Суббота , 19 апреля 2025

Ғазиз АЛДАМЖАРОВ: Тоқаев бұл орында КӨП ОТЫРМАЙДЫ

– Еліміздегі президент Назарбаев түрткі болған саяси өзгерістерді қалай бағалайсыз?

– Мен алдымен мынаны айтайын: Нұрсұлтан Назарбаев соңғы он жылдан астам уақытта Қазақстанның дамуын тежеп, ілгері бастырмайтын тұлғаға айналды. Айнала түгел – дағдарыс! Сондықтан Назарбаевтың қазіргі жасап отырғаны – елді әлде де деградацияға ұшыратып, қазақтың аты мен рухын төмендетуге әкеледі. Бірақ бұны не үшін жасап отырғаны белгісіз: білместігі ме, біліксіздігі ме – оны тарих саралап береді деген ойдамын.

Назарбаев қазақ халқын ешқандай мемлекеттік іске араластырмай, алшақтатып тастаған. Лауазымды қызметке алатын адамын алып, тағайындайтынын тағайындап, қандай жүйе құрғысы келсе, соны құрып, ойына келгені мен қалағанын жасауда. Тарихта осындай әрекетке барған мен білетін бірінші президент – ол Нұрсұлтан Назарбаев. Конституциямызды өз ыңғайына қарай өзгертіп, Қауіпсіздік кеңесін қалауынша құрып, билікті қолынан жібермей отырған автократ атанды.

Ал қандай «өзгеріс» болды дегенге келетін болсақ, саяси тұрғыдан қарағанда, ешқандай өзгеріс болған жоқ. Баяғы жартас – сол жартас. «Бірінші президент» деген атағымен билікті уысында ұстап қалды. Сол себепті екінші президентіміз Тоқаевтың қолында толық билігі жоқ, уақытша отырған президент па, премьер-министр ма – түсініксіз тұлғаға айналды.

Егер де прокуратура, полиция, ҰҚК, әскер Қасым-Жомарт Тоқаевқа еш бағынбайтын болса, оның істейтін жұмысы премьердің қызметі болғаны ғой. Бұның тағы бір қиындық тудыратын жері – бір орында екі адамның отырғаны. Егер Тоқаев осы кейпінде қалса, қолбала болып жүре беретіні айдан анық. Ал егер аздап болса да өзінің президент екенін көрсете бастаса, ол Назарбаевқа ұнамай қалуы мүмкін. Сондықтан, менің ойымша, Тоқаев бұл лауазымда көп отырмайды. Ары кетсе, бірнеше ғана айдың әңгімесі. Одан кейін сайлау басталады. Сайлауға Тоқаевтың түсу-түспеу мүмкіндігін мен білмеймін, бірақ Назарбаевтың қызы Дариға мен немере інісі Самат Әбіштің осы саяси додаға түсетіні анық. Әрине, олардың жанына «қуыршақ» үміткерлерді де қосып береді.

Ал түптеп келгенде, бұл жағдай елге жақсылық әкелмейді. Егер Назарбаев өзінің халқын сыйлайтын болса, шын мәнінде биліктен кететін болса, еліне рахметін айтып, әділ сайлау өткізіп, өзінің орнына дұрыс адамды әкеліп, халқының ризашылығын алып кетуі керек еді. Өкінішке орай, Назарбаев халықты емес, өзін ғана ойлап отыр. Біз куә болып отырған амалдардың барлығы, Назарбаевтың билігі мен байлығын сақтап қалуға бағытталған әрекеттер. Бұған қоса, ұлттық әл-ауқат қорының тізгіні Назарбаевтың қолында қалды. Егер, осы ақшамен бірдеме болып жатса, оған қай президент жауап береді деген сұрақ тағы бар. Сондықтан бүгінгі жағдайда еш өзгеріс күтудің керегі жоқ. Мемлекетіміздің дамуына, дамыған елдердің қатарына қосылады дегенге сену қиын.

– Президент Назарбаев саяси жүйеге өзінше өзгерістер енгізген болып, еліміздегі әлеуметтік-экономикалық дағдарыстың жүгі мен жауапкершілігін екінші президент Тоқаевтың мойнына асып қоюдың амалын жасаған жоқ па?

– Нұрсұлтан Назарбаев 30 жыл бойы президент болған кезінде де, халықтың алдында ешқандай жауапкершілігі болған жоқ. Оның дәлелі – Конституцияға енгізілген шимай-шатпақ өзгерістер. Осы кезге дейінгі биліктің жұмысына халық наразылығын білдіріп жатса, бәріне осы кінәлі деп, премьер-министрді ысырып тастап, ертесіне басқа лауазымға тағайындап жатқанын көріп келдік. Осы 30 жыл ішінде бірде-бір премьер немесе министр халықтың алдында есеп беріп, жұмысын жүргізе алмағаны үшін жауапкершілікке тартылған емес. Келіп-кетіп, сапырылысып жатқан басшылар: бірақ жауапкершілік ешкімде жоқ. Қарап отырсаңыз, жауапкершіліксіз биліктің елі болып кеттік. Халықта билікке талап қоятын ешқандай тетік қалмады.

Қазақстанның байлығымен біз әлдеқайда жоғары деңгейде дамыған ел болуымыз керек еді. Біздегідей кең дала, қазба байлық және аз халық өзге мемлекеттерде жоқ. Осылай бола тұра, өлместің күнін кешудеміз. Жауапсыздық пен шенеуніктердің кәсіби деңгейінің төмендігі біздің елді одан әрі құлдыратуда. Бүгінгі жағдайда адамның атқарған жұмысы емес, оның басшыға деген адалдығы мен берілгендігі бағаланатын болды. Халық әдірам қалды!

Назарбаев бұған дейін талай мәселе бойынша сансыз уәдесін беріп кетті. Бірақ Назарбаев барда шешілмеген мәселені Тоқаев қалай шеше алады?! Оны шешуге қолындағы билігі де жетпейді. Оның үстіне Тоқаев интеллигенцияның адамы, билікке таласатын арыны да, экономикадан білімі де жоқ. Сондықтан сіз сұрап отырған жауапкершілік екеуінде де болмайды. Екі президент қатар отырып, елдегі мәселе шешіледі дегенде өз басым сенбеймін. Бұл жағдай бізді жақсылыққа әкелмейді. Бара-бара экономикамыз одан әрмен құлдырайды.

– Сонда лауазымдық тұрғыда Тоқаевтың кім болғаны? Бірқатар сарапшылардың пікіріне қарағанда, ол Назарбаевтың қолындағы «қуыршаққа» айналатын адам емес…

– Тоқаевтың қандай тұлға, қандай лауазымгер екеніне премьер-министр лауазымын атқарған кезіндегі жұмысына қарап-ақ баға беруге болады. Егер де Қазақстанда әр премьер өзінің бағдарламасын жасап, оны қорғап, сол бағдарламаны іске асыратын командасымен келсе, атқарған жұмысы бойынша халық пен парламент алдында есеп беріп жатса, онда жұмыс алға басар еді. Ал бізде олай емес. Қазіргі жүйеде ешнәрсе өзгермейді. Сондықтан қолдан келсе, ел болып, бірауыздан – «Сенің тағайындаған адамың бізге керек емес, біз президентті сайлап аламыз!» деп, Назарбаевқа талап қоюымыз қажет.

Егер оны жасамайтын болсақ, біз бақытсыз халық болып қала береміз! Бір мысал келтірейін. Оңтүстік және Солтүстік Америкадағы жағдайды қараңыз. Екеуі де бір жер, бір халық болған. Испандықтар оңтүстікті жаулап алды, ал ағылшындар солтүстікті иемденді. Оңтүстікте қазба байлықтың түр-түрі болды. Содан бері неше ғасыр өтсе де, олар кедейліктен шыға алмай келеді. Өйткені испандықтар феодалдық-диктатуралық саяси жүйе қалыптастырды, ал ағылшындар елді билеудің халықтық-демократиялық жүйесін дамытты. Демократияға балама бола алатын жүйені әлі ешкім ойлап тапқан жоқ. Оңтүстік Американы билеген отаршылар жүйені өзгертсек, биліктен айырылып қаламыз деп қорықты. Ал ондай жүйенің болашағы жоқ. Бізде де, өкінішке орай, дәл сондай жағдай орнығып тұр.

– Ой-пікір білдіргеніңізге көп рахмет!

Азамат ШОРМАНХАНҰЛЫ,

«D»

Республиканский еженедельник онлайн