Пятница , 4 июля 2025

АҚ ИІЛІП СЫНБАЙДЫ

Қадір­лі ағай­ын! Арман Шора­ев­тың «ДАТ» газетін­де­гі сұх­ба­тын­да айты­лған мәсе­ле­лер­ге шамам жет­кен­ше жау­ап беру­ге тыры­сып, осы хат­ты жол­дап отыр­мын. Біздің ұлт­тық мұра­мы­здың ең басты қамқор­шы­сы да, оны ілгері сүй­ре­уші де – халық екені дау­сыз. Сон­ды­қтан қазақ күресіне қаты­сты біраз жағ­дай­ды көп­шілік біле жүр­сін деп, осы мақа­ла­ны жари­яға ұсы­нып отырмын.

Қазақ күресінің кей­ін­гі 20 жыл­да қан­ша­ма биік­ке көтеріл­генін көп­шілік жақ­сы біледі. Ұлт­тық күресі­міз өзінің алға­шқы тари­хи жеңісіне сонау 2004 жыл­дың мамыр айын­да Гер­ма­ни­я­ның Бер­лин қала­сын­да өткен Бүкіләлем­дік қазақ құры­л­тай­ын­да жет­кен еді. Сол бір алқа­лы жиын­да 16 мем­ле­кет­тен кел­ген қонақтар үлкен ста­ди­он­да қазақ күресін тама­ша­лап, бір жасап қалған еді. Сон­дай-ақ сол жиын­да ұлт­тық күресі­мізді дамы­ту, әлем­дік дең­гей­ге көте­ру мақ­са­тын­да Дүни­е­жүзілік қазақ күресі феде­ра­ци­я­сы (әрі қарай – ДҚКФ) құры­лып, мені біра­уы­здан феде­ра­ция пре­зи­ден­ті етіп сай­лаған еді. Содан білек­ті түрініп тастап, қазақ күресінің өрле­уіне жан-тәнім­мен кірістім.

Кезін­де өзім де күре­стім, Қаза­қстан­ның түйе балу­а­ны бол­дым. Енде­ше жаным­дай жақ­сы көретін ұлт­тық мұра үшін аянып қала­тын жай­ым жоқ еді. Сон­ды­қтан қазақ күресін әлем­ге таны­ту үшін алды­ма нақты мақ­сат қой­дым. Бұл істе марқұм Бауы­р­жан Жана­лин бастаған бір топ аза­мат маған сүй­еу, ақы­л­шы, жәр­дем­ші бол­ды. Аллаға шүкір, сол аза­мат­тар­мен тізе қоса, тал­май жасаған еңбек, аян­бай төк­кен тер­дің арқа­сын­да қазақ күресі бүгін­де бір­та­лай биік­ке көтеріліп, төрт құр­лы­қтың ондаған мем­ле­кеті тани­тын дәре­же­ге жетті.

Ал, Арман інім, «Өкпе­ден соққан жел жаман» демек­ші, бар­ды жоққа шыға­рып, жыл­дар бойы жасалған қыру­ар шару­а­ны еле­меу – ер-аза­матқа жарас­пай­тын қылық. «Қазақ күресінің наси­ха­ты аз бол­ды, теле­ар­на­лар­дан көр­сетілуі көңіл­ден шық­па­ды» дей­сіз. Сіз рес­пуб­ли­ка­дағы біл­дей бір бел­ді теле­ар­на­ны басқарған адам­сыз. Басқа біреу айт­са – бір басқа, теле­ар­на­лар­дың ішкі шару­а­шы­лы­ғын жақ­сы білетін сіз­дей адам ақпа­рат айды­нын­да көр­сетіліп жатқан қазақ күресін­де­гі басты жаңа­лы­қтар­ды көр­медім дегеніңіз ақы­лға сыймайды.

Ал БАҚ-тағы наси­ха­ты тура­лы дәлел керек бол­са, жілік май­ын шағып беру­ге дай­ы­н­мын. Мыса­лы, әрбір дүбір­лі чем­пи­о­нат­тың алдын­да көре­рмен­дер­ге «Qаzsроrт», «Алма­ты», «СТВ» секіл­ді теле­ар­на­лар­дан үздіксіз жар­на­ма­сын қолы­мы­здан кел­ген­ше беріп тұр­дық. Соны­мен қатар ұлт­тық күрес жары­ста­ры мен іс-шара­ла­ры көп­те­ген газет, жур­нал, сайт­тар­да толас­сыз жазы­лып тарқа­ты­лып, тара­ты­лып жат­ты. Және біз «Kazakh kuresh» атты мағы­на­лы да маз­мұн­ды жур­нал­ды қазақ және ағы­л­шын тілін­де үзбей шығар­дық. Сол жур­нал шетел­дер­де­гі феде­ра­ци­я­лар­дың бар­лы­ғы­на түгел­дей тара­ты­лып отыр­ды. Қысқа­сы, айта бер­сем, қазақ күресінің жет­кен жетісті­гі ақпа­рат құрал­да­ры арқы­лы атой­ла­тып беріліп оты­рға­ны бір Аллаға аян.

Соны­мен бір­ге сіз «әлем­де 46 феде­ра­ция ашқа­ны тура­лы мөрі бол­са көр­сет­сін» деп­сіз. Дәлел керек бол­са, оны да тай­ға таң­ба басқан­дай қылып айтып берей­ін. Бірін­ші­ден, қазақ күресін әлем аре­на­сы­на шыға­рып, оны дамы­ту жолын­да 7 әлем чем­пи­о­на­ты, 5 әлем кубо­гы, 11 Азия, 4 Еуро­па, 2 рет Пан­аме­ри­ка және Афри­ка чем­пи­о­нат­та­ры өтіп, төл күресі­міз әлем­нің бір­не­ше мем­ле­кет­терін­де сал­та­нат құр­ды. Осы жары­стар­дың қата­ры­на Еуро­па­лық спорт ойын­да­рын, Жасөс­пірім­дер ара­сын­дағы әлем чем­пи­о­на­тын, Жастар ара­сын­дағы әлем чем­пи­о­на­тын қосуға бола­ды. Соны­мен қатар Дүни­е­жүзілік қазақ күресі феде­ра­ци­я­сы­ның мұрын­дық болуы­мен елі­міз­де Бақыт­жан Жаң­быр­ба­ев­тың жары­сы, Ырғы­з­бай Досқанұ­лы атын­дағы халы­қа­ра­лық «Гран-при» тур­ни­рі дәстүр­лі түр­де жыл сай­ын ұйым­да­сты­ры­лып келеді. Осы ала­ман­дар­дың дүни­е­ге келуіне және жүй­елі өтуіне басқа емес, біз­дер мұрын­дық болдық.

2015 жылы Бірік­кен күрес әле­мінің (UWW) Стам­бул­да өткен алқа­лы жиы­нын­да ДҚКФ-ның жұмысы жоға­ры баға­ла­нып, біздің ұлт­тық күресі­міз 2017 жылғы жабық кешен­де өтетін Азия ойын­да­ры­ның бағ­дар­ла­ма­сы­на енетіні сал­та­нат­ты түр­де жари­я­лан­ды. Азия қазақ күресі феде­ра­ци­я­сы­ның пре­зи­ден­ті Марат Шәм­шінұров елге оралған бой­да сүй­ін­шіле­ген хабар­ды үлкен жиын үстін­де Арман Шора­евқа жет­кі­зеді. Арман дүй­ім жұрт­тың көзін­ше қуа­ну­дың орны­на: «Бұл өтірік ақпар» деп, Марат­тың намысы­на тиеді.

Арман ашу­лан­ды екен деп, басталған іс тоқтап қалған жоқ. Көп жылғы табан­ды еңбек пен қажыр­лы ізденістің арқа­сын­да ұлт­тық күресі­міз Ашха­бад­та жабық кешен­де өткен Азия ойын­да­ры­ның бағ­дар­ла­ма­сы­на енді. Егер 2005 жылы алға­шқы Азия чем­пи­о­на­тын, 2006 жылы бірін­ші Әлем чем­пи­о­на­тын атқа­рып, одан бер­гі кезең­де төрт құр­лы­қты дүбір­ге бөле­ген ірі жары­стар­ды ұйым­да­стыр­маған­да, 2017 жылғы жабық кешен­де­гі Азия ойын­да­ры­на қолы­мыз жет­пе­ген болар еді. Біл­ген ада­мға бұл – ұлт­тық күресі­міздің тари­хи жеңісі болатын.

Ал Арман пара­сат­ты аза­мат бол­са, ДҚКФ-ның осы жетісті­гіне әділ баға­сын бер­ген болар еді. Өкініш­ке қарай, бұл жігіт біздің ісі­міз­ден тек кем­шілік ізде­уден жалы­ғар емес. Ақиқа­тын айт­сам, Шора­ев­ты Рес­пуб­ли­ка­лық феде­ра­ция бас­шы­сы қыз­метіне шақы­рған мен едім. Басын­да тәп-тәуір жүр­ген адам уақыт өте құбы­лып сала берді.

Иә, Арман Шора­ев ДҚКФ тура­лы тек сын айтуға құмар. Ол 2016 жылы Эфи­о­пи­яда ЮНЕ­СКО-ның кезек­ті 11-сес­си­я­сы өтіп, сол жиын­да 17 мем­ле­кет­тің біра­уы­здан дауыс беруінің нәти­же­сін­де қазақ күресі атал­мыш бедел­ді ұйым­ның мате­ри­ал­дық емес, мәде­ни мұра тізі­міне кір­генін жақ­сы біледі. Бірақ ол ДҚКФ-ның бұл табысы тура­лы да айтқы­сы кел­мей­ді. Эфи­о­пи­ядағы сол жау­ап­ты жиы­нға қазақ ұлт­тық күресі тура­лы 30 минут­тық мағы­на­лы-маз­мұн­ды деректі фильм жасап апар­дық. Фильм көре­рмен­дер­дің ықы­ла­сы­на бөленіп, жақ­сы бағаланды.

Соны­мен бір­ге 2010 жылы Оңтүстік Коре­я­ның Чун­джу қала­сын­да ЮНЕСКО қол­да­уы­мен ашы­лған Дүни­е­жүзілік жек­пе-жек өнер­лері қауым­да­сты­ғы­ның (WoMAU) ауқым­ды жиы­ны өтіп, бір­не­ше мем­ле­кет өздерінің ұлт­тық жек­пе-жек­терін осы ұйы­мға тір­ке­у­ге ұсы­ныс жасаған бола­тын. Негізі бұл жиы­нға әлем­нің әр түк­пірі­нен 30-ға жуық мем­ле­кет қаты­суға өтініш біл­діріп­ті. Бірақ 30 елдің ара­сы­нан 4 елдің ұлт­тық күресі ерекше қарал­ды да, мой­ны озық «төрт­тік­тен» қазақ күресі озып шығып, жоға­ры­дағы дүни­е­жүзілік қауым­да­сты­ққа мүше болды.

Арман інім, басқа­сын айт­паған­да, осы екі жеңісті олжа­лау үшін біздің қан­ша­ма бей­нет кеш­кені­мізді, қан­ша­ма ізденіс­ке түс­кені­мізді өзін зия­лы әрі іскер аза­мат санай­тын адам біл­се, баға­ла­са керек еді. Өкініш­ке қарай, Арман­нан ондай ірілік бай­қа­ла­тын емес. Біз Шора­ев­тың мақта­уы­на, баға­сы­на зәру емес­піз. Әр істің дұрыс-бұры­сты­ғы­на уақыт төре­ші, әділін халық айтады.

Арман Шора­ев мұны­мен шек­тел­мей, ДҚКФ ұйым­да­сты­рған әлем және Азия чем­пи­о­нат­та­рын өзінің көңіл ауа­ны­мен, пен­де­шілі­гі­мен жоққа шығарғы­сы келеді. Оу, Арман, ДҚКФ-ның бар­лық қыз­мет­кер­лері сау­ат­сыз, бәрі ала­яқ дегіңіз келе ме?! Әлде біздің жары­ста­ры­мы­зға бас-көз жоқ, еш негіз­сіз келе сала­тын шетел­дер­де­гі әріп­те­стер де сон­ша көр­соқыр болға­ны ма?! Олар бізді мой­ын­дап, жары­ста­ры­мы­зға келуі үшін, біз­дер әуелі бір­не­ше мем­ле­кет­те семи­нар­лар, таны­сты­ру сабақта­рын, жат­ты­ғу жиын­да­рын ұйым­да­стыр­дық. Сосын барып феде­ра­ци­я­лар аштық. Қазақ күресінің ағы­л­шын тілін­де­гі әдісте­мелік кітап­ша­ла­рын, видео­ма­те­ри­ал­да­рын көр­сетіп, тегін тарат­тық. Бұған қоса, барған жері­міз­де ұлт­тық күре­стің киі­мін сый­ға бер­дік. Әр мем­ле­кет­ке өз қар­жы­мы­з­бен маман­дар жіберіп, ұлт­тық күре­сті наси­хат­та­у­мен қатар, жер­гілік­ті бап­кер­лер­ге қазақ күресінің ере­же­сі мен әдістерін үйрет­тік. Бұл қазір айтуға оңай. Ал осы сырт көз­ге елене бер­мей­тін өте ауқым­ды әрі өте маңы­зды жұмыстар­ды атқа­ру үшін, біраз жыл тал­май еңбек­тене жүріп, қомақты қар­жы, көп күш-қуат жұм­са­дық. Сіз бол­саңыз, осы­ның бәрін жоққа шығарғы­ңыз келеді.

Ал енді сіз­дер заң­сыз деп есеп­тей­тін ресми чем­пи­о­нат­тарға келей­ік. ДҚКФ 2010 жылы бұры­нғы FILA, қазір­гі Бірік­кен күрес әле­міне (UWW) толы­қтай мүше болған­нан бері әлем­дік дең­гей­де­гі қан­дай да бір ала­ман жары­стар­дың бәрін айту­лы ұйым­мен бір­ле­се ұйым­да­сты­рып кел­дік. Осы жер­де сол кез­де­гі FILA пре­зи­ден­ті Рафа­эл Мар­ти­нет­ти Аста­на­дағы әлем чем­пи­о­на­ты­на арнайы келіп, ДҚКФ-ны FILA құра­мы­на қабыл­дау тура­лы құжатқа қол қой­ды. Бұл қадам­ның сәт­ті болуы­на сол кез­де­гі туризм және спорт мини­стрі Темір­хан Досмұ­хам­бе­тов бел­сене атса­лы­сты. Елба­сы Нұр­сұл­тан Назар­ба­ев Рафа­эл Мар­ти­нет­ти­ді қазақ күресіне жасаған қамқор­лы­ғы үшін «Достық» ордені­мен мара­пат­та­ды. Содан бастап қазақ күресінің әлем­дік дең­гей­де­гі әрбір бәсе­кесі әуелі FILA, сосын UWW кестесіне орай өткізіліп отыр­ды. FILA-ға кір­ген­нен кей­ін біз­ге Еуро­па, Аме­ри­ка, Афри­ка чем­пи­о­нат­та­рын, куб­ок­та­рын ұйым­да­сты­руға жол ашыл­ды. Осы жер­де бар­лық жары­стар­дың UWW маман­да­ры­ның қадаға­ла­у­ы­мен өткенін де айта кетей­ік. Арман інім, бұл сөзі­міз­ге де сен­бе­сеңіз, онда UWW бас хат­шы­сы Мишель Дюс­сон мыр­за қол қой­ған мына құжатқа назар салыңыз.

  • «Ува­жа­е­мый гос­по­дин!  

United World Wrestling, в кото­рой насчи­ты­ва­ет­ся 180 феде­ра­ции и 30 ассо­ци­и­ро­ван­ных феде­ра­ций, насто­я­щим под­твер­жда­ет, что «Все­мир­ная Феде­ра­ция Қазақ Күресі», рас­по­ло­жен­ный по адре­су Боген­бай Батыр, 5. 10000. Аста­на, Казах­стан, во гла­ве с его пре­зи­ден­том г‑ном Исла­мом Аби­ше­вым, офици­аль­но свя­за­на с нами в соот­вет­ствии с нашей Кон­сти­ту­ци­ей и выпла­ти­ла ее член­ский взнос за 2017 год. Сле­до­ва­тель­но, «Все­мир­ная Феде­ра­ция Қазақ Қүресі» явля­ет­ся един­ствен­ным при­знан­ным меж­ду­на­род­ным орга­ном, управ­ля­ю­щим Қазақ Күресі.

Искренне Ваш, Мишель Дюс­сон, Гене­раль­ный сек­ре­тарь Объ­еди­нен­ной Миро­вой Борь­бы».

Бұл құжат ДҚКФ ұйым­да­сты­рып кел­ген ресми чем­пи­о­нат­та­ры UWW тара­пы­нан мой­ын­да­лып, халы­қа­ра­лық талап­тарға сай екенін біл­діреді. Яғни, ДҚКФ ұлт­тық күре­стен UWW мой­ын­даған Қаза­қстан­дағы жалғыз феде­ра­ция екеніне толық дәлел.

Ал Арман Шора­ев­тар құрған Халы­қа­ра­лық қазақ күресі феде­ра­ци­я­сын­да мұн­дай құжат жоқ. Сон­ды­қтан Дүни­е­жүзілік қазақ күресі феде­ра­ци­я­сы­ның өткіз­ген жары­ста­ры UWW-дің жыл­дық кестесін­де бар да, Халы­қа­ра­лық қазақ күресі феде­ра­ци­я­сы ұйым­да­сты­рған «әлем», «Азия» чем­пи­о­нат­та­рын халы­қа­ра­лық тур­нир­лер­дің дең­гей­ін­де ғана баға­лау керек. Себебі UWW-дің құра­мы­на енбе­ген феде­ра­ция ұйым­да­сты­рған чем­пи­о­нат­тар WADA (Бүкіл­дү­ни­е­жүзілік допинг­ке қар­сы агент­тік) тара­пы­нан ресми чем­пи­о­нат ретін­де мой­ын­дал­май­ды. WADA мой­ын­да­маған жары­стар­дың жеңім­паз­да­ры мен жүл­де­гер­лерін әлем чем­пи­он­да­ры, әлем чем­пи­о­на­ты­ның жүл­де­гер­лері деп ата­уға бол­май­ды. Ал мұн­дай жағ­дай­да чем­пи­он­дар мен жүл­де­гер­лер­ге «халы­қа­ра­лық дәре­же­де­гі спорт шебері» атағын заң­ды түр­де бере алмайсың.

Тағы бір маңы­зды мәсе­ле: UWW мен WADA ресми түр­де таны­маған Халы­қа­ра­лық қазақ күресі феде­ра­ци­я­сы Халы­қа­ра­лық Олим­пи­а­да коми­теті мен Азия Олим­пи­а­да­лық кеңесіне қалай жол тап­пақ?! Бұл екі құзыр­лы орын UWW мен WADA-ға ресми тір­кел­ме­ген феде­ра­ци­я­ны есі­гі­нен қара­та ма екен? Арман інім, Дүни­е­жүзілік қазақ күресі феде­ра­ци­я­сы­на жөн­сіз топы­рақ шашқан­ша, осы жағын неге ашып айтпайсыз?

Бұған қоса ДҚКФ шетел­дер­де­гі феде­ра­ци­я­лар­дың жұмысын жүр­гі­зу үшін деме­ушілер­дің қар­жы­сы­нан соларға шама жет­кен­ше көмек­тесіп тұр­ды. Мыса­лы, Монғо­ли­я­ның Баян-Өлгий ауда­ны мен Қытай­дың Ұйғыр авто­но­ми­я­сын­дағы Чанц­зи аймақтық феде­ра­ци­я­сы­на мүм­кін­ді­гі­міз­ше жәр­дем бердік.

Арман інім, сіз қазақ күресіне шын жана­шыр бол­саңыз, біз ұзақ жыл­дар бей­нет кешіп жатқан­да, қай­да бол­ды­ңыз? Қазақ күресінің наси­ха­ты күшей­іп, елдің қызы­ғу­шы­лы­ғы­на ие болған, еңсесін түзеп, халы­қа­ра­лық дең­гей­ге жет­кен кез­де бәрін өзіңіз жасаған­дай болып, ұран­дап шыға кел­діңіз. Мен егер арзан ойлы адам бол­сам, сіз­дер қым­бат көлік пен мол қар­жы ұсы­нып, феде­ра­ци­я­ны сұраған кез­де келі­се салар едім. Жоқ, сый­лас аза­мат­тар­мен бір­ге қазақ күресі үшін қатар жүр­ген жыл­дар­ды, үзең­гілес аза­мат­тар­дың шын пей­іл­мен жәр­дем­дескен кез­дерін, еңбе­гін ақшаға айыр­ба­стағым кел­меді. Менен феде­ра­ци­я­ны алу үшін Арман бастаған жігіт­тер небір әре­кет­тер жаса­ды. Тіп­ті қоқан-лоқы жасап, мені ықты­рып алмақ бол­ды. Бірақ ондай­ға біз көне қой­ма­дық. Олар маған «Феде­ра­ция бас­шы­лы­ғын қисаң, Спорт мини­стр­лі­гі­нен қалаған қыз­метіңді бере­міз» деген­ге дей­ін бар­ды. Бірақ мен бастаған ісім­ді аяқ­сыз қал­ды­рғым келмеді.

2017 жылы көк­тем­де ДҚКФ тіз­гінін рес­пуб­ли­ка­лық Су ресур­ста­ры коми­тетінің төраға­сы, іскер аза­мат Ислам Әбі­шев­ке өз еркім­мен тап­сыр­дым. Ислам Әлма­ханұ­лы феде­ра­ци­я­ның шаруа­сын бір­ден өрге сүй­рей жөнел­ді. Аға­мы­здың көме­гі­мен Оңтүстік Аме­ри­ка, Афри­ка чем­пи­о­нат­та­рын ұйым­да­сты­рып, Еуро­па­ның біраз елін­де жары­стар мен жат­ты­ғу жиын­да­рын өткіздік.

Ісі­міз өрге баса бастаған кез­де Ислам Әлма­ханұ­лы еке­уміз­ге жала жабы­лып, феде­ра­ци­я­ның аяғы­на тұсау салын­ды. Ислам аға еке­уміздің жаны­мы­зға бата­ты­ны – біз­ге нақақ жала жауып, қама­тып оты­рған өзі­міздің қазақ жігіт­тері екен­ді­гі. Әбі­шев еке­уміз қан­дай жағ­дай­да да қазақ аза­мат­та­рын сот залы­на сүй­ре­ме­ген болар едік. Кей адам­дар­дың осын­дай арзан­ды­ғы­на жаның күйеді.

Серік ТӨКИЕВ,

Дүни­е­жүзілік қазақ күресі федерациясының

 2004–2017 жыл­дар ара­сын­дағы президенті,

ҚР еңбек сіңір­ген жаттықтырушысы

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн