Айман ОМАРОВА: БІЗДІҢ БИЛІККЕ Біләштің аузын жабу КЕРЕК БОЛЫП ТҰР

«Ұлтаралық араздықты қоздырды» деген күдікке ілінген «Атажұрт еріктілері» тіркелмеген ұйымының жетекшісі Серікжан Біләш 11 наурызда уақытша қамау изоляторынан шығып, үйқамаққа алынды. 12 наурызда Астана прокуратурасы Біләштің ұсталуына белсендінің «азаматтарды «жиһадқа» – этникалық қытайларға қарсы соғысқа шақыруы» себеп болғанын хабарлады.

Еске сала кетейік, ақпан айының басында Алматы қаласы мамандандырылған ауданаралық соты Серікжан Біләшті «тіркелмеген бірлестік жұмысына жетекшілік етті» деп айыптап, 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (252 мың теңге, шамамен 670 доллар) айыппұл салған еді.  Кейіннен Алматы қалалық соты сол шешімді өзгеріссіз қалдырды.

«Атажұрт еріктілері» ұйымы 2017 жылдың көктемінен бастап белсенді жұмыс істей бастады. Қытай билігінің аз ұлттарға көрсетіп жатқан қысымына қарсы шығып, Алматыда түрлі жиындар мен баспасөз мәслихатын өткізді. Туған-туыстары мен жақындары Шыңжаңда қамауда отырғандардан сұхбат алып, видеоларды Youtube және Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшаларында үздіксіз жариялап, Қытай билігінің қазақтарға жасап отырған қылмысын бүкіл дүние жүзіне әшкереледі.

Қазақ жерінің бір пұшпағындағы халқына жанұшыра араша түскен азаматтың ендігі тағдыры қалай болады, оны атышулы «174-баппен» қылмыстық іске тартудың заңдылықтары қандай? Осы және басқа да сұрақтарға қатысты Серікжан Біләшқа қорғаушы болған танымал адвокат Айман Омарова ханымды «ДАТ» айдарында сөзге тартып, біраз мәселенің байыбына бардық.

Айман ханым, тіркелмеген «Атажұрт еріктілері» ұйымының жетекшісі Серікжан Біләшті қонақ үйде жатқан жерінен қарулы шабуылмен ұстап, ешқандай адвокаттың көмегінсіз Алматыдан Астанаға түнделетіп әкетудің заңдылығы қаншалықты сақталды деп ойлайсыз?

Заңдылықтың сақталуы былай тұрсын, қарапайым тілмен айтқанда, полицияның «бандиттік» әрекетке барғандары ешқандай заң шеңберіне сыймайды. Өзін құқықтық мемлекетпіз деп жариялаған елде мұндай өрескел жағдайға жол берілмеуі тиіс еді. Мәжбүрлеп, желкелеп отырып, түн жамылып басқа қалаға ұрлап әкету – қарақшылардың ісі емес пе? Біздің құқыққорғаушы орындар осындай әрекетке көшкенін түсіндіретін заңдық норма жоқ.

Екіншіден, қылмыстық іс қозғалған болса, Серікжан Біләшті шақырып, түсіндіріп, егер адвокаттың көмегін қажет етсе, адвокаты арқылы істі жүргізуге болар еді ғой. Түн жарымында басқыншылық әрекетпен ұшаққа отырғызып алып кеткендеріне қарағанда, олардың артында құзыреті үлкен күш тұрған сияқты. Себебі мен тергеушіге барған кезімде оның телефон арқылы әлдебіреуге есеп беріп, нұсқау алып тұрғанын өз құлағыммен естідім.

– Ал енді Біләшті тергеу абақтысынан үйқамаққа шығарғанда, тұрғылықты жері – Алматыда емес, Астанада ұстаудың заңдылығы қалай болады?

Осы жағдайға біздің де келіспеуге амалымыз болмады. Егер біз қарсылық танытып, Астанадан – Алматыға ауыстыруды сұрасақ, «үйқамақта» оқшаулауды бермес еді. Алайда осы істің Астанада жүргізілуін заңсыз деп санаймын. Себебі біздің білетін мәліметіміз бойынша, осы істің қозғалуына түрткі болған жағдай Алматыда болғандықтан, телефон арқылы нұсқауды Астанадан алатындар үшін жеңілдік жасалған сыңайлы.

– Айтпақшы, сізді қоғамдағы резонансты істерге араласып жүретін адвокат ретінде білеміз. Ал Біләштің қорғаушысы болуға сіз өзіңіз сұрандыңыз ба, әлде Біләштің қалауы солай болды ма?

– Сайрагүлдің ісімен танысып жатқан кезімде Серікжанның өзі қандай да бір жағдай орын алса, маған адвокат боларсыз деген еді. Менде сақталған Серікжанның аудиожазбасы да бар. Жеке басына қауіп төніп тұрғанын да жасырмады. Мемлекет тарапынан бөлінген адвокаттан бас тартты, өзінің қалауымен осы іске араласуды мен қолға алдым. Бұл менің заңгер-адвокат ретіндегі парызым. Ал қамау мен қудалауда қалған, тағдырлары тәлкекке түскен Қытай қазақтарына қол ұшын созған жігітке араша түсу – бұл менің азаматтық парызым болды.

– Жалпы, Біләшті осылай қамауға алатындай ол соншалықты «әлеуметтік қауіпті» адам ба еді?

– Жоқ! Ол қоғамға қауіп төндіретіндей адам емес, оның мәселесі басқа. Қытайдағы қандастар мәселесін көтеріп жүрген бірден-бір ұлтжанды жалғыз азамат! Ол – қазақтардың құқығын қорғаушы болғаны, Қытайдағы зұлматтан қазағын қорғағаны үшін, сол жағдайды әлемдік қауымдастыққа әшкере еткені үшін жауапқа тартылуда. Серікжанға таңылған іс қылмыстық емес, саяси іс.

«Саясатпен айналыспасаң, саясат сенімен айналысады» деген осы шығар, мен де саяси іспен айналысуға мәжбүр болып тұрмын. Осы бір ғана Біләш емес, бірнеше біләштер шыға келуі мүмкін деген қатер – үкіметімізге ұнамай тұр. Қытаймен екі арадағы қарым-қатынасқа нұқсан келтіретін мәселе деп, істі саяси астармен біржақты қарау басталатын сияқты.

Қытай халықаралық адам құқығы нормаларын, халықаралық конвенцияны бұзып отыр, БҰҰ-да басқадай есеп беріп, қазақтар түрмеде емес, «үйрену лагерінде» деп, шындықты бұрмалауда. Содан келіп, Қытайдың ығына жығылған біздің билігіміз өзге мемлекетте тұрмақ, өз елімізде өз қазағын қорғай алмайтын күйге түсті. Сол үшін билікке Біләштің аузын жабу керек болып тұр.

Егер осы мәселеге тереңірек қарасақ, «Атажұрттың» көтеріп отырғаны – билік тікелей айналысуы тиіс мәселе. Мен ел азаматы ретінде айтар едім: Серікжанға қоғамда «әлеуметтік алауыздық тудырды» деп жабылған жаладан гөрі, биліктің осы – Қытай қазақтарын қорғау мәселесінде белсенділік танытпауы анағұрлым қауіптірек.



–Ал тиісті органдар таратқан ресми ақпаратқа қарағанда, Біләшті ұстауға және оны қамауға әлдекімдер жазған арыз себеп болған екен. Ол арызшылар кімдер екенін біле алдыңыз ба?

Осы сұмырай жағдай – «жазу», «көрсету», «ұстатып жіберу» 1937 жылдары қазақтың басынан өткен нәубет еді. Енді, міне, бір ғасырға жуық уақыт өткенде тағы да қайталанып отырғаны өте өкінішті. Қазақтың ұлт болып топтаса алмау проблемасы осыдан-ақ көрініп тұр. Бұған мүдделі – ел билігі: қоғамға үрей енгізіп, бір қазақты екінші бір қазаққа жамандатып, үстінен арыз жазғызады. Ал ол «жазғыштардың» кім екенін ел біліп отыр. Ең өкініштісі – сол «көрсетіп жібергендер» Серікжан Біләшті «саяси істің» құрбаны еткені…

– Сіз заңгер болсаңыз да, бұл істің саяси астарына баға беріп отырсыз: ендеше оның саяси мақсаты, халықаралық деңгейдегі даулы мәселеге айналуының себебі неде деп ойлайсыз?

– Оның себебі Қытайдың жүргізіп отырған аз ұлттарды тұқырту саясатына келіп тіреледі. Бұл – Қытайдың «ішкі мәселесінен» сыртқы саясатына айналған мәселе. Тағы бір өкінішті жағдай – біздің елдің билігі сол сұрқия саясатпен ауыз жаласты. Бұл арада мәймөңкелейтін ештеңе жоқ: барлық жағдай елдің көз алдында өтіп жатыр.

Қытайдың осы саясатын әлемге әшкере еткен азаматты қамауға алуға Қытайдың өз қатысы бар деген пікірге не айтар едіңіз?

– Бәрі мүмкін. Мәселен, Сайрагүл Сауытбайдың ісіне келетін болсақ, бізге бір хабар келіп түсті, анық-қанығын тексеру мүмкін емес. Дегенмен Қытай жағы: «Бізге келесің, ол жөнінде Қазақстанмен келіскенбіз, жоғары жалақы аласың» деген көрінеді. Қытай жағы ресми түрде Сайрагүлді сұрап жатқан жоқ деген ақпарат та шықты. Ал әртүрлі деңгейдегі сот істері өткен соң, Сайрагүлдің «жоғалып кетуі» немесе «кетіп қалуы» мүмкін. Алғашқы соты өткеннен кейін (босқын мәртебесін алуға қатысты), жолдасы екеуі үйде жоқ кезде бір-екі адам үйіне келіп, Сайрагүлдің екі баласын қылқындырып, қорқытқан оқиғалар болған екен. Осындай жағдайдан кейін бәрі мүмкін.

Серікжанды Қазақстанның азаматы десек те, Қытайдың арнаулы мекемелері нешетүрлі арандатушы әрекетке баратындары жасырын емес. Олар өзінің сұмпайы саясатын әлемге әйгілеген Серікжанды да назарынан тыс қалдырмасы белгілі.

Сонымен бірге екі ел арасындағы экономикалық қарым-қатынаста, мемлекетаралық келісімшартта, Қазақстанның инвестиция тарту жөніндегі мәселесінде біздің еліміздің берешегі көп болып тұр. Экономикалық мұқтаждықтың бір ұшы осы адам құқы, Қытайдағы қазақтың құқы мәселесін айналып өтпейтін сыңайлы.

– Ал осы «Атажұрт еріктілері» ұйымының қызметіне қатысты қазақ қоғамының әлеуметтік желіде екіге жарылу себебін қалай түсіндіре алар едіңіз? Бұл Серікжан айтып жүрген «қытайлық күштердің» әрекетінен туған жарықшақ па, жоқ әлде өз еліміздің тролльдар кампаниясы араласқан іс пе? Бұның ара-жігін ажыратып көрдіңіз бе?

– Сіз айтып отырған екі мәселені де жоққа шығаруға болмайды. «Қытайлық күштердің» Серікжан мен Сайрагүлді «шпион» дегендері күлкілі жайт. Шпиондардың өзін-өзі әшкерелеп, төлқұжатсыз жүргенін естіп-көрдіңіз бе? Шпионды елге ағылып келіп жатқан қытайлық жұмыс күшінің арасынан іздесін.

Тіпті сол агенттер ел ішіндегі кейбір лауазымды адамдарды сатып алып жатыр. Кеше ғана БАҚ-та жария болған, Жамбыл облысында 200-ге жуық қытайға миграциялық көмек көрсеткен жағдайды еске алыңыз. Жемқорлық пен парақорлық жайлаған біздің елде бәрі сатылады емес пе – оның несін жасырамыз? «КНБ»-ның бұрынғы төрағасы, бұрынғы жоғарғы лауазымды шенеуніктер заңсыз әрекеттері, жемқорлықтары мен пара алғандары үшін сотталып жатқан заманда Қытай Сайрагүлдерді қайтеді, одан да лауазымды тұлғаларды сатып алмай ма?!

– Иә, «шпион» дегеннен шығады, «Серікжан Біләштің өзі әлдебір үшінші күштердің ықпалымен жұмыс істеп жүр» деген тағы бір пікір бар. Осыған орай қандай пікір білдіре алар едіңіз?

– Мен осы уақытқа дейін Серікжанмен жақын танысып, араласқан жоқпын. Бірақ атқарып отырған жұмысын сырттай қадағалап, әлеуметтік желі арқылы біліп жүрдім. Қытайдың «шпионы» болса, Қытайдың масқарасын әлемге жайып жатқанын қалай түсінуге болады? Мұндай далбаса пікір сауаты жоқ, сөздері қисынға келмейтін өсек айтушылардың аузынан шығады.

– Ал әу баста Серікжанның «Атажұрт» ұйымы жария етіп, қоғамда үлкен резонанс тудырған Сайрагүлдің ісіне де сіз адвокаттық көмек беріп жүргеніңізді білеміз. Осы дүйсенбіде Талдықорғанда өтуі тиіс болған сот неге наурыздың аяғына қалдырылды?

Соттың кейінге қалдырылуының өзіндік себебі бар. Астанадағы Көші-қон комитеті Сайрагүлге қатысты құжаттар жеткізуі керек еді. Құжаттар Еңбекшіқазақ ауданындағы жергілікті жердегі аудандық Көші-қон басқармасында болатын, оны Астанаға жөнелтіпті. Бұған дейінгі соттың шешімінде Сайрагүлге «босқын» куәлігі неге берілмегенінің себептік негізі көрсетілмеген.

Бір қызығы – Серікжанның Астанадағы сотынан кейін, дүйсенбі күні жедел түрде Алматыға келдім. Сот болуы керек күні таңертең хатшы қыз маған соттың болмайтынын айтып хабарласты. Осы екі ортада көңілге келетін күдік көп: Сайрагүлдің ісін жүргізіп жүріп, мені Біләштің ісіне араластырмауды, екі ортаға үлгертпеуді көздеген мақсат па, әйтеуір бір шикілік бар.

Қандастарымыздың басына түскен ауыр тағдырды көріп тұрып, мені атып тастаса да, қамаса да, енді сырттан үнсіз бақылап отыра алмаспын. Бұрын істің мән-жайын толық зерттемеген едім. Енді қазақтың қызы ретінде шындықты айтуға міндеттімін. Одан кейінгі кезекте адвокат ретінде заң шеңберіндегі қызметімді атқарамын. Адвокаттық лицензиямды тартып алса да, мен қашан да өз қазағына араша түскен қазақтың қызы болып қаламын!

– Айтпақшы, Сайрагүлдің азаматтық түгілі, «босқын» мәртебесін де әлі күнге дейін алмағанының себебі неде? Өз отбасына қосылуды қолдайтын халықаралық конвенциялар негізінде бұл іске нүкте қоюға болмас па еді?

– Сайрагүлде «паналаушы» деген толыққанды мәртебені иелік ететін куәлік те жоқ. Қолындағысы – «босқын» мәртебесін іздеуші деген құжат. Халықаралық конвенцияның нормалары Сайрагүл қазақ топырағын басқан күні-ақ бұзылған.

Мәселен, сотта қазақтың қызы – Қытайдың азаматы деген уәж айтылуы мүмкін. Ал екі баласы мен жолдасы Қазақстанның азаматы. Осыған байланысты мен Сайрагүлдің күйеуі мен екі баласын үшінші тұлға ретінде сотқа тарту жөнінде арыз түсіремін. Өйткені олардың үшінші тұлға ретіндегі құқықтары бұзылуда.

Бұл арада БҰҰ Бас Ассамблеясының 1989 жылы бекіткен «Балалар құқы жөніндегі» конвенциясы бұзылды. Демек, ҚР парламенті заң ретінде ратификациялаған халықаралық шарттар (пакт, конвенция, хаттамалар) елімізде мүлтіксіз орындалуы тиіс. Адам құқықтарының жалпыға ортақ Декларациясының 14-бабында: «Әр адам қуғынға ұшыраған жағдайда басқа елдерден баспана іздеп және сол баспананы пайдалануға құқығы бар» деп, тікелей атап көрсетілген.

Сонымен қатар Қазақстан 1998 жылы «Босқындардың мәртебесі туралы конвенцияға» және «Босқындардың мәртебесі» туралы хаттамаға қосылып, оларды ратификациялаған мемлекет. Конвенцияның 33-бабында: «Келісуші Мемлекеттер босқындарды олардың өміріне, еркіндігіне, нәсілдік, діни, азаматтық, әлеуметтік, саяси алалаушылықтың себебінен қауіп төнген еліне жер аударуына немесе кері жіберуіне қандай жағдай болмасын тыйым салынады» деп, тасқа басқандай жазылған.

Сонымен бірге Гаагада қабылданған ата-аналар жауапкершілігі мен балаларды қорғау мәселелері бойынша қоданылатын құқықтарды мойындау, атқару және ынтымақтастықты атқару заңдылығы конвенциясы бұзылып жатыр. Дәл осы конвенцияның 9-бабының 1-тармағында «…Қатысушы мемлекеттер баланың тілегіне қарсы келіп, ата-анасынан айырмауға күш салады» деп жазылған.

Мәселе тек қана Сайрагүлдің жеке басына тіреліп тұрған жоқ, оның балалары да заңдық күші бар мәртебеге ие. Осы конвенциялар негізінде аналарын бөліп әкетіп, Қытайға бере салу мүмкін емес. Егер мұндай жағдай орын алатын болса, Қазақстан халықаралық құқық нормаларын бұзушы ел атанады. Ал оның зардабы елдің саяси жағдайына тікелей әсер етпей қоймайды.

– Айтқаныңыз келсін, Сайрагүлдің елде қалуы – барша қазақтың тілегі… Сізге өткен күзде батыл адвокат ретінде АҚШ-тың арнайы сыйлығы тапсырылғанын тағы білеміз. Сол Америка сапарының қорытындысында сіз біздің газетке берген сұхбатыңызда АҚШ-тың бірінші ханымы Меланья Трамп қандай да бір аса қажетті халықаралық заңгерлік мәселелер бойынша хабарласып тұр деп айтты деген едіңіз. Осы Серікжан мен Сайрагүлдің ісін Трамп ханымның көмегімен АҚШ президенті деңгейіне дейін шығарудың қажеттілігі бар деп ойлайсыз ба?

– Иә, Американың танымал масс-медиа құралдарына сұхбат берген кезде президент Трампқа хат жазғанымды айтып тұрып жыладым. «Мен қазақтың әйелімін, сіздің жарыңыздың қолынан сыйлық алдым, менің өтінішім бар айтатын. Өзім үшін емес, қазақтың қарапайым ғана әйеліне қазақтың кең даласынан алақандай ғана жер табылмай тұр. Көмегіңіз керек», – деп сұрадым. Хатымды да жаздым. Егер бұл екі іс тиісті әділеттілік деңгейінде шешілмейтін болса, мен бүкіл дүниені шулатуға дайынмын!

Америка – демократиясы дамыған ел, өзгелердің құқы бұзылып жатса, маған қатысы жоқ екен деп, басын алып қашпайды. Федерализм заңдары арқылы қоғамға нұқсан келтіретін әділетсіздікке бейжай қарамауға үндейді.

Ал енді бір мәселені қараңыз: Америкадан инвестор шақырып, ақша алып, оны офшорларға тығу дұрыс та, адам құқына қатысты мәселеде көмек сұраған айып па? Керек болса, Германия канцлері Ангела Меркельге де өтініш жазуға болады.

Сайрагүлдің мәселесі – дүние жүзін дүр сілкіндіретін мәселе, өйткені Қытай БҰҰ-ға мүше бола отырып, әлемді алдағысы келеді, сондықтан өркениетті елдер ана мен баланың құқы бұзылмауына себепкер болуға тиіс.

Сайрагүл Қазақстанның заңын бұзды деген айып тағылды, бірақ оны не үшін бұзғанына кім құлақ түрді? Отбасына қосылуы – халықаралық заңдармен бекітілген құқық, ендеше оны соттап, осы күнге дейін сот пен оттың ортасында жүруіне кім кінәлі? Мысалы, Қылмыстық кодексте, біздің заңымызда әлдебір себептермен шешімі табылмайтын мәселелер болса, заң ілімінде басқа да халықаралық заңдарға жүгінетін «приоритет» деген бар. Сондықтан Сайрагүлдің мәселесіне Қазақстан Республикасының заңдарын бұзғандығы тұрғысынан қарамай, Қытай – халықаралық заңдарды бұзды деп қарау керек еді.

– Биліктің ойлап тапқан атышулы «174-бабы» әлеуметтік араздықтан гөрі, саяси реңк алып бара жатқанына қандай баға берер едіңіз?

– Жалпы қоғамда «алабөтен» ойлайтындардың бәрінің мойнына осы бапты ілу әдетке айналды. Өйткені осы күнге дейін осы баппен жауапқа тартылғандардың дені азаматтық ұстанымы үшін жалалы болып жатыр. Біләштің аузын жабу үшін де осы бап қолайлы болып тұр. Ол – қазаққа қосқан үлесі көп азамат, мемлекеттің атқаратын жұмысын өзі жалғыз атқарды. Үйқамақта отырып, екі ай бойы ешкіммен хабарласа алмайды, ғаламторға шыға алмайды. Ең өкініштісі – ендігі жерде ата-анасын іздеген тірі жесірлер мен тірі жетімдер кімге барап, мұңын шағады?

– Серікжанға қатысты қозғалған істің алдағы уақыттағы мәнісі жөнінде болжам айта аласыз ба?

– Тергеу ісіне кедергі келтірмес үшін, біраз жайтты әзірге айта алмаймын. Бірақ оқырмандарыңызды Серікжанға қатысты жаңалықтармен дер кезінде хабардар етуге тырысамын.

— Сұхбатыңызға рахмет, Айман ханым! Ізгі ісіңізге тілектеспіз!

Бақытгүл МӘКІМБАЙ,

«D»

Республиканский еженедельник онлайн