Иә, қате естіген жоқсыздар, ақпанның 19-нан 20-на қараған түнгі сағат 01.05 минуттың кезінде Солтүстік Қазақстан облысы, Ақжар ауданындағы Бостандық ауылының тұрғыны Қалиевтардың терезесін қағып, үй иесі Қайратты далаға шығарып алып, доңғалақ жөндейтін монтировкамен басын жарып, өне бойының сау жерін қалдырмай тепкілеп тастаған алпамсадай бес жігіттің біреуі қоштасар кезінде: «Облыс әкімінің халық алдында есеп беретін жиналысына баратын болсаң, жанұяңмен қоса бауыздап кетеміз!» – деп кеткен екен.
Ақпанның 21-і күні маған телефон соққан Қайрат Қалиев болған жағдайды айтып берді.
Ақпанның бірі күні Қайрат Астанаға барып, жемқорлықпен күресу бөлімінің бастығы Сунтаев Қайраттың қабылдауында болып, Ақжар ауданының әкімі Е.Мадияровтың бюджеттің ақшасын талан-таражға салып жатқанын тәптіштеп айтып береді. «Ақжарқын ауылы мен Бостандық ауылының арасына қыстың күні қардың үстіне тас, құм қиыршықтарын төгіп, жол жөндеу жұмыстарын жүргізу – нағыз ақымақтардың ғана ісі емес пе?! Ал бұл аралықтың арақашықтығы – 57 шақырым. Есептеп көріңізші, қанша қаражат жұмсалатынын, бұл деген қып-қызыл ақшаны далаға шашу ғой! Ленинград ауылы мен Айсары ауылдарының арасы – 40 шақырым. Бұл екі ортаға да қаншама тас, құм қиыршығы төгілді, бір Құдай біледі…» – деп қынжылады Қайрат.
– Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ақсақалов Құмардың халық алдында есеп беретін жиналысына жазылып, хатшысымен сөйлескенде, маған ақпанның 22-і күні сағат 15.00-де Петропавловск қаласына облыс әкімшілігіне келуім керек екенін айтты. Артынша 22 ақпанда емес, есеп беру жиналысының күні 21-не ауыстырылатынын хабарлады.
Ақпанның 19-нан 20-на қараған түні тереземді қаққан біреулер мені «Шұғыл шаруамыз бар еді» деп далаға шақырды. Ойымда ешқандай жамандық ой жоқ. Далаға шыққан бетте менің атымды сұрап алды да, үш жігіттің біреуі әй-шайсыз жұмыр темірмен мұрнымнан салып кеп жіберді. Екіншісі қолындағы темір монтировкамен басымнан ұрып, маңдайымды жарып тастады. Құлап түскен бетімде әлгілер бесеу болып мені тепкінің астына алды. Әскерде десантта болғаным оңды болды, тұра сала мен де жаңағы маған жабылып жатқандарға қарсы жұдырық жұмсап, екеуін сұлатып салдым. Бесеудің аты бесеу ғой, олар маған тағы жабылып, тұншықтырып жатқанында, ұлым айғай-ұйғайдан шошып оянған екен, маған көмекке келді. Әйелім полицияға телефон шалып, болып жатқан қырғын төбелесті айта бастады айғайлап. Егер мен қарсылық көрсетпесем, балам мен әйелім дер кезінде далаға шықпағанда, мені өлтіріп кететін еді.
Кетерлерінде орысшалап: «Если поедешь в область на встречу к акиму, приедем, всю семью зарежем и дом сожгем! (Егер облыс әкімімен кездесетін болсаң, келіп, бүкіл жанұяңмен бірге бауыздап, үйіңді өртеп кетеміз!) – деп зіл тастап кетті. Қазір Ақжар ауданының орталық ауруханасында емделіп жатырмын. Орнымнан тұра алмаймын, басым айнала береді. Кеудем көтертпейді. Қазіргі жағдайда өзім үшін емес, үйде қалған бала-шағам үшін қорқамын. Түнде келіп, есігін сыртынан бекітіп, үйімді өртеп кетсе, не істеймін? Полицияға арыз жаздық, бірақ маған шабуыл жасаған қаскөйлерді іздеп табулары тым күмәнді болып тұр…
Естеріңізде болса, 2016 жылы президенттің Жер кодексіндегі жерді сату, шетелдіктерге көп жылға жалға беру бабына мораторий жариялағанына қарамай, Бостандық ауылының алты мың екі жүз гектар жері Ақжар ауданының бұйрығымен сот арқылы Ибрагим Саттыбаев деген қалталы азаматқа сатылып кеткенінде, соның ішінде Қайрат Қалиевтің 600 гектар егіндік жері бірге сатылып кеткен еді. Жерін қорғаймын деп ойға-қырға шапқылаған еңбегі зая кеткен Қалиев амалсыз ақпарат құралдарынан көмек сұрауға мәжбүр болды. Сонысы үшін оны баласымен бірге болмаған қылмыспен айыптап, түрмеге жауып, сот екі жыл бас бостандықтарынан айырған еді.
Облыстық сотта Қайраттың апелляциялық сотында Ақжар ауданының полициясының бастығы Оразалин Алмас дегеннің «Қуаныш Мұқтай деген Қалиевтың туысқаны, сондықтан ол оны қорғап жүр» дегенін естіп, мен сотта орнымнан атып тұрып, «Егер Оразалинге туысқан керек болса, мен оның әкесі Төлегенмен аталаспын және бір ауылдың тумасы едік», – деп жауап қайтарғанымның әсері болды ма білмеймін, сот әкелі-балалы Қалиевтарды толық ақтап шығарып еді.
Менің тағы бір түсінбей отырғаным, облыс пен аудан, ауыл әкімдерінің сабылысып, «халық алдында есеп беріп жатырмыз» дегенінің артында қандай сұрқия қитұрқы жатыр, ол «есеп беру» кімге, неменеге керек?! Мен әкімдердің «халық алдында есеп беруін» түсінер едім, егер, мысалы, әлгі Швейцария сияқты елдердің банктеріндегі АҚШ бұғаттаған 3 миллиард доллар, не болмаса оффшорлардағы жүздеген миллиард доллар қаражаттардың қазақстандық иелеріне қай аталарынан қалған мұра екенін, не болмаса қандай еңбектерімен тауып жатқандарын сауатсыз халыққа жік-жігін ашып, түсіндіріп берсе. Әй, қайдам…
Қуаныш МҰҚТАЙ,
«ДАТ»-тың қоғамдық тілшісі