Мен о баста бұл жұмысты бастағанда, батыр болайын, халық мені танысын, көтерсін деген атақ үшін бастағаным жоқ!
Мен тек алдыма жылап келген тірі жетім мен тірі жесірді, ұлынан тірідей айырылған ана мен қартайған, қайғы жұтқан әкені көргенде, үнсіз отыра алмай, соларға алдымен материалдық көмек беруді, олардың нақақтан, Қытайдың түрмесінде жазықсыз отырған туысқандарын қайтсек құтқарар екенбіз деген оймен ғана жұмыстандым. Менің алдымда осы екі ғана нақты мақсат болды.
Соның жолында біздер басымызды тауға да, тасқа да ұрып, қазақтың зиялы-зияндысына дейін, әулие-әмбиелері мен бақсы-балгерлеріне дейін жағалап, «осы мәселені көтерейікші, Қытайдағы зардап шегуші қазақтарды құтқарайықшы» деп, солардың «дуалы» аузымен айтқызғанда, сөзіміз жоғары жаққа жетер ме екен дедік.
Қоғамға айқайладық, соларға жалындық, жағаладық. Олар «Қытайдағы мәселені тоқтатыңдар!» десе – тоқтайды» деген сәби санамен сендік.
Сөйтсек, бұл қоғам – үйлерінде диванда отырып алып, өздері ештеңе жасамай, саусақтарымен тек телефондарының клавиштерін қимылдатуға ғана шамасы жететіндер екен; сенің жасаған істеріңе тек «Фейсбукта» отырып қана баға берушілер екен. Өздері ең болмағанда, барып, жүздеген тірі жетімнің бірінің де көз жасын сүртпейді, небір тірі жесірдің басынан сипамайды. Өздері /проблеманы/ көтермейді. Айтпайды. Үндемейді. Тек сынаушы, мін тағушы, айыптаушылар…
Содан не істейміз? Кейбіреулерге айлық беріп, ақша төлеп те жаздырттық, айттырдық. Соңында бұл қоғамның «белсенділігінің» осы сипаттағы шамасына көзіміз жетті де, біздер тек шетелдік ақпарат құралдары арқылы әлемге жария етіп, мейлінше шеттілдік ұйымдарымен жұмыс істеуге кірісіп кеттік.
Тағы да қайталап айтайын, мен батыр болайын деген атаққа жұмыс істеген адам емеспін! Қазақстан билігіне ұмтылғаным да жоқ. Қазақстанның саясатына араласқаным да жоқ. Әкім болу, депутат, сенатор болу, ұлттық кеңес – «ұлтсыз» кеңестерге мүше болу о бастан арманымда жоқ. Қазақтың билігіне қарсы шығуды о бастан ойлаған емеспін. Саясатқа араласқаным жоқ, саясаткер емеспін.
Халқым маған «Ер Төстік» екен деп баға берсін дегенім де жоқ!
Менің бар кінәм – жылап келген сәбилер мен қорған іздеп келген аналарды өтірік жұбата алмағаным… Үнсіз отыра алмағаным…
Соларға көмектесемін деп бастап, соңы, міне, осыған келді. Қазірде мен қамалып кетсем, «Ой, арысым-ай, қайтпас қайсарым-ай, қасқайып тұрып қамалып кетті-ау!» деп, тек үйлерінде отырып аяп, жылағандарын қалағаным жоқ. Өзім жылаған ана мен жылаған баланың көз жасын қалай сүртемін деп жүріп, олардың енді «ой, батырым берілмеді ғой» деп, бір-бір пост жазып қана жылап отырғанын қаламадым. Қаншама қазақ көмекке зәру кезде уақытымды кетіріп, босқа жатуды құп көрмедім…
Ал «Серікжан ұйғырларға азаматтық бермекші, ұйғырларға жер бермекші» дегенге келсем, бұл – маған жабылған жала! Біріншіден, мен айтып кеттім: мен саясаткер емеспін деп. Менде жер тарататын құзыр да жоқ. Егер мен ұйғырға жер беруші болсам, осыған дейінгі барлық лекцияларымда «Шығыс Түркістан ұйғырдың ғана жері емес, ол жер ұйғырстан емес, қазақтың да ата-жұрты. Сондықтан ол туралы айтқанда, ол жерді «Іле-Қазақ автономиялық облысы» деуіміз керек. «Түбі Қытай ыдырайды, сол кезде біздер Алтай үшін, Іле аймағы үшін күресуіміз керек!» дегенді айтар ма едім? Сондықтан бұл мені арандатушылардың маған жапқан жаласы деп нақты айта аламын!
Мен өзімді басында айтқан екі мүддеме де, екі мақсатыма да жеткен адаммын деп айта аламын. Жетім-жесірлерге шамам келгенше материалдық көмек бердім, әлемдік ақпараттарға Қытайдағы геноцидті жария еттім.
Тағы ескеретін жағдай – мен ымыраға келіп, 174-бапты мойныма алып шыққаным жоқ. Ол – арандатушы бап. Менің арандатушы екенімді сот дәлелдесе, мен бостандыққа шыға да алмас едім. «Арандатушы» екенім дәлелденбеді, іс қысқартылды. «Жәбірленгендерге» 50 000 теңге көлемінде айыппұл ғана төлеуім керек. Болды!
Бәріңізге амандық тілеймін, алдағы уақытта соттың үкімі шыққан соң, істің толық мән-жайын түсіндіріп, халқыма әлі жауап беремін…
18.08.2019 ж.
- (Серікжан Біләштің аузынан жазылып алынған Ася Асеткинаның ФБ-постынан).