Суббота , 19 апреля 2025

Ғазиз АЛДАМЖАРОВ: ПРЕЗИДЕНТТІК АҚЫСЫН миллиардтармен төлеген халыққа НАЗАРБАЕВТЫҢ ӨКПЕСІ ЖОҚ

Апта басында Сағынтаевтың үкіметі доғарысқа кетіп, жаңа – Маминнің үкіметі жасақталды.

Жаңасы – үкімет басшылығына келген Асқар Мамин мен бір-екі министр, қалғаны «ескі көздер». Осы өзгерістер мен елдегі саяси-экономикалық жағдай төңірегінде мемлекет және қоғам қайраткері Ғазиз Алдамжаровты «ДАТ» айдарындағы сұхбатқа тарттық. Сұраққа төтесінен төпеп жауап берген Ғазиз Камашұлының ашық әңгімесі оқырманның да ойынан шығары сөзсіз.

– Ғазеке, үкіметке жаңа басшы келгенін естідіңіз: ол – Асқар Мамин сіз үшін кім? Мемлекеттік дәрежедегі менеджер ме, жоқ әлде Назарбаевтың кезекті қолбаласы ғана бола ма?

– Үкімет басшысын тағайындауда әуел басынан қателік жасалған. Қандай премьер-министрді алсаңыз да, бәрінің өзінше шешім қабылдаған, өзінше реформа жасаған ешқайсысы болмады. Ал кезінде реформатор-премьер атанған Қажыгелдиннің жөні бөлек. Өйткені премьер-министрлердің қолында экономиканы дербес басқару тетігі жоқ. Заң бойынша, үкімет атқарушы биліктің құзыретін атқаратыны жазылған. Ал іс жүзінде президент өзі қалаған адамды парламент талқысына салған түр көрсеткенімен, премьерді өзі таңдайды, өзі Жарлық шығарып, өзі бекітеді және экономиканы өзі басқарады. Ал барлық кемшіліктер үшін президент емес, Министрлер кабинеті жауап береді. Сонымен бірге үкімет құрамына кіретін команда да президенттің қалауымен тағайындалады.

Жаңадан тағайындалған үкімет басшысы Асқар Маминнің оңдырып атқарған шаруасын естімеппін. Ғаламтордағы деректердің айтуынша «Қазақстан темір жолын» (КТЖ) мемлекетке берешек еткені жөніндегі дерек жетерлік.  Сондықтан премьер-министрде, өзіңіз айтқандай, президенттің «қолбаласы» болудан басқа таңдау қалмайды.

Мәселен, өркениетті елдерде үкімет басына келетін тұлға өзінің бағдарламасын ұсынады, әрі өзімен бірге істейтін командасын ала келеді. Ал біздің премьерлер ондай бағдарлама ұсынбақ түгілі, өзімен бірге істейтін командасын да жасақтай алмайды, президенттің тағайындап берген министрлерімен жұмыс істеуге мәжбүр болады. Өйткені барлық кадр мәселесін президенттің өзі ғана шешеді. Сондықтан осы қалыптасқан жағдайда президентті мемлекеттің басшысы ғана емес, сонымен бірге әрі атқарушы билік – үкіметтің де басшысы деп қабылдау керек. Тіпті үкіметтің өзі белсенділік танытып, реформа жүргізгісі келсе де, оған дәттері жетпейді. Өйткені ондай белсенділік президентке ұнамауы, көңілінен шықпауы мүмкін. Ең сорақысы – премьер-министр жақсы қызмет атқарса, «орныма таласып жүр» деген президенттің пенделігінен ары аса алмайды. Ал есесіне премьер-министр елдегі атқарылмаған жұмыс, орындалмаған тапсырма үшін «таяқ» жейді. Шын мәнісіне келгенде, ел экономикасы үшін үкіметті жеке-дара тағайындаған президенттің өзі жауап беруі керек қой.

Дегенмен бүгінгі жаппай әлеуметтік-экономикалық дағдарыс жағдайында үкіметтің премьер-министрі қандай тұлға болуы керек еді деп ойлайсыз?

– Егер елімізде премьер-министр жоғары лауазымды жауапты тұлға болса, дағдарыс жағдайындағы шешімін таппаған мәселелер бойынша халықтың алдында есеп беруі керек қой! Тіпті күні кеше орнынан кеткен Бақытжан Сағынтаев президентке алғыс айтқанша, қызмет атқарған уақытында не істегенін немесе қандай жұмыстың атқарылмағаны жөнінде есеп беруі керек еді. Сондай-ақ парламент депутаттары да үкіметтің қызметіне өз бағасын берсе, келесі үкімет басшысына сабақ болатын еді. Сол себептен де үкімет басшысының, министрлердің президенттен басқа ешкімнің алдында жауапкершілігі жоқ. Бұған дейін бірде-бір премьер-министрдің қызметін атқара алмағаны үшін кеткенін естідіңіз бе? Жоқ! Яғни, премьердің келу-кету критериін тағы да президент қана анықтайды деген сөз.

Егер Сағынтаев үкімет басшысы ретінде қызметін атқара алмаса, оның командасында болған министрлердің қайтадан тағайындалғаны қалай? Үкімет басшысының қызметі – қарауындағы министрлердің жұмысымен бағаланбай ма? Сағынтаев жаман да, басқа министрлер жақсы болғаны ма?

Демек, ел экономикасына қатысты саяси биліктің де, үкіметтің де, парламенттің де халық алдында жауапкершілігі жоқ. Оның түп-тамыры – биліктің барлық сатысы бір адамның құзырына ғана тәуелді болуында. Ондай елдің жасампаз болашағы болмайды. Біреуі кетсе, екіншісі келеді, ал өзгерген ештеңе жоқ. Өйткені қызметке ұсынатын, тағайындайтын, бекітетін бір адам. Ол адам ешкімге жауап бермейді.

– Өзіңіз «жөні бөлек» деген экс-премьер Әкежан Қажыгелдинді елге қайтару керек деген сөз бар. Сіз бұл пікірге қалай қарайсыз?

ӘкежанҚажыгелдин – саяси да, экономикалық жағынан да ең сауатты премьер-министр болған азамат. Онымен бірге «РНПК» партиясында әріптес болғаным үшін мақтап отыр деген ой тумасын: мен әділін айтам – Қазақстанның тарихында үкімет басқаруда дербестігін сақтаған бірден-бір премьер – Қажыгелдин ғана болды. Оны жекешелендіру кезеңіндегі кемшіліктермен кінәлаудың саясаты жасалған. Ал түптеп келгенде, жекешелендірудің саясаты мен қортындысын шығарған Қажыгелдин емес қой, нәтижесіне жауап беретін кім? Осының ара-жігін айырып алу керек. Ол экономиканың барлығын жекешелендіріп жатқанда, сауысқаннан сақ президент Назарбаев ай бағып отырды ма?

Ал Қажыгелдинді елге қайтару қажеттілігі туралы айтар болсам, ол соңғы жиырма жылдай уақытта елден кетуге (кетірген кім екені тағы белгілі), Еуропада тұруға мәжбүр болды, батыстық және әлемдік экономиканың ортасында жүрді. Өркениетке ұмтылыстың нәтижесін көрді, Батыстың экономикалық ілімі мен білімін игерді. Ал Батыстың саяси-экономикалық даму заңдылығын, экономиканы басқару құрылымын елімізде пайдалансақ, біз де өркениет жолына түсеріміз анық. Ондай өркениетті дамудың үлгісін Қажыгелдин елге әкелсе, оның пайдасы тиер еді.

Алайда бүгінгі таңда оған қарсылас тек қана Назарбаев емес, президент болғысы келетіндердің бәрі өре тұратыны белгілі. Қажыгелдиннің жиырма жылдан бергі өткен мектебінен алған білік пен білім – елді басқарып отырған, басқарғысы келетін ешбір шенеуніктің бойына шақ келмейтін тәжірибе. Егер билік білім тәжірибесі мол маманды құрметтейтін болса, оны баяғы заманда елге алдыратын еді. Әкежан сияқты шетке кеткен ақылды азаматтарды жинайтын болсақ, еліміз бүгінгі дағдарысқа тап болмас еді.

– «Дағдарыс» демекші, елдің қазіргі экономикалық ахуалын сіз қалай бағалар едіңіз: президент Назарбаев айтқандай, өркендеу үстінде ме, жоқ әлде халық айтқандай, шынында да барлығы жарнама мен пиар-акцияға құрылған «Потёмкин деревнясының» көрінісі ме?

– Бір сәт ойланып көрелік: Қазақстанда біз мақтана қоятындай қандай іс атқарылды? Егер мемлекетті басқару құрылымына баға беретін болсақ, бұл жүйе Назарбаев биліктен кеткен күні-ақ құлайды. Өйткені бар билік бір адамның уысында. Назарбаевты құдайдай көріп, ол кетсе, елдің күні қараң қалады деген ұғым тумауы керек. Ол құрған саяси жүйе, өзі кетсе, іргесінен сөгіледі. Еуропада үш билік – тік бұрышты үшбұрыш сияқты табанымен тұрса, бізде керісінше, үшбұрыштың төбесі ұшымен төмен қарап тұр. Сол себепті де төменгі жағы жоғары екі бұрышын ұстай алмайды.

Екіншіден, мемлекеттік қызметтегі лауазым иелері өз қызметіне лайық деп айта аламыз ба? Елім деп, жерім деп, жарғақ құлақтары жастыққа тимей, қызмет етіп жүргендер бар деп айта аласыз ба? Әрине, жоқ! Бір ғана білім беру саласын алайық, жалпы білім беретін орта мектептердегі білім деңгейінің төмен екенін айтсақ, жаңалық ашып отырған жоқ шығармыз. Мұғалімнің айлығы төмен, ауданнан, облыстан, республикадан келген тексеру комиссиясына қажетті құжат толтырумен уақыттары өтеді. Білім беру, тәрбие беру жұмыстары толық жүргізілмейді. Ақшасы бар ата-аналар балаларын қосымша сабаққа беріп, ақылы қызметке жүгінеді.

Қай саланы алсаңыз да, бәрінде де осы жағдай. Сол себептен де халықтың билікке деген сенімі жоғалды: президентке де, премьер-министрге де, депутатқа да сенбейді. Мәселенің негізі саяси жүйеге келіп тіреледі, ал саяси жүйе – экономикалық институттарды жасақтайды. Бұл барлық мемлекеттерде қалыптасқан жағдай, одан өзгеше басқару үлгісі табылған жоқ. Ал Назарбаев билік басына келді де, өзіне ғана құзырлы экономикалық институттар құрды. Оларды «институт» деп атаудың өзі ұят! Дегенмен тәуелсіздіктің 27 жылында осы жасанды институттар елдің қоғамдық-саяси өміріне батпандап еніп алды. Бүгінгі елді экономикалық дағдарысқа душар еткен осы саяси институттар жүйесі екеніне ешкімнің дауы жоқ. Сол жүйе тек бір адамның басымен, соның ақылымен (ақылды-ақылсызын кім білетіні тағы белгісіз) ғана жұмыс істейді. Демек, жан-жағыңызға қарауға, өзіңізше жүруге ешқандай мүмкіндігіңіз жоқ. Ақыр аяғы биліктің құлдырауы – біздің санамызға да өз таңбасын салуда. Бүгінгі саяси жүйенің кейпі – Назарбаевтың өзінен айнымай қалған көшірмесі сияқты, отыз жылға жуық уақытта жасы сексенді алқымдаған шал сияқты бұл жүйе де қартайып, божырап кетті. Осыдан кейін ел экономикасында қандай өркендеу болуы мүмкін?

– «Өркендеу» демекші, сіз Қазақстанның батыс аймағының тумасысыз ғой: мұнайлы елдің бүгінгі ахуалы қандай? Мұндағы халық мұнай мен газдың рахатын көріп жатыр ма?

Әу бастан елдегі мұнай бен газ бір адамның айналасындағы топтың қолына түсті. Қызығын көріп отырған да солар. Там-тұмдаған бөлігін аштан қырылмасын деп елге берген болады.

Сол мұнай мен газ болмағанда, басқадай өмір сүрер ме едік, байлыққа үймелегендер болмас па еді? Еңбекқорлық, адалдық деген ұғымдар ұмыт қалмас па еді? Басқа өндіріс, өнеркәсіп орындарын ашып, жұмыссыз қалмас па едік?

Ал қазір мұнайы бар жерді кедейлік жайлаған. Бұл да бір кереғарлық. Биліктен құзыр алғандар бір-бір құбырды иемденіп, үстіне шығып алып, ешкімге бермей, қызығын көреді. Бұл бүгінгі батыс өңірдегі жағдай деп түсініңіз.

– Жаңаөзендегі жұмыссыз жастардың толқуы елдің басқа аймақтарында да қайталануы мүмкін бе?

Елде дәл осындай әлеуметтік әділетсіздік тауқыметі шешілмейтін болса, кез келген қалада, облыс орталықтарында осындай наразылықтар орын алуы әбден мүмкін. Үкімет қағаз жүзінде нешетүрлі бағдарлама қабылдағанымен, олар орындалмай қалады. Сол сияқты Жаңаөзеннің мәселесі де түбегейлі шешілген жоқ. Тұрғындарды алдап-сулап, әлеуметтік мәселелерге мән бергенсіп, бәрі шешілді деп, Жаңаөзенді ұмыттыруға тырысса да, халықтың ішіндегі бітеу жара асқынып кетті. «Жаңаөзен қырғыны» кезінде басқа өңірдегі қоғам белсенділерімен, аға буын өкілдерімен кездескенімде, «олар ақшаны күреп тауып жатыр» дегендер болды. Бұл – биліктің ойлап тапқан есебінен туындаған мәселе: «Несіне наразы, айлықтары 120–150 мың теңге?» деп көпіртіп, саясаттың сайқал технологиясымен басқа аймақтарды Жаңаөзенге қарсы қоюға тырысты. Алайда батыс өңірдегі азық-түліктің, күнделікті тұтыну тауарларының бағасы басқа өңірге қарағанда 5-6 есе қымбат екені белгілі. Ауыз суды сатып алу үшін айлық жалақысының 30-35 пайызы жұмсалады, басқа азықты айтпағанда. Енді, міне, бұл қымбатшылыққа жұмыссыздық мәселесі қосылып отыр.

– Сіз естіген боларсыз: әлеуметтік желілерде «жұмыссыз жастарды қолдайық, «Жаңаөзенге тағы да сатқындық жасамайық» деген пікірлер пайда болуда…

– Қайдам, Жаңаөзенді қолдайтын халық көріп тұрған жоқпын… АҚШ-тағы бір институт біздің ел бойынша Қазақстандағы жастар қоғамда қалыптасып отырған жемқорлық, жұмыссыздық мәселесіне аса мән бермейді деп әлеуметтік зерттеу қорытындысын жасапты. Тіпті биліктің халықты басқару қызметіне де көңіл аудармайтынына таң қалыпты. Қай буындағы жастарға қатысты зерттеу жүргізгендерін білмеймін, бірақ елдегі жалпы жастардың енжарлығына мен де қайран қалам.

Дегенмен қоғамдағы жағдайға бей-жай қарайды, белсенділік танытпайды деп қазақтарды кінәлаудың табиғатын түсінемін. Тәуелсіздіктің 27 жылында ел азаматтарын қорқытып, атып-асып, қудалап, бойына үрей кіргізді. Уақытша қорқыныштан құтылуға болар-ау, ал жылдар бойы, ширек ғасыр қорқыта берсе, бұл әдетке, мінез-құлыққа айналып, бойға сіңеді. Менің күдігім де сол – қорқақтық қанымызға дендеп кіріп алған сияқты. Елдің бәрінде сол мінез қалыптасып қалды демеспін, бірақ басым бөлігіміз үрейден көз аша алмай отырмыз…

– Ал елдегі осы жаппай дағдарыс пен үрейден құтылу үшін бірінші кезекте не істеу керек деп ойлайсыз?

– Барлық кесапат Назарбаевқа тіреліп тұр ғой… Ең алдымен президент өзінің қызметін бөле-жарып, екі тақта отырғысы келетіндей сыңай танытып жатқаны күмән тудырады. Қауіпсіздік кеңесіне басшылық ете жүріп, өзінің орнына келетін президентке құзырын жүргізбек. Дегенмен егер ол дәл осы қадамға барса, Назарбаевтың билігі тіптен тезірек ыдырайды. Сырттай қараған адамға бүгінгі билікте отырған бір топ адам ғана ақылды да, дүйім ел ақымақ сияқты.

Президенттің айналасында отырған ат төбеліндей ғана адам бірінің орнын бірі алмастырып, лауазымды қызметтің де қадірін кетірді. Кеңес кезінде егер бір министр қызметін алып жүре алмаса, кемшілік жіберсе, қайтадан лауазымды қызметті маңайлауы қиын болатын. Бізде ешкімге баға берілмейді, жұмыстан шығарып тастайды, жарты немесе бір жылдан соң қайтадан бір министрлікке қонжитады. Қазақстанның оңбай отырғаны сол – жоғарғы биліктің өзінде жауапкершілік жоқ. Осылардың кесірінен қор болатын президент емес, біздер – қарапайым қазақтар.

– Сіз бұрынырақта елдегі бірнеше саяси партияға жетекшілік жасадыңыз. Ал бүгінде билікке оппонент болатын партия немесе басқадай саяси күш қалмады. Ұлт партиоттары болса, бөлек-бөлек әлеуметтік топтарға бөлініп кеткен. Осы жағдайда елді өзгертуге ынтасы бар қоғамға қандай кеңес бересіз?

– Биліктің кез келген реформасын халық қолдамаса, қоғам да бір орнында тұралап қалады. Қоғамды өзгерту үшін, биліктің өзі құлық танытуы керек. Назарбаевтың билік құрған уақытында осы мәселеге мән берілмеді. Келесі президенттің қоғам ынтасын тудырудан басқа амалы болмайды.

Бүгінде саяси жүйенің құрамындағы «қуыршақ» партиялар тіркеуге рұқсат бергені үшін биліктің сойылын соғудан ары аса алмайды. Қазақстанның болашағын ойлаған азаматтардың үнін тек «ДАТ» арқылы ғана оқитын халге түстік, басқадай жолды көрмей тұрмыз. Бүгінгі жағдайда ел азаматтары биліктің қақпанынан шыға алмайды, телефоныңды, жүріс-тұрысыңды, әлеуметтік желіде жазған-сызғаныңды аңдиды, азаматтық пікірің мен ерік-жігерің үшін соңыңа түседі. Биліктің осы бей-берекет әрекетінің түбі жақсылыққа апармайды, қоғамның белсенділігіне сол кезде ешкім де тоқтау қоя алмасы белгілі. Осыны билік ескергені жөн. Дәл бүгін билік саяси партиялардың, қоғамдық қозғалыстардың құрылып, тіркелуіне кедергі келтірмеуі керек. Әйтпесе өзін де, елді де құртады. Ал қоғам бүгін оянады дегенге сенбеймін, жер-жерде наразы ел-жұрт көп, бірақ басын қосып, бастайтын көшбасшысы жоқ.

– Елде биліктің транзиті туралы көп айтылып жатқанын білесіз. Назарбаев халықтың ықтиярына қарамай, өзінің ізбасарын орнына қалдырса, ол қоғаммен тіл табысып кете алар ма?

Транзиттік кезеңде келесі президент кім болса да бәрібір, айналып келіп, Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы Назарбаевқа бағынады. Бірақ мұндай ауыс-түйіс Қазақстанды тығырыққа тірейді, өйткені жоғарғы екі биліктің басшылары текетіреске түседі. Бір президент пен президент әрі Қауіпсіздік кеңесінің басшысы Қазақстанды жік-жікке бөледі. Жүзге, руға, дінге, орысша білетін қазақ, қазақша білмейтін қазақ деп т.б. бөлініске түскен елді енді келіп жоғарғы мемлекет басындағы екі тұлға бөліске салады.

Сондықтан әділ сайлау өтуі тиіс. Ал бүгінгі жағдайда билік басына кім келсе де, басқа лауазымдылар сол орнында қалады екен. Бұл Өзбекстан жағдайындағы мысал. Мирзиёев Каримовтың атқара алмаған жұмысын жүргізіп жатыр деп жан-жақтан жарнамалауда. Бірақ саяси жүйені өзгерткен жоқ. Біздің билік те дәл осындай қалыпта қалғысы келетін сияқты. Сол себепті кім билік басына келсе де, саяси реформа жүргізіп, түбегейлі өзгеріс жасауы тиіс.

Алайда Назарбаев көзі тірі тұрғанда, биліктен кетпейтіні белгілі.

– Қазақстанның кезекті президенті Ресейдің араласуымен ғана сайланады деген пікір төңірегіндегі ойыңыз қандай?

– Бұл бұрыннан айтылып жүрген әңгіме. Ресей де өзін қолдайтын, ығында жүретін президентті қалайтыны рас. Екінші біреулер Ресейдің экономикалық мүддесі басым деген уәжді айтады, оны да жоққа шығаруға болмайды. Бірақ Ресейдің бүгінгі жағдайы да жетісіп тұрған жоқ.

Дегенмен де Ресейге әлеуетті Қазақстан керек, өйткені оңтүстіктен – Ауғанстан, Сирия елдеріндегі жағдайға байланысты қауіптен сескенеді, Қазақстан Ресей үшін қалқан іспетті. Қазақстан әлсіздік танытса, діни фанаттардың мәселесі ушығуы мүмкін. Сондықтан президенттікке кім келсе де, Ресейден іргесін аулақ салмайтыны анық.

Келесі кезекте Ресейдің болашағы қандай болатынына көп мәселе тіреледі: егер экономикасы алға кетіп, халқының тұрмысы оңалып, керісінше, қазақтардың әлеуметтік жағдайы нашарласа, мәселенің көкесі сонда болады. Елдің назары көрші орысқа бұрылады. Жаңадан келетін президентке бұл мәселе үлкен сын болатын түрі бар.

Назарбаевтың Ресейге жалтақтап қалуы Қазақстанмен бірнеше мың шақырымдық шекаралас ел болуында ғана ма, жоқ әлде оның басқа да себептері бар ма?

Президент жалтақтаса, онда бір міні бар деген сөз. Егер Ресейді қойып, әлемдік қауымдастық алдында екі ел аралық мемлекеттік мәселеге қатысты адал қызмет атқарса, ешкімнің алдында да жалтақтай алмасы белгілі. Егер жеке адам ретінде өзінің жеке басы үшін заңсыз әрекеттерге барса, сол кезде өзгеге тәуелді болады. Сондай «құпиялар» өзгеге әшкере болса, оны қажет кезінде суырып алу ешкімге де қиын шаруа емес. Ресей барлық уақытта жақсы ойын «ойнамайтыны» белгілі, оның мысалын Украина мен Беларусь елдерінен көруге болады. Егер де Қазақстанда қандай да бір наразылық, қақтығыс орын алса, беті аулақ, орыстар Ресейге қарай ағылатыны белгілі. Бұл қорқынышты жайт. Сол себепті Қазақстанның жетістігі – Ресей үшін ұтымды.

– Соңғы кездері ресейлік электронды БАҚ беттерінде Қазақстан мен оның президентіне қатысты ақпараттың сарыны өзгере бастады. Мәселен, «Владимир Путиннің «ФСБ»-сы Назарбаевқа қатысты том-том компромат, бірнеше сериялы телеайғақ дайындап қойыпты, егер Қазақстанның президенті орыс патшасының ығына жүрмесе, оның барлығы ақпарат әлеміне шығады» деген пікір пайда болды. Жағдайдың осындай сцераниймен өрбуі мүмкін бе?

Әбден мүмкін! Назарбаевты орнынан тайдыру Ресей үшін аса қиын емес. Бір аптадай «компроматтарын» әртүрлі БАҚ-тан жан-жаққа таратса, жағдайдың қалай қарай бет бұратынын бір құдай біледі. Сол «компроматтар» тек қана Ресейдің қолында емес, Америкада да барына күмәніңіз болмасын.

Қарапайым ғана мысал айтайын: билік жүйесінде қызмет атқарған жоғары лауазымда болған «КНБ», «МВД» жүйесінде жұмыс істеген азаматтардың, дені орыс ұлтының өкілі болған, олар өздерімен бірге Ресейге том-том компромат әкеткені белгілі. Оның ең бастысы – президент туралы оның айналасындағыларға қатысты материалдар. Ресей біз туралы, президент туралы бізден де жақсы біледі, оны пайдалана ма – ол жағы белгісіз, бірақ бұл жағдай бүгінгі биліктегілер үшін аса қорқынышты екені белгілі.

Мәселе адамның жеке басының пенделік проблемасына келіп тіреледі. Кезінде Беларусь президенті Лукошенкоға да қатысты «компроматтар» жария болды. Бірақ сол материалдар Лукошенконың мұртын да қисайтқан жоқ. Өйткені ұрлағаны жоқ, «белорусь тілі – мемлекеттік тіл болсын», «Ресейге қосылмаймыз» дегені елдің көкейінен шығып, оған ешкім мән берген жоқ. Тіпті ол осы «компроматтардан» ұтқаны көп болды. Ал «ұрлады, елдегі азаматтарды саяси қуғынға түсірді, түрмеге жапты, өлтірді, ел байлығын сатты», т.б. мәселе табылса, Лукошенко осы орнында отырмас еді.

– Сіз кезінде Қазақстанның тәуелсіздігін қалыптастыруға қатысқан Назарбаевтың әріптесі ретінде оған қандай ақыл айтар едіңіз?

– Ең алдымен, ақылы болса, жасы келген кезеңде қазақтың азаматы ретінде елдің болашағы үшін сайлау жүйесін өзгертіп, қоғамды жаңартып, қажет десе, өзі қолдаған үміткерді де ұсынсын. Ел ішінен шыққан үміткердің де жолына кесе-көлденең тұрмай, әділ сайлау өткізуге мұрындық болсын! Халықтың тыныштығы үшін, бақытты болашағы үшін көзі тірісінде елге үлгі көрсетіп кеткені жөн болар еді.

Дәл осы қадамға барса, халық президенттің кемшілігін де, қателігін кешірер еді. Қазақ – кешірімшіл, жамандықты тез ұмытатын халық. Ал Назарбаев дәл осы қалыптан таймаса, жағдайы қиын соғуы әбден мүмкін. Бізде патша болғысы келетін, өзін ақылды санайтын, таққа таласуға құлқы бар миллионерлер мен миллиардерлер көп. Бұл таластың соңы өзі құрған жүйені талқандап тынады.

Сол сияқты Назарбаевты «Қазақстан Республикасының негізін қалаушы» деп санайтындар жетерлік. Менің айтарым, мемлекеттің негізін қалаған Назарбаев емес – парламаент, сол кездегі Жоғарғы Кеңес! 1991 жылы маусым айында Ресей өзінің дербестігін алса, біз айқай-шумен қазан айында егемендігімізді жарияладық.  Парламенттегі Серікболсын Әбділдин мен Сауық Тәкежановтардың тізеге салып тұрып, мәжбүрлеуінің арқасында Тәуелсіздігімізді жариялағанына куә болдық. Тарихта осы оқиға тасқа басылғандай жазылды.

Өзімен қызметтес болған, көпті көрген азамат ретінде айтарым: артыңда жақсы із қалдыруға тырысса, жақсы болсын, жаман болсын, «тұңғыш президент» деген аты абыроймен қалады. Назарбаевтың еңбегін де жоққа шығара алмаймын: бірақ сол еңбегінің ақысын миллиардтаған қаржымен молынан төледік, бала-шағасы мен үрім-бұтағына жетерлік байлығы бар. Егер орнына басқа жақтан бір менеджерді жалдап әкеліп, президент етіп сайласақ, ақысы үшін айына 20 миллион теңге төлеген күннің өзінде арзан әрі тиімді болар еді. Сондықтан Назарбаевтың елге, халқына өкпесі жоқ деп ойлаймын.

– Ғазиз аға, ашық та ащы шындықты ақтарып салған сұхбатыңызға рахмет! Аман болыңыз!

Бақытгүл МӘКІМБАЙ,

«D»

Республиканский еженедельник онлайн