Талғат АЙТБАЙҰЛЫ,
публицист-жазушы
Сенбейсіз бе?.. Әлде мені абайламай, асылық айтып отыр дейсіз бе?..
Жо-жоқ, мен дәл бүгінгі қоғамдық-саяси, әлеуметтік-тұрмыстық өміріміздегі болып жатқан жан түршіктірерлік оқиғаларға байланысты күйзеле, күйіне, күңірене ой қозғап отырмын. Жоқшылық жұртты жұтатып, аштық азабы алқымнан алғанда, адамдар адамшылық қадір-қасиетінен айырылып, айтуға ауыз бармайтын ауыр қылмыстарды именбей жасайды екен. Мұны мен азалы ашаршылықты көрген, сұрапыл соғыс кезінде Кавказдан күштеп көшіріліп келген шешендердің ұрлық-қарлық, қанды қылмыстарын жақсы білетін әжелер мен туған әке-шешемнен талай естіген едім…
Бүгінде ақпараттың әп-сәтте әлемді шарлап кететін уақыты. Күнделікті шығатын мерзімдік басылымдар, теле-радио хабарлары кейіндеп қалып, әлеуметтік желілер желдей ескен заманда желпінтетін жақсылықты да, жаға ұстатып, естен тандыратын қайғы-қасіретті де сол сәтінде-ақ, жердің түбінде тұрып-ақ білетін болдық. Телефонсыз өмір жоқ сияқты. Таңертең көзімізді жыртып аша салысымен «Фейсбукқа» үңілеміз. Міне, сол әдетпен бүгін де ондағы жазбаларға көз жүгіртіп отырмын.
«Жұма күнгі сағат бесте жедел жәрдемге қоңырау түсті. Сол бойынша Алматыдағы Райымбек пен Сейфуллин көшелерінің қиылысына бардық. Жиырма жастағы жігітті түнгі клуб алдында аяусыз пышақтап кетіпті. Мал секілді азаптаған. Асқазаны ақтарылып жатыр. Дереу көлікке салып ауруханаға жеткіздік. Біздің алдымызда ғана әріптестерім Наурызбай мен Қабанбай көшелері қиылысынан ауыр жарақаттанған екі жігітті ауруханаға алып келіпті. Олардың да жарақаттары өте ауыр. Кеуде тұстарынан соққы жасалған. Біз келіп үлгерместен қоңырау безектей жөнелді. Тағы бір жігітті пышақтап кеткен. Біз барсақ, зардап шеккендер оқиға болған жерден жылыстап үлгеріпті… Алматы не болып барады? Қазақтар бір-бірлерін пышақтап жатыр. Қансыздар, қаскөйлер, қатыгез қаныпезерлер көбейіп кетті…» – дейді қатты түңілген жедел жәрдем дәрігері Зухра Табаева деген қарындасымыз.
Зухраның айтуынша, соңғы кездері әсіресе жастар арасында өзіне-өзі қол салу оқиғалары тіпті жиілеп кетіпті. Бұл күнделікті ұшырасатын үйреншікті жағдайға айналғандай. Мәселен, «сол күні түн ішінде жап-жас қалалық жігіттің асылып тұрған жеріне бардық, – дейді ол. – Полицейлер мұның бір күнде ғана болған үшінші өлім екенін айтты», – деп нали жазады дәрігер желі арқылы таратқан жазбасында.
Иә, жағдай өте қиын. Тіпті күрделі деуге болады. Мұндай қасірет қолға қару ұстауға жарайтын ер азамат атаулының бәрі сұрапыл соғысқа аттанып, ашқұрсақ тірлік кешкен, жаурап-жасып, жылап-еңіреген елдің арасында кезікпепті. Егер бола қалса, соның бірін болса да үлкендерден естір едік қой.
Ал бүгін ше?..
Сөзден сөз шығады. Мына бір әңгіме белгілі спорт журналисінен естігенім. Оның әйелі Алматыдағы іргелі мектептердің бірінде мұғалім. Сол кісі қызметінен келіп, шай үстінде халықтың барған сайын қайыршыланып, тұрмыс күйлері кері кетіп бара жатқандығы жөнінде сөз етеді.
«Пәленшені білесің ғой, – дейді атын айтып. – Кеше кешкілік мектептен шаршап, қабағы кіртиіп үйіне барса, колледжде оқитын ұлы ақша сұрапты. Әмиянына теңге тұрақтап көрмеген ол «оны не істейсің?» демей ме, шырт ете түсіп. «Жақсы плавки алайын деп едім», – дейді ұлы. Оның осы сөзін естіген анасы долдана ызаланып: «Әй! – дейді қаны мен жанынан жаралған ұлына тесіле. – Мен саған бұтымдағы жаман лыпамды көрсетейін, кәне, қарашы!». Сөйтіп, оң жақ етегін түріп қалады. Біздің әлемге әйгілі Елбасымыз, көк туы көкте желбіреп, дамудың даңғыл жолына түскен қасиетті Қазақстанымыз туралы ұл-қыздарға тебіреністі сөз айтып, тәлім-тәрбие беретін ұстаз анасының жиегі жырымдалып, өңі кеткен іш киімін көріп, одан әрмен қарауға дәті жетпеген ұлы «кешірші, мама!» деп еңіреп жылап жіберіпті…
Енді қайтсін-ай байғұс бала! Олай деп ойламаған ғой. Жаттығудан соң душта бірге жуынатын жолдасының плавкиіне қызыққан. Әрине, оның да көңілін түсінуге болады. Бірақ сол сәтте айтқанын жасауға ары тарт та бері тарт, жоқ-жітік жағдай мұрша бермеген?.. Әкесі екі жерде күзетші, бірінен келеді де, шала-шарпы ұйықтап, екіншісіне кетеді. Алатыны – мардымсыз ақы. Анасының табысы да көп емес. Үйде ауыздарын ашқан үш бала бар. Өздері көп жылдан бері үй кезегінде тұрады. Ол шіркін де оңайлықпен жылжи қоймайды. Мойындарында – кредит. Банкке жетіскеннен байланды ма? Аса қажет болды, амал жоқ, қарызға кірді. Енді ай сайынғы қайырым ақшасы жылтың етіп, өсімімен келеді де тұрады…».
Бұл әңгімені осыдан екі-үш жыл шамасы бұрын естіген едім. Құдай біледі дейін, қазіргідей жағдайда олардың тұрмысы түзеліп, өмірлері көркейіп кетті дегенге әсте илана қоймаймын. Оған дәлелім дайын.
Экономикамыз барған сайын тұралап, мемлекетіміздің берешек қарызы еселеп артып, көбеюмен келеді. Қала халқы да, дала жұрты да күйзелістен көз аша алмады. «Гастарбайтерлер» деп, өзбектерді сан саққа жүгіртіп, әжуалап күлуші едік, енді өзіміз де солардың кебін кидік. Жұмыс іздеп, сыртқа ағылған жастарымыздың қатары еселеп артуда. Олай болатыны – өзімізде ертеңге деген үміт азайып, биліктің жүргізіп отырған саясаты әбден түңілдірген.
Сөз жүзінде күн сәулелі елімізде бәрі ғажап та, ал шынайы өміріміз тозақтың нақ өзі. Күллі жүйе бір-ақ адамға және оның отбасы, айнала-төңірегіне ғана қызмет етеді. Басқа елдің күні қараң. Олар үшін қара халық, әсіресе қазақтар – жоқ есепті. Тұрмыс-тіршіліктері қалай, қайтіп күн кешіп жатыр? Үй-күйі бар ма? Жұмыс мәселесі, денсаулық жағдайлары, бала-шағаларының өмір тіршілігі не күйде?
Әлбетте, бұл жағы жоғарыдағы бүкіл мемлекетті меншіктеп, байлықтарын жеке бастарына иеленіп алғандардың қаперлеріне кіріп те шықпайды. Арқаға аяздай батқан ауыртпашылық, жұмыссыздық, қоғамда белең алып, орныққан зорлық-зомбылық, қарапайым халықты қинап, қылқындырған қымбатшылық әбден шегіне жетті. Бірақ отыз жылға жуық уақыттан бері басқару тізгініне желімдей жабысып келе жатқан ұлт көсемі үшін бәрібір: адамдардың ашынған үнін естігісі, қылбырауға түскен аянышты күйін мүлде көргісі келмейді. «Мен Қазақстан деген мемлекеттің негізін қаладым!
Қазақстандықтар бұрын-соңды болып көрмеген бақытты жағдайда өмір сүруде. Халықтың орташа өмір сүру жасы жылдан-жылға өсіп келеді… Мұндай елде туып-өсіп, тірлік кешкеннен асқан бақыт жоқ…» деуден жалықпайды. Өзінен басқаны білмейтін, бәрін бір өзіне ғана телитін Н.Ә.Назарбаевтың пікір-пайымы, біліп-түйгені – осы!
«Нұреке, сәл-пәл басылыңызшы, кішкене ойланыңқырап сөйлеңізші» деп көріңіз – не болар екен? Өйткені арғы жағында қордаланған ащы ақиқат тұр, оны есту ол кісіге өте ауыр тиеді. Боз ала таңнан басталатын жарыса мақтау, аспандатқан әдемі лебіздер, жыр шумақтар, арнау ән, күйлерде тежеу жоқ, ол түні бойы да тоқтамайды. Осындай таңғажайып әлемде әдемі тербелгеніне кемі ширек ғасырдың жүзі болған шығар. Сондықтан көзсіз, қисапсыз әсіре мақтауға, майдай жағатын мадақ сөзге бүкіл болмыс, бітімімен үйренген. Әрине, содан кейін өзіне бағытталып айтылған аз-кем сыни сөздің өзін өлердей қабылдайды, шиыршық ата шамданады; ондайды жүрегі дауалап айтқан кімге де өшігеді.
Сол жауыққанның бір мысалы – 2011 жылғы 16 желтоқсан – Тәуелсіздік мерекесі күнгі айдай әлемнің алдында жүзеге асырылған Жаңаөзен қырғыны. Жеті ай бойы Ата заңның ауқымынан асып кетпей, өз құқықтарының қорғалуын ғана талап етіп, табандап тұрып алған мұнайшыларды автоматпен аяусыз атқылап, қанға бөктірді. Артынан ол күнәларын одан да қалыңдатып, жазықсыз елді тағы да зар жылатты, шырқыратып жазалады. Сонда атуға тапсырма бергендер де, оны екі етпей орындағандар да, қойдай қырылып, қан-жоса болып жараланғандар да, кейін соттап, жаппай түрме торына тоғытқан тергеушілер мен сот, прокурорлар да – сорлағанда, кілең өз қазақтарымыз болды-ау!..
Иә, өз қазақтарымыз! Сол өз қандастарымыз 2006 жылғы «Шаңырақ» оқиғасы кезінде де билік бишігін үйіргендер тарапынан көресіні көрді. Осы қасіретті болдырмау үшін Жасарал Қуанышәлі, Рысбек Сәрсенбай ағаларымыз шырылдаудай-ақ шырылдады. Ақын Арон Атабек күндіз-түні жылап-еңіреген елдің ортасында жүрді.
Әрқайсысы әр жақтан жиналып, әзер дегенде құрап-сұрап тұрғызған баспаналарын бұзғызбаймыз деп бас қосқан, бір ауыз боп үн қатқан шаңырақтықтарға дем берді. Алдарына қалқан ұстап, резеңке сойылмен қаруланған омондар мен полицейлерді айдап салған билік адамдары ақ жаулықты әже, ақ сақалды аталар мен ботадай боздап, еңіреген аналарға да, олардың үрейден жүректері ұшып жылаған балаларына да қарамады: үй-жайды, қора-қопсыны, ішіндегі дүние-мүлкімен қоса, трактормен сүріп тастады.
«Шаңырақта» да кісі өлімі болды. Бағанаға байланып, үстіне құйылған бензинге алыстан лақтырылған оттықтан (соны кім жасады десеңізші) түскен оттан өртеніп өлген жап-жас полиция лейтенанты да қазақ еді. Әлі үйленбеген, өмірдің қызығын көрмеген жігіт. Оны кім өз қазағына, өз ошағын қорғауға өре тұрған қандас бауырларына қарсы арандатып, айдап салды? Не үшін? Кім үшін?.. Олар сол жерді басқа бір бөтен елден келіп, баса-көктеп тартып алған жоқ еді ғой. Бәлкім, әлдекімдерге алданған шығар. Алайда бәрінің қолында өздерін ақтайтын қағаздары болатын. Билік сонда күшке салып, қаруға жүгінгенше, неліктен әрқайсымен адамша тілдесіп, келісімге келмеді? Олар өз қазақтарымыз емес пе еді?..
Биліктің біліксіздігінен, халық алдындағы (бәрі дерлік үйсіз-күйсіз жүрген қазақтар) жауапкершілігін ұмытқаннан соң, аяғы орны толмайтын, қалай алдарқатса да, ақталуға келмейтін бақытсыздыққа ұрындырды. Тағы да жазықсыз жапа шеккен – сорлы қазағымыз. Сондай сорақылыққа апарып сорлатқандар да, тектен-текке жазаланып, жастық жылдарын абақтыда өткізуге мәжбүр болғандар да – қайран қазағымыз, өз елімізде өгейлік көруден көз ашпаған бақытсыз бауырларымыз еді…
Осылай қуғын-сүргін жалғасуда. Біз оған әбден үйренген секілдіміз. Тура бір ғасыр болды: большевиктердің қазақтарға, олардың озық ойлы азаматтарына қарсы бастаған қырып-жою, соттау, ұрып-соғып, қорлау әрекеті үздіксіз жалғасып келеді. Алаш арыстары бастан өткерген азапты 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінің қаһармандары да бастан кешті. Батыр Қайратымыз бен Ләззатымыздың бірі түрмеде белгісіз жағдайда ажал құшса, екіншісі «үш әріп» өкілдерінің қыспағына шыдай алмай, жатақхананың жоғарғы қабаттағы терезесінен құлап өлуге мәжбүр болды…
Осыдан бақандай бір жыл бұрын, сенбі сайын бір топ көкірек көзі ояу, елімшіл, мемлекетшіл азаматтар Алматыдағы Ганди саябағында бас қосып, әлеуметтік-тұрмыстық ахуалымызға, тілімізге, жерімізге, дінімізге қатысты тақырыптарда әңгіме өрбітіп жүрді. Оған есімдерін ел танитын, еркін ойлы кісілерді шақырды. Күндердің күнінде танымал тұлға, саясаткер Ж.Қуанышәлі екеуімізге – арамызға келіп, Желтоқсан көтерілісі туралы ой бөліссеңіздер деген қолқа салды. Сөздерін аяқсыз қалдырмадық. Сол төңіректегі кафелердің бірінің аядай бұрышында отырып әңгіме жасадық.
Міне, осы жерде пікірі нық, өзіндік айтар ойы қалыптасқан Алмат Ашуұлы Жұмағұловпен таныстық. Өзін Кенжебекпін деген азамат өз өлеңдерін оқыды. Және бірінші рет жүздескен Оралбек пен өзім бұрыннан өте жақсы танитын, Желтоқсанның қайтпас қайсар қаһарманы Халелхан Әділханов көтерілістің өздері білгісі келетін бұлыңғыр тұстарына орай сұрақтар берді. Сұңғақ бойлы, қимыл-қозғалысы ширақ, қоңырқай өңді жас жігіт смартфонына бізді тоқтаусыз түсіріп отырды. Ара-арасында сол уақытта аса зор қызметте болған, бүгінде елімізді басқарушы бірінші кісінің көтеріліске қатысы жөнінде өткір сауалдар қоюмен болды. Ол Қытайдан келіп, азаматтық алған Шәрбат Асхат деген қандасымыз екен. Біз де тартынбадық, оның берген сауалдарына барынша ашық жауап беріп, одан басқа да ойларымызды ортаға салдық.
Арада он шақты күн өткенде «Алаш жолы» қозғалысын құрып, әлгіндей әңгімелермен елді оятқысы келіп жүрген Алмат, Кенжебек және Оралбек «жиһадшы» атанып шыға келді. Оларды ұстадық деп, «31 арнадан» бейнесюжет берді. Үшеуі де қамалды. Смартфонға түсіріп, аса белсенділік көрсетіп жүрген Шәрбат олардың айтқан сөздерін диктофонға жасырын түрде жазып алып жүріпті. Содан тергеу бір жылға жуық уақытқа созылып, Алмалы аудандық сотында үшеуінің соты басталғанына ай шамасы болды. Ашық сот процесі ұзарған сайын, күлкілі жайттар көбейіп, жиһадшылармен «күресуші» жақтың қырық жерден қиюластырған әрекеттері шетінен әшкере бола бастады. Шәрбат өзінің жансыз еместігін дәлелдей алмай дал. Прокурор Бөгенбаев пен судья Әріпов жиһадшылар ісін қалай аяқтарларын білмей әлек.
Әйткенмен, сценариі алдын ала жазылып, жоғарыда отырған әлдекімдердің дегенімен жүретін соттың немен бітетіні белгілі деуге болады. Оларды құр жібермейді. Сөйтіп, сотталушылар да, соттаушылар да, жазықсыз жандарды «жиһадшылар» етіп шығару үшін жаныға қызмет қылған итаршы жансыздар да – қазақтар, өзіміздің айналып кетейін қандастарымыз болып шығады…
«Темір тордың арғы жағындағы күніміз күн емес. Бір камера бес адамға арналған болса, біз 10–11 кісіден жатырмыз. Іші адам төзгісіз, әжетханасы жұмыс істемейді. Беретін тамақтары жуындының о жақ-бұ жағы. Бүгінгі маған берген тамағының түрі мынау» – деп, Алмат целлофан қалтаға салынған екі тілім қара нанды көрсетті.
Ол бір жыл бұрын екі көзі от шашқан жігерлі жігіт еді, енді мұңдана қарайтын кейіпте. Асқазан жарасы ауруына ұшырапты. Ал Оралбек Өміров бір көзі көрмейтін екінші топтағы мүгедек болса, енді екінші жанарынан да айырылып, жетектемесе – жүре алмайтын жағдайға жетіпті. Қолы кісенделіп, полицейдің бір жағында келе жатып, есіктің жақтауына маңдайымен соғыла жаздады.
Сотты болып жатқан үшінші «жиһадшы» ақын Кенжебек Әбішевтің жүрегі бұрыннан дімкәс екен, онысы қайта-қайта ұстап, жедел жәрдем дәрігерінің көмегіне жүгінді. Сондай ауру-сырқаулығына қарамай, сот ісі әрмен қарай жалғасып, түн қараңғысы әбден қоюланғанда ғана тоқтады.
Құдай-ау, сонда бұл азаматтарды осыншама қинап, қорлайтындай ненің күні түсті?! Тәуелсіз елімізге, елбасымызға, оның жүргізіп жатқан саясатына қандай қауіп-қатер төндірді?..
«Қайран қазақтарым-ай!» деймін сөзімнің соңында. Өз елінде, өз Отанында өгейлік күй кешіп, бейшара болған қандастарым менің, біздің билігіміз осыншалықты қыспаққа алатындай, құнымызды тұқыртып, құтымызды қашыратындай не жаздық?..
(медиа-проект «DAT» №39 (451) от 1 ноября 2018 г.)