Суббота , 19 апреля 2025

Марғұлан Сейсембай: МЕН ӨЗІМНІҢ ЖЕРІМСІЗ ӨМІР СҮРЕ АЛМАЙМЫН

Аман Тасыған: Қош келдіңіз, аға, көңіл-күйіңіз қалай?

Марғұлан Сейсембай: Аллаға шүкір, бәрі жақсы!

– Алғашқы сұрағым, айнаның алдына келген кезде кімді көресіз? Ол адам жайында не ойлайсыз?

– Айнадан өз бейнемді көрем, бірақ ол адаммен көп сөйлеспеймін…

– Кімнен, неден қорқасыз? Кімнен, неден қорықпайсыз?

– Алладан қорқамын!

– Еткен еңбектеріңізге шетінен тоқталғым келеді: 1990 жылдардың басында «Сеймардың» брендін қалыптастырдыңыз, нарыққа енгіздіңіз, неге тоқтаттыңыз?

– 2009 жылға дейін жұмыс істеп келдік, ол кезде «Сеймар» – «Сеймар Альянс Файненшиал Корпорейшн» қаржы корпорациясы болды, сол жылы үкімет алып қойған соң, ол компанияны жауып тастадым. 2009 жылдан кейін, жеті жыл бойы алты елде – Лондонда, Лихтенштейн, Цюрихта, Дубайда, Қазақстанда соттастым.

– Әділетке жете алдыңыз ба?

Жеттім. Қанша уақытымды жоғалтқаныммен, түбінде барлық соттың шешімі менің пайдама шешілді.

– Қандай себептерді негізге алып, тартып алды?

– Менің ойымша, экономикалық емес, саяси себептер (болды).Өйткені /(елдегі) төрт ірі банкінің ішіндегі – үш банкке қауіп бола ма деп, жеке бизнесмендер саясатқа араласпай жүрді. Егер мәселе тек банктерге тірелсе, онда алып қойып, тоқтар еді ғой. Банкті де, мұнайға қатысты бизнесті де алды. Ол тақырып төңірегінде айтқым келмейді.

– Сізде не қалды?

– Ештеңе қалған жоқ, Қазақстандағы бизнестерімді түгелдей тартып алды.

– Жинап қойған қорларыңызды, артық ақшаларыңызды да тартып алды ма?

– Менде жинақталған қор болған жоқ, өйткені мен жеке меншік бизнес жүргізген соң, оны біреу тартып алады-ау дегентүсіме де кіріп шыққан дүние емес. Себебі мен шенеунік емеспін, екінші бір жерде жұмыс істеп, қор жинап, тығып қоятындай мінезім де, қасиетім де жоқ. Жоқты – жоқ деймін. Ешқандай қор, сыртта жиналған ақша да болған жоқ.

– Таза «ойыншы» болдыңыз...

– Ие, таза салығын төледім, бизнесті жасадым, ақшаны таптым, пайда көп болды, миллиардер болдым. Оны ешкімнен жасырған жоқпын.

– Отанға оралудағы басты мақсат – туған жерге, елге құрмет… Жоқ әлде басқа да мақсаттарыңыз болды ма?

– Ол уақытта шетелге кеткен себебім – мәселе қашқанда емес, жауапкершілікте. Әділетті жаламен, қандай ауыр қылмыс жасасаң да, жауапқа тартылсаң – ол адамға қиын емес. Ал әділетсіз түрде кетіп қалсаң, сол қиын болады. Бірінші мақсатым – шетелдегі соттарды жеңіп шығу еді. Ол жақта біздегі сияқты жемқорлық жоқ, шетелдік соттарды жеңіп шықсам, Қазақстанға келгенде оңай болады деп шештім. Шетелдегі бес сотты жеңіп шықтым. Қазақстанға келгенде, қолымдағы барлық сот үкімдерінің көмегі тиді. Елге келгенім – Отанға деген жоғары пафостағы сөздер емес, мен осы жерсіз өмір сүре алмаймын. Қалай айтсаңыз да – махаббат дейсіз бе, сүйіспеншілік, ұлтжандылық дейсіз бе – бәрібір.

– Жақсы, сіз шетелге кетпеген жағдайда, әділетсіз жала жауып, темір торға тығар ма еді?

– Қазір бұрынғыдай қорқыныш жоқ. Шетелде неге бір жарым жыл уақыт тұрдым, өйткені бұрын билік жақтан жала жабылды да, сөз қайтара алмадым. Ол кезде әлеуметтік желілер дамымаған, барлық БАҚ билік қолында болды. Қазір әлеуметтік желіге белсенді қатысқан соң, «подписчиктерімнің» саны көп, сондықтан өз ойымды, өз қағидамды, өз ұстанымымды халыққа жеткізіп отырамын. Қазір мені қудаласа, менің істеген әрекеттерімді ел көріп отыр, сондықтан әділетсіздіктен бұрынғыдай қорықпаймын.

– 2018 жылдың басында – қаңтар айында сіз «Қазақстаннан кеттім» деп, мәлімдеме жасадыңыз. Одан кейін қайта оралдыңыз. Үкіметпен қандай да бір келісімге келдіңіз бе?

– Кеткен себебім – маған қарсы әділетсіз түрде қылмыс шаралары жасалып жатқанын көрдім де, 2009 жылғы оқиға тағы да қайталанып кете ме деп қорықтым да, кетіп қалдым. Бірақ сол жағдайды әлеуметтік желілерде жарияладым. Егер мені көпшілік қолдамай, «кетсе, кете берсін» деп, қолын сілтегенде, сол жақта қалар ма едім? Бірақ әлеуметтік желіде мені жақтағандар, мен туралы пікір білдіргендер өте көп болды, сол жағдай биліктің құлағына шалынса керек, қателік жасағандарын түсінді, өздері байланысқа шығып, кепілдік берді. Сөйтіп, мен қайтып келуге міндетті болдым. Мәселе олармен келіскенімде емес, мені қолдаған адамдар үшін келдім.

– Сізбен байланысқа шыққан қандай ведомство? Сіздердің араларыңызда қандай келісім немесе кепіл бар?

– Оны айта алмаймын, ол – саяси мәселе, ведомство деген көп емес қой, өзіңізде түсінесіз, қандай мекеме екенін… Маған айтқандары: «Саған қарсы арнайы әділетсіз шара қолданылмайды, алайда істеген қылмыстарың болса, жауапқа тартамыз», – деді. «Тексеріңдер, өз сөзіме берікпін, ештеңеден қорықпаймын» – дедім. Кепілдік жазбаша түрде емес, сөз байластық. Менің мінезім – сенгіштігім. Адамдардың кепіл сөзіне сенемін, олар да сөздерінде тұрады.

– Іздеген адам, тырнақтың астынан да кір табады, сөздерінде тұрмауы, сізден ілік іздеуі мүмкін. Ондай жағдайда қайтадан шетелге кетесіз бе?

– Жоқ! Бір жағынан жасым келді, екінші жағынан қоғамдық жұмыстарға араласып кеттім. Сондықтан шетелге кетпеймін деп шешім қабылдадым. Қандай жағдай болатыны – Алланың қолында.

– Сіз сыртта қала берген жағдайда қай елде, қай қалада өмір сүретін едіңіз?

– Бірнеше таңдауым болды, кең дала, табиғаты әсем болса деп, таңдауыма түскендер – Моңғолия, АҚШ, Канада, Австралияны қарастырдым. Бизнеспен айналысқаннан кейін, Моңғолия мен Австралияны тізімнен шығардым, Канада мен Американың солтүстігін таңдар едім. Ол жерде бизнес те, кең дала да, аңшылық та, саяхат та бар.

– «Басыма күн туа қалса, отбасымды асырауға, өмір сүруіме жетеді» дейтіндей, сыртта сақтаған активтеріңіз бар ма?

– Ешқандай активім жоқ, барлық инвестициям – Қазақстанда, артық сөз айтып, тағы да саяси қуғынға ұшырасам, бәрін жоғалтам. Бір жағынан бұл менің әлсіздігімді көрсетеді, екінші жағынан – менің адалдығым. Бір нәрсе айтсам да, «келіңдер, алыңдар, ұрыңдар, соғыңдар, мені қамаңдар, шетелде қорым, тығып қойған ақшам жоқ, бәрі, міне» – дей аламын. Себебі өз қабілетіме әбден сенемін. Қай жерде жүрсем де, ақша табамын.

– Қазынаға (мемлекетке) құятын жылдық салығыңыз қанша?

– Оны айту қиын. Өйткені компаниялар көп, салықтың түрі де көп. Арнайы есебін шығармаймыз… Сан түрлі бағыттағы жиырмадан астам компания бар.

– Айлық табысыңыз қанша?

– Мен айлық алмаймын. Мен – инвестормын. Өз инвестициямды пайдамен қайтарамын, сол – менің табысым.

– Жылдық табыс қанша?

– Оны да айта алмаймын, жеткілікті. Көпшіліктің айлығымен салыстырсақ – көп. Пайданың көбісін қайтадан инвестиция етіп құямын.

– Ең көп қаржы тапқан жылыңыз қай жыл?

– 2007 жылы «Сеймар-Альянс» қаржы корпорациясы банкімен бірігіп, бір жылда салық төлегеннен кейінгі таза пайдасы – 1 млрд 150 миллион болған. Оның ішінде «Альянс банктің» салықтан тыс таза пайдасы 350 миллион доллар, «Сеймар-Альянс» – 750 миллион (доллар) тапты. Сол жылы Лондондағы биржада «Альянс-банктің» 17 пайызын 720 миллион долларға сатқанбыз.

– 2007 жылғы табысқа қайта оралу үшін, сізге қанша уақыт керек?

– Мәселе мақсатта ғой. Менің тағы да миллиардер болсам деген мақсатым жоқ. Бастапқы кезде, бизнес жасарда, дайындалып барып кірісу керек, ол – жетістік жолы және бақыт жолы болып кетеді. Егер адам жетістікті қуса, ресурс жетіспейді, күнде көбірек өнім шығарып, ақша табуы керек болады. Жүгіру керек, бәрі көбірек, көбірек… Сондықтан жастар сұрап жатады: бір сағаттың ішінде қалай көбірек жұмыс жасау керек деп. (Оларға) дұрыс жолды қуу керектігін, «стресс» жолында жүргендерін, ертең өз-өздерін стресске тығып жіберетіндерін айтамын. Ол бақыт жолына жүгірмейді.

– Сіз бақыт жолын қанша жыл қудыңыз?

– Он тоғыз жыл… Иә, тоқсанынышы жылдары қолымызда ақша болды, сол жылдары орнатылған ережелермен жұмыс істедік. Мен ереже бұзған жоқпын. «Бизнес жаса» деп айтты ма, бизнесті жасадым, байыдым, миллиардер болдым. Олардың өмірі шексіз ғой: не істесең де, бәрі қолыңда. Бір байқағаным, қанша көп жұмыс істесем де, жетістікке жетсем де, ол менің бақыттылығымды бір грамм көбейткен жоқ. Бір күндері миллиардер болып жүргенімде, ішімде бақытсызбын деген сезім пайда болды. Өйткені қарапайым ғана армандарым болып еді: Алматыдағы Жібек жолы көшесінің бойымен жүріп, суретшілердің салған суреттерін тамашалап, қасымда жүргізуші, оққағарларым болмай, өзіммен-өзім жүрсем ғой деген.

– Ақша сізді өзгертті ме?

– Менің ойымша, мені ақша өзгерткен жоқ. Керісінше, бәрін тартып алып қойған соң, өзгердім. Мен өз бақытыма оралдым. Мәселен, студент кезімде «бизнесмен боламын» деп армандағанмын. Болдым, жұмыс істедім, ақшаны алдыма мақсат етіп қойған жоқпын, бірақ жетісіктерге жету – негізгі мақсатым болды.

– «Ақшам көп болды» дедіңіз. Ақшаның буынан адамдыққа қарсы келетін әрекеттер жасап қойған жоқсыз ба?

– Жоқ. Тоқсаныншы жылдары ең бір қиын уақытта, бір қызығы, заң мен ереже аз болды. Үкімет әлсіз болды. Мораль бар еді: өзгеге қастандық, зұлымдық жасау деген басымызға кіріп-шыққан жоқ. Заңда көрсетілген тәртіп бойынша салық төледік. Қайырымдылық үшін, көп ақша бөліп отырдым. Менің ойымша, ешкімді алдаған жоқпын, ешкімді өлтірген жоқпын. Ешкімнен ештеңе ұрлаған жоқпын. Қанша көп ақша тапсам да, осы қағидаларды бұзған емеспін.

– Сол кездегі саяси жүйе сізді қатарға қосылуға шақырды ма?

– Бірнеше рет шақырды. Мен өзімді саясаткер емеспін деп есептеймін. Ол – бөлек кәсіп, оқып, мақсат ретінде көздеп, (саясатқа) барамын десең, үйренуге болады. Баруға уәжім де, ынтам да болған емес, мені қызықтырмады. Әлі де қызығы жоқ. Мен (бүгінде) бизнесмен емеспін, көбінесе инвестормын. Өзімді саяхатшы, қоғам қайраткері санаймын, маған өз басымның бостандығы өте маңызды.

– Банк жүйесіне мақсатты түрде келіп, «Альянс-банкті» аштыңыз, оған не итермеледі?

– Бизнесмендерге айтарым: «жетістікке жеттім» деген көп адамдардың кітабын оқымаңыз, өйткені көбі өтірік. Жетістікке жеткенде, бір адам былай істеймін деп, жоспар құру арқылы іске аспайды. Ол Алланың несібесі: адам дұрыс әрекет жасаса да, біреуге – береді, біреуге – бұйырмайды. Мен көп ақша таптым, жарты миллиард доллардан астам мәміле-келісім жасадым, олардың барлығы да күтпеген жерден келді. «Альянс-банкте» солай болды. 2001 жылы «Алматықұрылыстың» облигацияларын шығарып, 20 млн доллар ақшаға Алматыны гүлдендірем деп, дайындалып отырғанда, Жомарт Ертаев келіп: «Иртышбизнес банк» сатылып жатыр, сатып алмайсың ба?» – деді. Олар ағаммен бірігіп алып, мені итермелеп, төрт-бес күн артымнан жүрді. Амалсыздан алдым.

– Бүгінгі уақыттағы екінші деңгейдегі банктер жүйесіне көңіліңіз тола ма?

– Қазіргі трендтер бойынша, финтех компаниялар банк саласына еніп жатыр. Екіншіден, көптеген адамдардың төлем мүмкіндіктері пайда болып келеді. Менің ойымша, алдағы 5-10 жылдың ішінде банктер құруы мүмкін, өйткені олардың не қоғамға, не экономикаға әкелетін пайдасы жоқ. (Менің) рестораным үшін төлемге ешқандай банктің қажеті жоқ, ал бүгін (мен) банкіге кредиттік карточкамды байлап қойдым. Бір күні Apple маған СМС жіберіп: «Кредиттік карточкаңның керегі жоқ, қаржыңды тікелей есепшотқа сал» десе, салып жіберемін, сонда маған банктің керегі де болмай қалады.

– Демек, тұтынушымен тікелей жұмыс жасауға мүмкіндік туады.

– Ие, дәл солай, IT-технологияға сенімім сондай мол, сондықтан банк саласының керегі жоқ.

– Бизнесіңізді байланыс саласымен байланыстырдыңыз. Оған не себеп? Ол да кездейсоқ дүние ме?

– Ол да кездейсоқ келді. Мен жыл сайын жарты айдай уақытқа аңға шығамын. Бір күні күтпеген жерден Искандер жолдасым өзін де (аңға) алып баруды өтінді. Шыдай алмайсың десем де қоймады. Арқалыққа 4 сағат ұштық, сол кезде байланыс жүйесі туралы айтып, миымды жеді. Он жеті күн аң аулап жүргенде де, сол әңгімесін айта берді. Қайтарда ұшақта отырғанымзда: «Бәрін айттым, түсіндірдім, «Кmobil»-ді сатып алсаңшы, ақшаң бар ғой», – деді. «Мен ол бизнесті түсінбеймін…» десем: «Сен – мамансың, 17 күннің ішінде бәрін айттым», – деді. Айтқандарын қайтадан сұрап еді, мен бәріне жауап бердім. Ойландым да, ақыры алдым.

– Қаншаға?

– Ол кезде 12 миллион доллар болған. «Кmobil»-дің барлық клиенттері – 220 мың, барлық қолданатын құрылғылары ескі еді. Үшіншіден, қарыздары 210 млн доллар, оның ішінде 60 миллион – «БТА банкке», 150 миллион доллар – «Моторолла» компаниясына. Оның үстіне мен 12 миллион төледім, сонда маған «Кmobil» – 225 миллионға түсті. Төрт жылдың ішінде тұтынушыларын 660 мың абонентке жеткіздік, «Моторолланың» алдындағы қарызын – 30 миллионға, банкке қарызын – 20 миллионға түсіріп, компанияны 425 миллионға саттым… Содан кейін «Миттал» компаниясынан ақша таптым.

– Байланыс компаниясын сатуға кім, не себеп болды?

– Компанияны ары қарай жетілдіру үшін, әрбір компанияның құжатында үкімет алдындағы міндеттемесі жазулы тұрады. Қай жерде болса да – темір жол, тас жол бойында «сотовый» байланыс жүйесін құру үшін арнайы бағандар, станция құрылысын жүргізу керек, көп инвестиция салу керек болды. Біз өз кезінде 50 мыңнан астам қаланы қамтыдық, жол бойының бәрін жабу үшін, әлдеқандай көп инвестиция керек, сондықтан күшіміз жетпейтін болды, әрі инвестицияның да уақыт мерзімі бар ғой – сатуға мәжбүр болдық… Ресейдің «Билайн» компаниясы сатып алды.

– Сіздің айналысқан шаруаларыңыздың ішінде сәтсіз болып, табысқа кенелмеген бизнес көзі бар ма?

– Көп қой. Жас кәсіпкерлерге дәріс оқығанда айтарым: «Қазақстанда менен көп қателік жасаған, менен көп ақша жоғалтқан адам жоқ. Осы екі мәселеде чемпионмын» деймін. Алла өзі осындай мінезімді біледі: өте көп ақша жоғалтатынымды, енді біреулердің «лақтырып кететінін»… сөйтіп есептеп береді. Балансымда – бір жағында жоғалтсам, екінші жағынан тауып жатамын.

– Сеніміңізді ақтамай, сатып кеткен достарыңыз болды ма?

– Өте көп. Сенгіш адаммын, қанша алдаса да, адамға деген сенімім жоғалмайды. Жылдар өте келе тәжірибе жинай келе, алдын ала сүзгіден өткіземін. Тест жасап қойғам, әлсіз тұстарымды білемін де, алдын ала сұрақ құрамын.

– Біреумен дос болу үшін, серіктес болу үшін қандай қағида керек?

– Маған адал, қарапайым адам керек. Адал адамдар бірден адамға ұнай бермейді, ұнауы үшін біраз уақыт керек. Өйткені көп әрі әдемі сөйлейтін, тамада бола алатындар адамның сеніміне тез кіреді. Егер ондай адам кездестірсем, ойланамын: «мына жігітті тексеру керек, бірден сеніп кетуге болмайды» деп.

– Сізді сатып кеткен кімдер?

– Ондай адамдар көп. Бір-екеуінің атын атап кетейін: Жомарт Ертаев, Нұрлан Түгелбаев. Кезінде активтерімді алып, «лақтырып» кеткен жігіттер.

– Кімді кешіре алмай жүрсіз?

– Ондай мәселе жоқ. Ешкімде кегім жоқ. Екі жігітті де кешірдім… Басымнан қандай жағдай өтсе де, «өзім кінәлімін» деп санаймын. Өйткені сенбейтін адамға сенген кім? Өзім!

– Менің әлсіз тұстарым бар дедіңіз…

– Ондай қасиеттер көп. Біріншіден – жалқаумын. Екіншіден, ерінсем – толып кетемін, артық салмақ жинаймын. Үшіншіден, мақтанғанды және мені мақтағанды жақсы көремін. Кейде артық сөзім бар. Көп адамдар ондай қасиеттеріңіз жоқ деп жатады. Өзім ол қасиеттерімнің барын білемін де, күресіп жүремін. Өзіме бостандық берсем болды, түк істемей жатып аламын.

– Балаларыңыз ақылы мектепте оқи ма, әлде мемлекеттік мектепте ме?

– Бірінші қызым мемлекеттік мектепте оқыды, екі қызым ақылы «Tamos» мектебінде оқиды. Өйткені осы мектептің акционерімін: халыққа берген астан, өзім де дәм татуым керек деген философия тұрығысынан.

Мемлекеттік мектептердің бағдардамасына көңіліңіз тола ма?

– Толмайды! Сондықтан білім беру саласында көп жұмыс істеп жатырмын. Көптеген шетелдегі мектептерді көріп келдім, Сингапур, Финляндия, Оңтүстік Корея мектептерін зерттедім. Қолымыздан келгенше жазып та, күресіп те жатырмыз, қолымыздан келгенше көмектесіп жүрміз.

– Бұл әдейі жасалып жатқан саяси жүйе ме, әлде, расында да, біз білім жүйесін игере алмай жатырмыз ба, қалай ойлайсыз?

– Жоқ. Дүние жүзінде білім беру саласы үлкен дағдарыста. Өйткені барлық адамзат баланы не нәрсеге және қалай дайындауға болады деген сұраққа жауап таба алмай жатыр. Экономика өзгеріп, келешек бұлыңғыр болып кетті. Ал білім саласы келешеккке маманды қалай дайындайды? Менің болжауым бойынша, роботтар пайда болған заманда, жасанды интеллект заманында, адам мен осы жасанды интеллекттің айырмашылығы неде (болады)? Адамда мораль бар. Робот-интеллект бізден асып түседі. Механикалық интеллект пен моральдық таңдау тұрғысынан қарасақ, екеуін де робот жасай алады. Моральды тек адам ғана жасайды. Ата-аналарға айтарым: бала тәрбиесіне көп назар аударып, не жақсы, не жаман дегенді түсіндіруіміз керек.

– Қазақстандағы байлар мен кедейлер арасындағы алшақтық қандай?

– Қазақстандағы байлықтың көбі билікке жақындықтан табылған. Қарапайым адамдар мен олардың арасында қарым-қатынас жоқ. Адам өз қолымен, қабілетімен байлық тапса, (оның) құндылығын біледі. Байлар құндылықты байлығымен есептейді. Байлықтан айырылудан қорқады, сол үшін (оны) қорғап әлек болады. Ал адам құндылықты байлықтан жоғары қойса, қорқатын ештеңе жоқ. «Байлығымды аларсың, бірақ ертең сол байлықты еңбегіммен қайтадан табамын ғой» деген сенім бар.

– Байлар мен кедейлердің арасындағы алшақтық күн өткен сайын алыстай бере ме, әлде жақындай ма?

– Елде болып жатқан ахуалға байланысты. Кейбір байлар елмен араласуға мәжбүр, енді бірі халықпен тіл табыса алмай, кетіп қалуға мәжбүр болады. Күннен-күнге екі топтың арасы алыстай береді, байлардың бірі «қалайша халықпен жақындассам» деп ойласа, екіншілері «ахуал жаман болып барады, байлығымды сақтап қалғаным дұрыс деп» қашады. Байлығын өз еңбегімен тапқан адамдар қашуға тырыспайды.

– Тағы бір алшақтық бар: мәселен, жастар мен ересек адамдардың арасында. Ел ішінде белгілі ақын-жазушылар, талантты актерлар бар, оларды жастар танымаса, өз кезегінде ересектер де жас буынның арасынан шығып келе жатқан еңбекқор, талапты жастарды біле бермейді.

– Ересектер жастарға қарай қадам жасауы керек. Жастар ұялады, қорқақтайды. Ал көптеген жастардың үлкен ағаларымызды сыйламайтыны – ағаларымыздың моральдық принциптері дұрыс емес. Айтқан сөзі мен атқарған ісі қабыспайды. Үшіншіден, істің нәтижесінде жауапкершілік жоқ. Ең алдымен жастармен араласу үшін, жастар үлгі тұтатындай сый-құрметіне ие болу керек. «Жасым келді, енді (олар) мені сыйлауы керек» деген түсінік – қате… (Олар) жастардың алдында моральдық бағдаршам ретінде тұруы керек. Сонда ғана жастар жақындайды, жақындауға талпыныс жасайды.

– Ел арасындағы әңгіме: халық санын арттыру үшін, тоқал алуды заңдастыру керек пе?

– Әр адамның жеке өмірі – бөлек, бәрінің шашын бір тарақпен тарауға болмайды. Біреу – екі әйел, біреу – төрт әйелге үйленеді. Енді бірі бір әйелмен бақытты өмір сүреді. Еркек пен еркек, әйел мен әйел өмір сүріп жатыр. Бұл (жеке) мәселеге кіріспеген дұрыс сияқты… Екі тарап бір-бірімен ерікті түрде қосылса, қоғам да, үкімет те араласпауы керек. Ал бір тарап екіншісін зорлап немесе қинап жатса, онда ол қылмыс жауапқа тартылуы тиіс.

Ислам жағынан көп мәселеге қарсымын: халықтың саны дүние жүзінде 8 миллиардқа жақындап келе жатыр; жер туралы ойласам, осы қалыппен өсе берсек, құримыз. Сондықтан адам саны азаяды дегенде, еркек пен еркек, әйел мен әйелдің жұптасуы Алладан келген бұйрық шығар.

Қазақстанға келсем, халық саны аз. Ол мәселеден гөрі, мұнайдан түскен ақшаны жұмсап, еліміздің ішіндегі жағдайды түзеп, сыртта жүрген 5-6 миллион қазақты елге әкелген әлдеқайда дұрыс болар еді…

– Қажылық сапарға барыпсыз: еліміздегі діни дүмшелікке көзқарасыңыз қалай ?

– Қажыға барып келдім, ол исламның (бес) парыздарының бірі. Дінге келсем, жеке пікірім, дін – әр адамның жеке басының шешімі болуы керек…

Мен 2009 жылы дінге келдім, оның алдында ағам сегіз жыл бойы исламда болды. Ағаммен көп ақылдасамын. «Егер мен исламның, шариғаттың қағидаларын сақтап өмір сүрсем, жәннат осы өмірде екен ғой» десем, ағам: «Дұрыс айтасың, – деді. – Көп адамдар жәннатты о дүниеден іздейді. Өзіміз өз өмірімізді тозаққа айналдырамыз. Жетістік, байлық қуған адам өз өмірін тозаққа кіргізеді де, бақыт қуу жолы исламға сәйкес – қанағатшылдық, ризашылық бақыт әкеледі. Ислам – өмір сүрудің ең бақытты, жеңіл, жақсы жолы.

– Балаларыңыздың болашақта кім болғанын қалайсыз?

– Балаларымның бақытты болғанын қалаймын. Маған бәрібір – кім болса да!

– Соңғы сұрағым: бүгінгі сұхбатта қанша пайыз өтірік айттыңыз?

Өтірік айтпаймын. Айтылмайтын мәселені айта алмаймын деймін. Бұл тұрғыда екі мәселе бар: өтірік айту және толық, ашық айту. Бүгінгі сұхбатта толық, ашық айта алмадым, бірақ өтірігі жоқ. Оның сыртқы себептері бар: ол – саясат, болған оқиғалардың, адамдардың аттарын атай алмадым…

– Шынайы жауаптарыңызға рахмет!

Мәтінді дайындаған –

Бақытгүл МӘКІМБАЙ

Республиканский еженедельник онлайн