«Қарағанды оқиғасы» ел ішінде біраз толқу тудыруда. Жергілікті билік пен құқық қорғау органдары да бұл толқудың өршіп кетпеуіне күш салуда. Сондай әсіре сақтықтың бір дәлелі – қоғам белсенділерін талқы жиынға шақырған танымал ұлтжанды қайраткер Мұхтар Тайжанды полиция ұстап алып кетті. Бұл оқиғаның мән-жайы қалай болған еді?
Мұхтар Тайжан қаңтардың 8-і күні осы оқиғаға қатысты кездесу өтетіні туралы Facebook желісі арқылы хабарлап, ел азаматтарын, қоғам белсенділерін ой-пікір бөлісуге шақырған еді. «Маловодный, Шеңгелді, Шымкентте дәл сондай қайғы, ауыр оқиғалар болғаны бәріміздің есімізде, – деп жазған еді Мұхтар өз парақшасында. – Бұндай оқиғалар қайталанбас үшін бүгінгі таңда не істеуіміз керек? Қолымыздан біраз нәрселер келеді, себебі бұл елдің иесі – біз, жауапкершілік біздің мойнымызда. Балаларға қандай ел қалдырып кетеміз? Олар да бұл проблемалармен өмір сүрулері керек пе?..
Бабаларымыз ұлттық жағдай пайда болғанда, жеке өзара реніштерін қойып, бірге жиналып, ақылдасатын. Біз де сөйтейік! Менің ұсынысым – әр қалада ұлтшылдар жиналып, ақылдассын. Басқаларға да, билікке де қазақтың ынтымағын көрсетейік!.. Баршаңызға есік ашық, журналистер, орган адамдары да, келіңіздер, тыңдаңыздар, айналып келгенде, сендер де қазақ баласысыңдар».
Осындай мәмілелі әңгімеге шақырған сөзде қандай қауіп бар еді? Мұхтар халықты қарсылық көрсетуге шақырып па еді? Жоқ!
Бірақ осы хабар желіде тарағаннан кейін-ақ, іле-шала Мұхтар Тайжанды полиция қызметкерлері есігінің алдынан ұстап, қалалық ішкі істер департаментіне алып кеткен еді.
Ескерте кететін бір жәйт – полицияға дейін Мұхтар мырзаға прокуратура қызметкерлері келіп, кездесудің мән-мазмұны жөнінде саясаткермен әңгімелескен екен. Бұл жөнінде Мұхтардың өзі «прокурорлардың келуі кездесу өткізуге кедергі болмайды» деп, Facebook арқылы хабар таратқан-ды.
Алайда олай болмады: қоғам белсендісі Алматыдағы «Астана» қонақ үйіндегі кездесуге барудың орнына, полицайлардың табанды талабымен қалалық ішкі істер департаментінен бір-ақ шықты. Артынша «Астана» қонақ үйінің әкімшілігі жиын өткізуге орын беруден бас тартты. Әрине, әкімшіліктің бұл әрекетіне прокуратураның тыйым салуы әсер еткені айдан анық еді. Осылайша ұлт тағдырына қатысты мәселені талқыламақ болған белсенділер жиыны өтпей қалды.
Мұхтар мырзаның өз аузымен айтуынан белгілі болғандай, кездесу өткізуге келе жатқан Тайжанды Алматы қалалық ішкі істер департаментінің қызметкерлері алып кетіп, 4 сағат бойы ұстаған. Полиция мен саясаткердің арасындағы «әңгіме» келесі күні – қаңтардың 9-ында қайтадан жалғасқан екен. Департаменттен шыққан кейін, Мұхтар Тайжан желідегі тікелей эфирде мынадай мәлімдеме жасады:
«ДВД»-дан шықтым, түрлі сұрақтар қойылды, жауап бердім. Бүгінгі таңда ешқандай проблеманы көріп тұрған жоқпын. Өз ұстанымымнан бас тартқан емеспін, бас тартпаймын да! Желіде жазылған жазбаларымның барлығы өзімдікі, өзім жазғанмын. Жауап керек болса, бере аламын, өйткені бірнеше жылдан бері елдегі өзекті мәселені айтып келеміз. Рас, Қазақстанда мемлекет құрушы ұлт бар, ол –қазақтар. Бұл мәселені айтып отырған себебім басқа ұлттарға жасалған шабуыл емес, басқа ұлттарды жек көру, заң жағынан ерекшелену деген түсінік болмауы тиіс. Бірақ моральдық тұрғыда ғасырлар бойы осы елде қазақ ұлтынан басқа ешкім тұрған жоқ, жерін басқа ешкім қорғаған жоқ. Басқа елдерде де, Еуропа мен Азияда да мемлекет құрушы ұлт бар, ол – табиғи құбылыс. Мемлекет құрушы ұлт тек қана Америкада жоқ.
Күні кеше ғана «Нұр Отанның» басшысы Мәулен Әшімбаев өте орынды пост жазды. Ол да мойындап отыр. Менің жоспарым –Астанаға жол жүрем. Ертең, амандық болса, идеология мәселесімен айналысатын жауапты адамдармен кездесіп, келіссөз жүргізем. Бүгінгі идеологияны ауыстыруымыз, өзгертуміміз керек. Сонда болашақта осындай қанды оқиғалар болмайды. Үмітім үлкен, идеологиямен айналысатындар келіссөзге барады деп сенемін, бәріміз бірігіп, жаңа заманауи идеологияны жазамыз. Бүгінгі идеология 27 жыл бұрын, қазақ ұлтының саны 38 пайыз болған кезде тиімді болған шығар. Одан бері демография өзгерді, Қазақстанның өзі де өзгерді, бізге заманға сай, жаңа идеология керек деп санаймын. Атсалысуға дайынмын, астаналықтар осы қадамға барады деп санаймын. Маған қолдау көрсеткен баршаңызға рахмет!».
Міне, «Қарағанды оқиғасынан» кейін, ұлт тақырыбымен «өз қотырларын өздері қасымақ» болған азаматтардың бейкүнә ынтасына осындай тосқауыл қойылды. Сонда қазақ халқының ұлттық мәселесін астаналық билік жеке-дара, Ақорданың аясында ғана шешуді көздеп отыр ма?
Бақытгүл МӘКІМБАЙ,
«D»