның өзін-өзі мақтап, басқа – өзінен үлкен академик ғалымдарды даттап, өтірік пен өсекке толы, шындыққа жанаспайтын сұхбатын бастырыпты.
Тілші оған ең негізгі сұрақты қоймаған: академиктердің қолын кімдер және не үшін жасанды «подделка» етіп, Елбасы атына және осы газетке берген? Егер осы Бас академияны, ол өзі айтқанындай, жек көрсе, неге қайта-қайта конкурсқа түсіп, сайланбай қалып жүр?
Осы жерде біз өткен жолғыдай құжат (документ) арқылы оның өтіріктерін шығарамыз. Ал О. Сәбден мырза ешқандай құжатсыз, тек байбалам өтірік айтып, әркімге күйе жаққысы келеді. Ол кісі 2013 жылғы сайлау құжаттары сақталмаған шығар деген оймен өтірік айтты ма – білмедік. Бірақ бізде барлық құжаттар архивте сақтаулы. Міне (фотокөшірмені қараңыз) О. Сәбден мырзаның ҰҒА корреспондент-мүшелігіне екінші рет өте алмай қалғандағы есеп комиссиясының хаттамасы: дауыс берген 16 академиктің 15-і қарсы дауыс берген. Демек, ол кісі өзін-өзі қанша мақтағанымен, ірі ғалымдар оны академияға мүшелік дәрежесіне жетті деп санамайды. Керек болса, бірінші рет өте алмай қалғандағы да есеп комиссиясының хаттамасын архивтен тауып бере аламыз.
Бұл өмірде «ғалым өзін ғылымда таныта алмаса, онда басқа қырынан танытады» деген сөз рас сияқты. Сайлауға өте алмай қалған адамдар қатысушылардың басым көпшілігін құрайды (1 орынға 10 адамға дейін!). Бірақ ілуде бірлі-жарымы ғана жоғарыға арыз жазады. О. Сәбден мырза «арыз бермедім» деп тұр. Ол сол 2013 ж. сайлаудан өтпей қалғаннан кейін, республиканың Бас прокурорына «менің конституциялық құқығымды бұзды» деп арыз жазған болатын (ол арыз да архивте сақтаулы). Бірақ О. Сәбденнің ол арызы прокуратура мамандарының күлкісінен басқа ештеңе тудырмады (келтірген «фактілерінің» білімге, шындыққа негізделмегені үшін болар). Яғни, бұл жерде де О. Сәбден мырза өтірік айтып тұр. Сұхбатындағы «әлемдік ғылымға титімдай үлес қоспаған», «құлдық психологиямен жүрген ғалымдар», «президенттікке ешкімді ұсындырған жоқ» деген сөздері тек шындыққа жоламайтын өтірік қана емес, нағыз бәлеқорлықтың өзі. Оның көпке топырақ шашқан бұл сөздері тек ҰҒА мүшелерінің емес, басқа да Қазақстан ғалымдарының ашу-ызасын туғызып жатыр. Бұларды дәлелдеудің де қажеті жоқ, өйткені ғылым саласынан хабардар адамдардың бәрі ол сөздердің жалған екенін біледі.
Академик М. Жұрынов алғашқы сайлауда баламалы түрде үш академиктің арасынан басым көпшілік дауыспен (75%) сайланды, ал соңғы рет 97% дауыс алып, қайта сайланды. М. Жұрыновтың республика көлеміндегі халыққа пайдасы тиіп жатқан игі жұмыстарын уақыт үнемдеу үшін айтпай-ақ тұрып, оның тек шетелдердегі жетістіктерін ғана тізіп шығайық. Ол аспирантурада Москваның Д.И. Менделеев атындағы химия-технологиялық университетінде оқып, мерзімінен 2 ай бұрын кандидаттық диссертациясын қорғап шықты, арада 11 жыл өткізіп, сол жерде докторлық диссертация қорғады. Оның жұмыстарына, ашқан жаңалықтарына АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Жапония, Кеңес үкіметі кезінде патент берді. Ол кезде бұл сирек кездесетін оқиға болатын. Сондықтан КСРО Ғылым академиясы ірі ғалымдарының қолдауымен 1989 ж. ҚазКСР Ғылым академиясына корреспондент-мүше, ал 1994 ж. – академик болып сайланды. Қазіргі кезде ол Ресей, Тәжікстан, Қырғызстан, Белоруссия академияларының құрметті мүшесі, Франция, Украина академияларының және Токио университетінің алтын медальдарының иегері, Джорджтаун (Вашингтон, АҚШ) университетінің құрметті профессоры. Д. Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университетінің ғылыми кеңесі М. Жұрыновқа ФРГ Канцлері Ангела Меркельмен бірге «Құрметті доктор» деген атақты бір мәжілісінде берген. Түркия, Ресей және Қырғызстанның марапаттарына ие, Кентукки штатындағы (АҚШ) Луисвилл қаласының құрметті азаматы және т.б.
Елімізде бұндай ірі ғалымдарымыз көп емес, саусақпен санарлық қана. Сондықтан оларды ит пен құсқа шоқытып қоюға болмайды. Құдайға шүкір, қазір 1937 жыл емес. Сол жылдары осындай бәлеқор жазғыштардың кесірінен қанша абыздарымыздан айрылдық.
Оразалы Сәбденнің ҰҒА мен оның басшылығына бәлеқорлықпен айып тағып, тиісіп жүргені бұл ғана емес. Академик К.Ормантаевты бізге қарсы қойып, шағыстырғаны және бар. Ал одан басқа тағы бір БАҚ құралында ол ҰҒА-сын ит асыраушылар қоғамымен (собаководство) теңестірді. Бұл – бір жағы.
Екінші жағынан, сол кезде ол Мәскеуде шығатын «Экономика» журналында жылдар бойы өзін ҰҒА академигі деп көрсетіп жүрген. Бұл екіжүзділік емес пе? ҰҒА-сының сол кездегі бас хатшысы төралқа мүшелерінің тапсырмасы бойынша жауап хат жазып, О.Сәбденнің бұл ісіне алаяқтық (самозванство) және надандық (невежество) деген әділ баға берді (ол мақала да ҰҒА архивінде сақтаулы). Дәл осы мақалаларда О.Сәбденнің ҰҒА-ны және оның басшылығын айыптаған «дәлелдері» тұп-тура негізінен қайталанып тұр.
Сондықтан ҰҒА-ның алты мүшесінің қолын жасанды түрде (подделка) қойып, солардың атынан ҰҒА президентін сайлау алдында Елбасының атына және «Дат» газетіне жолдап жүрген дәл осы О.Сәбденнің өзі сияқты. Бұл іске оның сыбайласы ретінде академик Ғ.Қалиевтің де қатысы болуы әбден мүмкін. Бірақ оны ресми түрде сот шешсін. ҰҒА төралқасының шешімімен бұл істі сотқа беру және осы тірлікті жоғарыдан қолдап отырған бір «жоғары лауазым иесі» туралы, әзірше бейресми, мәліметті Президент әкімшілігіне пәрменді түрде тексеру жүргізілуі үшін өтініш беру туралы қаулы қабылданды. Енді бұл қылмыстық істі тексеру процесі өз мәресіне жетпей тоқтамайды. Айыптылардың кейбіреулері республика президентіне және БАҚ құралдарына басқа азаматтардың қолдарын алаяқтық тәсілмен жасанды етіп қоюдың (подлог) заң бойынша қудаланатын қылмыстық іс екенін білмей, көздері әлі ұйқыда жүрген сияқты. Ендігі хабарды, керек деп тапсақ, сот үкімі және ҰҒА жиналысының шешімдері шыққан соң береміз.
О. Сәбден мырза сыбайластарымен бірге тек қана М. Жұрыновқа емес, ҰҒА Президиумына, Академияның барлық мүшелеріне, Ұлттық ғылыми кеңес мүшелеріне, Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитетінің қызметтеріне негізсіз күмән туғызып, олардың азаматтық беделіне нұсқан келтіріп отыр. Өткен басылымдарда аты аталған академик К. Ормантаевқа қазір біздің өкпеміз жоқ. Ол кісі О. Сәбденнің жалған мәліметтеріне сеніп қалғанын түсіндік, оның өз ойын іске асыру үшін, өтірік айтқанын қайдан білсін.
О. Сәбденнің арзан абырой жинайтын әдеттегі сөздері: ғалымдардың айлығын көбейту, жас ғалымдарға жатақхана мен арзан тұрғын үйлер беру, академияға мемлекеттік статус беру сияқты оған дейін талай адамдардың айтқандарын қайталау. Оны кім білмейді? Бәрі біледі. Ал оған қалай қол жеткізу керек, одан ол бейхабар сияқты. Ондай күрделі мәселелерді нағыз экономист ғалымдар ғана біледі. Бұндай кезде ойға бір-ақ мақал келеді: «Ит үреді, керуен көшеді».
Төралқасының тапсырмасы бойынша –
М. ҚАЛИМОЛДАЕВ,
ҚР ҰҒА вице-президенті – Бас ғалым-хатшы, академик
Мақала ақылы негізде қаз-қалпында жарияланды.
(медиа-проект «DAT» №35 (447) от 4 октября 2018 г.)