САЙРАГҮЛДІ Қытайдан ҚҰТҚАРАЙЫҚ!

Қазақ мемлекеті адам құқын таптап отыр. Қазірде (XXI ғасырда) әлемнің көптеген мемлекеттері өркениетті дамуға бет бұрған. Оның айқын көрінісі – халықтық-демократиялық даму, адам құқығын сақтау, озбырлыққа жол бермеу, отбасы құндылығын қорғау, тағы басқа іс-әрекеттер.

Ал авторитарлық билік үстемдік еткен елдерде мақсат-мұрат аяққа тапталуда. Бұған дәлел ретінде айтарымыз – бүгінде Африка мен Азияның, Оңтүстік Американың қаншама мыңдаған хал-жағдайы қиын босқындары Еуропа мемлекеттерін, АҚШ-ты, Канада мен Австралияны паналауға мәжбүр болуда. Ал бұл елдер босқындарды өркениетті ізгілікпен қабылдауда. Міне, жалпы адамзат үшін игілікті бастама жасау деген осы.

Дегенмен, озбырлық ошақтары әлемде әлі де аз емес. Мәселен, Қытайда адам құқығын таптау – қалыпты жағдайға айналды. Мұндағы аз ұлттардың аянышты саяси-әлеуметтік жағдайын былай қойғанда, тарихи отанына ораламын деген қазақтарды жазалау, қуғындау, түрмеге қамау – бүгінде бүкіләлемдік өркениетке мәлім жәйт болды.

Бұған қоса, Қытай мемлекеті басқыншылықтың экономикалық экспансия жасау түрін асқан озбырлықпен қолдана бастады. Бұл экспансияның тұзағына ілінген елдер қатарында біздің Қазақстан да бар екені жиі-жиі айтылуда. Ал экономикалық тұрғыда мұқтаждыққа тап болған ел ертеңгі күні саяси кіріптарлыққа тап болатыны ежелден аян.

Миллиардтаған доллар қарыз алған Қазақстан билігі Қытайдағы «саяси лагерьлерге» қамалған өз қазақтарының құқығы сақталуын талап ете алмауда. Себебі – «инвестиция» деген желеумен алған қарыздың қайтарымын өтейтін кез келді, ал екі ел арасында жасалған келісім-шарттарда қандай талаптар көрсетілгені жалпақ жұртқа құпия күйінде сақталуда.

Өзіне қаржылық кіріптарлыққа тап болған елдерге Қытайдың азу көрсете бастауы қазақ қызы Сайрагүл Сауытбай тап болған жағдайдан да анық байқалады. Қазақтарды этникалық тұрғыда қуғындауға тоқтау салудың мәселесі екі елдің арасында дипломатиялық жолмен шешілуі керек еді. Бірақ табанды талап қоюға қазақстандық биліктің батылы жетпей отыр.

Ал екі ел арасында қалыптасқан саяси қамалды да, шекараны да бұзып өткен Сайрагүлдің ерлігін – өжеттік, жігерлілік, намысшылдық қасиет деп түсіну керек. Оның ата мекенге, отбасына аман-сау қосылғанын бүкіл қазақ ұлты қолдап отыр. Сондықтан Сайрагүлге «Қазақстанның азаматтығы» статусын беру – ер президенті Н.Назарбаевтың құзыреттік қана емес, қазақи азаматтық парызы болуы керек. Ел-жұрт президенттен осыны талап етеді.

Бәтима ҚАЖЫБАЙ,
Жанайдар ҚАШҚЫНБАЙ,

еңбек ардагерлері,
Қарағанды қаласы

Республиканский еженедельник онлайн