18 ЖЫЛ БҰРЫНҒЫ ТАПСЫРМА бүгінге дейін неге орындалған жоқ?

Ел президентінің 5 қазандағы (2018 ж.) жолдауында негізінен елдегі жағдай және шешілмеген мәселелерге байланысты көптеген ойлар айтылды. Бұлар ҚР президентіне, әкімшілігіне, үкіметіне, министрлері мен әкімдеріне бұрыннан да айтылып жүрген және олар жақсы білетін мәселелер еді. Бірақ олардың орындалмайтынын халық баяғыда түсінген.

Жолдаудағы мәселелер кейінгі 15–20 жыл көлемінде қордаланып келген, ешқашан орындалмаған мәселелер. Оны шешуге президенттің үкіметі де, оның министрлері, «Нұр Отан» партиясы, оның депутаттары да дәрменсіз екені бесенеден белгілі болған жәйт. Тек президент айтқан кезде ғана аздап қозғалыс болады да, кейіннен сөз жүзінде қалады.

Менің өз басым оның себебі мынада деп білемін: билікте отырған бірде-бір құзырлы тұлғаны халық ешқашан сайлаған емес. Оларды тек президент тағайындаған, халық алдында кейінгі 20 жылда есеп бермеген. Олар сансыз жиналыс өткізгеннен басқа, қарапайым халықпен жұмыс істеуге құлықсыз, тек президентке есеп берсе – болғаны.

Президент өз сөзін ешуақытта өзінің шенеуніктеріне де, депутаттарына да орындата алмай келе жатқаны ешкімге жасырын емес. Себебі оларды бір жердегі қызметінен босатып, басқа орынға тағайындау – президенттің әдетіне айналған.

Кейінгі 20 жылда айтылған сөздің көпшілігі тек сөз жүзінде қалып келе жатқанын бірер мысалмен ғана келтіре кетейін: Президент әкімшілігі және үкіметтің ұйымдастыруымен 2001 жылы 1-3 ақпан аралығында білім және ғылым қызметкерлерінің I құрылтайы болды. ҚР президентінің сол құрылтайда жасаған баяндамасында берілген тапсырмалар арада 17 жыл өткенде тағы да қайталанды. Сондағы баяндамада келтіріліп берілген тапсырмалар мынау еді:

  1. «Мұғалім мәртебесін» көтеру жөнінде үкіметке тапсырма берілді, бірақ арада 17 жыл 7 ай 2 күн өтсе де, әлі орындалған жоқ. Ал соңғы жолдауда бұл тапсырма тағы да қайталанды.
  2. Білім саласындағы реформа дегенді қою керек деген тапсырма да сол кезде берілген. Кез келген реформа 10-12 жылға бағытталып жасалу керек деген ұсыныс та сонда айтылған. Өкінішке қарай, сансыз реформалар бүгінгі күнге дейін жалғасып келеді. Бұны ұрпаққа жасалған қастандық деп білемін.
  3. Қазір жоғары оқу орындарын бітіріп келген мамандардың айлығы 50-60 мың теңге, әр жылда оны 25 пайызға көбейтейік деп жар салып, тапсырма бергенмен, арада 18 жылға жуық уақыт өтсе де, оның көтерілгені көзге де, көңілге де көрінбейді. Сонда 18 жыл бұрын берілген тапсырмалар орындалған жағдайда, мұғалімдердің айлығы 40 мың теңгеден 400 пайызға дейін көтерілуі керек еді. Яғни, оқуды жаңа бітіріп келген мұғалімдердің айлығы 160 мың теңге көлеміне жеткен болар еді.
    Ал елдегі техникалық кызметкерлердің, аула сыпырушылар мен еден жуушылардың, пошта қызметкерлерінің айлығы қазіргі күннің өзінде 17-40 мың теңге аралығында екен. Бұл айлыққа халық қалай күн көрмекші?

Президент мемлекеттік қызметкерлер халыққа жақын болу керек екені қаншалықты айтылып келе жатқанмен, оған мән беріп отырған әкім-қарасы жоқ. Мен Алматы облысының әкімі Амандық Баталовқа шаруашылық мәселелері бойынша 5 рет жазылып, қабылдауына кіре алмадым. Ал оның атына жазылған 20-ға жуық хатқа ешуақытта жауап бермеді. Бұрын тәуелсіздікке дейін кез келген шенеунікке кірудің тәртібі болып, сол бойынша қабылдау жүргізіліп, мәселені тиянақты шешетін еді. Ал бүгінгі президент тағайындаған шенеуніктердің тірлігі кешегі жолдауда айтылғандай: олар тек бір адамға ғана бағынышты.

Мысалы, мен жуықта – 8 қазан күні Алматы облысы Іле ауданының әкімшілігіне кіре алмай, 1-2 сағат уақытым күтумен кетті. Күзет қызметкерінен неге кіргізбейсің деп сұрасам, «тапсырма осылай, мен ештеңе істей алмаймын» деп жауап береді. Яғни, әкімдер өздерін халықтан осылай оқшаулап алған. Іле ауданының әкімшілік ғимаратының қоршауына кіру мүмкін емес. Алматыда Күлекбаев жасаған террорлық әрекеттен кейін мұнда тек шлагбаумның жанына сисаң ғана өтесің, не еңбектеп өтуің керек.

Ал Іле ауданының прокуратурасына барсаңыз, екі тосқауылдан өтесіз, онда да күзетте отырған адам есікті іштен ашып жіберсе ғана кіресің. Аудандық ішкі істер департаментіндегі жағдай да тура осындай. Сонда билік иелерінің, мемлекеттік қызметкерлердің халыққа жақын болғаны қайда? Президент не дейді, оның жергілікті өкілдері оның тапсырмасын қалай орындайды?

Жоғары сотқа шағым жазсаңыз, оны ешуақытта қарауға жібермей, аудандық, облыстық соттардың шешімдерімен қаулыларын өзгеріссіз қалдырғаннан басқа жұмыстары жоқ немесе қарауға әртүрлі сылтаулармен жібермейді. Сонда халықтың салығынан босқа айлық алып отырған Жоғары соттың кімге қажеті бар? Мен тек 2016–2018 жылдары бес рет шағым бердім, біреуін де қарауға қабылдамай, кері қайтарып жіберді. Сол сияқты ҚР Ішкі істер министрлігі, Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті, ҚР Бас прокуратурасы да халыққа осыған ұқсас «жақындықта» жұмыс істеуде.

Осындай кереғар жағдайларды өз басымнан өткізген соң, менің президентке айтатын мынадай ұсыныстарым бар:
Президент мырза!

Сіздің тағайындап отырған шенеуніктеріңізді, барлық депутаттарыңызды халық сайламай, олар халыққа есеп бермей, халықтан аяғын тартпай, еш мәселе жолға қойылмайтындығын жақсы білеміз. Қазақстан халқы өз президентін 1991 жылдан бері «сайлап» келеді, неге олар ауыл, аудан, облыс әкімдерін сайлай алмайды?

Екіншіден, сіз жолдаудың барлығын орыс тілінде өткіздіңіз: біз Қазақ мемлекетіміз бе, жоқ әлде Ресейдің 87-губерниясымыз ба? Жолдауды тыңдап, залда отырған өз қызметкерлеріңіздің ішінде бары-жоғы 10-15 қана орыс тілді азаматтар болды: неге олар Қазақстанда тұрып, мемлекеттік тілді үйреніп, елге қызмет жасамайды? Біз өз тілімізді өз Отанымызда осылайша жоюымыз керек пе?

Үшінші. Интернетті қарасаңыз, сіздің қызыңыз Дариға орыс тілін қолдап, «үкімет, депутаттар, қазақша сөйлеңдер, істі қазақша жүргізіңдер» деген сөзіңізге қарсы шығып отыр. Сонда қалған шенеуніктер не істемекші? Егер сіз барлық жиынды қазақ тілінде өткізетін болсаңыз, сіздің тағайындаған шенеуніктеріңіз 5-6 айда қазақ тілінде сайрайтындығына күмәніңіз болмасын: сіз де ауылда өсіп, бүгін орысша қалай сөйлесеңіз, олар да қазақ тілін солай сөйлейтін болады.

Әрине, біз барлығын түсінеміз: барлық қыздарыңыз, немерелеріңіз, шенеуніктеріңіздің көпшілігі орыс тілді мектептер мен жоғары оқу орындарын бітіргендер. Ол менің өз басымнан да өтті: қазақ мектебін, жоғары оқу орнын қазақ тілінде бітіріп, қазақ мектебінде жұмыс істеп, қызмет жасау үшін 3-6 айдың ішінде барлық құжаттарды орыс тілінде жазып, орысша жиналыс, кеңестер өткізіп үйрендік. Олар да азғантай уақыт ішінде, қажеті болса, қазақ тілін үйренетіндігіне күмән болмау керек.

Ал бүгін 27 жыл бойы тәуелсіз ел болып отырып, 95% шенеуніктер және сіз қазақ бола тұра, әлі қазақ тілін ендіре алмай келесіздер. Сондықтан өз тілімізді кеңселік тілге, ресми айналымға енгізуге бірінші басшы – сіз түрткі болуға тиіссіз деп білемін.
Біз Қазақ елінің азаматтары емеспіз бе: Қазақ елін сақтап, дамытатын, ал оның тілі, діні, әдет-ғұрпы, салт-санасын қалпына келтіріп, сақтап қалатын біз емес пе? Бәріміз де пендеміз: артымызда Қазақ елін сақтайтын азаматтар қалдыру – бірінші сіздің міндетіңіз емес пе?

Сондықтан Қазақ елі дамуы үшін, осы жолдауда жариялаған мәселелерді сөз жүзінде емес, іс жүзінде нақты жүзеге асырсаңыз, Қазақ халқы сізге риза болатынына менің ел патриоты ретінде күмәнім болмас еді.

Ерсайын ЕРҚОЖА

(медиа-проект «DAT» №38 (450) от 25 октября 2018 г.)

Республиканский еженедельник онлайн