Воскресенье , 20 апреля 2025

Неосталинизм сайлауынан ҚАЛАЙ ҚҰТЫЛАМЫЗ?

  • Алдымыздағы 10 қаңтарда өткізілетін парламент және мәслихат депуттарының сайлауы жөнінде қоғамда тараған әртүрлі пікір бір тұжырымға келе алмайтын түрі бар. Біреулер бойкот дейді. Енді бір топ барлық партияларға қарсы дауыс беру арқылы бюллетеньді жарамсыз ету керек деген пікір айтады. Ал үшінші топ мәселені алаң арқылы ғана шешу керек деген ұстанымда.
Сайлау

Қалай болғанда да, бір мәселені назарда ұстау керек: дауыс берушілердің жартысынан көбі сайлауға қатыспаса, сайлау өтпеді деген талап сайлау туралы заңнамадан алынып тасталған. Біздегі бұған дейінгі жағдайда 12 миллионнан астам сайлаушының 50 пайыздан астамы сайлауға қатысып жүрген жоқ. Соның өзінде билік өзіне тәуелді бюджет қызметкерлері мен санасын «бұрап» қойған студенттерді дауыс беру учаскелеріне апарып, сайлаудың имитациясын жасап, көзбояушылыққа салынып келеді.

Оның үстіне биыл Орталық сайлау комиссиясының (ОСК) төрағасы Берік Имашев сайлау кезінде тәуелсіз бақылаушылар мен шетелдік, отандық ақпарат құралдарының қызмет тәртібін шектейтін жаңа қаулы қабылдап үлгерді. Бақылаушылар енді сайлау кезіндегі былықты сурет пен видеоға түсіре алмайды. Сайлау учаскесінен тікелей репортаж жасауға да құқығы жоқ. Ал дауыс беру бюллетеньдерін санау кезінде жарамсыздарын есептеуге тәуелсіз бақылаушылар қатыса ала ма? Ол да әр ОСК берген тапсырмамен әр учаскелік комиссияның еркіндегі шаруа.

Яғни, бұл жолғы парламент сайлауына биліктің жоспары бойынша «Нұр Отан» партиясына 75 пайыз жазылатын болса, қалған орындар – «Ақ жол», «Ауыл», «Адал» сияқты билік партиясының клондарына бөлініп жазылатын сияқты. Сонда халыққа таңдау мен баламалық қайда қалады?

Еліміздегі оппозициялық күштер, басқа да қоғамдық ұйымдар мен бірлестіктер заң өзгермей, ештеңе де өзгермейді деген пікірде. Алайда Қазақстан егемендік алғалы 30 жылдан бергі дереккөздерінің мәліметі бойынша, Назарбаевтың режимі Конституциямыздың 93-бабының 53-іне жүздеген толықтырулар мен өзгертулер енгізген. АҚШ-тың 1787 жылы қабылданған Конституциясына 29 рет толықтырулар мен өзгерістер енгізілсе, Жапония 1947 жылы қабылдаған Конституциясына бүгінге дейін бірде-бір өзгеріс енгізбеген.

Біздің ел 30 жыл бойы осындай конституциялық кризис жағдайында өмір сүруде. Биліктегілер заңды орындаудың орнына оны бұзуға бейім. Сол үшін Конституциялық сотты да жоққа шығарып, оның орнына аты бар да, заты жоқ «кеңес» ашып қойды.

Осындай құқықтық негилизм жағдайында 30 жыл бойы саяси, экономикалық, әлеуметтік және құқықтык тығырыққа тірелген халыққа бүгінде күнкөріс мәселесінің өзі үлкен проблемаға айналып тұр. Ең төменгі жалақы 42 500 теңге делінсе де, 32 мың теңгені де місе тұтып, өлмес күнін көріп отырғандар аз емес. Төменгі зейнетақы 16 839 тг. Дүниежүзілік банктің есебі бойынша, ең төменгі күнкөріс шегі күніне кем дегенде 5,5 доллардан кем болмауы керек. Біздегі жағдайда ол 2,5 долларға да жетпейді. Кедейшіліктің шегінде айлық жалақы 60 мың теңгеден кем болмауы керек. Ал 32 мың теңге алатындар күніне 1000 теңгемен қалай күн көреді? Оның үстіне жұмыссыздық қалалық жерде 50-60 пайыздан асса, ауылдық елді мекендерде – 70-80 пайыз.

Еліміздегі жұмысқа жарамды 9 млн адамның 3 миллионы ғана зейнетақы қорына тұрақты қаржы аударады. Өзін-өзі асыраушылар санатына жатқызылған 355 983 адам баспанасыз. 152 307 адам әлеуметтік әлсіздер қатарында, 5 млн-нан астам балалар жағдайы нашар отбасыларында тәрбиеленуде.

Алыстағы елді мекендерді айтпағанда, Алматы мен астананың айналасында 15 шақырымдай жердегі ауылдар ауызсуға зәру. Олардың бірқатары суды бөшкелеп тасыса, қыста қар ерітіп ішеді. Ал аурудың 80 пайызы судың ластығынан болса, от жағу, жылу мәселесі, электр қуатының тапшылығы, жол қатынасының проблемаларына несие тұзағы қосылып, халықты одан сайын қинауда. Қалалық жерлерде халықтың 70 пайызы банктерге қарыз болса, ауылдық елді мекендердегі тұрғындардың өзара берешегін еске алсақ, ондағылардың бәрі қарыздың тұзағына ілінген.

Сондықтан президент Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың мұң-мұқтажына көңіл бөліп, қазіргі конституциялық дағдарысты ішінара болса да жөнге келтіруге міндетті. Ол үшін Конституциямыздағы Сайлау туралы, Саяси партиялар туралы, Митингілер туралы заңдарды жедел түрде қайта қарап, мынадай өзгерістер енгізу керек:

1. Заңға оппозициялық партияларды тіркеудің сандық шектемесін 4-5 мың адам ету;

2. Парламентке сайланатын депутаттардың аралас партиялық және мажоритарлық тәртіппен 50/50 тәсілмен сайлауды енгізу;

3. Саяси тұтқындарды босатып, халықтың митингілерге шығу құқығын биліктің рұқсатынсыз-ақ ескерту арқылы іске асыру;

4. Конституциялық сотты қайта жасақтау;

5. Парламент құрамында шынайы оппозиция болсын десек, қоғамдағы халық мүддесі үшін белсенділік танытып жүрген азаматтардың қатарынан кемінде үш саяси партияны жаңадан тіркеп, шынайы сайлау додасына қосу керек.

6. Қазіргі сенаттың құрамында сайлаусыз, президенттің тағайындауымен 15 депутат, Қазақстан халық ассамблеясының құрамынан 9 депутаттың отырғаны ешқандай әділеттілікке сәйкес келмейді. Бұл екі құрылымның бюджетке келтіретін миллиардтаған шығынынан басқа қоғамға ешқандай пайдасы жоқ. Тек ҚХА-ның өзі 25 жылда салық төлеушілердің есебінен 70 миллиард теңгені желге шашып отыр. Сондықтан бұның екеуін де тарқату керек.

7. Егер сайлауға дауыс беретін электораттың жартысынан көбі қатыспаса, онда сайлау өтпеді деген талап заңға енгізілуі керек.

8. ОСК төрағасы Берік Имашев «елбасы» Нұрсұлтан Назарбаевтың құдасы болғандықтан, сайлаудың таза өтеріне күмән туатыны жасырын емес. Сондықтан ОСК-ден бастап, округтік, учаскелік сайлау комиссиялары тәуелсіз партиялар мен бақылаушылардың сайлауымен жасақталғаны жөн болар еді. Облыстардағы сайлау округтарының жетекшілерін жергілікті халық өзі сайлауы керек.

9. Әділ сайлау өту үшін, дауыс беру тәсілін өзгерту керек. Қоғамдағы демократиялық процестердің даму деңгейін аңғартатын белгілердің бірі – халықтық ашық, таза сайлау. Өйткені өркениетті елдердің қалыптасқан тәжірибесі бойынша, сайлауға қатысу әр азаматтың өз ерік-жігерін, қоғамдық-азаматтық позициясын білдіру деген сөз. Мемлекеттік биліктің сайланбалы органдарына дауыс берудің жасырын түрде өткізілетіні сондықтан. Бірақ демократиялық принцип бойынша әр адамның дауыс беру құқығына ешқандай қол сұғуға, сайлау бюллетеньдерін есептеуде бұрмалаушылыққа жол беруге болмайды. Жеке азамат ретінде менің берген дауысым ешқандай жағдайда өзгермеуге тиіс. Оған жауапты адамдардың қол сұғуы – қылмыстың үлкені.

Біздің қазіргі пайдаланып жүрген сайлау бюллетеніндегі сайлаушының өз таңдауына берген дауысты өзгерте салу – оп-оңай. Басты кемшілік осында. Әр сайлаушы өзі берген дауыстың сол қалппында сақталған немесе сақталмағанына көз жеткізе алмайды. Ол тіпті мүмкін емес. Осыдан кейін дауыс беру процесін жетілдіру қажеттілігі өзінен-өзі туындап тұр.

Егер Орталық сайлау комиссиясының мүшелерін, оның төрағасын президент өзінің жарлығымен тағайындайтын болса және сайлауға дауыс беру тәсілі өзгермейтін Сталин заманынан жалғасып, оның айтқанындай «мәселе сайлауда кімге кімдердің қанша дауыс бергенінде емес, мәселе дауысты қалай санауда» деген зұлымдық тәсілі оған 30 жыл қызмет етсе, одан кейінгі автократтарға 38 жыл қызмет етті.

Сол неосталинизм сайлау тәсілін Қазақстан билігі 30 жыл бойы айнытпай іске асырып келеді. Сонда бұл 100 жылдан бері өзгермейтін неткен тәсіл? Сондықтан мен осы проблеманы қалай шешу жолын ойластырып, бірнеше рет тиісті мемлекеттік органдардың алдына ұсыныс жасадым. Дауыс берушінің бюллетені урнаға тасталғаннан кейін, одан әрі қарай ол сайлау комиссиясының құзырына өтіп, қандай шешім шығарылатынымен шектеліп қалмауы керек.

Егер сайлаушы мен оның қолданысында болған бюллетеньнің кері байланысы болса, онда дауыстың бұрмаланбағанын сайлаушының өзі тексеріп те, керек болса, сот алдында дәлелдеп те бере алатын тетік болуы тиіс.

Алдымыздағы парламент сайлауында дайындалған дауыс беру бюллетеньдерін лотерея билеттеріндегі тәрізді сериялап, көп санды номерлеп шығару қажет. Серия сайлау округтері мен учаскелерінің атауларына қарап, алғашқы бір-екі бас әріптерімен облыс атаулары белгіленсе, рим цифрларымен сайлау округтары белгіленеді. Ал бюллетеньдегі номерлер әр сайлау учаскесінде сайлаушылар санына жететін етіп, мыңдық, он мыңдық цифрлармен жазылады. Сайлау күні дауыс беруге келген сайлаушы сайлау комиссиясына өзінің төлқұжатын көрсетіп, белгі соқтырғаннан кейін, стол үстінде жазуы астына қарап жатқан бюллетеньдердің біреуін алып, шымылдық ішіне кірген соң, өзінің таңдауын немесе қарсылығын жасайды да, бюллетень сериясын, номерін өзіне жазып алады және оның келесі бетіне өзінің қалаған бір белгісін салып жібереді. Содан кейін дауыс беру жәшігіне апарып салады. Осылайша сайлаушы өз бюллетенінің ізін жоғалтпайды. Сол арқылы берген дауысын бұрмалауға жол бермейді.

Сайлау уақыты біткеннен кейін, сайлау комиссиясы әр партияның өкілетті бақылаушыларының қатысуымен дауыс беруге қатыспаған бюллетеньдердің номерлері мен жалпы санын көрсетіп, хаттамаға түсіреді. Және сол жерде өрттеп жібереді. Бұдан кейін дауыс берген жәшікті сол бақылаушылар алдында ашып, дауысқа қатысқан бюллетеньдерді әрбір кандидаттың үлесіне түскен номерлерін көрсетіп, кімдердің қанша дауысқа ие болғандығын хаттамаға түсіреді. Одан әрі округтік комиссияға арнайы поштамен жібереді. Және де сайлау нәтижесі ОСК мен округтық сайлау комиссияларының электронды пошталарына енгізіледі. Немесе компьютер жетімсіз жерлерде жергілікті газеттердің бетінде дауысқа түскен бюллетеньдер номері жарияланады. Бұдан кейін әр жарияланған мағлұматтары арқылы сайлаушы өзінің дауыс берген бюллетеньдегі номерін өзі таңдаған кандидатының үлесіне жазылғанына көз жеткізеді.

Егер өзі дауыс берген бюллетень номері басқа кандидатқа жазылып кеткен болса, сотқа шағымдануына әбден болады. Және сот алдында өзі дауыс берген бюллетеньге салған белгісін көрсетсе (таңба ретінде өзінің туған күні, не болмаса өзіне тән кез келген цифр жазылса), заңсыздықты толық дәлелдей алады.

Сонда ғана қағаз жүзіндегі қағидалар іске асып, халық өзін-өзі басқару тізгінін қолына алып, экономикалық өркендеу, мәдени даму, құлдық психологиядан арылу, бабалар қалдырып кеткен рухани сананы қалыптастыру арманымызға жетеміз.

Қазақстанда жүріп жатқан сайлаудың бірде-бірін ЕҚЫҰ (ОБСЕ) мойындамады. Алдымызда өтетін парламент сайлауында осы тәсілмен дауыс беруді Қазақстан Республикасының Үкіметінен талап етейік. Бұл сайлау тәсілі Алматы қаласы Қазақстан авторлар қоғамында 2000 жылы 6 желтоқсан күні №19 куәлігімен санаткерлік меншік ретінде тіркелген.

Мақсұт ҚАЛЫБАЕВ,

қоғам зерттеуші,

Қазақстанға ерекше еңбегі сіңген зейнеткер,Алматы қаласы

Республиканский еженедельник онлайн