Кеше президент Нұрсұлтан Назарбаев «Астана» халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) сауда-саттыққа белгі берген алғашқы қоңырауын қақты. Оның ойы бойынша, болашақта халықаралық деңгейдегі толыққанды қор биржасына айналуы тиіс АХҚО ақша тартудың, шетелдердің капиталын Қазақстанға құюдың құралына айналуы тиіс екен.
Гонконг, Шанхай, Сингапур, Станбол қор биржалары сияқты Азияның үздік қаржы орталықтарының қатарына қосылуы қажет екен. Әрине, арманмен астасқан ниет жаман емес.
«АХҚО биржасындағы алғашқы сауда-саттықты бастау рәсімінің ұлттық валютамыз – теңгенің 25 жылдық мерейтойы қарсаңында өтуінің символдық мәні зор, – депті кеше Назарбаев орталықтың ашылу рәсімінде. – Содан бері Қазақстан экономикасы едәуір өсіп, халықтың тұрмыс деңгейі де артты. Ауқымды реформалар жүргізіліп жатыр. Бұл орталықтың іске қосылуы – елімізді одан әрі орнықты дамытудың маңызды қадамы».
Бірақ бұл «маңызды қадамның» сипаты үш ауысымда оқитын мектептермен, ауызсуға зар болған аңыраған ауылдармен, басқасын айтпағанда, Астана мен Алматының арасындағы ойдым-ойдым жолмен, айта берсең, ауыз талатын жоқшылықтармен салыстыруға келе ме? Ана мен балаға төлейтін жәрдемақыны кесіп тастаған қайыршы елдің басына алтын оқалы қалпақ кигізіп қойғандай, бұл қаржы биржасы қажет пе еді? Бұтына лыпа қылар дамбал тікпейтін елдің қор нарығына қай шетелдік қаржы құймақ?
Негізі, осындай сауалдардың саңылауынан сығаласақ, Ақорданың іргесінде АХҚО ашудың мақсаты да мәлім болады. «BCC Invest брокерлік компаниясының сарапшысы Асқар Ахметовтің Reuters агенттігіне берген пікірі бойынша, инвесторлар АҚШ Мәскеуге санкция салуы мүмкін деп қауіптеніп отырғанына байланысты «Қазатомөнеркәсіп» акциялары төмен бағаға шығарылды. Сарапшы санкция мен экспортты шектеу шаралары «Қазатомөнеркәсіптің» стратегиялық серіктесі «Росатом» компаниясына да тиюі ықтимал екенін айтады» (Azattyq.org).
Яғни, бір мақсат – АҚШ-тың санкцияларынан қашып құтылуды көксеген Ресей олигархтарының әлемдік биржалардағы капиталын Астанаға жинақтаудың айласы. Бұл арада ресейлік Путиннің иек қаққан ишарасын жоққа шығаруға болмайды.
Екінші және, шамасы, басты мақсат – былтырғы ЭКСПО-дан кейін қаңырап қалған көрме ғимараттарын іске жаратудың амалы. Көрменің күресініне қор биржасын құру – бұл, расында да, айтуға тұрарлық қазақстандық ноу-хау. Бірақ белгілі қаржыгер-маман Меруерт Махмұтованың пікіріне қарағанда, бұл да құрдымға кететін кезекті ақордалық жоба.
«Идея с МФЦА, на мой взгляд, безнадежна, деп жазады бұл ретте Меруерт ханым өзінің «Фейсбуктағы» парақшасында. – Не думаю, что инвестирование 60 млрд тенге (АХҚО ашуға жұмсалған) принесет хоть один тенге прибыли в бюджет. Сомневаюсь, что поездки в Лондон, Нью-Йорк, Сингапур и Гонконг приведут к нам толпы инвесторов. Полагаю, что идея создать МФЦА объяснялась лишь попыткой как-то использовать пустующие здания после проведения ЭКСПО…».
Қалай десек те, кеше АХҚО ашылды. Оған «Қазатомөнеркәсіп» компаниясының акциялары бірінші болып шығарылды. «Келешекте біз «Эйр Астана» мен «ҚазМұнайГаз» және өзге де ұлттық компаниялардың активтерін сатылымға шығаруды жоспарлап отырмыз.
«Астана» халықаралық қаржы орталығы елімізге шетелдердің капиталын тартудың құралына айналып, қор нарығын дамудың жаңа деңгейіне шығаруға тиіс…» – депті Нұрекең Назарбаев биржаның балғасын қағып жатып.
Несі бар? Биржадағы сауда ойыны басталды.
Бірақ ол олигархтар ойынына айналып кетпей, қазынадағы қаржысын шашқан халыққа да қарайлас ойын болсын деп армандайық.
Ермұрат БАПИ