Суббота , 19 апреля 2025

Әкежан ҚАЖЫГЕЛДИН: АЛАҚАНДАЙ ЕЛГЕ екі президенттің ҚАЖЕТІ ҚАНША?

Өзінің президенттік өкілеттігін «тапсырып», Алматыға серуен құрып қайтуға келген сапарында қалалық әкімшілік әуежайға қуып әкелген жастардың алдында Нұрсұлтан Назарбаев: «Мен ешқайда кеткен жоқпын…» – деген еді. Бауыржан Байбектің нөкерлері «Нұрсұлтан – Қазақстан!» деп айқайлауға арнайы дайындаған жастарды шынайы ұрандап тұр деген болуы керек, «кеткен» президент көзіне жас алғандай болды.

Ал анығында, Назарбаевтың ешқайда кетпегені Қазақстанда бесікте жатқан баладан басқаның бәріне мәлім болды. Ол «өзімнің елбасылық қызметіме кірістім» деп, ресми ақпарат бойынша, мемлекеттік бюджеттен 1 миллиард бөлінген жеке кеңсесін құруға кірісті. Негізінде, оның бірінші президенттік қызметін қамтамасыз ететін кеңсесіне нақты қанша қаржы жұмсалатыны өзінен басқаға беймағлұм ақпарат.

Сонымен, де-факто және де-юре – елде екі лауазымгердің билігі қалыптасты ма? Газетте жиі жарияланып жүрген «Бір сұрақ – бір жауап» айдары аясында біз Қазақстанның экс-премьері Әкежан Қажыгелдинге хабарласқан едік. Саяси және жасанды қылмыстық қуғында жүрген азаматпен өткен сұхбаттасу «бір сұраққа – бір жауаптың» шеңберінен шығып кеткенін төмендегі жарияланымнан оқып білуге болады.

– Жоғары мемлекеттік билікте отырған 30 жылға жуық уақыттан кейін Нұрсұлтан Назарбаевтың доғарысқа кеткені – шын мәнінде бос сөз, – деп бастады Әкежан Қажыгелдин бізбен сұхбатын. – Нақты іс жүзінде ол өзіне арнап ойластырып алған, бұрынғы билігінен де жоғары таққа отыруды қалады. Енді өз өмірінің соңына дейін «халықтың әкесі» және өзі ойлап тапқан «Қауіпсіздік кеңесі» деген жасанды құрылымның төрағасы болып отырады. Ең қызығы, енді оған «жаңа» президент те, парламент пен үкімет те бағынатын болады. Барлық күш қолданушы құрылымдар – әскер, республикалық гвардия, полиция, прокуратура мен «КГБ» да Назарбаевтың жеке өзіне ғана бағынады. Ол биліктің партиясын басқарады, соттарды тағайындайды және Конституциялық кеңестің бір мүшесі саналады. Мұндай билік Саддам Хусейн мен Муаммар Каддафиде де болмаған. Іс жүзінде ол суперпрезидентке айналып шыға келді.

– Ал сонда Қасым-Жомарт Тоқаевқа не қалды? Оның президенттік лауазымы арбаның бесінші доңғалағына айналып кетпеді ме?

– Өкінішке орай, Тоқаев мырзаның лауазымы мемлекет басшысының аянышты пародиясына айналды. Ол өз қожайыны өлшеп бергендей, таңдауы да, лауазымдық еркі де жоқ президент атанды. Назарбаевқа деген құлдық берілгендіктің нәтижесінде және барлық заңдық нормаларға кереғарлықпен парламент бірнеше минуттың ішінде Конституцияға өзгерістер енгізді. Астанамыз – Астана емес, Нұр-Сұлтан болды. Енді аэропорттар, университеттер, мектептер мен барлық қалалардың басты көшелері президент Назарбаевтың атымен аталатын болды. Тек ержүрек атыраулықтар ғана бұл ақымақтыққа қарсы тұра білді.

– Ел ішіндегі бұл жағдай бізге бұрыннан белгілі және түсінікті жәйт, ал шетелдерде бұл «өзгерістер» қалай қабылданды?

– Әлем жұртшылығы екі узурпатордың – тәжірибелі автократ пен ол тағайындаған мұрагердің манипуляциялық сиқырына күлкі шақыратын ирониямен және таңданыспен қарап отырды. Ал Қазақстан халқы бұны ашу-ызамен және жиіркенішпен қабылдады. Олар өз билігін мәңгілік етуге тырысқан Назарбаев режимінің менмендігі мен бетсіздігіне қорланды деп ойлаймын.

Жуықта ғана австриялық банкілерден табылған миллиондаған долларлық есепшоттардың халықаралық скандалына тап болған Дариға Назарбаева уақытша президент Тоқаевты алмастыруға дайындалу үстінде. Сол үшін әкесі оны парламенттің жоғарғы палатасы – сенаттың төрағасы етіп тағайындады.

– Ал енді халықтың ерік-жігеріне кереғар жасалған осы қиянаттың барлығынан қалай құтылуға болады деп ойлайсыз?

– Непотизмнің қатерлі ісігін президенттік басқару формасынан бас тарту арқылы сылып тастауға болады («непотизм» –туысқандары мен жақындарына билеушінің жасайтын жағдайы, жеңілдігі – Ред.). Назарбаевтық билік заманының қорытындысында Қазақстанды парламенттік республикаға айналдыруға постназарбаевтық конституция мүмкіндік береді. «Жаңа Қазақстан» форумы елдегі демократиялық ұйымдар мен құқыққорғаушы қозғалыстардың белсенділерімен бірге осы және басқа да конституциялық жағдайларды Брюссельде өткен конференцияда талқылады. Еуропа Кеңесінің Конституциялық комиссиясы (Венециандық комиссия) жаңа Конституция жобасының демократиялық нормаларға сәйкестігін тексеріп беруге дайын.

– Дегенмен президент Тоқаев елдегі саяси өзгерістер халықаралық нормалар мен демократиялық ұстанымдарға сай болды деп ел ішінде де, шетелдік дипломатия өкілдерімен кездесулерінде де бірнеше мәрте мәлімдеме жасады…

– Мен Қасым-Жомарт Тоқаевты жақсы білемін, ол менің үкіметімде сыртқы істер министрі болған. Ол – саясаткер емес, ол – дипломат. Өзінің өмірінде ол парламентті қойып, мектептегі ата-аналар комитетіне де сайланып көрмеген адам. Сенаттағы депутаттық орынға ол Назарбаевтың тағайындауымен қол жеткізген. Егер оған қожайыны айтса немесе өзіне ыңғайлы болса, өтірік айтуға бейім адам…

– Әкежан мырза, сөзіңіз аузыңызда – бұл орайда мен бір болған жәйтті есіңізге сала кетейін, бәлкім, ұмытып қалған боларсыз. Сіз оны «өтірік айтуға бейім» адам дейсіз, ал елдегі кейбіреулер Тоқаевты зиялы, мәдениетті және сабырлы адам деп есептейді. Ал мен, сіз айтқандай, оның бір «өтірікшілігін» есіңізге салайын: 1999 жылдың күзінде елдегі Демократиялық күштердің форумы «РНПК» партиясымен бірге парламенттік сайлауға қатыспақ болған еді ғой. Сол сайлауға әкімшілік жазасы бар деген желеумен сізді үміткерлікке тіркемей қойғанда, Тоқаев Қазақстанға келген шетелдік делегация өкілдері алдында өтірік айтқан еді…

– Иә, ондағы сайлау мерзімінен бұрын өткен еді ғой. Тоқаевтың ол өтірігі есімде. Мені сайлауға қатысуға жібермей қойған әкімшілік соттың шешіміне шағым жасадым. Кейіннен менің қандай себептермен сайлауға қатыстырылмағаныма түсінік беруді сұрап, «ОБСЕ» бақылаушылары Жоғарғы соттың төрағасымен жолыққан еді. Төраға, расында да, менің атымнан сотқа шағым түскенін, бірақ сот өз шешімін өзгертпейтінін айтып, Қажыгелдин сайлауға қатыса алмайды деген еді. Ал Тоқаев болса, халықаралық бақылаушылардың Жоғарғы соттағы кездесуінен және оларға төраға берген жауаптан бейхабарлығын танытып, өзінің баспасөз конференциясында «Қажыгелдиннің сайлауға түсуге зауқы жоқ, сіздердің табанды қолдауларыңыз бола тұрса да, ол Жоғарғы сотқа шағым түсірген жоқ» деді. Өзінің дипломатиялық әріптестері мен демократиялық елдер өкілдерінің көздерін бақырайтып қойып, Тоқаев осындай өтірік айтқан еді.

Сондықтан оның сөзіне алдарқана алмаймыз, біз Тоқаевтың бұл режимді қалай тоқтата алатыны жөніндегі нақты істерін ғана бағдарға алуымыз керек. Бұл бюрократтың алдында өз халқы мен еліне қызмет қылудың таңғажайып мүмкіндігі тұр. Ол үшін Тоқаев Назарбаевтың көлеңкесінен шығып, парламентке бір мандатты округтер бойынша адал сайлау өткізетінін жариялауы тиіс. Президенттің міндетін атқарушы адам соңғы 25 жылда депутаттыққа үміткерлердің еркін ұсынылуы мен тіркелуін, олардың баспасөз құралдарын бірегей пайдалана отырып, еркін үгіт жүргізуін, сайлаушылардың учаскелердегі қауіпсіздігі мен дауыстың адал саналуын қамтамасыз етіп, халық алдындағы міндетін атқаруы тиіс.

– Ал Тоқаев президенттік парызын сіз айтқандай атқарар болса, Назарбаев осының бәріне бей-жай қарап отырады деп ойлайсыз ба?

– Мен Нұрсұлтан Назарбаевты да бірге жұмыс істеген кезімнен жақсы білемін. Оның әулеттік (династиялық) басқарудан бас тартуға әлі де мүмкіндігі бар. Оның «жиған-терген» шексіз мұрасын өз балаларына қалай қалдырам деп қана емес, өзімнің тарихтағы атымды қалай сақтап қалам деп те басы қатып жүр. Назарбаев өзінің төңірегіндегі адамдардың, өз қыздарының, олардың күйеулері мен балаларының миллиардтаған капиталын елге қайтаруға үлгеріп қалуы керек. Бұл байлық әзірге шетелдік банкілерде «қатып жатыр», бірақ көрші Өзбекстан президентінің қызы Гүлнара Каримованың екі миллиард доллары сияқты, Батыс елдері тәркілеп алуы мүмкін.

Алақандай ғана елміз: бізге екі президенттің қажеті қанша? Бұл екеуін ұстау, олардың қызметтерін қамтамасыз ету – мемлекеттің бюджетіне де қып-қызыл шығын. Егер Нұрсұлтан Назарбаев өзінің жаңа өкілеттігін пайдалы іске жаратам десе, көрші елдегі Роза Отынбаевадан өнеге алып, Қасым-Жомарт Тоқаевқа көмектесуі тиіс. Отынбаева да дипломат, АҚШ-та елші, сыртқы істер министрі болды. 2010 жылы авторитарлық диктатордың біреуі тақтан тайған соң, Роза Отынбаева өтпелі кезеңнің президенті рөлін қолына алды. 2011 жылы билікті заңды негізде сайланған президентке тапсырды. Ал өз кезегінде ол президент 2017 жылы өзінің постын демократиялық сайлаудан өткен келесі президентке берді.

Уақытша президент Тоқаев өзіне Конситиуциямен берілген уақыттың ішінде Қазақстанның парламенттік республикаға өтуін қамтамасыз етуі тиіс. Бұл Гаитидегі Дювалье сияқты («Папа Док» и «Бейби Док»), Назарбаевтың әулеті де диктаторлық басқару жолына түсіп кетпеу үшін қажет.

– Ал Қазақстанның этникалық құрамы біркелкі емес, әр аймағынан сайланған парламенттік басқару жүйесі ел ішінде іріткі тудырып, сепаратизмнің ушығып кетуіне түрткі болмай ма? Мәселен, Қазақстанның батыс аймағы арамтамақ Нұр-Сұлтанды асыраудан әбден қалжырадық деген ойда жүргенін білемін. Сол сияқты сыртқы күштердің әсерінен орыстар жиі қоныстанған солтүстік пен шығыс өңірлерде де бұғып жатқан толқу бар…

– Бұл мәселенің, сіз айтып отырғандай, бұдан ары «бұғып жатуының» өзі іштегі ауыр дерттің қатерін жасырғанмен бірдей. Елдің тұтастығы мен тәуелсіздігін шын мәніндегі азаматтық қоғам ғана сақтап қала алады. Қазақстанның демократиялық қауымдастығының пікірі бойынша, халық тікелей сайлаған парламент қана елдің әртүрлі аймақтары мен ұлт топтарының келісім орыны болады. Ал авторитарлық диктатураның одан арыға жалғасуы аймақтық сепаратизм отының тұтануына алып келеді. Ресей мен Қытайдың және Орталық Азияның тұрақсыздықта отырған елдері арасына орналасқан Қазақстан үшін тұтастық пен тәуелсіздікті жоғалту қаупіне жол беруге болмайды.

– Рахмет! Шынында да, «бір сұраққа – бір жауап» беріңіз деген өтінішіміз тұтас сұхбатқа айналып кетті. Ел-жұртқа және Қазақстанға аса қажет азаматтық басыңызға амандық тілейміз!

Ермұрат БАПИ

  • Редакциядан: Бұл сұхбат «Скайп» желісі арқылы 6 сәуір (2019 ж.) күні – Қазақстанда президенттік сайлау жарияланғанға дейін алынған.
Республиканский еженедельник онлайн