Суббота , 19 апреля 2025

Қайда барамыз: БОЙКОТҚА МА, САЙЛАУҒА МА?

Ақорда билігінің сценариімен кезектен тыс өтетін президенттік сайлауға үміткер ретінде оппозиция мен азаматтық қоғам өкілдерінің қатысқаны дұрыс па, жоқ әлде кезекті цирк қойылымына бойкот жариялау керек пе? Осы сұраққа орай қоғам өкілдері арасында сауалнама жүргізген едік. Ал біздің қойған сұрақтың жауабын төменде жарияланған пікірлер сарасынан оқырманның өзі екшеп алады деген ойдамыз.

Серікбай ӘЛІБАЕВ, ҚР парламенті мәжілісінің экс-депутаты:

Айлакерлердің алаңында ОЙНАУҒА БОЛМАЙДЫ!

Әрине, сайлаудың алдында азаматтық қоғам өкілдерінің пікірлері екіге бөлініп жатыр. Біріншілері – сайлауға қатынасып, өздерінің үміткерлерін сайысқа қосуды, ал екіншілері – бойкот жариялауды жөн көреді.

Сайлауға қатыстыңыздар: қандай саяси партиядан, қоғамдық ұйымнан, бірлестіктен үміткерлер шығады? Ол үміткерлер кімдер? Он күннен кейін, 28 сәуірде үміткерлерді ұсыну аяқталады. Осы уақытқа дейін бүкіл облыстарда, Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларында аймақтық конференциялар және қоғамдық бірлестіктер сиезін өткізе аласыздар ма? Ол жиындарда қабылданатын құжаттарды билік микроскоппен тексеретініне сіздер даярсыздар ма?

Заңды түрде, барлық рәсімін сақтап өткізген жиындарыңыздың құжаттарын сайлау комиссиясына тапсыруға мүмкіндіктеріңіз де, уақыттарыңызда жоқ. Бұған қанша қаражат кететінін айтпай-ақ, мүмкін, ол мәселе шешілген шығар. 

Ең қиыны – үміткерді тіркеу. Елге белгілі, халқына адал қызмет атқаратын азаматтарды билік сайлауға қатыстырмайды. Осындай азаматтарды сайлауға қатыстырмау үшін, биліктің заңды да, заңсыз дайындап қойған тосқауылдары есепсіз. Өйткені сайлау жүйесі 30 жыл бойы ми батпаққа батты. Сондықтан елдің болашағын ойлаған адам ең бірінші кезекте былыққан жүйені тазалауға кіріседі.

Бұдан кейінгі қиындық – дауыс беруді бақылау. Қазақстанда 10 мыңнан аса сайлау учаскесі бар. Кем дегенде, бір учаскеге 2 адамды қойғанда, 20 мыңнан астам бақылаушыны қайдан табамыз? Әрине, оларды жедел семинарлар арқылы дайындауға болатын шығар. Бірақ бұл дайындықтың да босқа кетуі мүмкін: бақылаушыларды сайлау учаскелеріне кіргізбейтін немесе дауыс санау үстелінің басына жолатпайтын тәжірибені бастан өткергенбіз. Ал сайлау комиссиялары биліктің тапсырмасын орындап, керек пайыздарын хаттамаға (протокол) түсіретініне күмән жоқ. 

Осындай жағдайда оппозицияның кезектен тыс сайлауға қатысқанын, биліктің сұрқия ісін қолдап, легитимизация жасау деп түсінемін: «Оппозиция да сайлауға қатысты» – деген пікір әсіресе әлемдік қауымдастық алдында ауадай қажет. 

Енді бойкот жариялау керек пе, жоқ па деген мәселеге келейік. Мен 2005 жылдан бастап Астана қаласында бірнеше рет сұрапыл былық сайлауларда оппозицияға жәрдем жасадым. Сайлау комиссияларының мүшелерін қылмыс үстінде де ұстадық, оларды сотқа да бердік. Сайлау заңдылықтарының бұзылғанын сот алдында дәлелдеп, баспасөзде жарияладық: нәтижесі – «нөл».

Бүгінгі билік Қазақстанды оккупацияланған жерге айландырып, халықпен есептеспей, күшпен басып ұстап отыр. Бірақ халықтың басым бөлігі биліктің айлакерлігін түсінді де, қарсылық білдіре бастады. Астанадағы соңғы сайлауға қатысқандардың мөлшері 20 пайыздан асқан жоқ. Ал қазіргі кезде билікке қарсыластар көбейіп жатқанда, бойкот жарияланса, дауыс беруге кем дегенде 5-6 млн адам қатыспайды деп ойлаймын. Ал бойкот жарияланып, бұл орайда жақсы жұмыс жүргізілсе, қатыспайтындардың саны бұдан да асып кетуі мүмкін. 

Бүгінгі күні қазақ оппозициясының басын біріктіріп, биліктің залымдықпен, айлакерлікпен өткізейін деп жатқан сайлауын тоқтата алмасақ та, қарсылас күштерді жинап, бейбітшілік жолмен Қазақстанның Конституциялық реформасын өткізуге дайындалып, билік жүйесін өзгертуге талап қойып, халықтың ортасына шығуымыз керек. Сайлау жүйесіне қатысты заңдылықтар халықаралық нормаларға түбегейлі сай келмейінше, оппозициядан үміткер ұсыну – бос әурешілік болады.

Кезектен тыс президент сайлауының басты кейіпкері ертеден белгіленген, ал басқалары «үміткер болдым» деген атаққа риза болады. Ол атақтың халыққа қаншалықты пайдасы бар? Сондықтан да айлакелердің тәртібімен оның алаңында ойнауға болмайды.

Ерсайын ЕРҚОЖА, педагогика ардагері:

БҰЛ САЙЛАУ – келесі сайлауға ДАЙЫНДЫҚ

Бізде 1995 жылдардан бергі сайлаулардың барлығы биліктің сценариімен өткенін халық жақсы біледі. Және соңғы 20-25 жыл бойы сайлауға барып, дауыс бергенді қойған, тек бюджеттік мекемелердің қызметкерлерін, әсіресе мұғалімдер мен студенттерді автобуспен әр сайлау учаскесіне тасып, бюллетеньдерді топтап тастатқанға әбден үйренген. Соның салдарынан кез келген сайлауда президенттікке берілген дауыс 95%-дан жоғары болды. Сол сияқты парламенттік сайлау да осы тәріздес қойылыммен өтуде. Егер де бүгінгі президент Қ.-Ж.Тоқаев айтқандай, ашық әрі әділетті сайлау өткен жағдайда «Нұр Отан» партиясы 20%-дан артық дауыс ала алмайды.

Бірақ президент Тоқаевтың «сайлау ашық, демократиялық түрде өтіп, адам құқығы сақталады» деген уәдесіне еріксіз күлмеске шараң жоқ.

Егер де Тоқаев мырза шын ашық демократиялық сайлау өткіземіз десе, сайлауға дейін:

Барлық саяси тұтқындардың ісін қайта қарап, оларға амнистия жариялап, түрмеден шығарып, шетелде жүргендерді елге қайтаруы; Конститутциялық сотты қалпына келтіруі; қоғамдық бірлестіктер мен саяси партияларға қатысты заңдылықтарды түбірімен өзгертіп, жаңа демократиялық партиялар құруға, оларды тіркеуге жағдай жасауы; әркім өз кандидатурасын үміткерлікке ұсына алатындай заң қабылдап, онда президенттікке үміткер Қазақстан азаматы кейінгі 15 жылда Қазақстанда тұру керек деген талапты мүлде алып тастауы; сайлау комиссияларының құрамында әртүрлі саяси күштердің өкілдері болуына; әкімшілік ресурстардың сайлау науқанына ықпал ету мүмкіндіктерін жоюға күш салар еді.

Осы сияқты ұсыныстардың барлығы сараланып, талқыланып, қабылданғаннан кейін ғана таза, әділ және ашық өтетін сайлауға оппозиция немесе азаматтық қоғам өкілінің қатысуына жол ашылады. Ал бұл талаптар орындалмаған жағдайда бірде-бір рет сайлауларды заңды деп есептемеген халықаралық ұйымдар сайлаудың тағы да заңсыз екендігін алға тартады.

Сондықтан да бұл сайлауды азаматтық қоғам өкілдері тек трибуна түрінде пайдаланып, саралап, оны қалай түзетуге болатынын дәлелдеп, кейінгі сайлауларға дайындық ретінде қолдануы керек деп білемін.

Ал бойкот жариялағанмен, билік өздерінің «партия» деген атты жамылып жүрген 3-4 партиясымен сайлау өткізіп, халықты тағы да алдап соғуға тырысады. Сондықтан да бұл сайлауда патриоттық қоғам Жармахан Тұяқбайдың ЖСДП партиясының мүмкіндіктерін пайдаланып, келесі сайлауларға дайындық жасағаны дұрыс-ау деп ойлаймын.

Өмірзақ АҚЖІГІТ,

журналист:

БІРЕГЕЙ ҮМІТКЕР – ӘЗІРГЕ ҚИЯЛ ҒАНА

Әрине, сайлауға қатысқан дұрыс, қатысып қана қоймай, барлық мүмкіндікті пайдаланып қалуға тырысқан жөн. Өмірі дауыс беруге бармаған менің өзім алғаш рет сайлау учаскесі дегенді көрейін деп отырмын.

Бойкотты ел аумағында іске асыру өте қиын екенін ұмытпайық. Себебі бойкот жарияласақ, ол 100 пайыз орындалса ғана нәтиже беруі мүмкін. Онда да мүмкін… Билік оны ескермей отыр деуге болмайды. Бар күшті бүкіл халық атынан биліктің кандидатына қарсы бір адамды шығаруға жұмсасақ, сөйтіп бірегей үміткер шығара алсақ, тамаша болар еді. Бірақ бұл әзірге тек қиял ғана болып тұр.

Еркін РАҚЫШЕВ,

кинорежиссер:

БОЙКОТ береке БЕРМЕЙДІ

Қазір сайлауға үміткерлер өз кандидатураларын ұсына бастады. Сонымен қатар қоғамда сайлауға бойкот жариялау керек дегендей де пікірлер айтылуда. Бойкоттан бір нәтиже шықса – жақсы. Бойкот жариялағаннан ештеңе өзгермейді, билік біреудің талап-тілегін тыңдайын деп отырған жоқ.

Ұлтшылдар мен оппозиция өкілдері бір-бірімен басы қосылмай, бір жұдырық болып біріге алмай жүрген кезде билікке бәрібір. Кейбір ұлтшыл үміткерлер халықтың алдында беделі болмаған соң, сайлаудан бас тартты деп айта салады. Одан кейін өздеріне бүйрегі бұрып тұрған ұлтшылдармен, оған коммунистер мен экологтарды, қолдан жасалған қуыршақ оппозицияны қосып, «тартысты» сайлау өткізееді. Тіпті нағыз президентке лайық жаңа «тұлға» тауып, сайлаудың көркін қыздыруы да мүмкін. Бір сөзбен айтқанда, бүгінгідей жағдайда сайлауға бойкот жариялау билікке ғана тиімді. Ешкім биліктің қателіктері мен қылмыстарын сынамай, қытығына тимей, сайлаудан кейін арыз-шағым жазып шуламайды. Ешқандай тосын оқиға болмай, бәрі тыныш өтеді.

Ал сайлауға азаматтық қоғам өкілінің қатысуы не береді дегенге келетін болсақ, тәуелсіздік алғалы алғаш рет әділетті қоғамға қарай бет бұра бастадық. Халық бұрынғыдай ұйқыда жатқан жоқ, ояна бастады. Билікке аз да болса талаптарын қоюда.

Осындай кезеңде кейбір партиялар, ұйымдар, қоғам белсенділері өздерінің бағдарламаларын халыққа таныстыратын мүмкіндік туып тұр. Осы сәтті пайдаланып, биліктің 30 жылғы жасаған жұмыстарына баға беріп, олардың жалаң ұранға, алдап-арбауға негізделген бағдарламаларының быт-шытын шығаруға болады. Халықты басынған, бар байлығымызды талан-таражға салып, жемқорлық жайлаған, әділетсіз қоғам қалыптастырған биліктің қылмысын бетіне басып, көздеріне шұқып көрсетуге болады.

Халықтың билікке деген өкпесі қара қазандай. Қоғамды жұмыссыздық жайлаған, қымбаттышылық, адамдардың алатын айлығы күнкөрісіне жетпейді, көпшілігінің мойнында кредиті бар. Одан бөлек, Қытайдағы қандастарымыздың проблемасы тағы бар. Жазықсыз сотталғандар мен жаламен түрмеде отырғандарға кім араша түседі? Биліктен үміт жоқ. Осындайда ұлттың мүддесін халық сеніп отырған ұлтшылдар қорғамағанда, кім қорғайды?

Күнделікті айтып жүрген сыни пікірлерден сайлау кезінде айтылған ой салмақтырақ болатыны белгілі. Үміткерлердің айтылған сөздері телеарналардан көрсетіліп, халықпен кездесіп, олардың өтініш, талап-тілегін билікке жеткізуге мүмкіндік туады. Сол үшін сайлауға бойкот жарияламай, оған қатысқан дұрыс. Одан кейін әділетті қоғам қашан орнайды деп жата бермей, бір қадам болса да алға жылжитын едік.

Алда парламенттік сайлау келе жатыр. Бұл сайлау соған жан-жақты дайындалып, қателіктерімізден сабақ алу үшін соның алдындағы репетиция іспеттес болар еді. Сондықтан бойкот қоғамның топтасу мүмкіндігіне береке бермейді деп есептеймін.

Ғабиден ЖӘКЕЙ,

Бердібек Соқпақбаев атындағы қордың жетекшісі:

БОЙКОТ жариялаған ДҰРЫС

Меніңше, сайлауға бойкот жариялаған дұрыс. Бұл сайлау әбден дайындалып, кімді сайлайтындарын біліп отырған билікке ғана керек. Өкінішке қарай, бүгінгі билікке, президентке деген елдің сенімі жоғалды. Өйткені мемлекеттің дамуы үшін, халықтың жағдайын жасау үшін қандай жолмен жүретін бағыттар әлі күнге белгісіз. Сондықтан биліктің мүддесіндегі сайлауға азаматтық қоғамнан үміткер ұсынуға бойкот жариялау керек деп ойлаймын.

Себебі сол – мақсат белгілі болса, мерзімінен бұрын сайлау өткізіп, әлекке түспес едік. Демократиялық сайлау арқылы Қазақстан азаматтары сенім артқан тұлға билік басына келгені дұрыс болар еді, дәл бүгін ондай мүмкіндікті көріп тұрған жоқпын. Ширек ғасырдың ішінде қазақстандықтар әлеуметтік саланың ешқандай жақсылығын көрген жоқ. Көргені – жердің асты-үстіндегі байлық талан-таражға түсіп, оның қызығы елді билеген алпауыттарға бұйырды. Өндіріс ошақтары жабылды, отандық бизнес тұралап қалды, «жаңа» президент алдағы бес жылдың ішінде халықты осы тауқыметтен құтқарып қалады дегенге кім сенеді? Ширек ғасыр бойы айтылған уәдеден әбден жалықтық.

Ринат РАФХАТ,

«Халықаралық құқықтық бастама» қоғамдық қорының сарапшысы:

Қоғамның ояу екенін КӨРСЕТУГЕ ТИІСПІЗ

Мерзімінен бұрын өтетін президенттік сайлау – тәуелсіз азаматтар мен Қазақстанның демократиялық күштеріне, қоғамға, көздің құртындай болып қалыптасып қалған «ескі жүйеге» бәсекелес болып, жаңашалауға формальды түрде болса да мүмкіндік береді. Басты себеп – билікке кезектен тыс сайлау өткізуге дәл қазіргі саяси-қоғамдық жағдай негіз болып отырғанын ұмытпауымыз керек.

Алдымен осы жағдайларды ескерейік! «Егер де таңдау жоқ болса, сайлауға барып, дауыс бергеннен не пайда?» деген әрқайсымызға заңды сауал туындайды. Себебі сайлау деген сыбысты ести сала, құлақтары тікірейіп, ескірген партиясымақ өкілдері ұйқысынан ояна салып, үміткерлерін дайындауға жыбырлай бастады. Болатын сайлау додасына түсер басты үміткерлер – биліктің бағытындағы сол партиялардың өкілдері екендігін ішім сезеді. Сөз жоқ, солай болады да. Сондықтан олардың қай-қайсысын таңдағаныңмен, қоғамда саяси-әлеуметтік өзгерістер болмайтыны белгілі. Бірақ солай болады екен деп отыра беруге тағы да болмайды.

Ал халық өкілдерінің сайлауға үміткер болып қатысуы түгілі, үміткер ретінде тіркелуін қиындататыны айдан-анық. Билікпен бәсекеге түсе алатын лайықты азаматтар бар-ау, бірақ сайлау туралы заңдар тәуелсіз үміткерлердің мүмкіндіктерін шектеп, аяқтарына жіпсіз тұсау салып тастады. Нағыз, шын саяси партия құру үшiн 18 миллион халқы бар Қазақстаннан 121 мыңнан астам қол жинау деген үлкен кедергі тағы бар.

Сонымен қатар әрбір үміткердің жас шамасы 45 жастан жоғары болуы керек деген талап тұрғанда, бұл сайлауда жаңа толқын – жас буынға ешқашан орын жоқ. Осындай шектеулер ел санасына сіңіп қалғандықтан ба, «әділ сайлау өтпейді-ау» деген кереғар пікір қалыптасып қалды. Және де бүгінгі күні әлеуметтік желілерде сайлауға «бойкот» деген сөздер ішнара жазылып қалып жатыр.

Бәлкім, бұл кейбір мүдделі топтардың сайлаудағы бұрынғы «қитұрқы» іс-әрекетін жасыру үшін, халықты әдейі осы арнаға бұра тарту амалы да шығар. Сол себептен осы жағдайды қатаң ескеріп, «бойкот» деп далақтауымызға жол берілмеуі керек.

«Бойкот» деген менің түсінуімше – қарсылық, тыйым салу дегенді білдіретін секілді. «Бойкот» деп ұрандату – азаматтық қоғамның сайлауға мүлде дайын емес деген, оп-оңай жеңіле салудың төте жолы деп түсінемін. Себебі өткен онжылдыққа қарағанда, қазір жылдан-жылға қоғамның белсенділігі артуда. Қоғам қазір әрбір саяси өзекті мәселелерді назардан тыс қалдырмай, әлсін-әлсін өз үндерін қосып жатыр. Бұрынғыдай емес, кішкене болса да, прогресс бар.

«Осы жолы сайлау қалай өтеді? Дауыс беру ашық бола ма, әлде тағы қитұрқылық бола ма? Бұрынғыдай бір ғана кандидатқа 90 пайыздан астам дауысты жазып бере ме?» деген күдікті сейілту үшін, белсенділігімізді арттыруымыз керек. Ал осы мүмкіндікке бойкот жарияласақ, осы уақытқа дейін заң бұзған билік өкілдеріне үлкен «бонус» жасағанымыз ғой. ҚР Конституциясында сайлауға қатысуды немесе қатыспауды – Қазақстан азаматтарының өз таңдауына береді.

Сайлауларға барып, дауыс беру деген – әр азаматтың өз еркі. Мысалы, жай халыққа қарағанда, политтехнологияны меңгерген биліктің саяси күштері, партиялары, азаматтарды сайлауға қатысуға міндеттеуі немесе сол сияқты белгілі бір саяси күштер азаматтарға сайлауға бармаңдар деп үгіт-насихат жүргізуі де мүмкін. Осы сәтте екі әрекеттің ара жігін анықтау әр азаматтың санасына келіп тіреледі.

Бірақ біз қазіргі уақытта «сайлауға бару мен бармаудың қайсысы қолайлы» деп ойлануымыз керек! Менің осы орайда өз ойым: жаппай бойкот деп қарсылық білдірсек, онда Назарбаев орнатқан мына жүйе қайтадан одан әрі тамыры тереңдеп кетеді деп есептеймін. Сол себептен «бойкот» дегенге мен қарсымын. Қоғам ояу екенін көрсетуге тиістіміз! Сайлау «әділетсіз» жолмен жүруі әбден мүмкін (өз ойым), десек те демократия жолын аңсаған мен үшін сайлауға қатысу – Азаматтық парызым! Саяси науқанда табансыздық танытуға болмайды! Сондықтан белсенді болып, сайлауды назарда ұстайық, ағайын!

Жанат ЕСЕНТАЙ, қоғам белсендісі:

Бұл сайлаудың өзі – КӨЗБОЯУШЫЛЫҚ

Бәрібір бұл сайлаудан ештеңе өзгермейді! Қазіргі билік өзіне керек кандидаттарды тіркеп, қолайлысын сайлап алады. Сайлаудың әділ өтеріне сенбеймін!

Билік бұған 9 миллиард теңге қаражат шығындайын деп отыр. Ол не үшін керек, егер халықтың таңдаған адамы сайланбаса? Одан да сол ақшаны халықтың тұрмысын түзетуге жұмсамай ма?

Бұл сайлаудың өзі – көзбояушылық. Тәуелсіздіктің 30 жылында билік өз дегенін істеп бағуда, дауыс санау, сайлаудың қорытындысында сайлауға барсаң да, бармасаң да, билік өзіне қажетті дауысты жариялайды. «Нұр Отанның» – биліктің кандидаты көп дауыс «алатыны» алдын ала белгіленіп қойған. Қазақстандағы саяси өзгеріс тек қана бір адамның шешіміне тәуелді. Саяси шешімнің салдары қоғамдық қозғалыстар мен бірлестіктерге кедергі болады. Демократиялық дамуға үлес қосуға, адам құқы мен бостандығына қатысты мәселелерді қолға алған ұйымдар қуғынға түсуде немесе жабылып тынады. Бұл сайлаудан үміт күтуге болмайды. Мен бұл сайлауға бойкот жариялауды қолдаймын!  

Амандық ДӘУЛЕТБЕКҰЛЫ,

қоғам белсендісі: КЕЛЕСІ САЙЛАУДА ЖЕҢІСКЕ ЖЕТЕМІЗ

Менің өз басым бұған дейінгі үш сайлауға тәуелсіз бақылаушы ретінде қатысып көрдім. Бұрмалаудың қалай жасалатынын, оның техникаларын, тіпті, қажет десеңіз, олардың қалай аталатынын да үйреніп алдым. Сол сайлауларда сайлау учаскесі төрайымдарының заңсыздығына қатысты рәсімделген актілер үйімде әлі сақтаулы. Ешкімге де қажет емес.

Бұл сайлауды дәурені бітіп, дәуірі өтіп бара жатқан мына биліктің соңғы тұяқ серпісі деп қабылдаймын өз басым. Сондықтан аянып қалмайтындары сөзсіз. Қасекең (Тоқаев) мен оған жүктелген міндетті, оған өз міндетін атқаруға берілетін «карт-бланшты» – бәрін-бәрін шамалап біліп отырмыз. Заң талабына сәйкес келетін кандидат шығарып, жеңіске таласа алатын партияның, не республикалық ұйымның да жоқ екені белгілі.

Менің ойлайтыным ол емес, мынау: президент сайлауы өтті деген сөз жақын арада парламент сайлауы (мәслихаттар бірге) өтеді дегенді білдіреді. Міне, қоғам болып, сол кезге дайын болуымыз керек. Ал мына сайлауға сол сайлау үшін «дене қыздырып алуға» жәй қатыса салу керек деп есептеймін. Қалай десек те, уақыт біздің жақта, келесі сайлауда жеңіске жетеміз!

Аман МАМБЕТАЛИЕВ,

қоғам белсендісі: Мүмкіндікті бос жіберіп АЛМАУЫМЫЗ КЕРЕК

Сөзсіз, осы жолғы сайлауға мейлінше белсенді түрде қатысу керек деп ойлаймын. Біздің қоғамның альянстар құрып, күш біріктіріп, кандидаттар шығаратын сәті келді. Өте көп уақытқа созылған тоқырау заманында ұлтымыздың, тіпті өзінің ешқандай да «таңдау құқығының» жоқ екендігіне көніп болуына сәл ғана қалды. Барлық деңгейдегі басшылардың сайланудың орнына, тіпті аймақтардағы да тағайындалатындығы соның айқын көрінісі.

Осындай жағдайдың қаншама жылдар бойы жалғасып келуінің нәтижесінде өз даусының қандай да бір өзгерістің себебі болатындығына сенімі қалмаған қоғамның сайлаудың әділ өтетіндігіне де күмәні көп. Тіпті билік транзитінің жіті бақылау мен қатаң сценарий бойынша өтетіндігінің, сайланып шығар кандидаттың қазірден белгілі екендігінің, жоспарды бұздырмау үшін, қолдарынан келгенін істейтіндігінің парқына барып отырғандар да көп.

Бұл дегеніміз жағдайдың өте мүшкіл екендігін білдіреді. Барлық әділетсіздіктің қайнар көзі қоғамның өзі таңдамаған, қаламаған, дауыс бермеген билік болып отыр. Шыдамның да шегі бар дегендей, үнемі бұлай бола беруі мүмкін емес, әрине. Не халықтың сабыры таусылып, алай-дүлей болады, не адамша әділ сайлау өткізіп барып тынышталамыз – екеуінің бірі.

Елбасы да бұны біліп отыр. Соншама жыл ел басқарған адамның жалт бұрылып, жалғыз күнде биліктен кете салуы өте қиын, Назарбаевқа да оңай соқпағанын түсінуіміз керек. Әрине, кеткен деген осы екен деп, кете салған елбасы жоқ, басқару тетіктері мен менеджмент механизмдерін әлі де болса өз қолында ұстап отыр.

Сонымен, бойкот деп, пәлен деп, түген деп, мүмкіндікті құр бос жіберіп алмауымыз керек. Сайлауға қатысу керек. Осыншама қысылтаяң аз уақыттың ішінде қажет кандидатты тауып, ұсына алатындығы бөлек әңгіме, әрине. Заң бойынша кандидат бола алатындардың қарасы көп емес. Бұрынғы сайлаулардан сәл де болса өзгешелеу сайлау болса жақсы болар еді. Халық сайлауға қатысып, әлемге, мына билікке, ең алдымен өз-өзіне өз қалауы мен таңдауын көрсетуі керек.

Республиканский еженедельник онлайн