Өткен аптаның соңында Нұрсұлтан Назарбаев әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік стипендиялар тағайындау туралы өкімге қол қойды. «2018 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының мәдениет саласындағы мемлекеттік стипендиясы» деп аталатын бұл шүлен таратуға елдің біраз беткебасар тұлғалары енген екен.
Атақ-даңқы жер жарған КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісов, Қазақстанның «Еңбек Ерлері» Олжас Сүлейменов, Асанәлі Әшімов пен Юрий Померанцев, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегерлері – Қабдеш Жұмаділов, Шот-Аман Уәлихан, Ескендір Хасанғалиев, Марфуға Айтқожа, Күләш Ахметова, Әкім Тарази, Төлен Әбдік, Сәбит Досанов, Сәбит Оразбаев, Иран-Ғайып (Оразбаев), Шерияздан Елеукенов… – бәрі бар. Тіпті «мемлекет және қоғам қайраткері» деген атақпен Мырзатай Жолдасбеков, «түркітанушы ғалым, қоғам қайраткері» деген желеумен Александр Гаркавец те еніпті.
Бірақ бір электронды басылым жазғандай, «президенттік пособияға» айналған стипендияны алған Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының иегерлерінің қатарында үш бірдей лауреат, әдебиеттің үш бірдей әйдік өкілі жоқ: олар – Мұхтар Шаханов, Дулат Исабеков және Бексұлтан Нұржекеұлы. Бұлардың әрқайсысын түстеп-түрлендірудің қажеті болмаса керек: әрқайсысының қазақ әдебиетіне салған айнымас күре жолы бар.
«Бұл қалай, бұлар стипендияға неге ілікпеді? Бұл алалаудың астарында не жатыр?» деген сауалдармен арһар-ағаларға хабарластық. Мұхтар ағаның жігіттері біз жолдаған сауалға жауап бермеді, Бекең телефонын көтермеді, ал Дулат ағамен болған қысқа телефон шалыстың нұсқасы мынау:
«Дулат аға, президенттік стипендия алғандардың қатарында атыңыз аталмапты, не боп қалды?».
«Білмедім. Жалпы бұл президенттік стипендия қандай тәртіппен, недей принциппен берілетінінен хабарым жоқ».
«Мемсыйлықтың көзі тірі лауреаттары түгел ілінгенде, Шаханов пен Бексұлтан досыңыз бар, сіздердің сырт қалғандарыңыз қалай болады, бұған ел не дейді?».
«Елдің не дейтінін тағы білмедім. Жалпы, үндемейтін халықпыз ғой… Мен де үндей қояйын деп отырған жоқпын… Өздері білсін… Сол стипендияға қарап қалған күнім жоқ…».
«Қарап қалған» демекші, жалпы бұл стипендия кімдерге берілгені жөн деп ойлайсыз, аға?».
«Кім білсін… Асанәлі Әшімов алған екен… Меніңше, бірінші кезекте жарым-жарты пенсияға қарап қалғандарға, бағатын бала-шағасы жоқ, отбасын асырауы ауыр әдебиет пен өнер иелеріне берілгені дұрыс шығар… Аймақтардағы танымал әдебиетшілердің алғаны дұрыс сияқты… Біздер Алматы мен Астанада күнімізді көреміз-ау…».
«Жөн, аға, аман болыңыз!».
Міне – осы. «Ала қойды бөле қырыққан» жағдайдың кебі.
Аман болыңдар, ағалар!
Ермұрат БАПИ