Ақпанның 27-сі күні түс ауа Ақтөбе облысы Алға аудандық «Жұлдыз-Звезда» газетінің бас редакторы Шара Тұрмағамбетованы өзі тұрып жатқан үйдің кіре берісінде белгісіз біреулер соққыға жыққан. Журналист басына тиген соққыдан құлап қалған. Орнынан тұра бергенде, оны бетінен ұрған. Журналист бұл басбұзарлық қылмысты шабуылды кәсіби қызметімен және өзінің белсенді азаматтық ұстанымымен байланыстырады.
Осы қылмысты оқиғаға қатысты «Әділ сөз» қоры Шара Тұрмағамбетоваға шабуыл жасалғаны туралы ақпарат таратқан болатын. (Бұл хабарламаны біз сенімді көзден алдық). Шараға қоңырау шалып, шабуылдың мән-жайын білдік.
Алайда наурыздың 1-і күні таңертең «Әділ сөздің» кеңсесіне Ақтөбе облыстық полиция департаментінің өкілі Ерболат Сарқұлов хабарласып, орын алған оқиғаны басқа мазмұнда хабарлаған екен. Содан кейін «Әділ сөз» полиция департаментінен мынандай баспасөз-релизін алыпты.
«Кейбір БАҚ-тарда ақтөбелік журналист Шара Тұрмағамбетованы ұрып-соғып кеткені туралы ақпарат жарияланған. Алға полициясы жедел тексеру іс-шараларын жүргізіп, куәгерлердің айтуы бойынша, Ш. Тұрмағамбетова 27 ақпанда өз үйінің кіре берісінде абайсызда құлап, бетін жарақаттап алғандығы анықталды. Өзі полицияға арызданған жоқ. Осыған байланысты тексерілмеген деректерді жарияламауды сұраймыз».
Шара Тұрмағамбетова облыстағы талантты редактор және белсенді азамат ретінде танымал. Ол мұнай компаниясындағы тендер туралы материал дайындап, аудандық газетті жекешелендіру жөнінде Facebook -те жазып, жергілікті биліктің жұмысын жиі сынға алған. Бұл кез келген адам тексере алатын фактілер. Ал Алға полициясы қандай іс-шара өткізгені, оқиға кезінде үйдің кіре берісінде болған оқиғаны көрген куәгерлерді, қажетті айғақтарды қалай тапқаны белгісіз. Егер полицияға ешкім хабарласпаса, мұндай жедел іс-шараны жедел түрде қашан өткізген?
«Әділ сөз» 20 жылдан бері журналистерге шабуыл жасау хроникасын жүргізіп келеді. Әртүрлі жасалған шабуылға қатысты әрқашан сенімді көздерге жүгінеміз. Біз Шара ханымға телефон арқылы хабарласып, мәселенің мән-жайын өз аузынан естігенді жөн көрдік.
– Шара ханым, әрине, соққыға жығылған әйелді мерекемен құттықтаудың ыңғайы қиын: дегенмен ең алдымен әңгімені «көктем мерекесі, әйелдер күні құтты болсын» деуден бастамасқа лаж болмай тұр…
– Рахмет! Сіздердің редакциядағы қыз-келіншектерді де көктемнің алғашқы мерекесімен құттықтаймын!
– Сонымен, мән-жайдың анық-қанығы не болды: жергілікті полиция таратқан ақпаратқа алып-қосарыңыз бар ма?
– Сол күні жұмыстан ертерек қайтып едім. Подъезге кіре бергенім сол, «осы, осы» деген сөзді естідім. Содан кейін біреуі басымнан ұрды. Құлап түстім. Бетімнен ұрды. Айнала қан болды. Көршілер шықпағанда, өлтіріп кетердей екен. Осы оқиғадан кейін, кімнің не айтып жатқанын білмеймін, жұмысқа сейсенбі күні шықтым. Бірақ бір жағдай анық: өзімді-өзім ұрғам жоқ.
Рас, талай қамалғам, талай фотоаппаратымды тартып
әкеткен…
Енді… полиция таратқан хабарға қатысты айтсам,
«дежурный» өтірік болады. Алайда өзімді-өзім ұрып, көзімді көгертіп, пиар жасайтындай, не басыма күн
туды? Мен кім едім сонша? Мен – бар болғаны аудандық газетте редактормын.
Ауданда жаман емеспін, аудан билігімен де бас араздығым жоқ! Тіпті аудан
әкімінің жақсы қырлары туралы «Егемен Қазақстанға» материал жазғым келгенін осы
жердегі бір достарым біледі.
– Бұл оқиғаға сіздің жергілікті жердегі қоғамдық белсенділігіңіз себеп болды десек, қаншалықты қателесеміз?
– Ешкімде алты
аласым, бес бересім жоқ, елдегі жағдайға байланысты көп мәселені айтатыным рас.
Өзім де сонымен байланыстырамын. Бірақ мен айтпасам, сен айтпасаң, кім айтады? Журналист
ретінде жайыма қарап жүре алмайтыным рас: мұнайдың жеке сатылымы туралы мақала
дайындап жатқаным рас, қоңырау болғаны да рас.
Мен ешкімге, ешқандай органға арыз жазбаймын, бірақ
Ақтөбе облыстық ІІД-нің «она упала по неосторжности» дегені не? Олар менің
құлап жатқанымды көріп пе? Жоқ, көрген жоқ, олардың жынданып отырғаны –
менің «полиция қылмысты ашпайды, жазықсыз біреулерге мойындатады» дегенім.
Шынымен де солай!
– Шара ханым, мұндай азаматтық белсенділікке сіздің дәтіңіз қалай барып жүр? Бізді ғана емес, әлеуметтік желілердің көптеген қолданушылары мен оқырмандарын осы сұрақ қызықтырады…
– Тағы жұмыссыз қалармын… Үндемей отыра алмаймын енді… Редакторлық – министрлік емес қой. Редактор болмасам, аспаз болармын. Далада қалмаспын…
– Дегенмен, сіздің азаматтық ұстанымыңызға жергілікті басшылық өкілдері құрметпен қарайтын болғаны ғой? Әйтпегенде, «асау Шараны», «ауыздықсыз редакторды» олар бір күн де ұстамайтыны анық емес пе еді?
– Газет – жекенікі. Құрылтайшы маған құрметпен қарайтын азамат. Аудан әкімшілігіндегі адамдармен түсіністік бар. Мұнай компаниясындағы тендер туралы материал дайындап, аудандық газетті жекешелендіру жөнінде әлеуметтік желіге жазып, жергілікті жердегі атқарушы биліктің жұмысын жиі сынға аламын. Мәселе әріректе… Бұл жерде Фаризашылығым /Оңғарсынова/ келеді… Кейбір інілерімнің шәпкесін тартып алып, кигім келетіні рас.
– «Мемлекеттік тапсырыс» дегеннен шығады: жуықта сіздің «Фейсбуктегі» жазбаңыздан жергілікті газеттердің мемлекеттік тендерге қатысу мәселесін көтергеніңізді білеміз. Сол жазбадағы бізді қызықтырған сұрақ: Ақтөбенің қойнауындағы бір газеттің тендерін Алматыдағы бір серіктестік жеңіп алған екен. Бұл не қылған қитұрқы қисап екенін біле алдыңыз ба?
– Тендерді тек менің ауданымнан ғана емес, облыстағы бірнеше газеттің арасынан «Халық ақпарат» деген газет ұтып алды. Қызығы сол – газет Алға ауданына әлі келген жоқ. Қалай ұтып алды, енді оқырман қайтпек? Біле алмадым.
– Ал әйел пендесі ретінде көп балалы аналардың жуықтағы толқуы мен наразылығын сіз қалай бағалайсыз?
– Әлемді әйел тек тербетіп қана қоймайды, әлдилейді де. Тек әлдилейтін әлемнің әдемі болғанын қалаймын.Ұрлықсыз. Парасыз. Жаласыз.
Көп бала болғаны жақсы, бірақ «көп бала» дегеннің неше бала екенін біле алмай отырмын. Егер төрт бала болса – көп бала, ал үш бала – қанша? Аз ба, көп пе? Меніңше, бір бала болса да – бала! Неге бала 1 жасқа толғанша ғана үкімет жәрдемақы төлейді де, тоқтатады? Баяғы совет кезіндегідей ясли деген жоқ. Баласын тастап кетіп, өрттеп, қуырып алып, тұншықтырып, этаждан құлатып алып жатқандар – осылар емес пе?!
Ал менің журналистік тәжірибемде бір жасар баласын үйге тастап кетіп, ол басына целлофан қалта киіп алып, шеше алмай тұншығып қалғаны бар. Бір жасар баласын тастайтын жер таппай, арқасына салып алып, бір садақада бауырсақ пісіріп тұрғанда, бала басынан асып кетіп, қазандағы майға қуырылғаны… Сұмдық па? Сұмдық!
Бір жасар баласын белінен байлап, жұмысқа кетіп, ол бала үйдің сәкісінен еңбектеп түсіп бара жатып, беліне байланған тұзақ мойнына ілініп, асылып қалғаны ше?
Кешіріңіздер! Бірақ бір бала да – бала! Нечего! Төрт бала туғанша күтіп…
Бақытгүл МӘКІМБАЙ,
«D»