Қазақстан еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова мәжілістің кеше – 13 наурызда өткен жалпы отырысынан соң журналистер сұрағына жауап беріп, атаулы әлеуметтік көмек алу заңнамасына өзгерістер енгізіліп жатқанын айтты, деп хабарлайды Azattyq.org.
Вице-министрдің сөзінше, атаулы әлеуметтік көмек алатын әрбір отбасы «бүгінге дейін үш ай сайын табысының өзгермегенін растап, төлем алуға әлі де құқылы» екенін дәлелдеп келген. Министрлік мәжіліс осы ережені өзгертетін заң жобасын ұсынған.
«Жаңа заң жобасы бойынша, төлем беру ұзақтығы алты айға созылады және [адамның көмекке мұқтаждығы] ақпараттық жүйелер арқылы расталып отырады. Яғни, төлем алты ай бойы беріледі, ал адамның табысы, отбасындағы өзгерістерді ақпараттық жүйе бақылайды. Отбасында бала туса, жүйе автоматты түрде нәрестеге төлем аударады», – деді ол.
Жақыпованың айтуынша, атаулы әлеуметтік төлем отбасында жан басына шаққандағы табыс күнкөріс минимумының 70 пайызынан, яғни 20 789 теңгеден аз тиетін адамдарға беріледі. «Анасына – минимумның айырмасы, балалардың қанша болғанына қарамастан, әрбіріне 20 789 теңге беріледі», – деді ол.
Министрлік өкілі «бюджеттен 832 мың адамға 2019 жылдың сәуірінен желтоқсанына дейін 94 млрд теңге қарастырылды» дейді.
«Әкімдіктер атаулы әлеуметтік көмекке зәру адамдарды есепке алғанда, үйдегі сиыр-қойды да есептейді» деген пікірге қатысты Жақыпова былай деді:
«Осы атаулы әлеуметтік көмек туралы заңда «жергілікті атқарушы органдар жекешеленген шаруашылық табысын санамайды» деп жазылған. Сондықтан [үйдегі ірі қараны] табыс деп санай ма, санамай ма – әрбір атқарушы орган өзі шешеді», – деп жауап берді.
Azattyq.org вице-министрдің сөзіне сілтеме жасап таратқан осы хабарға қарағанда, жергілікті әкімшіліктегілер үшін парақорлықтың жаңа көзі ашылуы мүмкін. Себебі әр үйдегі бірер бас «ірі қараны табыс көзі деп санай ма, санамай ма – оны жергілікті билік шешетін болса», есеп жүргізуші лауазымгер атаулы әлеуметтік көмектің берілу-берілмеуін де өз қалауына (параның көлеміне) қарай шешуі әбден мүмкін емес пе?
«D»