Қыркүйек айының 21–30 күндері «Түркітілдес журналистер қорының» ұйымдастыруымен бір топ қазақ журналистері Түркияның біраз қалаларын (Адыйаман – Мардин – Диарбакыр – Шанлыурфа – Газиантеп – Стамбул) аралап қайтты.
Топты бастап барған аталмыш қордың жетекшісі Назия Жоямергенқызы журналистерге аудармашы болып, екі аяқ, екі қолымызды төртеу еткенін сөз басында айта кеткеніміз жөн.
Сапарымыз Украина астанасы арқылы болғандықтан, күнімен Киевті тамашалап, ондағы тәуелсіздік алаңы – Майданға барып, естелік суретке түстік, әрі қарай Стамбул мен Анкараға қонып, Адыйаман қаласына да жеттік.
Әуежайда Адыйаман журналистері одағының жетекшісі Ибрахим Аслан мырза бізді салтанатты түрде гүлмен қарсы алды. (Түрік еліне сапар барысында көрген құрметімізді айтып, мақтануға тура келеді, ол үшін оқырман қауымнан кешірім сұраймыз).
Адыйаман қаласында «Ихлас Хабер Ажансы» (ІНА) ақпарат агенттігінде қонақта болып, әлемнің 50 еліне ақпарат тарататын агенттіктің жұмысымен таныстық. IHA агенттігінің «Anadolu ajansі», «Güne bakış» және «Adıyamanda gündem» газеттерінде, «Burak» баспаханасында, «Yeniyol» газеті, «Mercan TV» жəне Адыйаман журналистер одағында өткен кездесулерге қатыстық.
Журналистер одағының төрағасы Ибрахим Аслан мырзаның айтуынша, өлкелік одақ мүшелігіндегі 60-тан астам журналистердің 13-інде «сары жолақты карта» бар екен. Бұл құжат 13 журналист үшін үкімет тарапынан жасалатын әлеуметтік жеңілдікке, медициналық тегін көмекке, ресми жиындарға емін-еркін қатысуға, т.б. әлеуметтік қолдауға ие болғандығын білдіреді. Журналистер одағы мүшелікке өткендердің бірқатарына пәтер алып беретін де мүмкіндігі бар екен. Сондай-ақ түрік журналистерінің қолындағы сұр төлқұжат (паспорт) иелеріне кез келген мемлекетке визасыз барып-келуіне жол ашатын көрінеді. Мұндай жеңілдіктер түрік еліндегі журналистердің барлығына берілген.
НЕМРУТ – «ТӘҢІРЛЕР ТАУЫ»
Келесі күні таң бозынан Адыйамандағы аты әлемге мәшһүр болған Немрут тауына көтеріліп, Күннің шығуын қарсы алдық. Ескерте кетейік, «Тəңірлердің тағы» атанған Немрут тауы Күннің шығуы мен батуын тамашалауға әлемдегі ең қолайлы жер деген аңыз-атаққа ие болған. Бұл ғажайып құбылысты тамашалауға әлемнің әр түкпірінен туристер ағылады екен.
Немрут тауы дүние жүзі тарихындағы ең байырғы жерлердің бірі саналады. «Ұлттық демалыс паркі» ретінде мемлекеттік қорғауға алынған аймақ тарихи ескерткіштерге өте бай. Теңіз деңгейінен 2150 метр биіктікте орналасқан «Тәңір тауына» күн сайын кем дегенде 2 мың турист келетініне көзіміз жетті. Парсылар мен римдіктердің ортасындағы шап-шағын мемлекеттің шапқыншылыққа ұшырамай, өз мәдениеті мен тарихын сақтап қалуының астарында король Антиокстің (Антиох) данышпандығы мен дипломатиялық саясаты жатқан көне тарихтың ізі сайрап жатыр. Біздің дəуірімізге дейінгі 62 жылы салынған тарихи ескерткіштерді тамашалап, қасиетті мекенде ағарып атқан таңды елімізге, барша қазағымызға, туған-туыстарымызға деген жақсы тілектермен қарсы алып, әрі ол тілектеріміз орындалады деген зор сенімнің жүректе ұялауына Немруд аңызы себепкер болған еді…
Адыйамандағы Перре (Пирин) антикалық кентінің іргетасын осыдан 2 мың жыл бұрын (біздің жыл санауымызға дейінгі 69 жылы) Коммаген корольдігі қалаған болса, бүгінгі күні ол «Өлілердің кенті» атты қорымға айналған. Археологтардың айтуынша, антикалық кент үшке бөлінген: мазарлар, шеберхана (зəйтүн майы, шарап, т.б. өндірілген) және адамдар тұрған жер. Өкінішке қарай, нағыз Перренің үйіндісінің үстіне кейіннен 131 үй салыныпты. Енді оларды сүріп тастап, қазба жұмыстарын бастау үшін үкімет үй иелеріне өтемақы төлеуі тиіс. «Жуырда бұл мәселе де шешімін табады» деп, жергілікті билік сенім білдіріп отыр.
Тастан қашап жасалған 200-ден астам қорымдағы үңгірлер жалғыз адамға арналмаған, отбасылық болған деседі. Өлімнен кейін өмір болатынына сенген коммагендіктер бұл қорымға мәйіттерді керек-жарағымен қоса жерлеген. Тұрғызылған мазарларға қарап, марқұмдардың әлеуметтік мәртебесін анықтаған: байлардың қабірі барынша қымбат тастармен безендіріліп, ішіне құнды заттар қойылған. Алайда Перре кенті алғаш ашылғанда, қорымдардан тек адамның сүйектері мен арзан заттар ғана табылыпты. Алтын немесе басқа да асыл тастар бұған дейін тоналып кетсе керек.
Сапарымыз барысында сондай-ақ қала тұрғындарын ауызсумен қамтамасыз еткен құдықты көрдік. Бір қызығы – мұнда осыдан 2 мың жыл бұрын су тазарту жүйесі құрыпты: жаңбыр мен қардан жиналған су бірден құдыққа бармай, арнайы тазарту жүйесінен өткізілген. Құдықтың аузында бірнеше баспалдақ бар. Демек, жиналған су тереңдегі арнайы кеңістікке толтырылған.
Адыйаман жеріндегі тағы бір көне ескерткіш – 2 мың жылдық тарихы бар Джендере көпірі. Римдіктер салған ежелгі көпірдің ұзындығы 120 метр. Айта кететін жәйт – бұл көпір 1997 жылға дейін халыққа қызмет етіп келіпті. Сол жылы көпір күрделі жөндеуден өтіп, адамзат баласының баға жетпес байлығы ретінде ЮНЕСКО-ның қорғауына алынған. Содан бері көпір үстімен көліктердің өтуіне біржола тыйым салынған. Қазір әлемнің әр тарапынан осы тарихи көпірді көру үшін туристер көп келеді екен. Арада 2000 жыл өтсе де, тастан қаланып жасалған көпір күні бүгінге дейін әрі берік, әрі онда жазылған жазулар мен салынған өрнектер де сол күйінде сақталған.
Адыйаман облыстық Мәдениет жəне туризм басқармасының басшысы Мұстафа бей біздің жыл санауымызға дейінгі дәуірден бұрын басталатын Немрут тауының тарихы, Коммаген корольдігі, Перре антикалық кенті, əйгілі Джендере көпірі, Адыйаман тарихи мұражайына өзі гид болып барып, көне тарихтың жәдігерлерімен таныстырып, құнды деректермен бөлісті. Қазақ журналистеріне арнап, «Туризм жəне журналистика» тақырыбына семинар-тренинг өткізіп, бізге халықаралық сертификат тапсырды. Біз өз кезегімізде «Түркітілдес журналистер қоры» мүшелерінің атынан Мұстафа бейдің иығына қазақтың шапанын жауып, ыстық ықыласымызды білдірдік.
Түркия сапарында Адыйаман қаласының мэрі Нуруллах Наджи Калканджы мен қаланың губернаторы Фехми Хүсрев Кутлу мырзалардың қабылдауында болдық. Кездесуде Нуруллах мырза Қазақстан туралы, оның президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа қатысты, Түркия мен Ресей арасындағы ұшақ дауын шешуде Қазақстан басшылығы арағайындық еткенін, Түркі əлемінің бірлігі жолында орасан зор үлес қосып келе жатқанын тілге тиек етіп, «Қазақстан мен өзге түркі мемлекеттері арасындағы бауырластық-достық байланыстар нығая берсін», – деген тілегін білдірді. «Сіздерді жергілікті теледидардан, газеттерде берілген ақпараттан көріп жүрміз, үй-ішіміздегілер де қазақтарды көшеден көрдік деп жатыр. Мен де сіздерді көруім керек қой деген шешімге келдім», – деген әзілмен қонақжайлылығын танытты. Қала мэрі мен губернатор бізді кешкі асқа шақырып, құрмет көрсетті. Кеште ән де айтылды, би де биленді.
Сондай-ақ Гөлбашы ауданының губернаторы Юсуп Өздемир мырзаның арнайы шақыруымен аудан орталығына бардық. Аудан халқы ауыл шаруашылық өнімдерін өндіріп, жүзім кептіріп, Еуропа елдеріне тікелей экспортқа шығарумен айналысады екен. Біздің журналистерге арналып, Адыйамандағы өндіріс орындарына пресс-тур ұйымдастырылды. Мұнда қала шетіндегі үлкен холдингтің аумағына 126 шағын зауыт-фабрика орналасқан. Сүт өнімдерін өңдеу зауытын, есік-терезе шығаратын, кофе өңдейтін, текстиль өндіретін кәсіпорындарды аралап көрдік. Мемлекет тарапынан жеңілдікпен берілетін несие арқылы өндіріс ошақтарын дамытып жатқан алақандай Адыйаман өнімдері әлімнің түкпір-түкпіріне тарайды екен.
Қалаға қазақ журналистері келгенін Адыйаман облыстық Ішкі істер басқармасының бастығы Метин Алпер мырза да естіп, қала губернаторымен кездесуге барғанда, бізді кездейсоқ көріп те қалыпты. Содан бізді бастап жүрген ұйымдастырушылардан Ішкі істер басқармасына келуімізді өтініпті. Оның шақыруын біз де қабыл алдық. Кездесуде Метин мырза бізді басқарманың жұмыс барысымен таныстырды. Сириямен шекаралас ауданның қауіпсіздігіне жауапты жігіттің қарамағында 1800 полиция қызметкері бар екен. Метин бейдің Қазақстан мен қазақтар туралы пікірі өте жоғары, әрі өзінің қырғызшасы мен орысшасы да тәп-тәуір екен. Тоқсаныншы жылдардың ортасында ол Бішкекте елшілікте қызметте болыпты. Сол кезде қазақтардың арасынан талай таныс, жақын дос тауыпты. Алматыға жиі-жиі келіп тұруға тырысады екен.
МАРДИН – КӨНЕ ТАРИХ КУӘСІ
Келесі кезекте Мардин қаласына жол тарттық. Ғасырлардан бері түрлі тіл, дін және мәдениеттің адамдары тату-тәтті өмір сүрген Жоғары Месопотамияның ең көне қалаларының бірі – Мардин. Бір таудың төбесіне құрылған қаланың жасы шамамен 7 мың жыл. Анадолы, Месопотамия және Жібек жолы бойындағы сауда жолдары тоғысқан қойнаудың барлық байлығы қала тарихында маңызды іздер қалдырған. Неолитикалық дәуірлерден қалған күлтөбелер, Ассирия сауда колониялары, парсы, грек, Рим және Византия империялары – осы жерлерді мекендеген көне өркениеттердің тек бірнешеуі ғана. Соңғы жылдары дүние жүзінің назарын аудара бастаған Мардин қаласы дәстүрлі тас үйлерімен, тар көшелер, шіркеулер, мешіттер және медреселерімен ашық аспан астындағы мұражай іспеттес. Бұзылмаған сәулетімен орта ғасыр қалаларына ұқсас Мардиннің тастан қаланған сәулеті қайран қалдырады.
Қалаға барғанымызда, губернатор əрі мэр Мұстафа Йаман мырзаның қабылдауында болып, дастархан басында емін-жарқын әңгіме өрбіттік. Бір қызығы – әкімшілік ғимаратының ауласында орналасқан кафенің бір бұрышында музыканттар ән салып, аспаптарын даңғырлата ойнап отырғанын әкім елең де қылған жоқ, әрі ол жерде әкім отырғанын ескертіп жатқан ешкім де болмады. Мұнда әркім өзінің қалауымен өмір сүреді деген еркіндік бар.
Мұстафа бейдің айтуынша, мұнда ауыл шаруашылығы жақсы дамыған. Әсіресе Мардиннің қатты сортты бидайы халықаралық нарықта өте жоғары бағаланады. Осының арқасында жыл сайын 1 млрд доллардың бидайы Ирак пен Африка елдеріне экспортталады. Іргесінде 20 шақырым жерде орналасқан Сириядағы ахуал тұрақтанған соң, бидайды экспорттау жұмысын жалғастыратындарына сенімді. Сонымен қатар Мардин әртүрлі діндер тұтастығының айғағы екен – көне заманда іргетасы қаланған медресе мен монастырь бір ғимараттың екі басына орналасқан. Екеуіне де кіріп-шыққандар қатары өте көп, дені туристер болса да, діні бөлектер бір-бірін бөтенсімей, араласып жатыр. Біз ғимарат ортасындағы қасиетті бұлақтың суынан ауыз тиіп, қаланы аралап, орталықтағы ашық алаңда жергілікті жұртпен халай билеп, әрі қарай Диярбакыр қаласына жол тарттық. Мұндағы 2 миллионнан астам халықтың 80 пайызы – күрдтер. Өндіріс ошақтары дамыған, архитектурасы әсем қала екен.
ШАНЛЫУРФА ПИРАМИДАЛАРЫ
Шанлыурфа қаласына барған сапарымыз «Güney Doğu» және «Эдесса» телекомпанияларында жалғасты. Шанлыурфада Журналистер одағының басшысы Кемал Капаклы мырзамен кездесіп, урфалық БАҚ туралы ақпарат алдық. Шанлыурфада спутник арқылы хабар тарататын 4 телеарна, 6 радио, 8 газет, 3 журнал бар екен. Әлемнің әр түкпіріне хабар тарататын телеарна мен радиокешен заманауи құралдармен жабдықталған.
Шанлыурфадағы «Гөбекли тепе» («Іші бар төбе») ғибадатханасына бардық. Біздің дəуірімізге дейінгі 10-8 мыңыншы жылы салынған ғибадатханаға қазба жұмысы жүргізіліпті. Бұл жердегі ескерткіштердің «жасы» Египет пирамидалардынан 8 мың жылға үлкендігін естіп, қайран қалдық. Қазба жұмыстары кезінде табылған экспонаттардың дені қаладағы мұражайға қойылыпты, оны да тамашаладық.
Одан кейін атағы әлемге жайылған «Балықтыкөл» киелі мекеніндегі Ибрахим пайғамбардың мешітіне бардық. Ежелгі аңыз бойынша, Зылиханы сүйгені үшін Ибрахимды өртемек болғандардың отынан осы көл, отқа жағылған тамызықтан балықтар пайда болып, «Балықтыкөл» атанған екен. Көлдегі балықтар киелі саналатындықтан, оларға ешкім тиіспейді екен, кейде олар өз-өзінен азайып, сосын қайтадан көбейіп, көлдің сәнін келтіріп жатқан жайы бар. Шанлыурфа – он бір мың жылдық тарихы бар Анадолының ең байырғы қалаларының бірі. Адам баласының тарихымен бірге басталған тарихтың бастау алған жері, өркениеттер мекені, пайғамбарлар өңірі деп саналады екен.
ГАЗИАНТЕП ҒАЖАЙЫБЫ
Біз аралаған Газиантеп қаласы – үлкендігі жағынан Түркияның алтыншы қаласы. Ерекшелігі – қала барлық дәуірде де мәдениет пен сауданың және өнеркәсіптің орталығы болу дәрежесін сақтаған. Сондай-ақ тарихтың, туризм және өндірістің, әсіресе бірге өмір сүру мәдениеті мен әлеуметтік бейбітшіліктің, азаттық күресінің орталығы. Қаланың бүгін тұрғындарының саны 1 млн 600 мың болып, өнімділігі 7 млрд доллардан асатын және бүкіл әлем бойынша 170 елге экспорт жасап отырған маңызды өндіріс орталығы. Сонымен қатар дүние жүзіндегі ең ауқымды Зеугма мозаика мұражайымен, тарихи жәдігерлерімен атағы шыққан қала.
Қалаға барған күні Журналистер одағында бірқатар бас редакторлармен және ақпарат агенттіктерімен, радио басшыларымен кездестік. Сонымен қатар «Телеграф» газеті, «Ай Медиа Групп», «Олай Медиа Групп» басшыларымен кездесіп, ортақ жобалар мен іс бірлігі туралы кеңестік. Ең қызығы – Газиантепте күнделікті шығып тұратын газет-журналдар мен ақпарат тарататын радио көп екен де, ал апталық басылымдар аз. Оның себебін қаржылық тиімсіздігімен түсіндірді. БАҚ қожайындары сыртқы ықпалдардан сақтану үшін, қосымша бизнеспен айналысады: газет-журналға жарнама тарту, билбордтар жасау, баспаханалық қызмет түрлерін ұсынып, қала тұрғындарының сұранысын қамтиды.
Түркияның ең ірі әрі ықпалды бизнесмендерінің бірі – SANKO Холдинг қожайыны Абдулкадир Конукоғлы бізді түске асқа шақырып, құрмет көрсетті. «Сіздер біздің қонақтарымыз ғана емес, отбасымыздың мүшелері әрі туысқансыздар» деп қарсы алған Конукоғлы мырзаға «Түркітілдес журналистер қоры» мүшелерінің атынан Нәзия Жоямерген ханым алғыс айтты.
Бұл қалада орналасқан əлемдегі ең керемет Мозаика музейіне бардық. Олимп құдайларын жырлайтын «Илиада» кейіпкерлерінің мәрмәрмен бедерленген мозаикалық суреттері күні бүгінге дейін сол күйінде сақталған бірден-бір мұражай Газиантепте орын тепкен.
ТҮЙМЕДЕЙ ТҮЙІН
Елге қайтатын күні Адыйамандағы сауда орталығында жүргенімізде, түрік жігітіне тұрмысқа шыққан, қолында баласы бар талдықорғандық қазақ қызы Майраны кезіктірдік. Шұрқырасып, мәре-сәре болып қалдық, ол бізді үйіне қонаққа шақырды. Уақыттың тығыздығынан бара алмайтынымызға өкініп, қимай-қимай қоштастық. Айдаладағы Адыйаманда туғанымыз қалып бара жатқандай, біз де алай-дүлей сезімде болдық.
Адыйаманнан Стамбулға келген күні бірден Мәрмәр теңізіне бардық. Паромға мініп, Үскүдардан бір-ақ шықтық. Түрік сериалдарынан көріп жүрген «Қыз мұнарасын», Босфор көпірін тамашаладық. Сұлтанахмет мешіті мен Айя София ғимаратының түнгі келбетін көріп, спартандықтар жарыс ұйымдастырған алаңдағы колонналарды тамашаладық. «Стамбулға бір келген адам мұнда қайта айналып келуге тырысады» деген сөздің жаны барына көзіміз жетті…
Міне, Түркия сапарының ұзын-ырғасы осы. Біз барған өлкенің іргесі Сирия жеріне өте жақын орналасқан, соғыс кезінде елден ауып келген босқындардың бір-бір миллионы – Адыйаманға, Мардинге, Газиантепке, Шанлыурфаға қоныстаныпты. Саяси ахуал түзелетініне, сириялықтар өз мекеніне оралатынына жергілікті билік басшылары да, ел тұрғындары да сенімді. Бауырлас елге біз де тыныштық тіледік.
…Түркия сапары кезінде, елді мекендерді бір-бірімен жалғастырып жатқан, айнадай жарқыраған күре жолдарды көргенде, Шығыстағы Ақсуатыма баратын ойлы-шұңқырлы, өмір бойы асфальт дегеннің не екенін білмеген, қиқыш-ойқыш қара жол есіме түсті. Өзге елдің жақсысын көріп, қолда бардың қиюын келтіре алмай жатқан кемшіліктерді іштей салыстырып, ішімізден тындық. Десек те, жүрегі мен алақаны сайын даладай кең қазағымнан артық ешкім жоқ деп, дәтке қуат бердік!
Бақытгүл МӘКІМБАЙ,
«D»
(медиа-проект «DAT» №36 (448) от 11 октября 2018 г.)