Саяси науқан қайнаған қазан айының ортасында қазақстандық ресми БАҚ пен Ақорданың ауласындағы «байлаулы басылымдар» бүкіл әлемге тараған бір ақпаратты қалтарыс қалдырды.
Әрине, «басы байлы» медиа оны өз еріктерімен емес, Ақорда «айтпа» деген соң, үнсіз қалған сияқты. Әйтпегенде Нұрсұлтан көкелерінің әр сапарын айқайлатып, аспандатып жариялайтын ресми медианың үн-түнсіз қалуы мүмкін емес еді.
Қош, сонымен ол не ақпарат? Ел-жұртқа ендігі мәлім болғандай, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа 17 қазанда Финляндияға ресми сапармен барған еді (онда айтарлықтай мемлекетаралық келісім-шарттар мен уағдаластықтар жасалмаған болуы керек, әйтпесе сол «байлаулы БАҚ» бұл сапардың қорытындыларын жер-көкке сыйғызбай жазар еді).
Міне, сол сапар кезінде Қазақстан президенті шетелдік журналистер алдында біраз ағытылды (оның егжей-тегжейін газеттің ішкі беттерінен оқып алуға болады). Бізге қызығы – Қазақстанда 2020 жылы өтуі тиіс президенттік сайлау төңірегінде айтқандары.
Журналистермен брифинг кезінде президент Назарбаевқа: «Сіз 2020 жылғы сайлауға қатысасыз ба?» деген сұрақ қойылды. Мұндай сұрақтың боларын Нұрекеңнің өзі де нобайлаған болуы керек, айтар жауабын табан астынан суырып алғандай бұрқыратты:
«Бұл соңғы кездері маған өте жиі қойылатын сұрақ. Егер мен 2020 жылы кетсем, кішкентай бүлдіршіндеріміздің жақсы өмір сүруін кім қамтамасыз етеді?» – деп, ойланбастан сұраққа сұрақпен жауап берді. «Ал егер шынын айтсам, мүмкін, сіздер мені бұл тақта аз отырған жоқ деп ойлайтын шығарсыздар. Әр бес жыл сайын мені сайлап отырды және үлкен басымдықпен», – деп, Н.Назарбаев жауабын жалғады (Facebook-тегі «Настоящее время. Азия» ақпараттық бағдарламасындағы видеодан қазақшаланды).
Иә, «кішкентай бүлдіршіндеріміздің жақсы өмір сүруін кім қамтамасыз етеді?». Риторикалық жауап-сұрақ!
Өзінен басқа «қамтамасыз ететін» кім бар? Сотталып, атылып, айдалып кеткендерден кім қалды? Расында, ешкім жоқ. Анығында – ешкімді қалдырмады! Өзі маңайына жинап алған өңшең Мәмин сияқты «марқасқалар» мыңқ етер түр танытпайды. Екі қайтара премьер болған Масимов сияқты «маңмаңгерлер» халыққа масыл боп біткен. Қалған бала-шағаның жағдайы белгілі: жартысы – жемқор, қалғаны – парақор. «Тазамын» дегендердің өзі ертеңгі күннің қамымен тендерден там-тұм тұздық тартқандар.
Ал «біз де бір атаның баласымыз, ел басқаруға талпынысымыз бар» дегендердің тірісі – түрмеде, қашып құтылғандар – шетелдерде бас сауғалап жүр. Тіпті сол қашқан-пысқандарға бүйрегі бұрған блогерлердің өзі топ-тобымен сотқа тартылып жатыр.
Кім қалды? Егер тақтан кетіп қалса, «кішкентай бүлдіршіндеріміздің жақсы өмір сүруін кім қамтамасыз етеді?». Әрине – өзі ғана!
Бірақ мұндағы халықтың бір сұрақ қоюға хақысы бар: Назарбаевтың ойлап жүргені қай бүлдіршін – өзінікі ме, өзгенікі ме?
Өзгенікі болса, олар мектептегі тегін тамақтан қағылған, өзінікі болса – ол да өсіп қалды… 2020 жылды күте тұрайық…
Ермұрат БАПИ
(медиа-проект «DAT» №39 (451) от 1 ноября 2018 г.)