Кеше Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстаудағы өртке оранған «Қаламқас» кенішіндегі апатқа қарсы күресті тікелей бақылауына алатыны жөнінде өзінің Тwitter-аккаунтында хабарлады.
«Үкіметке «Қаламқас» кен орнындағы төтенше жағдайды жою және өртті сөндіруге барлық қажетті шараны қолға алуды тапсырдым. Бұл сұрақ менің бақылауымда», – деп президент елге сәлем жолдады.
Бірақ өрттің көлемі мен жалыны ауқымды болғаны соншалық, бұл апатты жоюға президенттің пәрмені жетер ме екен деген күдік көп. Мәселен, мұнай-газ саласының маманы, белгілі қазақстандық блогер Қуаныш Еділхантегі өзінің ФБ-парақшасында былай деп жазады:
«Тоқаев «Қаламқастағы» өртті сөндіруді жеке бақылауыма алам депті. Екінің бірі – не әлгі грифон сөнуге жақын – қандай да бір шанс болғаны, не Тоқаевтың мұнай өндірісінен еш хабары жоқ. Әйтпесе мұндай «өлімді іске» (гиблое дело) тұмсығын тықпаған болар еді. Неге?
Меніңше:
а) газ жер астындағы мұнай қабатының бірнеше жерінен сыртқа шығып жатыр.
Ұмытпасам, бірнеше ұңғыма өртке оранған, газ сол ұңғымалардан да сыртқа шыға
беретіні ақиқат, сондықтан алдымен соларды шегендеу керек.
ә) «Қаламқас» жері сортаң, кебір, бұрынғы теңіздің түбі, мергель қабаты көп емес. Ойпаң жер екені көрініп тұр, сондықтан да жаңбыр немесе қар суы жатыр. Өрт сөндіретін техника бара алмауда деп өздері де айтып отыр. Ондай біртұтас сазды жерде грифонды сөндіру мүмкін емес, егер, әрине, пласттың өзін азғантай взрывпен жармаса, бірақ ондай маман қалды ма екен? Өткендегі видеода алыстан тұрып, сумен сөндіргелі жатқаны көрініп тұр. Ол іш киім ішіндегі «газды» сыртынан шалбар кигізіп тоқтату сияқты, өнбейтін тірлік.
Сонымен… Тоқаев кірісті. Көрейік, не бітірер екен? Біз әмірикамен кетіскен жоқпыз ғой, Батыспен де байланысымыз бар. Қызығы, соны пайдаланып қалған дұрыс-ау (технологиясын алып, мамандарын шақыртып дегендей).
Еске салсақ, 25 наурызда «МаңғыстауМұнайГаз» компаниясының «Қаламқас» мұнай кен орнындағы ұңғымалардың бірінде 900 ш.м. алаңда ашық өрт шыққан. Зардап шеккендер мен қаза тапқандар жоқ. Өрт сөндіру орнында Маңғыстау облысы ТЖД бастығы Қуанар Базарбаевтың жетекшілігімен жедел штаб ұйымдастырылды.
26 наурызда «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ баспасөз қызметінен кен орнында шыққан өрттің негізгі көзіне апаратын кірме жолдардың болмауынан сөндіру мүмкін болмай жатқанын хабарлаған еді. Өрттің шығуына бұрғылау ұңғымасындағы апат себеп болған.
Ал бұрнағы күні «Қаламқас» кен орнындағы өрт басқа ұңғыманы шарпыды, деп мәлімдеді энергетика вице-министрі Болат Ақшолақов. «Өртті сөндіру кезінде оны тоқтатуға әрекет жасалды, алайда өрт шыққан негізгі жерге кірме жолдардың болмауынан оны сөндіру мүмкін болмады…», – деп хабарлады ҚазТАГ Ақшолақовтың сейсенбі күнгі орталық коммуникация қызметінің брифингіндегі сөзіне сілтеме жасап.
Жалпы, оның ақпарынша, 25 наурызда сағат 5.46-да «Қаламқас» кен орнында газ-су қоспасының көзі өртенген, алғашқы өрт сөндірушілер 5.58-де келіп жеткен, 25 наурыз сағат 14.30-да Ақтаудан 6 өрт сөндіру қызметі, 4 автоцистерна, 1 жылжымалы сорғы стансасы, 1 газ-су сөндіретін өрт автомобилі келіп жеткен.
«Қазіргі таңда өрт шыққан жерде облыстың ТЖД 12 бірлік техникасы мен жеке құрамының 53 адамы, сондай-ақ «Семсер-Өрт сөндіруші» және «Fire Protection» компаниясының қызметкерлері жұмылдырылған», – деді Б.Ақшолақов.
Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккердің айтуынша, ТЖ орын алған жердегі жел де жағдайды қиындатып тұр, оның екпіні кейде 15 м/с дейін жетеді екен, сондықтан қабылданған шаралар өртті сөндіруге мүмкіндік бермей жатыр.
«Ақтаудан ТЖ шыққан жерге дейінгі қашықтық шамамен 300 км. Ақтаудан да сәйкес техниканы жіберу туралы шешім қабылданды, тағы да үш автомобиль. Астана уақытымен сағат 18.00-де қосымша күштер келіп жетеді деп күтіп отырмыз, өртті сөндіруге тағы бір талпыныс жасалатын болады. Мынаны айтайын, бұл қатардағы өрт емес, бұл барынша ірі өртке жатады. Себебі оған түрлі химиялық қоспалар қосылады, от лебінің температурасы да жоғары», – деп түсіндірді В.Беккер.
«D»