Суббота , 19 апреля 2025

ДАБЫЛ САҒАТЫ ҚАШАН СОҒАДЫ?

Ел білетін «ДАТ» газетінің осы жылғы қаңтарының 17-сі күнгі санында менің «Енді қайтпек керек?» деген мақалам жарық көрді.

Тектен-текке тіл безеуден аулақпыз: қоғамдық-саяси өмірімізде, жекелеген адамдардың тағдырында орын алып жатқан кесірлі көрініс, кереғар оқиғалар жүрекке жүк болып, көрсек те – көрмеген, білсек те – білмеген кейіпте бұғып қалу бойымызда жоқ, сондықтан да шыдамай, ширыға жаздық. Біреулер «осы-ақ қоймады ғой, бұған не жетпейді өзі?» деген де шығар. Ішкі істер саласында қызмет етіп, зейнетке шыққан астаналық ағамыз: «Айтпағаның қалмапты-ау, Талғат! Биліктегілер кісәпір болмаса, ойлану керек қой» деп, телефон шалды.

– Жазғаныңды оқыдым, – деді азаматтық ұстанымы нық, мінезді ақын ағамыз Темірхан Медетбек дәл Жазушылар одағы ғимаратының алдында кездескен бетте. – Орден, медаль алғандар туралы жазыпсың. Өткен жылы, Тәуелсіздік күні қарсаңында мен «Парасат» орденін алдым. Сұрап алған жоқпын, одақ басшылары ұсыныпты, жоғары жақ бұл осындай адам ғой демей – берді. Бірақ мен оны алғанға дейін қандай болсам, дәл сондаймын – өзгермедім…

– Ой, аға, сізді өте жақсы білемін. Ал бір ағамыз Президент стипендиясын алып, төсіне орденді тағып еді, сөзін өзгертіп сала берді. Құдды әлдекім таласатындай, «Нұрсұлтанның нұрлы жолы» дегенді ең бірінші айтқан менмін!» деді.

– Иә, солай болды… – деп жымиды Темірхан аға.

Расында, бұл сөзі ыңғайсыздау естілді. Жылдар бойы биліктің халыққа көрсеткен қырын қылығын аямай сынап, жер-жебіріне жетіп жүрген аузы дуалы ақсақал жазушымыздың пікірінің әп-сәтте аунап түсуіне қарап, мына заманның рахатына бөленіп, жемқорлық жайлаған жоғарғы жақтың сойыл соғарлары болып жүрген әлдекімдер: «Көрдің бе, бұлар осындай ғой», – деді. Олардың ойына сенсең, қара халықтың сөзін сөйлеп, коррупцияның ми батпағына батып, жер, тіл, жұмыссыздық туралы ойларынан қайтпай, айтып, жазып жүргендердің бәрі өкіметке өкпелілер, оппозиционерлер. Соларға тәуір қызмет беріп, төстерін сөлкебаймен сәндеп, ауыздарын жақсылап майласа, сол заматта-ақ сөздері өзгеріп, райларынан қайтады екен. Бигелді секілділерді мысал етеді. Алайда бәрін бірдей солай санауға тіпті болмайтынын білгілері келмейді.

Адамдық ар-намыс, парасатты сезім дейтін қымбат қасиеттер болады. Ол әкенің қанымен келіп, ананың сүтімен сүйекке сіңеді. Оны ардақтаған адам кісілік келбетін өмір бойы аялап өтеді. Осы ойымның адастырмас нақты дәлеліне Михаил Иванович Есенәлиевті келтірер едім. Үкімет үйінде, анадай үлкен лауазымды қызметте жүріп, Желтоқсан көтерілісі жөнінде бірінші болып сөз қозғады, қазақ жастарының іс-әрекеттерін тексеретін мемлекеттік комиссия құрылу қажеттігін көтерді. Жазушылар Софы Сматаев пен Бейбіт Қойшыбаев та сол үшін партия мен оның үкіметі арқадан қағып, маңдайларынан сипамайтынын біле тұра, қарсы келгендердің бәрін таптап, жайпап өтетін мемлекеттік машинадан қаймықпады. Бірі Орталық Комитетте жүріп, айтар ойын ашық айтса, екіншісі Жоғарғы Кеңесте өткен ашық партия жиналысында лениндік ұлт саясатының бұзылып, қазақтың қыз-жігіттері шовинистік пиғылдың құрбанына айналғанын ғылыми, саяси тұрғыда пайымдап жеткізді. Дәл сондай сойқанды оқиғалар ашықтан-ашық жүзеге асып жатқан ызғарлы кезеңде ол кісілердің мұндай ісін ерлік демей көріңізші!

Желтоқсанның сол бір қаралы, ауыр, азалы күндерінен бері көп уақыт өтті. «Қазақ – қазақ болғалы жетсек екен деумен, алысып, арпалысып, сан ғасырлар бойы қаншама қырғын шайқастарда қан төгіп, армандап келген Тәуелсіздігіміздің арайлы күні аялаған, күллі әлем мемлекеттері мойындаған елдеміз». Осылай деп лепіріп, көпіріп айтқанға ғажап-ақ!

Ал шын мәнінде біз сондай ғажап, таңдай қағатын таңғажайып жағдайдамыз ба? Ата-бабаларымыз аңсаған, біз мақсат етіп көздеген, көкейдегі тәуелсіздігімізге жеттік пе? Жетсек, оның рахат шуағына кім ие? Тәтті дәмін талмауға тиісті елдің де, жердің де нағыз иесі халық еді, олар неліктен қағажу көріп, шеттеп қалды? Кім соған жеткізді? Сол үшін қандай жүйе құрды? Кімдер жандайшаптық жасап, әләуләйшісі болды?..

Көкейде мың сауал бар. Алайда олардың бәрінің де жауабы дайын. Олай дейтінім, тәуелсіздігімізді жариялаған екі-үш жылдан соң-ақ, біздің айнымас, ат ауыстырмас президент демократиялық идеяны әлдилеп, өз жолын табуға бағдарлы бағыт алған парламентімізді бірінен кейін бірін таратты. Ұлттық мақсат-мүдде үшін тіресіп тұрып, халыққа адал қызмет ететін депутаттардан арылып, соңында жеке басының ой-арманын айбынбай жүзеге асыратын, тек өзі іріктеп тағайындайтын қуыршақ қалаулылардан құралатын парламент жасақтады. Содан кейін, Мұхтар Шаханов ағамыз айтатындай, депутаттар бірден «жепутаттарға» айналды.

Бүкіл мемлекеттік билік аппаратын президент жасақтайтын болды. Заң бар, бірақ ол биліктің сөзінен аса алмайды. Сондықтан да біздің мемлекеттігіміз үшін күрескен Заманбек, Алтынбек секілді тұлғаларымыз ажал құшты, қалғандары бас сауғалап, әлемнің әр қиырына қашты, Жаңаөзен қырғыны орын алды және одан кейін де қаншама қасіретті оқиғалар болып жатыр. Күллі Қазақстан бір-ақ кісінің – президенттің жеке меншігі сипатында. Табиғи байлықтарымыз қай елге сатылып жатыр, қаншаға сатылып жатыр, бұл жағы мүлде айтылмайтын, тіпті Н.Ә.Назарбаевтан премьер-министрдің өзі де батылы жетіп сұрай алмайтын қара басының құлыптаулы құпиясына айналды.

Айтыңызшы, Қазақ хандығы құрылғаннан бері, күні бүгінге дейін осындай масқара жағдай болды ма? Рас, қазақ жаугершіліктің азабын тартқан шығар, Голощекин дәуірлеп тұрған жылдарда адам айтқысыз аштыққа ұшырап, азып-тозып, қынадай қырылған болар. Бірақ мынадай – тіліне, дініне нұқсан келген, бабалар қалдырған қасиетті жерімізді, жер асты, жер үсті байлығымызды билік бөтен елге өз еркімен бөліп беретін қасіретті бастан кешті ме? Әлбетте, «Жоқ!» дейсіз сіз де. Соған қарамай, нұротаншыл «халық қалаулысы» Бақыт Хаменова бақыттан басы айналып: «Елбасындай ерен тұлға тұрғанда, мен елімнің ертеңіне сенемін!» – дейді.

Бұл баррикаданың халыққа қарсы жақ бетін еншілеп алғандардың бірінің ғана ойы болса, мейлі ғой. Өздері аз емес. Арасында Қуаныш Сұлтанов сынды ана заманның да рахатын көрген, мына заманның да майлы жілігін ұстап, мемілдеп жүрген мықтылар бар. Ең көрнектісі, сұңғыла шешені академик Мырзатай Жолдасбеков «Нұр Отанның» бір съезінде Нұрсұлтан Әбішұлының көзін бақырайтып қойып: «Алланың берген сыйысыз» деді; «Арғы-бергі заманда қазақтың басына мұндай бақ қонған жоқ» деді. Оған да көңілі тола қоймай, сөзінің соңында:

Ұлан-байтақ даласы бар,

Астанадай қаласы бар.

Нұрсұлтандай данасы бар,

Қазақстан жасай берсін! – деп өлеңдетті.

Әсте, Ақорданың айналасына ұялап алғандар бір-бірлерінің аузына түкіріп қоятын болса керек, күні кеше үкіметті таратқан кезде, екі жарым жылдай премьер-министр болған Бақытжан Сағынтаев та тілін безеді-ай кеп! «Мемлекетіміздің негізін қалаған әкесіз» деді. «Аз ғана уақытта мемлекетімізді құрып, халықты қырғынға ұрындырмай, қиын-қыстау кезеңнен аман-есен алып өттіңіз…», «Қазақстан халқы бүгіні мен болашағын өзіңізбен ғана байланыстырады» деді. Шексіз алғысын айтты. Өртке оранып, беймезгіл өліп жатқан сәбилер мен жұмыссыздық қасіретін айтып, ұлардай шулаған жастарды, үйсіз қаңғыған, қайтсек мыналарды ашықтырмай, тарықтырмай өсіреміз деп, әкімдердің ұйқы-күлкісін қашырған көп балалы әйелдердің жағдайын бір министр де еске алып, кешірім сұрамады.

Үкімет құрамы түгелдей өз ұлтымыздан құралған. Қазақ болғандықтан, олар билік баспалдақтарымен биіктеп, әкім, министр болғандар. Бірақ бәрі де халықтан өздерін ақылды санайды, зар жылаған елді, көз жасын көргісі келмей, тыжырына қарайды. Сол шіркіндер тәуелсіздік дегеннің не екенін, оның жолында Алаш арыстарының бәрі дерлік азап шеккенін, атылғанын, айдауда азап шеккенін біле ме екен?..

«Қазақта білімді адам жоқ емес, көп, бірақ солардың көбі, құтты, бәрі өз білімін халалға емес, харамға жұмсап ғадеттенген», – деп нали жазыпты Ахмет Байтұрсынұлы. Сол заманда өздерін білімді санайтын қазақтар сондай болған екен. Енді қазір ше? Қазір оқыған, қос-қостан диплом алған қазақтар көп, өте көп. Ғалымдары да, қаламгерлері де, өнер мен спорттың төңірегінде жүргендері де, саясатшыл мықтылары да жыртылып айырылады. Солардың азаматтық сана-сезім деңгейі қандай?

Міне, біз шүйілетін бар мәселе осында! Өліп-өшіп, халыққа қызмет етуге міндетті министрлердің бүкіл ойы бір кісіде – өздерін министр еткен НӘН-де ғана болса, одан кейін қазақтың мемлекеттік қайраткерлері туралы не деуге болады?.. Күштік құрылым жүйелерінің бәрінің іс жүргізу тәсілдері түгелімен солай бейімделген. «Құдайсыз қурай да сынбайды» демекші, сот, прокуратурамыз Астана қалай дер екен, қалай етсек ойларынан шығамыз деп, Арқа жаққа құлақ түреді, құптайтын нұсқау күтеді. Бір-бірлерін сатып, сатылып жатқан бір әлем… Қайда барсаң да, шындыққа жете алмай, шыр-шыр еткен қазақтарымыз. Өз елінде өгейдің күйін кешкен халықтың аузы буылып, қол-аяғы байланып, маталған. Істейін десе, жұмыс жоқ, ал байшыкештерге жалданып барып, тырбанып тапқан ауыз арзымайтын ақшасының өзін бермей зарлатады.

«Заман ақыр болғанда

Шеттен келіп жау алмас,

Жаманың салар құрықты…».

Әбубәкір Кердері осылай деп айтқан ақырзаман келді ме екен, әйтеуір біз бір тұйыққа тірелдік. НӘН бастаған жемқор билік ұйлығып, милығып және қанша тыраштанса да, одан өз бетінше шыға алмайтын қорысқа кірді, ұйыққа шым батты.

Осы қасіретті болдырмай, бетін қайтаруға, тойтаруға болатын ба еді? Болатын еді! Мемлекет тізгіні қолға тиісімен ниеті қарау биліктегі кісі сатып-саууды бастағанда, ондайға үрке қарайтын елдің бетке ұстар өкілдері бірден өре тұрды. Шерхан Мұртаза ағамыз республикалық телерадио комитетінің тізгінін ұстаған кезді еске түсіріңіз; Жоғарғы Кеңеске (ол кезде солай аталатын) Серікболсын Әбділдин төрағалық еткен парламент жұмысын көз алдыңызға келтіріңіз: министрлеріңіз былай тұрсын, президенттің өзі депутаттар қалай қыспаққа алар екен деп, алдарына имене-имене келмеуші ме еді?..

Түпкі көздеген ниеті бұзық, арамдыққа құрылған екен, аярлық әрекетімен иіп әкеліп, халыққа қызмет етуді мият тұтқан парламенттің өзін тас-талқан етіп таратты. Біреудің қолымен от көсеп, бүлдірудің «мастері» екен. Кейін НӘН-нің сөзіне еріп, сондай жаман іске араласқанына Заманбек Нұрқаділов ағамыз өкінумен өмірден кетті!

Одан кейін ҚДТ қозғалысын да еске түсіріңіз. Біз діттегеннен бөлек, демократиялық, азаматтық мемлекет құрудан мүлде басқа қауіпті бағытқа бара жатқанымызды көріп-біле тұра, үндемей қалмайық деген қозғалыс жетекшілерін қызметтен қуды, соттады, сандалтып жіберді. Одан бөлек қандай қасіретті оқиға болмасын, бәріне әйгілі қаламгер қауым өкілдері қатысты, мемлекеттікті мұрат тұтқан, елдікті, ұлттық мүддемізді көздеген сөз айтты. Олардың бар қаруы қаламы емес пе, міне, соған сүйенген Ғаббас Қабышұлы (жасына қарап, бас иіп жазып отырмын) бастаған үркердей топ күні бүгінге дейін күресумен келеді. Солардың арасынан әділетті ту тұтатын, «Тәуелсіздігімізді сақтап қалайық, ұрпақ қамын ұмытуға қақымыз жоқ» деуден бір жаңылмай келе жатыр. Айтса – тіліп айтады, жазса – жазғанына өкінбейтіндей, сол үшін билік қалай жазаласа да дайын екендігін біліп жазады. Осы ойым айдай ақиқат! Сенбесеңіз, 2009 жылғы 5 наурызда «Жас Алаш» газетінде бір бет болып басылған «Кісәпір қоғам, дағдарыс және шарасыздық» деген атпен жарық көрген өлеңдерінен екеуін ғана өздеріңізге қайыра ұсынайын.

КІСӘПІРДІҢ СӨЗІ

Құлқыны –

Қырық құлаш шыңырау,

Араны –

Алпыс кез апан.

Тойымсыз бір кісәпір

«Елді тонағандардың

Желкесі қиылсын» деді.

«Таза жүрейік,

Таза тұрайық.

Еліміз құлпырсын» деді.

Сол сөзді тыңдап

Біреулердің –

Есі шықты.

Біреулердің

Есі кірді.

Ал маған

Сол бір сөз

Үлкен дәретке отырып

Бұралақтай нан жейтін

Қомағай адамның

Тазалық туралы

Айтқан сөзіндей естілді.

Міне, сөздің сөзі! Бәріміздің көз алдымызға келе қалған кісәпір кісі туралы бұдан артық өткізіп, жеріне жеткізіп айтуға бола ма?

САТҚЫНҒА

Еліңнің рухын саттың –

Өмірдің ұрығын саттың.

Дініңді саттың,

Тіліңді саттың,

Саттың!

Лас пен балшыққа

Белшеңнен баттың.

Дәл қазір

Сенің атың аталса,

Ашулы сөздерден

Оқ-дәрінің

Иісі шығады!

Бұл – осыдан табаны күректей он жыл бұрын жазылған өлеңдер. Ішінде бомбасы бар өлең! Өстіп Темірхан аға ғана жаза алатын еді, әлі де жазудай жазып келеді.

– Сіз мықтысыз, аға! Нағыз парасатты, ар-ұятын бәрінен биік қойып, аялай білетін асыл азаматсыз. Қазақ елінің, қиянаттан көз ашпай, жылап-еңіреумен келе жатқан қазақ ұлтының күрескер ұлысыз. «Парасат» Сізге жарасады! Дәл осы жылы билік қателеспей, иесін тура тауып бергендей көрінеді. Ал мен өз есебіме жүгінсем, Сіз одан да зор марапатқа лайық едіңіз. Тәуелсіздік үшін түк істемей, елдің барын – жоқ қылып, тонап, өз қазағына көрсетпегенді көрсетіп жатқан біреулер «Еңбек Ері» атанып жатқанда, Сізге мынадай уақыттың уыты болған, халықтың ащы ойын жеткізе білген жырларыңыз үшін «Халық Қаһарманы» атағын беру керек еді. Сөйтсе, оған ешкімнің дауы бола қоймас еді, аға! – деймін мен.

Бүгінде Қазақстанның тынысы ауырлады. Халқымыз өте қиын хал-күйді бастан кешуде. Мыңғырған малдың есебі мардымсыз, миллиардтап астық жинайтын алқаптарымыз азып-тозған. Өндіріс ошақтарымыз сауық-сайран мекеніне, сауда-саттық ордасына айналған. Аштық үрейі қазақ даласын шыр айнала кезіп жүр. Жаппай жайлаған жұмыссыздық халықты шыдатпайтын шегіне жеткізді. Өткен жылы әлем елдері арасындағы адамдардың өлім-жітімі жөнінен алғашқы орындардың біріне шығыппыз. Биылғы жылдың қаңтар айын алсақ, оның алдындағы жылдармен салыстырғанда, өз-өзіне қол салып құрбан болу оқиғасы 20 пайызға өсіпті.

Тәу ететін Тәуелсіздігімізге ғана емес, әрқайсымыздың өмірімізге қауіп төнді. Момақан, қой аузынан шөп алмайтын көнбіс қазақтың көп балалы аналары көшеге бекерден-бекер шұбырып шыққан жоқ. Оларды қолдайтын, қорғайтын ел көп. Күллі қазақ даласын жайлаған халық үдере бас көтерсе, «неге сөйттіңдер?» деп уәж айтатын билікте бет қалмады.

Енді осыған орай Иран-Ғайып ақынның мына шумағымен айтар ойыма түйін жасасам:

Өңкей жемқор жырындың,

Жарып тұр гүл-қауызын.

Бүйткен «Бостандығымның» –

Әкесінің ауызын! – дейтіндер де көбейді.

Жемқор билік халықтың талабына құлақ асып, тез арада ес жимаса, 1986-ның Желтоқсаны былай қалатын дабыл сағаты қоңыраулатып жетеді-ау, әсте…

Республиканский еженедельник онлайн