Елдегі жаппай жекешелендіру ХАЛЫҚҚА НЕ БЕРЕДІ?

Қазақстанның билігі мен мемлекет ішіндегі мемлекеті іспетті, тек қана үстем тап өкілдеріне айналған жаңа капиталист-олигархтарға қызмет етуші «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамы өзіне қарасты «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы құрамындағы стратегиялық үш мұнай өңдеу зауыттарындағы мемлекеттік акция үлестері мен жанар-жағармай бекеттерін тағы да жекешелендірмек болып, шешім қабылдады.

Бұл жекешелендіруді қазақстандық билік «вторая волна приватизация» деп атап отыр. Өткен жылдардағы «жекешелендіру науқандарынан» аман қалған мемлекеттік нысандар мен ұлттық компаниялардағы мемлекеттік үлестер бүгінгі күні жекешелендірудің екінші толқынына шығарылуда.

Бұл жекешелендіру қарапайым халыққа не береді? Егер бір тұжырыммен ғана тұйықтайтын болсақ, Қазақстанды билеген бұрынғы партократтар мен олардың сыбайлас жақын-жақыбайларынан құралған «жаңа капиталистер» одан ары байлыққа батып, тақыр пролетариатқа қайта айналған халықтың негізгі бөлігі одан ары кедейлене түседі. Ал «жекешелендірудің екінші толқыны» деп аталатын сұрқия экономикалық саясаттың жай-жапсарын талдап айтар болсақ, билік басындағылар арасында ғана болатын мемлекеттік-мүліктік бөлістің егжей-тегжейіне тоқталуға тура келеді.

Қандай мемлекет болмасын, оның негізгі стратегиялық нысандары: жер асты қазба байлықтары, темір-металлургия қорлары, энергетика мен логистикалық коммуникациялары, мұнай мен газ кәсіпшіліктері, зауыттар мен фабрикалар, космос, алтын өндірісі, т.б. кәсіпорындар мемлекет қарамағында болуы керектігі о бастан белгілі еді. Ал жаппай жеке меншіктен тұрған экономика тек жабайы капитализмге, яғни артель, трест, синдикат пен мафиялық топтар басқарған экономикаға әкеледі. Мұндай елде ешқашан да нарықтық (рыночный) қатынастар туындамайды! Өкінішке қарай, енді, міне, Қазақстанда осы «жабайы капитализм» үстемдік құрып отыр. Еліміз экономикасының бүгінгі жағдайы дамыған 30 елдердің қатарында емес, елулікке де ілесе алмай, Африканың артта қалған елдерінің қатарына қарай кері сырғып барады.

Біздің экономикадағы меншіктік қатынастарды шетелдермен салыстыратын болсақ, ғаламның алдыңғы сегіздігіне кіретін Англияның экономикасындағы шетелдіктердің үлес салмағы жалпы өндіріс акцияларының 15 пайызынан аспайды. Жетіліктің мықтыларының бірі – Францияда 15–20 пайызға дейінгі аралықтағы акцияларға шетелдіктердің егелік етуіне тек қана ел парламентінің рұқсаты керек! Аралас экономиканы қолданып, ғаламдық екінші экономикаға айналып отырған Қытайда экономиканың 96 пайызы мемлекеттік, ал демократия мен нарықтық қатынастар жүйесі өте дамыған АҚШ-та экономикасының 51 пайызы, Англияда – 56 пайызы мемлекет қарамағында!

Ал біздегі «ғұламалар» билік құрған Қазақстан экономикасының 96 пайызы қазір жеке меншікке айналып отыр. Жеке бизнесмен немесе шетелдік инвестор өз қаржысына салған зауыты мен фабрикасына өзі егелік етсе, ешқандай да жеңілдіксіз толыққанды салығын төлеп отырса, заңды негізде акцияларын қор биржа нарығына шығарып немесе өз еріктерімен ұжыммен бөлісіп отырса, оған ешкімнің де таласы да, жұмыстары да болмас еді…

Бірақ бізде мүлдем басқаша болды. Оның ең масқаралығы – 90-жылдардың ортасынан ауа басталған «жаппай жекелендіру науқанында» мемлекет қаржысына салынған, табыс тауып, мыңдаған азаматтарымызды асырап, мемлекет қазынасын төлеген салығымен толтырып жатқан завод-фабрикаларды, шахталар мен мұнай-газ кеніштерін, яғни халықтың ырыс-несібесін жекелендіріп, оны өз жақындары мен шетелдіктерге азын-аулақ қаржыға сатып, үлестіруді қандай жетістікке жатқызуға болады?! Жаңа қожайындар осы өндірістердің табысынан бөлінген қаржыларға уақыты жетіп, әбден тозып, істен шыққан жабдықтар мен қондырғыларды жаңа технологияларға ауыстыруды ма? Жекешелендірілген өндіріс орындарында қанша жұмыс орындары ашылды?

Бір ғана адам ұзақ жылдар бойы басқарған, біліктілігі мен дамуы кері кеткен биліктің 2018 жылдың басында ақпарат агенттіктері арқылы арнайы таратқан хабарының мәтінін қаз-қалпында келтіріп көрейік («Интерфакс-Қазақстан»):

«16 января. Павлодарский, Атырауский и Шымкентский нефтеперерабатывающие заводы будут приватизированы в рамках подготовки к IPO АО «Национальная компания «КазМунайГаз», заявил министр национальной экономики Тимур Сулейменов. «Реализация 14 активов перенесена в периметр IPO их материнских компаний в целях повышения их стоимости», – сказал Т.Сулейменов на заседании правительства.

В частности, в рамках подготовки к IPO «КазМунайГаза» будет реализовано 7 активов (доли участия, принадлежащие КМГ): ТОО «Урихтау Оперейтинг», ТОО «Павлодарский нефтехимический завод», TH KazMunaiGas N.V., ТОО «ПетроКазахстан Ойл Продактс», ТОО «Атырауский нефтеперерабатывающий завод», ТОО «KMG Automation», ТОО «Тениз Сервис», сообщил Т.Сулейменов. Таким же образом будут проданы активы АО «Национальная компания «Казахстан темир жолы» (пять активов: АО «Казтемиртранс», АО «Пассажирские перевозки», АО «Багажные перевозки», АО «Вагон сервис», АО «Пригородные перевозки»); и АО «Национальная компания «Казахтелеком» (два актива: ТОО «Нурсат+» ООО «КТ-АйИкс»)…

Как известно, правительство Казахстана утвердило комплексный план приватизации на 2016–2020 годы и список объектов, подлежащих передаче в конкурентную среду. В перечень крупных организаций республиканской собственности, подлежащих приватизации в приоритетном порядке, вошли такие организации, как: АО «Национальный научный медицинский центр», нацкомпания «Казахстан гарыш сапары», национальная геологоразведческая компания «Казгеология», международный аэропорт Астаны и другие. На IPO будут выведены: национальная железнодорожная компания «Казахстан темир жолы», национальная нефтегазовая компания «КазМунайГаз», национальная атомная компания «Казатомпром», АО «Самрук-Энерго», национальная горнорудная компания «Тау-Кен Самрук», ТОО «Казцинк», АО «Казпочта», АО «Эйр Астана» и другие компании. В Казахстане с населением 18 млн человек действуют три НПЗ – Атырауский, Павлодарский и Шымкентский. «КазМунайГаз» и CNPC владеют по 50% долей Шымкентского НПЗ. Атырауский и Павлодарский заводы контролируются «КазМунайГазом».

Ел экономикасына пайда беріп тұрған, мемлекет қазынасынан миллиардтаған доллар қаржы жұмсалып салынған кезекті мемлекеттік нысандардың да сатылымға шығарылатынын сол агенттік былай хабарлайды:

«В рамках визита президента Казахстана Нурсултана Назарбаева в Объединенные Арабские Эмираты подписан ряд документов о сотрудничестве, сообщила пресс-служба главы Казахстана. Так, в ходе официального визита подписаны: соглашение между правительством Казахстана и ОАЭ о поощрении и взаимной защите инвестиций, рамочное соглашение об основных принципах приобретения 49% акций акционерного общества специальной экономической зоны «Морпорт Актау», рамочное соглашение об основных принципах участия DP World в капитале АО «Управляющая компания СЭЗ «Хоргос – Восточные ворота».

Ал енді мына әпербақандық әрекетке не деуге болады? Қаз-қалпында – Интерфакс-Қазақстан:

Активы Национального фонда Казахстана пополняются не теми темпами, которые необходимы, считает министр национальной экономики Казахстана Тимур Сулейменов. «Для пополнения Национального фонда, в первую очередь (объявлены на продажу акции «Жилстройсбербанка» Казахстана – ИФ-К)… Национальный фонд мы сильно задействовали на тот же «Нурлы жол», «Нурлы жер» и видим, что его активы у нас пополняются не так быстро, как хотелось бы… Поэтому перед нами задача пополнения Нацфонда стоит», – добавил он. Кроме прочего, приватизация нацкомпаний, по словам министра, позволит привлечь «стратегических инвесторов с хорошим именем», которые привнесут «дополнительные управленческие технологии и т.д.». – сказал Т.Сулейменов.

Тағы да айтпасқа болмас. «Ұлттық қор» деген ел экономикасынан түскен пайданың бір бөлігімен толтырылмайтын ба еді? Қазір қорда қанша қаржы қалды? Кезінде «Қазкоммерцбанкке» сауықтыруға деп берілген 8 миллиард АҚШ доллары қашан қайтарылады? Егер бұл банк 1 теңгеге сатылып, жойылып кетсе, оны кім қайтарады? Жаңа қожайын ба? Бұл кезекті алаяқтық емес пе? Ұлттық қорды шетелден алған қарызбен қалай толтырмақ? Ол қарыз кейін қайтарылуы тиіс болса, қорды шетелдік қаржымен толтырудың мәнісі қандай болмақ?
Шамасы, Ұлттық қорды толтырмақ түгілі, елдің бюджетінде экономиканы жамап-жасқайтын қаржы қалмаса керек, енді «екінші жекешелендіру» деп аталатын алдамшы экономикалық саясат пайда болған сияқты. Сонда халықтың ырыс-несібесін, яғни мемлекет мүліктерін түгелге дерлік сатудағы мақсаттары не? Әлде бұл мырзалар келешектерін Қазақстанмен байланыстырғысы келмей ме? Ел экономикада мемлекеттің үлесін осыншама азайтқандағы биліктің түпкі мақсаттары не? Бұлар сонда нені көксеп жүр? Әлде мемлекетті, оның жерінің асты мен үстін бөлшектеп, әлемдік алпауыттармен бірге жекешелендіріп алмақ па? Қорасында тышқақ лағы жоқ, не бір гектар егістік жері жоқ, ауыл шаруашылығы тас-талқан болып күйреген, не бір толыққанды егелік еткен зауыттары, не халық тұтынатын тауарлар шығаратын фабрикалары тағы да жоқ елді мемлекет деуге бола ма?!..

Ақырында біздің «ғұламалар» елді де, экономиканы да банкротқа ұшыратуға таяп қалды. Енді қалған-құтқандарын сатып бітірген соң, шетелдерге қашпақ ойлары бар ма? Бірақ қайда қашса да, халық қаһарынан ешқашан да құтыла алмайтындарын неге ғана ұқпайтындарына таң қалмай көр?!

Филиппиннің бұрынғы президенті, жемқорлықпен елін тонап, 4,5 миллиард АҚШ долларымен шетелдерге қашып, өлгеннен соң да жеті жыл бойы жерленбеген Фердинанд Маркостың ащы өмірі біздің елді басқарып отырған әрбір шенеунікке сабақ болуы тиіс…

Аралас экономикаға көшпей, нарықтық қатынастардағы әділеттілік үстемдік алмай, экономика толыққанды дамымайды! Заңның үстемдігі, мықты кадр саясаты, мемлекеттік қызмет пен бизнестің бөліну керектігі және де туындаған әлеуметтік мәселелерді дер кезінде шешу – бүгінгі күннің ең басты талабы, ең өзекті мәселесі!
Мемлекеттік кәсіпорындар мен жеке меншік кәсіпорындар арасында өндірілген тауарларын өткізу жолында туындамай, экономикада нарықтық қатынастар ешқашан да қалыптаспайды. Экономиканы басқаруда дамыған елдердегідей аралас экономикаға көшу керек. Яғни, нарықтық қатынастар мен әкімшілдік жүйені үйлесімді түрде заңмен реттеп, басқару жолдары. Мұндай экономикалық іс-шаралар өз кезегінде бәрін де нарықтың өзі реттейді деп, экономикалық дамуды бетімен жіберген жабайылық пен тоғышарлықтан арылтады. Жалпыға ортақ тәртіп орнап, экономикадағы бейберекетсіздік пен анархияны болдырмайды.

Жақында ғана Қазақстанның білікті де, тегеуірінді бас прокуроры Қайрат Қожамжаровтың бастамасымен жүргізілген ішінара тексеруден соң, еліміз бойынша коммуналдық төлемдердің көтеріңкі тарифтермен заңсыз алынып келгендігі анықталды. Баға белгілеуде өзіндік құн есеп-қисабын (калькуляциясын) тексеріп, оны бекітіп, жыл бойы сақталуын бақылауға тиісті Антимонополиялық комитеттің қылмысқа тең біліксіздігі мен жауапсыздығы кесірінен тұтынушыларымыздың миллиардтаған теңге шығынға батқандығы белгілі болды…

Экономиканы халықтық, ұлттық мүдде тұрғысынан басқармаса, білімді де, білікті кадр таңдау саясаты болмаса, баға белгілеуді заңмен реттеп, бақылап отырмаса, әлеуметтік мәселелерді дер кезінде шешпесе, соттар әділетті болмаса, білім мен медицина ақылы болса, ондай мемлекет пен сол мемлекетті дұрыс басқара алмаған, жеген нанын ақтамайтын мыңдаған шенеуніктерді асыраудың не қажеті бар деген заңды сұрақ қоюға кез келген мемлекетті асырап отырған салық төлеушінің құқы бар!

Енді не істеу керек? Ең бастысы – ел экономикасының негізгі ұстыны, тіреуі әрі іргетасы болып саналатын кәсіпорындар мен кеніштердің акцияларының 51 пайыздық үлесі мемлекетте, 35 пайызы ұжымда, қалған үлестер шетелдіктер мен Қазақстан азаматтарына сатылса, міне, сонда ғана нағыз әділеттілік орнап, «халықтық экономика мен ұлттық патриотизм» күшейіп, мемлекеттің дамуы барлық жағынан да алға басады.

Ал билік пен бизнесті тез арада бөлу керектігі де ең өзекті мәселе! Билік пен бизнесті біріктіру ешқашан да әділетті қоғам орнатпайды. Оның есесіне биліктегілердің бәрі де бизнесмен, әрі жемқорларға айналып, «билік пен жеке мүддені үйлесімді түрде бас пайдасы мен қалта толтыру көзіне» айналдырады. Меншігінде ауыл шарушылығы компаниялары мен авиация, энергетика, транспорт саласы, мұнай-газ кеніштері мен мұнайды өңдеп, бензин, солярка, керосин, мазут сияқты өнімдер шығаратын зауыттары бар немесе дәрі-дәрмек пен тамақ өндірісі сияқты фабрикалары бар бизнесмен жоғарғы билікте отырғанда, ешқашан да баға арзандап, тұрақтамайды. Биліктегі бизнесмендер мен олардың төңірегін ойқастаған олигархтар елге керекті жаңа зауыттарды ешқашан салдыртпайды. Олардың жеке мүдделері ұлттық, халықтық, мемлекеттік мүддеден әрқашан да биік тұрады. Есесіне өз мұнай шикізатын толлинг тәсілімен ешқандай да кедендік салықсыз шетел (Ресей мен Қытайға) зауыттарына апарып, өңдеп, дайын өнімдерді тағы да салықсыз ішкі нарыққа әкеліп, халықтың есесінен қырғын пайда тауып отырған шенеунікке баға саясаты мен мемлекеттің, халықтың қамы не керек?!
Шыдам деген жақсы қасиет, бірақ ұзақ шыдауға өмір қысқа! Сондықтан да халық мимырт ұйқыдан оянып, биліктен өз мүддесі мен үлестерін талап етулері керек.

Ілесбек БАЙЖАНОВ,
ҚР Журналистер
одағының мүшесі,
Шымкент шаһары

Республиканский еженедельник онлайн